Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1
Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. 320 б.
2
Шаззо К.Г. Художественный конфликт и эволюция жанров в адыгских
литературах. – Тбилиси: Мецниереба, 1978. – 238 с.
3
Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
4
Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырушылар: З.Ахметов,
Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
ӘОЖ 85.2 (5Қ)
Карбай Жанэль Жанбырбайкызы
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» ҚеАҚ
zhanelkarbaeva03@mail.ru
Тлеубердина Гүлден Токатовна
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» ҚеАҚ
ТАРИХИ ЖЫР, ДАСТАНДАРДАҒЫ АБЫЛАЙ ХАН ТҰЛҒАСЫ
Аннотация: Мақала XVIII ғасырдың 30 жылдары ішінде қазақ хандығын басқарған
ең ірі де бірегей тұлға саналатын Абылай ханның тарихына көз жүгіртіп, тарихта алатын
орны мен қалыптасқан тұлға ретіндегі сипатына арналады. Үш жүздің келешегін ойлайтын,
соңынан ер азаматы түгел еретін, дұшпанының бақытын байлайтын, көрші елмен
татуласып, тіл табысатын, өзі шешен, сардар, данышпандығы баяндалады. Азаттыққа
жаңа өмірге бастаған хан Абылайдың жарқын бейнесі халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп,
көптеген тарихи жыр, дастандардың, ауызша әңгімелердің
70
сүйікті де тұлғалы кейіпкеріне айналады. Ауыз әдебиетінің өзге салаларының ішінде тарихи
жыр, дастандардың ерекшелігі ондағы оқиға тарихи шындыққа сәйкес жырланады. Тарихи
жыр мен дастандардың тағы бір қыры Абылайдың түр-тұлғасы, келбетінің берілуі.
Абылайдың соғыстағы, саясаттағы, ел билігіндегі алуан істеріне баға беріледі, заманының
ерекшеліктері сипатталады.
Тірек сөздер: Абылай хан, тарихи жыр, ауызша халықтық үлгілер.
Тарихи өлең өмірде болған, нақты оқиғалар мен белгілі істермен ел есінде
қалған адамдарға арналған шағын әрі эпикалық сарыны бар шығармалар болып
табылса, сол замандағы ірі тарихи тұлғалардың ерліктері, қайраткерлік істері
жайлы туған шағын өлеңдер, әңгімелер біртіндеп арада біраз уақыт өткен соң, не
көз көргендердің ішіндегі мықты бір ақын немесе басқа бір талантты ақын баяғы
шағын өлеңдерді өзінше жиыстырып, бұрынғы мазмұны бойыншы сюжет
құрап, кейде жанынан қосып, көркемдеп қайта жырлайды. Сөйтіп тарихи жыр
туады. Тарихи жырдың бүкіл мазмұнының өзі сол заманның оқиғаларынан туып
өрбіп жатады [3. 18-19].
Ұзақ тарихи толғау, өлең-жырлардан кейін тарихи оқиғалардың ізін ала
туғандығы мәлім. Мұнда үлкен оқиғалардың жекелеген фактілері ғана
қамтылмайды, сол оқиғаның басы-қасында жүрген, ерлік істермен, ерекше
қасиеттерімен, ақыл-қайратымен танылған тұлғалар жырланады. Сондықтан
кейіпкердің болмыс-бітімін терең ашу үшін кейде бірнеше оқиғалар желісі
алынып, түрлі поэтикалық тәсілдер қолданылады және кейіпкеріне, заманына
деген жыршы, ақын көзқарасы, бағасы қоса берілетінін де байқау қиын емес.
Қалай деген де де, дер кезінде туған тарихи шығармалар бергі кездің әртүрлі
қоғамдық жағдайларына, ой сананың өсіп үлғаюына байланыстыр жаңарып,
жаңғырып отырған. Тарихи туындылар – халқымыздың басынан кешкен әртүрлі
әлеуметтік оқиғалардың негізінде, тарихта болған адамдардың батырлық
істтерінің негізінде туған, елдің ерлік салтын, әдет-ғұрып, рухани күшін
бейнелейтін құнды қазынаның бірі болып саналады [12, 157-158].
Абылай хан тұлғасы тарихи өлең-жырларда, толғауларда XVIII ғасырда
билік басында болған кезеңдегі жыраулар поэзясында қандай да бір тарихи
оқығалар негізінде, ешқандай қоспасыз, әсірелеусіз, бар шындығымен көркем
жырланса, кейіннен жаңа оқиғалармен байытылып, мазмұндық құрлымы бөлек,
көркем тілді, өткір сюжетті эпикалық үлгідегі тарихи жырларға, дастандарға да
өзек болған. Бұлай болуы әрине заңды. Себебі, тарихи жырлар тарихи
құбылыстардың сыры мен шындығын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Абылай заманынан кейінгі мұралардың көбісі бірден бірге ауызша
жырланып жеттікен бай мұралар деп есептейміз. Бағалы болуының бірден бір
себебі, «Тарих пен ауыз әдебиеті бір-бірін толықтырушы, дамытушы».
Халқымыздың ауыз әдебиетін дұрыс түсіну үшін әлбетте тарихқа үнілуміз
керектігі мәлім. Осы тұрғыдан келгенде Абылай туралы тарихи жырлардағы
кейбір оқиғалар сол уақыттағы тарихи шындықпен үйлессе, екінші жағынан,
онда Абылайдың қайраткерлік, қолбасшылық, дипломатиялық қызметтері
шынай көрініс тапқан. Сол кезеңде өмір сүрген айтулы би батырлар жайындағы
тарихи жырларда да – Абылай басты қаһармандардың бірі. Жырды шығарған
ақын, жыршы сол дәуірдің жақсылықтарын Абылай атымен астастырады.
71
Абылай тұлғасын сомдауда ақындар жасандылыққа бармайды, кейіпкердің ерлік
істеріне, жеңісті жорықтарына, адамгершілік қасиеттеріне, халқы үшін атқарған
ұланғайыр қызметіне ерекше мән береді.
Біздің заманымызға біраз тарихи жырлар жетті. Соның бірі – Шоқан
Уалиханов жазып алған «Абылай туралы жыр» Абылайдың қырғызға жорығын
баяндайды. Мұның басқа тарихи жырдан ерекшелігі, «фольклор дәстүрінде
жасалуы» [5,4.10]. Жыршы Абылай образын жасауда, эпикалық дәстүр үлгісін
ұстана отырып, жаңа көркемдік тәсілдер қолданғаны байқалды. Мұны тарихи
жырлар өзінің тіл кестесі, көркемдік бейнелеу жүйесі бойынша ежелгі эпикалық
дәстүрді дамытып отыратындығын анғарамыз. Сондай-ақ батырлық эпосқа тән
әсірелеу бар. Мысалы:
Көк бөрідей желді хан,
Ителгідей ілді хан.
Қаршығадай қақты хан,
Тұрымтайдай қонды хан [4, 265].
деп ханның ұрысқа аттанысын аң-құстың әрекетімен шендестіреді.
Енді бірде:
Абылай ханым жүруші ең,
Қаздай болып қаңқылдап,
Бөрідейін бұрқылдап,
Сай суындай сарқылдап,
Жай тасындай жарқылдап [4,266].
деп ханның бойындағы ерекше қасиеттері Керей Тұрсынбай батыр мадақтауы
арқылы дәріптеледі. Абылайдың ұрысқа кіруі фольклорлық үрдіспен беріледі:
Сүйегінде бар Абылай,
Қарт бурадай шабынды...
Абылайдай тақсыр хан,
Айыл тұрман тағындай
Арғымағын оздырып [4,266].
деген жыр жолдарына назар аударсақ, Абылай батырларын жігерлендіріп
жорықтың алдыңғы сапында жүргені аңғарылады. Абылайдың Сәдірге
Жауғашты жіберіп, екі елді жауласып, табысып, бітімген келуге шақыруы, Талас
пен Келесті бірге жайлауды ұсынуы – адамгершілігі, парасаттылығы.
Абылайдың қырғыздармен келісімге баруы шындық болса керек. Жырда
бірқатар тарихи шындықтар ашылады.
Абылайдың Еділ қалмақтарымен соғысы М.Ж.Көпейұлы жазып алған
Қүдері қожа Көшұлы жырында шынайы суреттеледі [17,88]. Жырда Абылайдың
ұрыс жүргізу тактикасы әбден меңгерген, мол тәжірибе жинап, жау әскернінің
ерекшеліктерін жетік білген қолбасшылық қыры танылады. Атап айтқанда:
соғыста айқайлап ат салмауды, аттан түсіп жатпауды, қараңғыда от жағып,
темекі тартпауды, ат үстінен мылтық атпауды, ондайда жаудың жай жатпай,
қарсы оқ ататынын айтып, сарбаздарын сақтандыруы, дұшпанының амал-
айласын білуі – осыған дәлел. Бұл Абылайдың Еділ қалмақтарын бір жолата
талқандаған соңғы ұрыстарының бірі екендігі даусыз.
72
Жырау сондай-ақ Абылайдың елі мен жерін азат етудегі әділетті күрес
жолын ұстанғанын, бұл жеңіске құдай жақ болғанын атап өтеді. Әрі Абылайдың
Еділ қалмақтарын талқандаудағы қолбасшылық дарынын мақтанышпен
көрсетеді.
Кешегі өткен Ғазизлы,
Ер Абылайды айтайын.
Ер Абылай аруақты,
Дұшпанына салмақты [1,80]
деп қолбасшылық қасиетін, жеңісті жорығын аруақтылығымен, батырлығымен
астастырады. Жырау «Атадан артық туған жер ер Абылай», «аруақты Абылай»
деп ардақтайды. Қалмақтардың жеңілуін Абылай аруағының асқандығынан деп
түсіндіреді.
Абылай жайындағы тарихи жыр-дастандардың біразы сақталса, біразы
жоғалып кеткен. Ауыздан ауызға тараған туындылардың бәрі де қағаз бетіне
түсіп үлгермеді. Солардың бірі – «Абылай хан» тарихи жыры (авторы белгісіз).
Бұл жыр «бастағы үй, асқан қазан жұртта қалып, тау асып, қайың сауып» тоз-
тозы шыққан қазақтың «Ақтабан шұбырынды» заманында Абылайдай хан
болмаса, қазақ халқы да жер бетінде жоғалар еді деген ойды меңзейді. Әкесі ел
азаттығы үшін жау қолынан қаза болғанда, іште қалған алты айлық бала
Әбілмансұрдың он төртке толғанда қалмаққа кеткен кегін қуып, елін іздеп, Төле
би ауылына келуі қызықты баяндалады.
Құс болса ақсұңқардың балапаны,
Адам болса, заты артық, асыл жаны.
Ержетіп аман-есен атқа мінсе,
Ел-жұрттың болатындай арыстаны [1, 184].
деп оның болмыс-бітімін тектінің тұқымы екенін, болашақ ел билеушісінің
қасиеттерін байқайды. «Шудаланып өсіп кеткен шашынан» Сабалақ атанған
баланың ерекше қасиеттері де біртіндеп таныла бастайды.
Сабалақтың қой, түйе бағумен бірге, отын әзірлеп, от жағып, іркіт пісіп,
құлын байлап, бие сауғызуға көмектесіп, жасынан шаруақор болып өскені
айтылады, Төле би оның екі қолын, екі аяғын екі жаққа керіп жатысынан, төрт
тарапты меңгерем деген ел билеушілік қасиетін, басының биік жатуынан «ел –
жұрттың кемеңгері» болар қасиетін, «ел тұтқасын» сезеді. Абылайдың алғашқы
есте қаларлық ерлігі – Шарышпен жекпе-жегі – жырдағы ұтымды эпизоттардың
бірі. Алдымен Шарыштың дене бітім таныстырылады:
Зор дене, түсі суық, шойын қара, Байқасаң
жүз кісілік бардай шама [1,193].
Сондай-ақ оның күш-қуатының «таңдаулы бес қаруы өзіне сай», «мың
пұттық қара тасты өңгергендей», «білектей бел ораған айдары дуылғалы
мұнараға ұқсайды» деп ерекшеленуі де – эпостарға тән кейіптеу, әсірелеу.
Жыршы бір жағынан Сабалақтың мықты жаумен айқасқа қаймықпай түсуін
жүрекжұтқандық, батырлық деп көрсете, оның «Абылайлап» ұрандап, жекпе
жекте Шарыштың басын кесіп алуын ерен ерлік санайды.
Жырда Абылай ханның кескін-келбетін сомадауы және әр батырға
сипаттама ұтымды берілген:
73
Жан еді жазық маңдай, дөңгелек көз,
Ат жақты, қыр мұрынды, алкүрең жүз.
Ақ тісті, қара қасты, қою сақал,
Қайраттық белгісінен бетінде із.
Қабағы қатуланып түйсе кімге,
Кіреді ия інге, иә дінге.
Батырдың азығы – ет, сусыны – құрт.
Ішпейді қызыл шайды ұқсап бізге [1, 222].
Ақын Абылайдың түр – тұлғасын суреттеумен бірге, мінез бітіміндегі
ерекшелікті атайды, қандай тағамды ұнататындығын білдіреді.
Жырда Абылай – даңқты хан, абыройлы мемлекет басшысы ғана емес
«қылышынан қан сорғаланған» қайсар батыр, қаһарлы қолбасшы.
«Абылай хан» атты тағы бір тарихи жыр «Қазақ әдебиеті
хрестоматиясында» 1944 жылы Қ.Бекхожин көшіруімен жарияланған. Бұл жыр
сирек қолжазбалар қорында сақтаулы. Жырды М.Әуезов «Қазақ әдебиеті
тарихында» жеткілікті талдаған. Ғұлама ғалым «жырда тарихтық фактілер көп,
тарихи оқиғалардың болған кезі, себебі, тарихи кісілердің аттары, істері көп
кездеседі. Көбінісе тарихи шындыққан жақын көрсетіледі» деп баға береді. Біздің
де мақсатымыз – жырдағы оқиғаның тарихи шындықпен қаншалықты
қабысатындығы, жырды шығарушының тарихи дерек көзін қалай
пайдаланғандығы, Абылайдың бейнесін сомадаудағы ерекшелігі жайында
болмақ.
