2.2. Нормадан мақсатты ауытқулар
Ауытқу – нормаға сай келмейтін қолданыстар. Терминнің өзінде «сәйкессіздік» мағынасы («белгілі бір дұрыстықтан, заңдылықтан ауып кету» деген сияқты) болғанмен, ауытқу барлық сәтте жағымсыз акт болып шықпайды. Сырт қарағанда нормадан тыс болып көрінгенмен, шындығында сол нормадан әдейі ауытқу, яғни әр алуан себеппен болатын ауытқулар орын алады. Сондықтан барлық ауытқулар, соның ішінде сөз қолданыстағылар мақсатты (уәжді, жөнімен, мотивті) немесе мақсатсыз (уәжсіз, жөнсіз, мотивсіз) ауытқулар деп қарастырылады. Бұл – тек көркем сөз стильінде ғана емес, барлық стильдерде болатын құбылыс. Бірақ көркем әдебиет тілінде мақсатты ауытқулар жиірек кездеседі және олардың өздері әр сипатты болып келеді [8,102].
Көркем әдебиет тіліндегі ауытқудың неден (қай нормадан) ауытқу екенін ажыратып қарастыру керек болады. Біздіңше, жалпы әдеби тіл нормасынан және көркем сөз нормасынан ауытқу деп бөліп талдау керек.
Сөз қолданыстағы жалпы әдеби тіл нормасынан ауытқу біріншіден, әдеби тілден тыс тұрған элементтерді: диалектизмдерді,қарапайым жай немесе дөрекі сөздерді, жаргондарды т.б. автор сөзінде пайдалануға қатысты қарастырылады (оның кейіпкер тілінде жұмсалуы – көркем әдебиет стильінің өз нормасы, өз заңдылығы, сондықтан ауытқу проблемасы негізінен авторлық баяндау тексі бойынша қойылады), бұл – стильдік таңбасы бар сөз дегенді зерттеуге апарады.
Екіншіден, сөздің әдеби тілде қалыптасқан жалпы лексикалық мағынасынан ауытқып қолдану. Бұл орайда жазушының тілге ұқыптылығы және жауапкершілігі әңгіме болады, яғни әдейі мақсатты ауытқу сөз болады.
Үшіншіден, сөздің өзге сөздермен тіркесу нормасын бұзу. Бұл да екі түрлі ситуацияда көрінеді: бірі – білместіктен, жауапсыздықтан болатын құбылыс, келесісі – тіркестер контаминациясы дегенді әдейі пайдалану.
Сөз қолданыста көкем тіл нормасынан ауытқу, біріншіден, жалпы жазушы мәнері дегенге қатысты болса, екіншіден, текст түзудің мүдделеріне байланысты құбылыс болып табылады.
Жазушы мәнері автор позициясы дегенмен ұштасады. Қазіргі қазақ прозасында баяндаудағы автор позициясы деп аталатын құбылыс айқынырақ көріне бастады. Айталық, сыртқы дүниені суреттеудің автор тарапынан ұстанылатын эмоцияналдық кілті біреу болады да, ондай шығармада бір тектес немесе тіпті бір эпитет қайталанып келеді. Мысалы, Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінде ақ эпитеті және осы сөздің қосымшалы, тіркесті тұлғалары (ақша, аппақ, ақ сүреу, ақ түтек, ақ шаңқан, ақ шағи, ақ таңдақ) – осы шығарманың оқушы сезіміне әсер беретін, автор позициясының сыр сандығын ашатын негізгі кілті: мұнда НТР заманындағы іргедегі шөпті алып келуге жарамай қалған техникамыздың кесірінен үш қыршындай жасты үсітіп өлтіре жаздаған аппақ қар басқан мылқау иен тау іші, сендей сірескен ақ сіреу суық дүние суреттеледі. Жігіттерді қинаған түн де аппақ, олардың біреуі – Нұржанның арман-қиялындағы ақ қанат қар қызы, ол да аппақ, бірақ осы ақ (аппақ) сөзі мұнда адалдықтың, бақыттың, арманның символы болуымен қатар, суықтықтың, қаталдықтың да символы. Шығарма кілті осы екі символда. Сондықтан көркем сөз стилін жеке діттей қарастырғанда, бұл жердегі бір эпитеттің өзгесі ауызға түспегендей қайталай беруі кемшілік сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал тіл мәдениеті шарттарын көркем стилистика талаптарымен ұштастыра қарағанда, бұл жердегі бір ғана эпитеттің жиі қайталануы, баса қолданылуы уәжді, ол автор позициясын танытады.
Бұл күнде орыс тіл білімінде «характериологическое повествование» (сипат бере баяндау) деп аталатын әдіс қазақ прозасында да бел алып келе жатқаны байқалады. Шығарма тұтасынан белгілі бір сипат бере баяндауда әлеумет топтарының сөйлеу үлгілері кеңінен пайдаланылады. Мысалы, Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» атты романы ауылда өскен қазақ әйелінің атынан баяндалытындықтан және романның бүкіл оқиға желісі, кейіпкерлер бейнесі сол әйелдің көзқарасымен ұсынылғандықтан, ол романдағы лексикалық, фразеологиялық құрам да, синтаксистік құрылым да бір стильге бағындырылған. Сондықтан мұндағы баяндау тілінен де, кейіпкерлер тілінен де «жиырма бестен асқан жырау жігіт», «қой, құрысын, ұят тағы», «Светасын тіпті сорақы қызғанады», «басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес пе» деген сияқты қарапайым сөздер мен ауызекі сөйлеу тілі элементтерін жиірек кездестіреміз. Тіл мәдениеті өресінен келгенде бұлар әдеби нормадан тыс тұрған сөздер болғанмен, бұл шығармада олар дың қолданылуы өте орынды, яғни бұлар мақсатты ауытқулар болып табылады. Бұларды орыс тіл біліміндегідей көркем шығармадағы баяндаудың «авторлық нормалары» деп атағанымыз дұрыс болар [8,115].
