2.3 Нормадан мақсатсыз ауытқулар
Уәжсіз (жөнсіз ) ауытқуларды да екі тұстан қарастыру керек: бірі – жалпы әдеби тіл нормасына қайшы келетін қолданыстар, екіншісі – көркем әдеби тіл нормасын бұзатын қолданыстар.
Лексикалық қолданыстарда жалпы әдеби тіл нормасына сай келмейтін ауытқулар, біздіңше, мынадай сәттерде байқалады:
1). Сөзді өр орнында жұмсамау. Бұл көбінесе сөздің дербес лексикалық мағынасын дұрыс түсінбеушіліктен туады. Мысалы, жазушы Т. Шадықұловтан бірнеше фактілерді келтіруге болады: …Қазынаның елу мың ақшасын аман- сау қауыштырды ( «Соңғы тілек», 1985) деген сөйлемде қауыштырды етістігінің мағынасын автор дұрыс білмеген. Қауышу іс- әрекеті адамдарға байланысты айтылады, сондықтан қазынаға түгел қайтып оралған ақша қазынамен қауышпайды, қайтарылады, толтырылады, орнына салынады. Сол сияқты: Ауылдағы екі көтерем шал әріжұбатты, бері жұбатты (сонда) деген сөйлемде көтерем сөзі өз орнында емес: бұл сөз малға қатысты айтылады, адам көтерем болмайды, жүдеу, арық болады [8,217].
Бірқатар жазушылар кейбір көне сөздер мен сирек қолданылатын сөздердің немесе этнографизмдердің мағынасын жете түсінбей, орынсыз жұмсайды. Мысалы, сұрқылтай – көне түркі-монғол тілдерінде (мүмкін, тек монғол тілінде) ( «кеңесші» деген сияқты билеушінің (айталық, ханның) жаныңда болатын сановниктің лауазымы. Сөздің бұл мағынасы қазақтың «әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтелінде сақталған. Бұл мәтелдің мәнісі - әр ханның өз кеңесшісі, өз ақылшысы болады, соған орай әр ханның ұстайтын саясаты, жүргізетін билігі әр түрлі болып келеді дегенді білдіреді. Мағынасы көмескіленген бұл көне сөзді жақсы танымағаннан кейін, бірақ әйтеуір тілде бар сөз екенін сезіп қолданып жіберушілік кездеседі. Мысалы, жазушы Қ.Ысқақов мәтелді өзгертіп «әр заманға бір сұрқылтай» деп қолданса, Д.Досжанов «осы бір сұрқылтай оқиға» деп, сөзді зат есімдік қасиетінен айырып, сын есім қызметінде жұмсайды. Контекске қарағанда жағымсыз мәндегі сын-сипатты білдіру үшін қолданған сияқты. Ал С. Жүнісов ''Көп сұрқылтайды көрген көзі жіті, тәжірибелі арлан аттардың түр-түсіне дейін... анық көрді («Ақан сері»,1) және Шабдарым есті ат қой, менің асыққанымды түсініп, жел маядай есті. Ғұмыры мұндай сұрқылтайды кермеп еді (сонда) деп қолданғанда, бұл автор да сұрқылтай сөзін жағымсыз жайтты білдіретін сөз деп танитын тәрізді. Сәрі бұл – сұрқия (лылық) деген сөзбен сырттай (дыбыстық) ұқсастығына қарай топшыланган семантика болар (өйткені мұндай топшылаудан тіпті «Фразеологиялық сөздік» авторы да құр емес: онда жоғарғы мәтелдің бір мағынасын «белгілі бір хандық заманда қалайда бүліншілік, сұрқия (?) болмай қоймайды» деген мәнде айтылады деп түсіндіреді-Фразеологиялық сөздік). Ал бұл мәтелдің дәл мағынасы- жоғарыда біз көрсеткен, яғни сұрқылтай сөзінің «советник, кеңесші» ұғымында келген түрі [8,120].
Сөз мағынасы түсініксізденіп, көпшілікке нақты белгісіз болғандықтан, әр жазушы өзінше топшылап, өз түсінігінше, біреуі зат есім, екіншісі сын есім т.т ретінде құбылтып, әр түрлі мағынада жұмсауы, әрине, нормалылыққа қайшы келеді: біріншіден, текстің түсініктілігіне нұқсан келтіреді, екіншіден, сөздің, әсіресе көне, сирек сөздердің тұрақты мағынада қалуына кедергі келтіреді. Көне, сирек сөздер көбінесе образ жасауға жұмсалатындықтан, олардың белгілі бір мағынада орнығуы өте қажет, өйткені көркем әдебиетте ұлттық образдар әлемін бұзу- көокем сөз нормасын бұзу болып табылады.
Тек көне, сирек сөздер емес, кейбір дағдылы сөздердің де лексикалық мағынасын түсінбей қолдану- қазіргі қазақ прозасында едәуір етек алып бара жақанын көрсетуге болады. Мысалы, жалғызілікті сөзі «тұрмыста қолғабыс ететін, қарайласар ешкімі жоқ» адамға қарата айтылатын сөз, сондықтан ауытқу. Сол сияқты жазушы жалғыз баланы өсірген адам туралы: Бәрінен де шиеттей баланы далаға тастамай өсіріп адам қылғанын айтсайшы (Қ. Жұмаділов) деп жазды. Мұнда автор шиеттей сөзінің мағынасын тап баспаған: ол көп бала жайында сөз болғанда айтылуы керек, жалғыз бала шиеттей бола алмайды, өйткені шиеттей сөзі «көп, толып жатқан» деген ұғымды береді.Тағы бір жазушы: Жігіт жігерлене жұтынды (Шадықұлов) деп жазады. Мұндағы жігерлене сөзі жұтынудың амалын бере алмады, адам жігерлене сөйлеуі, жігерлене іске кірісуі мүмкін, ал жұтыну үшін жігердің қажеті жоқ. Үлкен кісі қанат жая (?) жарқылдап қарсы алды (Шадықұлов). Қызметші ек-үш жігіт қайта жосқындай (?) кірді (Д. Досжанов) деген сөйлемдердегі сұрақ қойылған сөздердің де мағынасын жазушы жақсы түсініп қолданған деу қиын. Келтірілген мысалдар көрсеткендей, қазіргі қазақ прозасында,әсіресе сипаттамалық қызметтегі сын есімдер мен үстеулердің мағынасын шатастыру жиірек кездесетіні байқалады.
Халық тілінде, оның әдеби түрінде қалыптасқан тіркестер сөздердің өзара іштей семантикалық жымдасуы арқылы немесе аллитерациялық- ассонанстық әуезділік жолымен, я болмаса ғасырлар бойы солайша қалыптасқандағдысымен тұрақты болып келеді. Сондықтан олардың құрамын себепсіз өзгерту әрдайым орынды да, сәтті де бола бермейді.Мысалы, өтірікті судай сапырып деген тіркестегі соңғы екі сөз аллитерация үдесінен шығып тұр, оның үстіне судай сапыру деген образ өзінің берекесіз іс-әрекетті білдіретін мәнімен экспрессивтік өң алып тұр: өзі өтірік болса, сол өтірікті оңды-солды араластырып, үстемелеп көпке жаяр болса және суды қаншама сапырғанмен, берекелі еш нәрсе шықпайтыны сияқты, өтірікті де қанша құбылтып, араластырып, үстемелегенмен, берекесіз әрекет болып шығатынын дәл әрі әсерлі етіп білдіру үшін тек осы өтірікті судай сапыру деген тұрақты тіркес қолайлы. Демек, мұны өтірікті судай араластырып деп берген (өзгерткен) жазушы еш нәрсе ұтыптұрған жоқ. Осы қатарға түн кескінінде (баласында деудің орнына), жаны ауырды (ашыды деудің орнына), асықша ширатылды (үйірілді деудің орнына – мысалдар Ө. Ахметовтен), менің көңілім қайысты (қалды немесе қайтты деудің орнына), жүрегімді шымырқантты (тербеді деудің орнына (Т. Тілеуханов), етті-жеңді толық адам (дұрысы: ет-жеңді болуы керек), іші еріді (жылыды деудің орнына), төсек жаңартты (жаңғыртты болса керек – М. Ысқақбаев) т.б. мысалдарды қосып көбейте беруге болар еді. Бұл жерде мақсатымыз – жеке бір жазушылардың қателіктерін көрсету емес, нормадан осындай сипатта ауытқушылықтардың бар екенін және едәуір етек алып отырғанын айту.
Екінші- кейбір мақал-мәтелдерде сақталған дөрекі естілетін қарапайым сөздерді ''әдептілеу, әдемілеу'' вариантымен алмастырып қолдану қазір жүйеге айналып барады. Мысалы, ''иттің боғы дәрі болса, дарияға тышады'' деген мақалда екі дөрекі сөз бар, халық тілінде бұлар осы мақалда айтылмақ сентенцмяны мейлінше өткір етіп жеткізу үшін келтірілген, ал осыны жазушы , ''иттің тезегі дәрі болса, дарияға көмеді'' деп береді (Қ.Ысқақов, ‘’Қара орман’’).Сол сияқты «аузында тиек, артында орнық болсашы» дегенде де артында сөзі өзге дөрекілеу сөзді ауыстырып тұр; «Жылап ішіп, шыңғырып қыр астына жүгірген» дегенде соңғы сөздер ішіп-ке ұйқасатын дөрекі тышып сөзінің «кезекшісі» болып тұр. Мұндай ауыстыруларды ішінде сәтсіз шығатындары да аз емес. Мысалы, бөрінің көмекейінше шулап деген қолданыс сәтті емес, мұнда автор бөрінің көтінше дегенді сыпайыламақ болып «әдепсіз» сөзге дұрыс эквивалент таба алмаған. Сол сияқты «шілдің балапанынша» (?) тоз-тоз болып шашыраған бірдеңке (Қ.Ысқақов) деген сыпайылылық та сәтсіз: шілдің балапаны шашырамайды, боғы шашыраса бір жөн.
Мұндай әр-алуан мақсатпен сөз құрамы өзгертілген фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді стильдік не өзге себептерсіз қолдану – жөнсіз (мотивсіз) ауытқу болмақ қазіргі қазақ прозасында бұл да жоқ емес. Мысалы, жанын шытқа түйген (Т.Жұртбаев), дұрыс – жанын шүберекке түю, ол шүберек шыт па, жібек пе әңгіме онда емес, әйтеур түйіп алуда, яғни жанын шүберекке түю – образ. Сондай- ақ, көлеңкесінен қалтыраған (қорыққан болса керек), қылтасы қалтырап (тізесі қалтырап деудің орнына), жүрегіне мұзды су құйып жібергендей (жүрекке су құю деген образды қазақ айтпаса керек), біреу қыз алып қашса, біреу босқа (қызығына болса керек) қашады (Қ. Жұмаділов), мұрттарын балта кесер ме (балта шабар ма деудің орнына), аузынан азу тісі аршылғанша (түскенше болса керек, егер аршылу етістігі қолданылса, аузынан емес, аузы болуы керек, өйткені аршылатын азу тіс емес, ауыз гой, демек, бұл қолданыста бір ауытқу, бір грамматикалық қате бар), елмен (көппен болуы керек) көрген ұлы той, абыройын айрандай ақтарып алған (Қажыбаев) (төгіп болса керек: ақтару- саналы түрде істелетін нәтижелі іс, ал төгу – абайсызда болатын шығынды іс, демек, бұл етістік атаулары бірін-бірі алмастыра алмайды), жібек шыттай үлбіреу (жібектей немесе жібек матадай болса керек, өйткені шыт- мақта матаның атауы, бір мата әрі жібек, әрі шыт деп аталмайды ғой), менің көңілім қайысты (қабырға қайысады, ал көңіл қалады, жабырқайды) т.т. Осылардың барлығы тұрақты құрылымдарды уәжсіз құбылту болып шығады. Бұлар нормадан жөнсіз ауытқулар.
Мақал-мәтелдердің құрамын себепсіз өзгерту тіпті жиірек кездеседі. Мысалы, жерден жеті тенге (халық қоян деп айтады) тапқандай; қызғыштай қорғап (қорып болуы керек); жер шала (шола болуы керек), бұлт ала (Қ.Исабаев), қуырдақ (дұрысы: ет), тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр ем; бір аяғын екі етікке тығып (С. Досанов); алақанындағы аялысы (аяулысы болар?)- Тілеуханов); хабарына кіріп шықпайды, Қ. Исабаев – қатеріне болар), Құлындағы даусы құраққа жетіп деген мәтелді құлындаған даусы құдайға жетіп деп өзгерту (О Бөкеев) әдейі жасалған мотивті сияқты болып көрінгенмен, қаншалықты ұтымды болып тұрғанын айту қиын, өйткені мұндайда оқырман ойында халықтық вариант тұрады да, оның өзгерген түрі, тіпті орынды болса да өз мәнінде қабылдануы мүмкін. Жазушының (Т.Жұртпаев) «ерегіскен ел болмас» деп келтерген мәтелі, сірә Махамбет ақынның атақты «егеске жау ел болмас» деген өлең жолының қайталанған варианты болар. Жпазушы егер бұл әдемі синтенцияны орайы келіп тұрғанда қолданғысы келген болса, сөздерін бұзбай алуы қажет еді, өйткені егесу етістігінің де, ерегісу сөзіндегі сияқты «араздасы», жанжалдасу, дауласу» семантикасы болғанмен бұл сентенция осы бір бейтаныстау, бірақ тілде бар тұлғаның (егесу сөзінің қатысуымен әсерлі болып тұр.
Сөздерді өз орнында жұмсамау этнографиялық ұғымдарға байланысты қалыптасқан қолданыстарды (сөз тіркестерін, күрделі етістіктерін,мақал- мәтелдерді т.б.) бұзып , олардың құрамын өзгертіп,компоненттерін мағналас синонимдермен ауыстырып атауда көзге түседі. Мысалы, құйрық –бауыр жеу- этнографиялық рәсім атауы, ол құда түскендерге келісім беру рәсімі,сондықтан бұл тіркес көбінесе құда болып, құйрық бауыр жесті түрінде қолданылады. Осы күрделі этнографизмді құйрық – бауыр асасып тарасты деп өзгертіп қолданғанда (У. Қалижанов) оны рәсім атауы ретінде емес, жай ғана тағам жеу, қонақ болу мағынасында деп түсіну керек болады. Сол сияқты бел сөзі бел баласы, бел құда тіркестерінде келіп, біріншіде «әкенің өз баласы, туған баласы» ұғымын береді, ал бел құдалар деген этнографиялық атау тумай жатып ұл-қыздарын атастырған адамдардың атауы. Сондықтан нағашыммен бел құрдаспыз деген сөйлемде бел сөзі орынсыз жұмсалған.
Қазіргі қазақ прозасы тілінде сипаттама сын есімдердің ішінде де өте сирек қолданылатын не жергілікті, не көне, не жасанды тұлғалары жиірек қолданыла бастады. Мысалы, Д.Досжановта: жұлмыт жігіттер, жұлмыт елші, мұғдарлы күй, мұғдарлы әсер, марайма мінез; О.Бөкейде: мантырақ ой, тымсақ адам, қойторы тірлік, қоймырет адам, жөш қуаныш; Т.Әлімқұловта: мондыбас біреу, сарамжал қыз т.б. сияқты анықтауыш сөздер кездеседі. Мұндай сөздердің бірқатарын бірнеше жазушы бірдей қолданып, тұрақтандыра бастағаны да байқалады. Мысалы, 20 – 40 жылдардағы қазақ прозасы тіліндегі көп ұшыраспайтын можан-топай (қыздар), ұлы-жіңгір (той), мамырстан (заман), төрткүл (дүние), құйын-перен (спортшы) сияқты сөздер О.Бөкейде, Ә.Кекілбаевта, С.Жүнісовте, т.б. жазушыларда жиі кездеседі. Бұл сөздердің әдеби тілде әлі берік орын теуіп, лексекалық нормаға әлі еніп болмағандығын, олардың әр түрлі жазылып, кейде тіпті әр түрлі мағынада қолданылып жүргендігін танытады. Мысалы, мыжан-топай – мөжен топай – мөж топай; ұлы жіңгір – ұлы жәңгір; құйын-перен - құйын-перін деген орфографиялық дублеттер түрінде ұшырасады. Бұлардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі не жергілікті сөйлеу тіліне қолданылатын, не көнерген, ұмыт болған ежелгі сөздер болып келеді. Қалам иелерінің бұл сияқты сипаттама сөздерді қолдануы, тіпті кейбіреулерін активтендіруі – принципіне құптарлық іс. Өйткені бұларды іздеттеріп, жұмсаттырып отырған себеп, уәж бар, ол бір нәрсені сипаттаудың ең дәл, әрі әсерлі атауын табу. Бірақ әңгіме осындай сөздердің түсініктілігін қамтамасыз ете білуде. Көркем әдебиет дүниесіне қойылатын талаптардың бірі – тілінің қалың оқырманға түсінікті болуы, автордың айтпақ ойының оқырманға қиындықсыз әрі әсерлі түрде жеткізілуі. Сондықтан мағынасы қалың көпшілікке бейтаныстау немесе мүлде таныс емес тұлғаларды белгілі бір зәрулікпен қолданған күнде, олардың оқушыға жетуін ойластыру керек.
Нормадан жөнімен немесе жөнсіз ауытқу қарапайым сөздердің қолданысында елеулі орын алады. Қарапайым сөздер – ауызекі тілдік категория, олар әдеби тілден тысқары тұратын дүниеліктер. Қарапайым сөздердің әдетте әдеби тілдік эквиваленті болады. Жазба стильдердің ішінде қарапайым сөздердің молынан пайдаланылатын орны – көркем әдебиет тілі. Оның ішінде әсіресе драмалық шығармалар мен көркем прозада қарапайым элементтер кейіпкерлер тілінде де, автордың өз баяндауында да еркінірек жұмсалады. Кейіпкелер тілінде келуі – сол кейіпкелер образын жасауды керек болса, автор сөзінде келуі белгілі бір стильдік мақсатты өтеуі үшін қажет [8,122].
Сөйтіп, қазіргі қазақ көркем прозасының тіліндегі сөз қолданыс проблемасын жалпы әдеби тіл нормасынан да, көркем әдебиеттің ұлттық нормалары тұрғысынан да қарастырғанда, мәселе әдеби стандарт және одан мақсатты-мақсатсыз ауытқушылық деп қойылады да, сөз таңдау проблемасына барып тіреледі.
Көркем әдебиет тілінің лексикалық байлығын көркейтудін басты көзі - халық тілі. Кезін тауьш қолдана білген авторға ондағы қордың құнарлы нәрі аз емес. Епсекті жазушы әр сөзді құбылтып, әрқалай түрлендіріп те келтіре береді. Соларды есепке алып отыру - әдеби тілді өркендетудің ең бір көрнекті жолы, өйткені ол ең алдымен осы көркем әдебиет тілінен сусындайды. Ербол Жанпейісовтің сөзімен айтқанда: "Әдеби тілімізді байытатын ең негізгі фактор - көркем шығарма тілі" [21, 29].
Көркем әдебиет тілінің әдеби тілмен байланысы жайындағы мәселені ең әуелі тілдің екі түрлі өзіндік ерекшеліктерін ажырата отырып сөз еткен мақұл. Көркем әдебиет тілі және оның стилі олардың өзіндік табиғаты мен негізгі функцияларына байланысты айқындалады. Осындай міндет пен ерекшелік әдеби тілге де жүктеледі. Көркем әдебиет тілінің әдеби тілден басты бір айырмашылығы - ол эстетикалық функция да атқара алады. Көркем әдебиет тілінің тағы бір артықшылығы - оның сөздік қоры да, құрамы да барынша бай. Әдеби тілде мұндай қасиеттер біршама шектеулі болатын сияқты. Ол функционалдық стильдердің жиынтығы есебінде белгілі бір салаларды ғана қамтиды: ғылыми стиль, іс-қағаздары тілінің стилі, публицистикалық стиль, эпистолярлық стиль, әрине көркем әдебиет тілінің стилі, т.б. Көркем әдебиет тілінің стилі халық тілі байлығының барлық қорын сарқа пайдаланатын болғандықтан ең алдымен тілдегі байырғы сөздерге күш салады, кірме сөздерді кеңінен қолданады, ауызекі тіл материалдары - оның басты бір байлық көзі. Әдеби тілдің нормасына жатпайтын толып жатқан сөздер осы көркем әдебиет тілінің арқасында күн көреді. Осыдан барып "әдеби тілімізді байытатын ең негізгі фактор – көркем шығарма тілі" (Ербол Жанпейісов) деген қағида шығады.
Дүкенбай Досжан шығармаларының сөздік қоры - құнарлы, лексикалық байлығы - сан-салалы. Оның ішінде сонау ықылым замандардан бастап қолданылып келе жатқан көне сөздермен қатар күні бүгін туып, енді ғана жұмсалып келе жатқан сөздер де аз емес.
Тарихи-лингвистикалың сырларын ішіне бүгіп, тынысын танытпай жатқан сан алуан сөздер Дүкенбай Досжан шығармаларының тілінде аз кездеспейді. "Жібек жолы" романынан жады сөзінің жұмсалып тұрған ретін келтірейік. "Айнала мидай жазық, асық ойнаса болатындай айтақыр, жып-жылмағай жады жер" [19,102]. Осы жады сөзінің бойында көптеген түркі тілдеріне ортақ болып келетін тарихи-фонетикалық сыр жатыр.
Қазақ тіліндегі жазық (жазық дала) сөзінің о бастағы түбірі - жаз (жазу, бір нәрсені жазып салу, көрпені жазып салу орамалды жазып көрсету). Бұл - синкретикалық түбір: әрі зат есім, әрі етістік мағыналарын береді. Зат есім тұлғасына әдетте жалғана беретін -ык//-ік жұрнағы жалғанып, жазық формасы жасалған. ХШ-ХІҮ ғасырдың жазба ескерткіші «Кодекс куманикусте" "йазда йавлы тоқмақ йатыр" (жазық жерде майлы тоқпақ жатыр) деген жұмбақ бар, оның шешуі - "кірпі". Мұндағы йаз (яғни жаз) түбірі біздің тіліміздегі жазық сөзінің түбірі екендігін өзі-ақ көрсетіп тұр. Осы, алғашқы түбірге -ы//-і жұрнағы қосылып та қолданыла береді. М.Қашқаридың еңбегінде "Йазыда бөрі ұлыса, евде ит бағры тартышур" (далада бөрі ұлыса, үйдегі иттің бауыры сыздайды) деген мақал бар. Бұл сөзге байланысты тағы да бір мақалды айта кетейік: "йазыдағы сәвлін едергіл, евдекі тақағу ычғынма" (даладағы қырғауылды қуам деп жүріп, үйдегі тауықтан айрылып қалма). Енді осы мысалдарды өзара салыстырып, қарайтын болсақ, Д.Досжан қолданып отырған сөз «д» дыбысын қолданатын тілдерден қалған, түркі тайпаларының арасында үнемі болып тұратын ауыс-түйіс қатынастардың қалдығы болып табылады. Профессор Берікбай Сағындықұлы жалпы түркі тілдеріндегі кейбір дыбыстардың өзара алмаса беретін /й//дж//д//дз//з/ схемасын келтіреді. "Керуенбасы мына әңгімені естіп жатса да, үндеген жоқ. Шапанын жамылып, жадыны жастанып, мызғыған болып жата берді". Сонымен қатар, жазушы жады сөзінің орнына оның жазы тұлғасын да қолданады: "Түйені әкел! Жазыла! Құмандағы суды жылыт! Қосты жық!.." [19,97]. Осы күнгі әдеби тілімізде, сонымен қатар көркем әдебиет тілінде де, қолданылып жүрген кірме сөздер, соның ішінде араб-парсы сөздері сан алуан, олар иініне қарай арнайы әңгіме болып та жүр. Мысалы, Рәбиға Ғалиқызы Сыздықтың еңбектерінде мұндай сөздер өз алдына бөлініп, жеке қарастырылады. Осы автордың сөзіне қарағанда, XIX ғасырдың өзінде ауызекі сөйлеу тілінде жиірек қолданылып, қазақ тілінің дыбыс заңдарына икемделген бөгде сөздерді сол қалыптасқан түрлерінде беру әдісі орныға бастаған. Сонымен қатар әдеби тілдің нормалану процесіне қатысы бар құбылыстардың ішінде жергілікті диалектілік ерекшеліктердің өзіндік едәуір үлесі болған [7,69].
Көркем әдебиет тілінде көрініп жүрген, әдеби тілдің құрамынан "дәмесі бар" бір сөз - енапат: "Табиғаттың құпиясына дауа жоқ, әрине. Шәуілдір елі азынаған алапатқа әбден үйренген. Осы енапат жел болмаса, пысқырып-түшкіріп, тымауратып қаламыз, бұл жарықтық залалды дертті ұшырып әкетеді" - деп мақтанатынын қайтерсің [20,83]. Сөз болып отырған лексема екі сөзден құралған болу керек: ен апат. Бірінші түбір морфеманың бұрынғы лексикалық мағынасы қазіргі қазақ тілінде сақталып қалған: ен (орысша - "ширина", Махмуд Қашқари еңбегінде). Сонымен қатар қазақ тілінде осы сөздің "кең, мол, көл-көсір, көп, жиі" сияқты ауыспалы мағынасы да бар: ен дала, ен аумақ. Сонда бұл сөз апат лексемасымен қосылып, "жиі-жиі болып тұратын, үлкен апат" деген ұғым тудырады. Осы сөз алапат тіркесінің морфологиялық құрамында да қолданылып тұр: алағапат > алапат. Арабтың уафатун сөзінің орысшасы "кончина, смерть, смертный случай". Қазақша "опат, офат уапат, уафат" күйінде осы мәнде жұмсалады.
Біз оқып отырған тымауратып деген сөздің әдеби тіліміздегі формасы – тұмауратып. "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі" "тымау емес, тұмау" деп жазады. Тұмау сөзінің тымау деген фонетикалық варианты біздің диалектологтарымыздың айта беретін ы<у алмасу заңдылығы бойынша жасалған.
Достарыңызбен бөлісу: |