Қазақстан село халқы санының динамикасы. Жылдар Село халқының саны 1930ж. 1 маусым 5.873 мың
1931ж. -//- 5.114 мың
1933ж. -//- 2.493,5 мың
1934ж. -//- 2.681,8 мың
Бір миллионнан астам көшпенді республикадан тыс жерге көшіп кетті, оның 616 мыңы қайтып оралған жоқ, ал 414 мыңы кейіннен Қазақстанға оралды.
1926-1939 жылғы санақтар аралығындағы кезеңде көшіп барушылар есебінен қазақтар саны: РКФСР-де 2,3 есе, Өзбекстанда-1,7 есе, Түркістанда-6 есе, Тәжікстанда-7 есе, Қырғызстанда 10 есе көбейді. Қазақстанда қазақтардың ғана емес, басқа ұлттар өкілдерінің де саны азайды: украиндар-859,4 мыңнан 658,1 мыңға дейін, өзбектер-228,2 мыңнан 103,6 мыңға дейін кеміді. Бұл халықтардың өкілдері азық-түлік жөнінен неғұрлым қолайлы аудандарға-Сібірге, Өзбекстанға, Қырғызтанға және басқаларына көшіп кетуге мәжбүр болды.
Республиканың 6,2 миллион тұрғынының 1931-1933 жылдары аштықтан 2,1 миллионы қырылды, оның ішінде келімсек халықтың шығыны 0,4 миллион адам. Қазақтардың бұрынғы саны 40 жылдай уақыт өткеннен кейін, 1969 жылы ғана қалпына келді. Геноцид саясатының салдарынан халық осындай қасіретке ұшырады.
Елдің шығысындағы мал шаруашылығының ірі базасы саналатын өлке содан бастап ұзақ жылдар бойы екінші дәрежелі аймақтар қатарына шығып қалды. Ұжымдастыру қарсаңында 40,5 миллион мал болса, 1933 жылғы 1 қаңтарда республикада небәрі 4,5 миллион ғана мал қалған еді.
Сталин мен-.оның төңірегіндегілер Қазақстанда (Украинада, Еділ бойында, Солтүстік Кавказда болғаны сияқты) болған аштық жайында біліп отырды. 1932 жлғы 1 ақпанда саяси жер аударылғандардың бір тобы Павлодар қаласынан КСРО Орталық Атқару Комитетінің Төралқасына былай деп жазды: «...Жекелеген фактілер келтірмей-ақ, жалпы сипатта алғанда, ауылдар мен поселкелерде барлық сұмдық оқиғаларымен қоса аштықтың ауыр көрінісі барынша кең көлемде етек алған. Ит, мысық және алуан түрлі өлекселер желініп жатыр (ал кей жерлерде қазірдің өзінде жеп тауысқан). Халық аштықтан ісініп, өлуде. Өлім-жітім өте көп, ал тірі қалғандардың аштықтан әлсірегені сонша, өліктерде жерлеуге де шамасы келмеуде: өліктер шашылып жатыр...»
1932 жылғы шілде айында республика қайраткерлерінің бір тобы: Ғ. Мүсірепов, М. Гатауллин, М. Дәулетқалиев, Алтынбеков, Қ.
Қуанышев аштық туралы, апаттың себептері туралы БК (б) П өлкелік комитетіне, тікелей Ф.И. Голощекинге ашық хат жазды («Бесеудің хаты»). Хатта былай деп атап көрсетілді: «Біз 1929 жылдан бастап колхоз қозғалысында орын алған бұрмалаушылық пен Лениндік еріктілік принципінің бұзылуына, ауыл ерекшеліктерін ескермеуден, тіпті байлармен қосып, орташаларды жоюдан қалыптасқан «солақайлық» асыра сілтеуді толық түзете алмадық...
Осының салдарынан «солшыл» уклон Қазақстан партия ұйымында өз ісін одан әрі жалғастырып, оңшыл зардаптарға ұрындырды:
а) орташаларға байлармен бірдей соққы берілді;
ә) сондықтан орташа-кедей топтардың бір бөлігі көптеген реттерде байлар жағына шығып кетті;
б) байлар малды қырып тастауға тырысты;
в) жалған колхоздарды ұйымдастыру осы кезге дейін жалғастырылды;
г)осының бәрі бірқатар аудандарда аштыққа әкеп соқты.
Ел басшылығының жағдайды біліп отырғанына Т. Рысқұловтың Сталинге жазған хаты айқын айғақ болып табылады. Оның белгілі хаттарының біріне 1933 жылғы наурыз айы деп белгі соғылған және ол РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде Рысқұловтың қазақ жерінің әр бүрышы мен әр түрлі мәлімет көздерінен алуы мүмкін болған хабарлар негізінде жазылған. Хат Сталиннің өзіне (көшірмелері: БК(б) ІІ Орталық Комитетінің Ауыл щаруашылығы бөлімі-Кагановичке КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі — Молотовқа) жолданған. Азаматтық ерлігі жоғары және принципшіл адал адам болған Рысқұлов етек алған қасірет туралы шындықты ашып көрсетуден тайсақтамады. «Сізден осы жазбамен танысып шығып, бұл іске араласуды және сол арқылы аштан өлуге душар болған көптеген адамдардың өмірін құтқарып қалуды өтінемін». Одан әрі үдей түскен қасіретті ашып көрсететін беттер келеді, солардың бір бөлігін келтіріп те отырмыз: «Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшіп барғандардың жерлерінен шамамен алынған соңғы деректер бойынша қазір: Орта Еділде — 40 мың, Қырғызстанда-100 мың, Батыс Сібірде — 50 мың, Қарақалпақстанда-20 мың, Орта Азияда-30 мың қазақтар бар. Көшіп кетушілер тіпті Қалмыкия, Тәжікстан, Солтүстік өлке және басқалар сияқты алыс жерлерге де барған. Байлар бастаған халықтың бір бөлігі Батыс Қытайға көшіп кеткен...Бұл әдетте жазды күні жақын жерлерге және мал бар кезде болатын жай көшу емес, едәуір дәрежеде аш адамдардың тамақ іздеп босуы».
Хатта 1932 жылғы наурыз айында Ақтөбе облысында қызмет еткен Москва Қызыл Крест отрядының баяндамасынан Торғай сияқты аудандардың халқын аштық пен індет жайлағаны жөніндегі деректер келтірілген. Мысалы, 1930 жылы Ақтөбе облысында 1012500 адам тұрған болса, 1932 жылы 725800 адамға, яғни 71% кеміген. Қызылорда ауылдық кеңестерінің көпшілігінде халықтың 15-20 проценті ғана қалған. Балқаш ауданында сол жылдары (жергілікті ОГПУ деректері бойынша) 60 мың адам қоныстанған, оның 12 мыңы аштықтан біржола ауа көшкен, 36 мыңы қырылып, небәрі 12 мың адам ғана қалған.
Зұлмат ауқымының зор болғаны сонша, 1930-1932 жылдардағы аштық тарихқа «ұлы жұт», қазақ халқының аса зор қасіретті жылдары ретінде енді.