Дастанда түйе, жылқы бағып, тындырымды ісімен, ақыл-қайратымен Төле
биге ұнаған Сабалақ бейнеленеді. «Төле би құл да қылды, ұл да қылды» деген
жолдар дана бидің Абылайды әр істе сынап, бойындағы адамгершілік
қасиеттерін жете танығанын аңғартады. Сабалақтын қалмақпен соғысы,
Шарышпен жекпе-жегі жайлы кейінен айтылады. Ақын Абылайдың ел билігіне
зор ақыл-парасатымен, ерлік істерімен келгенін мәлім етеді.
Шырағым, сенен жақсы халық епті,
Үш жүз болып бас қосып барғаныңда,
Қалмаққа күшің асып болдың мықты,
Абылай, болды сенің көңілін ақ,
Жүргенде таза болып құдайға жақ [10, 305].
деп Төле би Абылайдың жоңғармен соғыстағы ірі жеңісін, оның қолбасшылық
ісін шынайы бағалап, ел билігінде таза, әділетті хан болуына тілектестік
білдіреді.
Абылай – елдің ынтымақ-берекесін ұйыстырушы, жеңісті жорықтар мен
даңқты істердің көшбасшысы, ұлы қолбасшысы деп дастанда оның ел
билегіндегі қызметі айрықша аталады.
Абылай өзі болып тұрғанында,
Қай жердегі патша да мойын бұрды.
... Абылай барда ұрлық, қорлық, сөз жойылған,
Билерге жеті жарғы ат қойылған.
Өзі білген ғадалатын аяған жоқ,
74
Өзі өлгенше тайған жоқ сөзі орнынан [10].
«Абылай хан» жырының кейбір тұстарының Көкбай ақынның «Сабалақ –
Абылай хан» дастанымен ұқсас келуі де үлкен шығарма нұсқаларының ауызекі
айтылып бізге жеткен үзінділері болар деген ой жетелейді.
Қорыта келе, Абылай жайлы тарихи жырлар мен дастандардан түйеріміз:
ақындардың, жырды жеткізушілердің қайсысы да Абылай өмірінің ерекше
кезеңдеріне, ерен ерлік істеріне, тұлға бойындағы өнегелі қасиеттеріне тоқталып
өткен. Ондағы белгілі бір сюжеттік қайталаулары, оқиғаның мазмұндық
жақындығы Абылай өмірінің күрделі кезеңдерін көрсетуде аңғарылады.
Абылайға деген шексіз сүйіспеншілік ақын-жыршылардың образды ашуда
көркемдік бейнелеу үлгілерін ұтымды қолдануынан да көрінеді. Абылай
біржақты, жадағай мақталып, дәріптеледі. Түрлі бейнелеу үлгілері арқылы
образы ашылады.
Тарихи жыр мен дастандардың тағы бір қыры Абылайдың түр-тұлғасы,
келбетінің берілуі. Хан ордасының сән-салтанаты да көзбен көргендей әдемі
суреттеледі. Абылайдың соғыстағы, саясаттағы, ел билігіндегі алуан істеріне
баға беріледі, заманының ерекшеліктері сипатталады, яғни оны «еркін өмір»,
«қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «жауы мұқалған заман», «тыныш
та берекелі заман» – деп бағалайды.
Жыр-дастандардағы сюжет негізінен Абылай басынан өткен оқиғаларға
құрылған, композициялық құрлысы қызықты, көбінесе Абылай өмірінің елеулі
кезеңдері жырланады. Әсіресе Шарыш пен Абылай жекпе-жегі әсерлі, өткір
сюжетпен дамытылып, оқырманды қызықтырып, баурап әкетеді.
«Ел тарихында сол заманның пікір жолындағы басшысы, табалдырығы
Абылай заман болатұғын. Соңғы заман адамы ойы суатын, саяси бағытын артқы
дәуірден алды. Сондықтан бір заман толғау айтқан кейінгінің ақыны мен ақылшы
басшысына қадірлі аруақ, қасиетті ұран сияқты болды» деген М.Әуезов пікірі.
Абылайдың тарихи жыр, дастандарда негізгі кейіпкерге айналуының
ерекшелігін сипаттайды. Сондықтан «Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен
серілігінің ғасыры» деген Шоқан сөзі дәл де биік баға. Абылай елдіктің, ерліктің
ұраны, батырлықтың өнегесі, ел билігінің жүрегі, ел үмітінің тірегі. Сондықтан
ол өз дәуіріндеге және одан кейінгі ғасырдағы ақын- жыршылардың
шығармашылығының алтын өзегіне айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |