Балық шаруашылығында ШРШ – бұл кезде суаттағы су таза болып қалатын және суатта балықтың өлу жағдайлары тіркелмеген, балық түрлерінің біртіндеп жоғалуы байқалмайтын, суатта белгілі маусымдарда балықтардың өлуіне немесе балықтардың құнды түрлерін құндылығы аз балықтарға айырбасталуына және тағы басқаны әкеліп соғуға қабілетті жағдайлар белгіленбейтін, судағы ластаушы заттардың барынша көп шоғырлануы.
Қазақстан Республикасында қазіргі уақытта 600-ден астам қосылыстар үшін ШРШ анықталған.
Ластаушы заттардың ШРШ басқа, су сапасының негізгі көрсеткіші оның органолептикалық қасиеттері: дәм, иіс, көмескілік, түстілік. Олар арнайы шкалалар бойынша анықталады. Органолептикалық қасиеттер көбінесе оның қышқылдығымен немесе сілтілігімен байланысты, ол сутек көрсеткішінің рН шамасымен бағаланады.
Эпидемиологиялық қатынаста судың қауіпсіздігі жанама көрсеткіштермен: 1 мл судағы микробтардың санымен (ауыз су үшін жалпы микробтар саны – 100 дейін) және 1 литрде ішек таяқшасының (Коли таяқшаларының) тобы бактерияларының болуымен анықталады. Соңғы параметр колииндекс деп аталады. Колииндекске кері шама колититр деп аталады.
Паразитологиялық көрсеткіштерді патогендік микроорганизмдердің санымен бағалайды (дизентериялық амеба, тырысқақ вибрионы және т.б.). Олар 25л ауыз суда байқалмау керек.
Судың органикалық ластануын жаңа жолмен - 1л судағы органикалық қоспаларды тотықтандыру үшін қажетті оттектің мөлшері бойынша анықтайды. Неғұрлым көп оттек талап етілсе, сулар соғұрлым лас болады. Екі көрсеткіш қолданылады: белгілі уақытта оттекті биологиялық тұтыну – ОБТ (мысалы, ОБТ5 – 5 тәулік ішінде) және оттекті химиялық тұтыну – ОХТ. Және де ОХТ – ластанудың аса толық бағалануы, оны анықтау кезінде реакцияға тіпті қиын тотығатын органикалық заттар қатыстырылады.
Қазақстанда ауыз су үшін келесі нормативтер анықталған (51232-98 МЕСТ бойынша. Ауыз су):
сутек көрсеткіші 6…9 бірлік шамасында болу керек;
жалпы минералдандыру (құрғақ қалдық) – 1000 (1500) мг/дм3;
жалпы қаттылығы – 7 (10) ммоль/дм3;
перманганаттық тотығушылығы – 5 мг/дм3;
мұнай өнімдері – 1 мг/дм3;
БАЗ – 0,5 мг/дм3;
фенолдық индексі – 0,25 мг/дм3;
иісі – 2 баллдан артық емес (баллдардың барынша көп саны - 5);
дәмі – 2 баллдан артық емес (баллдардың барынша көп саны - 5);
түстілігі – 20 (35) 0С;
көмескілігі – 0,5 (2);
колииндексі (1 литрде) – 3-тен артық емес;
колититрі – 300 мл-ден кем емес.
Суаттарда бақылау пункттері орнатылады, онда әсіресе адамның шаруашылық қызметінің әсеріне ұшыраған жерлерде судың ластану деңгейін жүйелі бақылау жүргізіледі. Бақылаудың стационарлық желісі 4 категорияға бөлінеді:
1-категория – маңызды мәні бар орташа және үлкен суаттар; тұрғындарының саны 1 млн. астам болатын қалаларда; балықтардың құнды түрлерінің және кәсіптік жануарлардың уылдырық шашатын және қыстайтын жерлерінде; ағынды сулар апаттық және жүйелі түрде төгілетін аудандарда;
2-категория – тұрғындарының саны 0,5-тен 1 млн. дейін жететін қалаларда; құрғатушы ағынды сулар ұйымдастырылған түрде төгілетін жерлерде; өзендер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын басып өткенде;
3-категория – тұрғындарының саны 0,5 млн. кем болатын қалаларда; үлкен өзендер мен суаттардың тұйықтаушы учаскелерінде;
4-категория – қорықтар мен басқа қорғалатын аумақтар аудандарында.
Категориясына байланысты бақылаудың кезеңділігі күн сайын, әрбір онкүндікте немесе ай сайын жүргізіледі.
Қазақстан Республикасында суды пайдаланудың құқықтық негізі 1993 жылғы 31 наурызда қабылданған, Су кодексімен анықталған. Оның негізгі міндеті суды орынды пайдалану, су ресурстарын ластанудан, бітеліп қалудан, таусылудан қорғау, сондай-ақ, сулардың топыраққа зиянды әсерін ескерту мақсатында қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады.
Су мемлекеттік меншік болып табылады және тек пайдалануға ғана беріледі. Су кодексінде жаңа және қайта салынатын кәсіпорындарды, ғимараттар мен объектілерді орналастыруға, жобалауға, салуға және іске қосуға, тұрғындардың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждықтарын бірінші кезекте қанағаттандыру, өсімдіктерді, балықтар мен басқа жануарларды қорғауды қамтамасыз ету шарттарында ғана рұқсат етілетіні көзделген. Осы мақсатпен құрылыс және пайдалану жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, жаңа технологияны ендіру үшін жергілікті билік органдарының, санитариялық инспекцияның, Басбалық бақылаудың және тағы басқаны келісімі талап етіледі. Заң төмендегілерге тыйым салады:
кәсіпорындарды, цехтарды, агрегаттарды судың ластануы мен бітеліп қалуын болдырмайтын құрылғыларсыз іске қосуға;
каналдарды, суару және суландыру тораптарын су басуды, батпақтануды, бітеліп қалуды және эрозияны болдырмау мүмкіндігінсіз іске қосуға;
құрғату тораптарын су қабылдағыштарсыз іске қосуға;
бас тоған ғимараттарын балықтарды қорғау құрылғыларынсыз іске қосуға;
гидротехникалық ғимараттарды тасқындық суларды өткізу бойынша құрылғылар дайын болғанша іске қосуға;
бұрғылау ұңғымаларын оларды суды реттеу құрылғыларымен жабдықтамай және санитариялық қорғау аймақтарын құрмай іске қосуға.
Суды пайдаланудың келесі түрлері белгіленген: ауыз су, тұрмыстық, емдік, өнеркәсіптік, ауылшаруашылықтық, энергетикалық, көліктік және т.б. Суды пайдаланушы су ресурстарын орынды және үнемді жұмсауға, судың сапасы қалпына келтіру шараларын қабылдауға, басқа су пайдаланушыларға, жерге, ормандарға, жануарлар әлеміне зиян келтірмеуге, тазарту ғимараттарын жарамды күйде ұстауға міндетті. Судың сапасы белгіленген санитариялық талаптарға сәйкес болу керек.
Су кодексі суды жоспардан тыс алғаны, ластағаны, немқұрайды пайдаланғаны, су қашыртқыларында суды қорғау режимін бұзғаны, өз еркімен жасаған гидротехникалық жұмыстары, су шаруашылығы ғимараттарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты белгілеген.
Су ресурстарын қорғауды пайдалану мен қорғауды күшейтуді реттеу мақсатында республиканың негізгі бассейндері бойынша су ресурстарын пайдаланудың су шаруашылықтық баланстары мен жиынтық жоспарлары құрастырылады.
Қазақстан Республикасының министрлер кабинеті мемлекеттік су қорын басқарады, пайдалану тәртібін, судың сапасын және оны бағалау әдістерін анықтайды, бірыңғай есепті жүзеге асырады, суды кешенді пайдалану мен қорғау сұлбасын бекітеді.
Су көздерінің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау атқару билігінің жергілікті органдарына, су ресурстарын мемлекеттік басқару органдарына және ерекше өкілетті мемлекеттік органдарға (аймақтық қоршаған ортаны қорғау басқармаларына, санитариялық-эпидемиологиялық станцияларға және т.б.) жүктеледі.