Белгілі бір сипат бере баяндау үлгісін Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» атты шығармасынан да көруге болады. Мұнда автор атынан берілген баяндаудың өзіне сипаттауыш сөйлемдердің дені ауызекі сөйлеу тіліне тән болып келеді: борпы аяқ Сақып, зыр-зыбыл құла (әңгіменің бас кейіпкері Қарабаланың мінген осы атының өзге анықтауышы да осы іспеттес (шілтік құла, китің құла), қақшаңдаған әкесі, дарылдақ шайханашы, әрпіл-тәрпіл өлең жолы, қайырма жаға, ақ көйлек киіп қатқан жігіт, қитұрқы әңгіме т.т. Диалогтердегі ғана емес, автор тіліндегі етістіктердің едәуірі стильдік бояуы қалың сөздер, олар да көбінесе қарапайым сөздер немесе ауызекі сөйлеу тіліне тән элементтер болып келеді: орысшаның да түбін түсірді, әйелдер тағы жырқ-жырқ күледі, қара өлеңді қайқайтады екен, ақ школдың білімін бір-ақ қақшып... жетінші класты бітірді, көкең көңілі түссе сылқитып тұрып орысша бір боқтайды да...., немесе сыздиып отырған жас немелер... тызалақтап жүр, т.т. Мұндағы адамдардың аталуы да неме, көкіме, бозымбай, бегей, жұтыр, қара сирақ, можан-топай, қасқа сияқты болып келеді.
Автор осы әңгімені «оқуы» үш кластан аспаған, бірақ адал еңбек иесі Қарабала мен оның «бағы жанбаған» тентек құрдасы Оңбайдың, тіпті әрісі осы екеуінің іс-әрекетіне, қимыл-қыбырына ортақ ауыл адамдарының позициясынан, солардың ойлауы, бағалауы, түюі тұрғысынан баяндайды. Демек, бұл туындыдағы әдеби тілден тыс тұратын элементтер: қарапайым сөздер, бірен-саран мошқайды тәрізді диалектизмдер, ауызекі тілдік синонимдер, қысқасы, пәс (төмен) стильдік сөздер белгілі бір мақсатпен әдейі қолданылған. Автор сөзінде келгеніне қарамастан, бұлардың қолданылуы уәжді. Бұл ауытқулар бүкіл шығарма идеясына (мазмұнына) қарай, текст түзу мүддесінен туған қолданыстар.
Етістіктердің ішінде де әдеби жазба тілде бұрын көп кездесе бермейтін бірқатар сөздер бұл күнде қайсыбір жазушылардың тілінде еркін әрі жиірек қолданылатын болды. Мысалы, О. Бөкеевте: алқұлымдар (Орталарынан алқұлымдап дарын шыққандай болса, даңдайсып кетпей... Тек алғұлымдап аман-есен ортамызға қосылса дейміз ғой), қаңғылестеу (Адасқан қаздай қаңғылестеп жүргені), адағайлау (Атып тұрып адағайлап әр тұсқа көз жүгіртіп еді), қаптағайлау (Қар ұшқындап, қаулаған өрттей қаптағайлайды), Ә. Кекілбаевта: аңылжу (Ата қоныстың аңылжып иесіз қалғанына...), Т. Әлімқұловта: мәтібисіну, салқомсоқтану, тәмпіштену (Мақы тұқымының: мәтібисініп, салқомсоқтанып, балағы жырық шалбар киіп тәмпіштенгеніне жынымыз келуші еді), алағаржақтану (Әлденеден көңілі алағаржақтанып...), кәрімсіту (...Әдемі ақ сұр бетін кәрімсітіп көрсетті), Д. Досжановта: алағаттану (Құжыра сырт сылағы түсіп, алағаттанып қалыпты. Жол ер қажаған ат арқасындай алағаттанып көрінеді), әңкүстену (Ендігі буын әңкүстенбей, әділ етсе), М.Мағауинде: ошаң ету (Таяу төңіректе ошаң еткен жан жоқ) сияқты қимыл атаулары кездеседі. Бұлардың бірқатары жергілікті сөз болуы мүмкін (аңылжу, алқұлымдау, әңкүстену алағаттану, алағаржақтану), бірсыпырасын жазушы өзі жасауы да мүмкін (кәрімсіту, мәтібисіну т.б.), енді біразы сөйлеу тілінде бар, бірақ сирек жұмсалып, мағынасы көмескі тартқан элементтер болуы мүмкін. Бұл сияқты бейтаныстау етістіктрдің қолданысын әрдайым нормадан жөнсіз ауытқу деуге болмайды. Өйткені бұлар көп ретте стильдік жүгі бар қолданыс болып келеді. Мысалы біртегіс емес, ала-құла болып көріну мағынасында ала-құлалану деген бейтарап сөзден гөрі алағаттану сөзінің бояуы қоюырақ, бейтарап ренді әңгілану, әумесерленк дегендерге қарағанда әңгістену ұтымдырақ. Демек, бұдан нормадан мотивті ауытқулардың түрлері әр алуан болатындығы көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |