36-дәріс Тірек қимыл аппараты зақымдалған оқушыларға арналған арнайы мектепте (сыныптағы) оқыту ерекшеліктері Білім беру үдерісі білім алу деңгейіне сай қамтамасыз етіледі: - бастауыш білім беру – 1-4-сынып; - негізгі орта білім беру - 5-10-сынып; - жалпы орта білім беру– 11-12-сынып. Мектепке дейінгі білім алмаған 6-7 жастағы балаларға пропедевтикалық-диагностикалық қызмет ететін дайындық (0) сынып ұйымдастырылады. Дайындық сыныбының негізгі міндеттері баланың мүмкіндіктерін зерттеу, психикалық даму деңгейін анықтау, болашақта бастауыш мектепте оқуына дайындау. 1-4-сыныптарда жалпы міндеттерден басқа, баланың барлық қимыл әрекеттерін, танымдық әрекеттері мен сөйлеу тілін қалыптастыруға бағытталған кешенді түзету міндеттері шешіледі. 5-6- сыныптарда жалпы білім берудің және еңбекке даярлықтың негіздері қалыптасады, балалардың қимыл әрекеттерін, ойлауын, сөйлеу тілі дағдыларын дамыту және әлеуметке бейімдеу мен еңбекке баулуды қамтамасыз ету бойынша түзете-қалыптастыру жұмысы жалғастырылады. 11-12-сыныптарда профильді білім беру жүзеге асырылады. Профильді білім беру оқушылардың қабілеттілігі мен бейімділігіне сәйкес саралау жүйесі ретінде қарастырылады. Екі бағыт жүзеге асырылады: қоғамдық-гуманитарлық және жаралыстануматематикалық. Бір немесе екі бағытты таңдау оқушылардың қажеттіліктері мен ата-аналарының сұранысы бойынша мектеппен жүзеге асырылады. Білім беру үдерісінің коррекциялық бағыты жалпы білім беру пәндері бойынша жүргізілетін сабақтар сияқты, арнайы түзету сабақтарында да қамтамасыз етіледі. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған оқушылар шағын топтық және жеке сабақтарда коррекциялық-педагогикалық қолдау алады: 1) массажбен, балшық-сумен, дәрі-дәрмекпен емдеу негізінде емдік дене шынықтыру (ЕДШ). Емдік дене шынықтыру оқушылардың жалпы дене тәрбие жүйесінің маңызды бөлшегі болып табылады. Әр балаға арналған түзету жұмысының жоспарын оқу жылына ЕДШ әдіскері мен дәрігер бірлесіп құрады. Сабақ 2-4 баладан құрылған топпен немесе жеке өткізіледі. Сабақ өту уақыты - 45 минут. Сабақ түске дейін де, түстен кейін де өткізілуі мүмкін; 2) сөйлеу тілі бұзылған балалар үшін ұйымдастырылған логопедиялық сабақтар. Сабақтар әр оқушымен аптасына үш реттен кем болмауы тиіс. Сабақ өту уақыты 25 минут. Сабақ түске дейін де, түстен кейін де өткізілуі мүмкін; 3) танымдық әрекеттерін қалыптастыру мен дамыту бойынша түзету сабақтары. Бұл сабақтарда бағдарлама материалын меңгеру, қоршаған орта туралы білімдерін кеңейту, кеңістіктік және уақыттық түсініктерін қалыптастыру, графикалық дағдыларын дамыту, даму кемістіктерінің орнын толтыру және оқу материалын меңгеру, бұзылған психикалық қызметтерін түзету, күрделі оқу материалын меңгеруге дайындау қамтамасыз етіледі. Сабақ өту уақыты 20-25 минут.