Әдеби KZ
керек? Қой секілді үн-түнсіз аяқ серіппей бауыздала бер дейсің бе? Ең болмаса
ешкі тәрізді бақырып өлген құрметті. — Кенесары кенет сұстана қалды. — Бірақ
мен ешкі де, қой да болмаймын. Ажал табар болсам батырларша ажал табам.
Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл ел
болсақ, енді хан билеген елміз. Жауымыз бізбен санасуға мәжбүр болады. Ал
мұны істей алмасаң...
— Оны істей алмайтыныңызға көзіңіз әлі де жеткен жоқ па? — деді Жүсіп
Кенесарыны кенет аяп кетіп.
— Көзім әлі әбден жеткен жоқ. — Ол кенет шаршап кеткендей болды. —
Бірақ сен дұрыс айтасың... Жерін алып бере алмайтынына көзі жеткен қазақ әлі-
ақ ертең тарай бастайды. Ал оларды таратпау керек.
— Қалай таратпайсың?
— Күшпен таратпаймын! — Кенесары кенет ызалана дауыстап жіберді. —
Күшпен басын қосамын! Көнбеген ауылды шабамын, қарсы келгенінің басын
аламын. Көнбей көрсін!
— Өйтіп жұртты қырып хандық құрудың қанша қажеті бар? Өз елің, өз
жұртың емес пе...
— Кенесарының жасыл туының астына кіргісі келмеген жұрт жұрт емес! —
Ол бұрынғысынан да сұрлана түсті. — Ондай елдің мейлі қаны судай ақсын,
мейлі бәрі қойдай бауыздалсын, егер оған қабағымды шытсам, Абылай
атамның аруағы атсын!
Жүсіп Кенесарының мұндай түрін бұрын көрген емес. Және оның нағыз шын
сырын дәл қазіргідей шешіле айтуын алғашқы рет естуі. Кенесарының айтқанын
орындайтынына Жүсіп күмәнданған жоқ. Өйткені төре тұқымдарының халықты
қоймен тең көретінін, қаныпезерліктің арқасында қалың бұқара тағдырын
ойыншық санайтынын бұрын да білетін. Ал Кенесарының ойлаған мақсатына
331
Әдеби KZ
жету үшін қара халық түгіл, өзінің туған әкесін де құрбан ете алатынына талай
рет көзі жеткен. Мұндай жауыздық қаракетпен арманға жету әдісі
Шыңғысханнан, Ақсақ Темірден қалған. Шыңғысхан қанішерлікте болат қанжар
болса, Кенесары сол қанжардың кішкентай сынығы. Болат қанжардың қанға
суарылған сынығы. Араларында алты ғасыр өтсе де қанқұмарлық түбі бір. Одан
қайда кетеді? Жүсіп енді әбден ашынған Кенесарының ешкімді аямай, дегеніне
көнбеген елді қанға бояйтынына шек келтірмеді.
Өзі де солай болды. Бұрын тек өшіккен аға сұлтандардың, би, датқалардың
аулын шауып, малын айдап алатын болса, енді солардың қарамағындағы
жазықсыз елдерді де шабуға кірісті. Патша үкіметінің санағы бойынша Кенесары
он жыл көтерілісінің ішінде жүз жетпіс бес ауылды тонап, бес жүз жазығы жоқ
кісі өлтіріпті. Соның бестен төрті ақырғы бес жылына жатады.
Кенесарының шешімінен жаны түршігіп кеткен Жүсіп, ханды орынсыз қан
төгуден тоқтатқысы келді.
— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп
патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін. Олардың қолында қазір екі
балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан
төгілсе...
— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе? —
деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты
«Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап. — Жоқ оны істемейді. Онда мен
қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің
бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-
жалда...
— Иә, алда-жалда?...
332
Әдеби KZ
— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де
тайынбаймын деп?..
Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді
білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі
болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?..
Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара
тасты қалай түсінерсің... Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып
отыр ма?»
Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.
— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың,
— деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп, — олай ойлама! Менің де жүрегім бар.
Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай
болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін
қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып
өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді.
Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан
да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер
хандығымды берік ұстағым келсе, елге де өз басыма да аяушылық етпеуім
керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.
Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл
бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о
жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз
деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол
артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? әлде
Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін
жылытпас бір мінез бар ма еді?» — деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол
333
Әдеби KZ
сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді
қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін
тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық
жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған
сондай бір сезім билеген екен... Сол күні Сыздық туралы соншалық
қиналмауыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес
тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік
сөздерді айтар ма еді?»
Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне
түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл
берді.
— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген
сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп
әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?
Кенесары кенет елең ете қалды.
— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда
біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін,
Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға
айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және... — Кенесары ойлана қалды.
— Тағы не айтпақ едіңіз?..
— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау... Орынбор
әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ
пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол
ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны
даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы
рет алдынан өтейік...
334
Әдеби KZ
— Хатты не деп жазамыз?
— «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс
құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді
кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп біз ақ патшаға қарсы мылтық
ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік... Ал биыл наурыздың жиырма бірінде,
өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл
басқарған жасақ аулымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан
сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті... Бұндай жағдайда
жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына
көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-
бітімге келейік деген көңіл білдір...
— Мақұл.
— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса да бізді аямайды екен, біз де оларды
аямаймыз.
— Түсінікті.
— Және осы уақытқа дейін бұлаң құйрыққа салып бізге қосылмай алдап
жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары
Байтөре мен Қаракүшікке..
— Хатты не деп жазайық?
— «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе
біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны
істемесе... Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда
өздерін жазалаумен өтемін» де... Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген
Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.
— Жақсы.
335
Әдеби KZ
Күн де батуға айналған екен. Сөніп бар жатқан алтын сәулесі Алашаханның
көгілдір күмбезінің үстінде ойнап, ерекше сәулеттендіріп тұр. Кенесары
әлдекімнің аяғының сыбдырын естіп артына бұрылды. Таймас екен.
— Кенеке, Орынбордағы балалардан жасырын шапқыншы келді.
— Жақсылық па, жамандық па?
— Жамандық.
Кенесары сол түсін өзгертпеген қалпында сәл кідірді.
— Қазір жақсылық күту қиын болар... Не дейді Алтыншаш келін?
— Жіберген хабарына қарағанда жанарал Кеніс пен әскери губернатор
Обыріштің арасы нашар көрінеді...
— Жаман хабарың осы ма?
— Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Екі жанаралдың келіспеуінен
біздің қазақ мәселесі күйрейді. Граф Перовский кеткеннен бері біздің бар
сенеріміз Кеніс емес пе?
— Қазақ мәселесі күйреп болған жоқ па? Енді олардан не күтесің?
— Үмітсіз тек шайтан ғана, Кене хан. Әлі де болса Орынборменен тіл табу
керек.
— Мен тіл таппаймын деп жүрмін бе? Тіл тапқысы келмейтін өздері емес пе?
— Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болу керек.
— Сонда, Таймас, тымағыңды алып алдына барып жүгін дейсің бе? Жүгінер
де едім, тымағыммен бірге басымды қағып тастамасына көзің жете ме?
— Жоқ, олай жүгінуге болмайды. Қазақ дене болса, сен бассың. Бастан
айырылып дене күн көре алмас. Мен тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол
іздеу керек деймін.
— Сонда қандай жол бар?
336
Әдеби KZ
— Бұл ойдың түбіне өзім де жете алғам жоқ... Әбден піскенінде алдыңа
салармын.
— Жақсы, тағы қандай хабарың бар?
— әскери губернатор бізді құртуға Петербордан тағы он төрт мың ақша
сұрапты... Оның үстіне тағы үш мың сом... Ол ақша... Кешіріңіз, Кенеке сіздің
басыңызды әкелген адамға сыйлыққа берілмек екен...
Кенесары езу тартып күлді.
— Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір
жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз
ба? Аршабоқ Петерборға жазған қағазында Кенесары отыз жетінші, отыз
сегізінші жылдары Россия патшалығының саудасына екі жүз сексен мың зиян
келтірді депті ғой! Осындай жанаралдармен қалай тіл тап дейсің?
— Тіл табу керек. Өйткені олар күшті, сенің басыңа баға қойып отырған
солар ғой...
— Күшті екен деп қорыққанымнан тізе бүгем бе? Таймас, әлде сен
Кенесарының мінезін білмейтін бе едің?
— Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан
етіп көтермес едік. «Ашу — жау, ақыл — дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба?
Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді
біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық...
— Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?
— Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай... осында
келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басыңды алуға Орынборға уәде берген
көрінеді. Мұны қысты күні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе,
оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты.
Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.
337
Әдеби KZ
Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:
— Гавриловтың өзінің басын алу керек, — деді кенет қатуланып кетіп, —
және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың
көзінше орындаған дұрыс.
Кенесары ойлана жауап берді.
— Алдымен тексерген жөн... Арам ойы анықталса Қараүлекке
тапсырармыз... Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі
етудің керегі қанша?..
«Дегенмен бұл ақылды адам, деді Жүсіп ішінен, менікі ағаттық болды. Бір
шіріген жұмыртқа үшін, өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине,
қажеті жоқ...»
Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан
оның ойын түсініп:
— Айта бер, — деді енжар, — тағы қандай сұмдығың бар...
— Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен... Заводтағыдай
жасау қиын ғой... Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта
күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті... —
Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл
үміт те құр дәмелендірді де жоқ болды. Ол:
— Топырағы торқа болсын, — деді күрсініп, — жақсы шебер еді, ардақтап
көмілсін...
Бұдан кейін үн-түнсіз үшеуі қостарына қайтты.
Үш күн бойы батырлар, сұлтандар, ақсақал, билер жаңа хандықтың қандай
болуын талқылап, төрт мәселе қарап мынандай қортындыға келді:
Бірінші шешкендері әскер мәселесі. Бұрын Кенесарының қарамағында сегіз
мың атты әскер болатын. Және бұлар жаз жиналып, қыс тарқайтын. Сұлтан
338
Әдеби KZ
маңында қорған боп қысты күні бес жүздей ғана сарбаз қалатын. Кеңес енді
әскер санын жиырма мыңға жеткізуді жөн деп тапты. Және бұл әскердің бес
мыңы қысы-жазы хан ордасының маңында болады. Әр жүзбасы, мыңбасы
өздерінің қарамағындағы әскерін осы жаздан бастап орыс әскерлерінің
тәртібімен соғысу әдістерін үйретеді. Мылтық атуды, найза, сойыл
пайдалануды, жаяу соғысуды тегіс өтеді. Жүзбасылардан төменгі жауынгерлер
кеудесіне үш қатар жасыл жуан жіп іліп, иығына тілдей жіңішке жасыл шүберек
тағатын болады. Жүзбасылардан бастап одан жоғарғылары мұндай белгіні
қызыл шұғадан етеді. Ал ең жоғарғы қолбасшы Кенесарының өзі үстіне көгілдір
шапан киіп, иығына орыс полковнигінің эполетін тағады. Мыңбасына әйгілі
батырлар мен атақты сұлтандар тағайындалады. Өзіне сенімді адамдардан
мыңбасылар тағайындау ханның өзіне тапсырылады. Бұлардан бөтен жеке мың
адамнан мергендер тобы құрылсын делінді. Оған мыңбасы етіп Байтабын
белгіленді.
әскерде бұдан былай қарай мықты тәртіп орналсын деп шешті жиналғандар.
Тәртіп бұзушыларға Кенесары «шық» деп аталатын жаңа жазаны қолдануға
рұқсат етілді. «Шық» тәртіп бұзған адамның бетіне қылышпен, не найзамен
белгі салу. Мұндай белгісі бар жауынгер өзінің айыбын ерлікпен, немесе
адалдығымен ғана жууға тиісті. Екі рет «шық» белгісі салынған адам — билер
сотына түседі, малмен, не басқа ауыр шарамен жазаланады (үй ішінен бір жыл
бөлек ұстау, не болмаса қой бақтыру тәрізді). Үш рет «шық» белгісін алған адам,
Кенесары тобынан қуылады, ал жазығы ауыр болса, өлім жазасына
бұйырылады. Жаңа хандыққа осындай тәртібі күшті әскердің керектігін айта
келіп Кенесары, «қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы көрмесе
де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза
ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан
339
Әдеби KZ
сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған. Ал біздің заман ондай заман
емес, үш жағыңнан бірдей қаптаған жау. Оларға жем болмау үшін бізге айбарлы
қол керек. Қазір қарамағымызда бала-шағаны қосқанда бір миллиондай адам
бар. Бүгінгі бала ертең жауынгер. Миллионға таяу жаннан жиырма мың сарбаз
шығар деп сенемін, — деп сөзін бітірген. Ру басшылары, батырлары
Кенесарының бұл ойын мақұлдаған. Және уәделерінде де тұрды. Келесі жазда
Кенесарының қарамағында жиырма мың әскер болды.
Екінші қаралған — қалың әскер жинаумен байланысты оны жабдықтау
мәселесі еді. Кеңес бір ауыздан хандыққа жататын елден салық алынсын деп
шешті. Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі мал салығы «зекет». Екіншісі «егін
салығы «үшір». Зекеттің мөлшері: қырық қараға дейін салық салынбасын,
қырықтан жүзге дейін малы бар адам бір қара, ал жүзден артық малы бар адам,
жүзден артық әр қырық қарасынан бір бас беретін болды. Ал «үшір» салығы
жайында, осыншама әскерді асырау үшін әр егіншінің жылда алатын
бидайының оннан бірін хандықтың қоймасына құйылсын деп шешті
жиналғандар. Егін салығына келгенде кеңесте бірталай сөз көтерілді. Кенесары,
қарамағындағы Торғай, Ырғыз, Сырдаря, Іле өзендерінің бойы мен көптеген
көлдердің жағасын жайлайтын елдерден бұдан былай қарай егін
шаруашылығымен қатты шұғылдануын талап етті. Өйткені Орынбор әскери
губернаторына қарайтын қазақ ауылдары көптен бері-ақ егін салуға
құмарланған-ды. Бірақ бұған Перовский де, одан бұрынғы Орынбор әскери
губернаторы граф Сухателен де қарсы болып келген. Екеуі де қазақтың тек мал
шаруашылығынан аумағанын жақсы көрген. Сухателен: «Қазақтар еш уақытта
да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмір-
бақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім», — деген
пікірді мақұлдаса, ал Перовский егінді тек казак-орыстарға салдыртып,
340
Әдеби KZ
қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді
дұрыс көрген. Бұл туралы генерал Обручев өзінің соғыс министріне жазған
баяндамасында: «Бұрын менің орнымда болған генерал-адъютант граф
Перовский, қазақтардың егін егіп, отырықшылыққа айналуына өте-мөте қарсы
болып келген. Оның бүйтуіне қазақтар өздері еккеннен гөрі, астықты бізден
сатып алып, Россияға байлаулы бұзаудай тырп ете алмасын деген ой себеп
болған», — деп Перовскийдің ойын дұрыс жазған.
Сондықтан Орынбор шекарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола
қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант
Перовский жойып отырған.
Өшпес барымта, жұт, оның үстіне Россия солдаттары мен өзінің
сарбаздарының шабуылынан қарамағындағы елдің тіпті жүдеп кеткенін
Кенесары жақсы білетін. Сол себепті кей қазақ ауылдарының егін егумен
шұғылдануы олардың өз шаруасын көтерумен қатар, болашақ қалың әскерді
астықпен қамтамасыз ететін ең тиімді жол деп тапты.
Бұл мәселені қарағанда тағы бір ойланатын жағдай туды. Ол — салықтарды
кім жинайды және қалай жинайды деген мәселе еді. Бұрын патша салығы
болсын, Қоқан хандығы салығы болсын, әр рудың, әр ауылдың басты адамдары
жинайтын. Кеңес Кенесарының өтініші бойынша бұл тәртіпті де өзгертті. Зекет,
үшір бұдан былай қарай әр ауылдан, әр рудан Кенесары өзі белгілеген жасауыл
арқылы жиналсын делінді. Кенесарының бұндағы ойы, қазақ жеріндегі жоғарғы
үкімет — ханның дәрежесін көтеру еді. Жиналғандар бұған да көнді.
Үшінші әңгіме — ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды.
Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері,
ақсақалдары шешетін. Осы кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан
Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Бұндағы саясат тағы да
341
Әдеби KZ
хандықтың дәрежесін көтеру еді. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки
шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен
билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі
ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Россия империясына
жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір
асқынып кеткен іс болса, Орынбор шекара комиссиясына хат жазылып екі жақ
бірдей шешімге келуді дұрыс тапты. Кенесары қарамағына жатпайтын
рулардың таласы, егер екі жақ бірдей келісіп ханға жүгінісе келсе, хан
жарлығымен тағайындалған билер кеңесіп үкім айтулары мүмкін деп табылды.
Осы мәжілісте Кенесары қазақ елінің бірлігін бұзады деп ру арасындағы
барымтаны тыйдыру ісін әдейілеп: «Бұрын есікте жүрген құл өлсе қожасы құн
төлемейтін. Құл да ел қорғауға жарайтын жан» деп өлген құлға құн төлететін
еткізді.
— Төртінші және ең ақырғы мәселе — сауда-саттық жайында еді. Бұрын
Кенесары қазақ жерін Россия патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін
керек деп қана ойласа, енді салынып жатқан бекіністерге, көшіп келіп
орналасып жатқан казак-орыстарға қарап бұның бәрі отарландыру саясаты
екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Россия мен Орта Азия
хандықтарының сауда-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан
қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әр
түрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс
қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе,
жиырма төрт зат, татар саудагерлерінің қосынан бір ат, сегіз зат алса, бұқар
саудагерлерінің қосынан тоғыз зат қана салық алынылып, ал арғын руларының
керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.
342
Достарыңызбен бөлісу: |