40-дәріс Дамуында бұзылуы бар балалардың отбасын психологиялық педагогикалық қолдау Дəрістің мазмұны Отбасында кемтар баланың дүниеге келу мəселесі Ата-аналарға қолдау көрсету технологиялары Мүгедек бала тəрбиелеп отырған отбасы – бұл ерекше мəртебеге ие отбасы. Олардың ерекшеліктері мен проблемалары, сол отбасы мүшелерінің жеке ерекшеліктерімен, олардың өзара қарым-қатынастарымен ғана анықталмайды, бұл отбасында кемтар баланың проблемалары басым болады, көп жағдайда, мүгедек баланың анасына, жұмыс істеуден бас тартуға тура келеді. Кішкентай мүгедек балалар оқшау өмір сүрмейді, отбасы, бала үшін анағұрлым жайлы, əрі жақын əлеуметтік орта. Бірақ, отбасында кемтар баланың болуы тəрізді жағдай отбасының кейбір мүмкіндіктерін шектейді. Мысалы, отбасы мүшелеріне мол табыс табу мүмкіндігінен, əлеуметтік белсенділіктен немесе алыс, қымбат жерлерде демалу тəрізді мүмкіндіктерден, бас тартуға тура келеді. Даму мүмкіндігі шектеулі бала тəрбиелеп отырған отбасылардың, əдетте дəрігерлік жəне əлеуметтік қызметтерге қажеттіліктері, олардың əлеуметтік жағдайына сай бола бермейді. Осыған байланысты, əлеуметтік ұйымдардың, мекемелердің қызметкерлері, мұндай отбасыларына əлеуметтік-реабилитациялық көмек көрсетеді. Даму мүмкіндігі шектеуді балаларды əлеуметтік реабилитациялау технологиясы, барлық шараларға ата-аналардың қатысуын міндеттейді. Сөйтіп, балалар мен ата- аналарды қатар оқып үйретеді, ата-аналар үйде баламен жұмыс істеуге, оны əлеуметтік ортада, тəуелсіз өмір сүруге баулуға үйренеді. Отбасы – баланың тығыз араласатын, ең жақын əлеуметтік ортасы. Отбасында кемтар баланың дүниеге келуі, əрине ата-анаға өте ауыр соққы болып тиеді. Егер отбасында дені сау баланың дүниеге келуі, адамзат баласына жаңа бір қуаныш, мақтаныш, рахат сезім əкелетін болса, кеміс баланың тууы керісінше, отбасындағы зұлмат тəрізді бағаланады. Осы жағдай негізінде, ата-аналар арасындағы қарым- қатынастар бұзылады, кейбір жағдайда ата-аналар ажырасады немесе баладан мүлдем бас тартады. Кеміс баланың дүниеге келуі, барлық ата-анаға бірдей əсер етпейді, бірақ басым көпшілігін күшті психологиялық күйзеліске (стресс) ұшыратады, сөйтіп психиканың бұзылуына əкеп соқтырады. Ата-аналардың көпшілігі, күнделікті тіршілікті жалғастыру қажеттілігін сезінеді, біртіндеп күш жинайды, сөйтіп, кеміс баланы тəрбиелеуге кіріседі. Кеміс баласы бар отбасында, толып жатқан проблемалар туындайды: дамудағы кемістіктің қандай көріністе болатыны туралы мағлұматтың болмауы, баланың болашақтағы дамуы туралы болжай алмау, өздері қамқорлық жасай алмайтын уақытта, баланың тағдыры үшін алаңдау; ата-аналардың психологиялық дезадаптациясы; «Мұндай баланың дүниеге келуіне кім кінəлі?» деген сұраққа, жауап табуға тырысу; кеміс баланы тəрбиелеуден бас тарту мен баланы мемлекеттік мекемеге орналастыру туралы шешім қабылдаудағы сергелдең т.б., сонымен қатар, кеміс баланың тууымен қатар, материалдық жəне əлеуметтік проблемалар пайда болады, отбасы мен қоғам арасындағы қарым-қатынас қиындайды. Егер мемлекет тарапынан көрсетілетін əлеуметтік жəне моральды-психологиялық қолдау жеткіліксіз болса, мұндай жағдаяттар асқына түсуі мүмкін. Сондықтан, кеміс баланы үй жағдайында тəрбиелеу туралы, ата-аналарды сауаттандыру жұмыстары жүргізіледі, арнайы əдебиеттермен қамтамасыз етеді. Дамуында қандай бір ауытқуы бар баласы бар ата-аналардың мінез-құлқының бірнеше түрін ажыратады: - Ата-ананың баланы, оның кемістігімен бірге қабылдауы – баланың кемістігін қабылдайды, адекватты бағалайды жəне балаға шынайы адалдық көрсетеді, оның кемістігіне деген жағымсыз көзқарас, өзін, баланы кінəлау сезімі болмайды. - Теріске шығару, мойындамау реакциясы – баланың кемістігі мен мүмкіндіктерінің шектелуі теріске шығарылады, сондықтан, баласының қабілетінің жоғары болуын талап етеді. - Шектен тыс қорғау реакциясы – бұл тым, күшті қамқорлық жасау, балаға аяныш сезімімен қарау жəне шектен тыс жақсы көру. Баланың орындайтын істерін өздері орындайды, нəтижесінде, бала өздігімен əрекеттенуге дəрменсіз, өмір бойы инфантильдік деңгейде қалып қояды. - Баладан жасырын бас тарту, шеттету – мұнда кемістік масқара, ұят болып саналады. Ата-аналар, өздерінің жиреніш, жеккөрініш сезімдерін, шектен тыс қамқорлықпен бүркемелейді. - Баладан ашық бас тарту, шеттету – мұндай ата-аналар өздерінің жауығу, жеккөру сезімдерін жасырмайды. Ата-аналар өздерінің бақытсыздығына, қоғамды, дəрігерлерді, мұғалімдерді кіналайды, балаға, оның кемістігіне адекватты емес көзқараспен қарайды. Шектен тыс қамқорлық (протекция) пен бас тарту, жасырын немесе ашық шеттету – мұның барлығы, ата-ананың теріс реакциялары, бұлар баланың дамуын тежейді немесе дамуға кедергі жасайды. Мұндай отбасыларына психологиялық қолдау қажет, сондықтан, мұнда əлеуметтік қызметкерлер, арнайы мамандар үлкен рөл атқарады. Балаға əлеуметтік реабилитация жасауды, оның өзінен емес, ата-анасынан бастаған дұрыс, нақты айтқанда, олардың даму мүмкіндігі шектеулі баланы тəрбиелеуге деген психологиялық даярлығын қалыптастырудан бастаған жөн. Кемістігі бар бала, ата-ана үшін, теріс эмоционалды сезім туғызып қана қоймайды, ол отбасының үйреншікті тұрмысын, өмір сүру жағдайын өзгертеді, отбасындағы басқа балаларға деген көзқарас пен олармен қарым-қатынасты өзгертеді. Кейбір отбасылар, өзінің кеміс баласымен, ел көзіне түспеуге тырысып, тасаланады, аяушылыққа немесе мазаққа тап болудан қорқады, басқа отбасылармен, туғандармен қарымқатынастарын шектейді. Мұның барлығы, қоғамның кеміс балаларды қабылдауға даярлығы деңгейіне байланысты, өкінішке орай, қоғам əлі бұған дайын емес. Қоғам, қоғам болғалы, дені сау адамдар мен даму мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында болатын, «психологиялық кедергі» əлі жоғалған жоқ. Бұл жағдайдан, кеміс балалар ғана емес, қоғамның өзі зардап шегеді, себебі адамдардың моральды қатігездігі арта түседі, өзге адамдардың бақытсыздығы мен қасіретіне деген сезімталдық жоғалады. Ата-аналар сау баланың дүниеге келуін күткендіктен, кеміс баланы қабылдауға даяр болмайды, оны тəрбиелеуді ұйымдастыру бағыттарымен мүлдем таныс болмайды. Даму мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларының проблемалары мен кезігетін қиындықтары бірдей. Отбасы, бала үшін маңызды əлеуметтендіруші фактор, оның ықпалы өзге қоғамдық орталардың ықпалынан анағұрлым күшті. Отбасында, бала ережелер мен тəртіп жүйесін меңгереді, қоғамдық мəдениет пен дəстүрге сəйкес білімдерді, құндылықтарды игереді, өмірлік тəжірибеде қолданады. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға, əлеуметтік реабилитация жасау технологиялары, реабилитациялық шараларға ата-аналарды міндетті түрде қатыстыруды көздейді. Осылайша, балалар мен атааналар, тəуелсіз өмір сүруге бірге үйренеді. Əлеуметтік реабилитация технологиялары, кемтар баланың қарқынды дамуына əсер ететін, əдістер мен тəсілдер жиынтығынан тұрады. Қызметіне қарай келесі технологиялар түрлерін ажыратады: • Психологиялық (психологиялық үдерістерге, күйлерге ықпал етеді). • Əлеуметтік-психологиялық (адам /топ жүйесіндегі үдерістерді өзгертеді). • Дəрігерлік-əлеуметтік (физикалық күйге жəне онымен байланысты əлеуметтік жағдайларға ықпал етеді). • Қаржылық-экономикалық (материалдық ресурстармен, жеңілдіктермен, жəрдемақылармен қамтамасыз етеді). Реабилитацияның келесі түрлерін ажыратады: • Дəрігерлік реабилитация. Бұл ағзадағы қандай бір жоғалған қызметтің орнын толтыру немесе қалпына келтіру, науқастың барысын баяулату немесе тоқтату. • Психологиялық реабилитация. Бұл мүгедектің дара-психологиялық ерекшеліктерін дамыту мен түзету мақсатында, психикалық саласына ықпал ету. • Педагогикалық реабилитация. Баланың міндетті білім көлемін меңгеруіне, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын меңгеруіне бағытталған, оқу-тəрбиелік шаралар жүйесі. • Əлеуметтік-экономикалық реабилитация. Баланы тұрғын үй, қаржылық қамсыздандыру сияқты, қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету жұмыстары. • Кəсіби реабилитация. Мүмкіндігі шектеулі жастар мен жасөспірімдердің мүмкіндігіне сай, еңбек түрлерімен айналысуын, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілуін, баланың тұрмыста, ешкімге тəуелсіз болуын қарастырады. • Спорттық жəне шығармашылық реабилитация. Спорттық шаралар көмегімен, шығармашылық шараларға белсенді қатыстыру арқылы, балалардың физикалық жəне психикалық денсаулықтары артады, депрессия жойылады, балалар өздерінің кемістігін ұмытады. • Əлеуметтік реабилитация. Мұнда, əлеуметтік шаралар жүйесі кіреді, яғни атааналарға жəрдемақылар төлеу, мүгедек баланы бағу үшін төленетін қосымша төлемақы тағайындау, нақты көмектер беру, жеңілдіктермен қамтамасыз ету, арнайы техникалық құралдармен, протездеумен, салықтық жеңілдіктермен қамтамасыз ету жұмыстары кіреді. Толыққанды жəне кешенді реабилитация міндеттеріне сəйкес, психологиялық-педагогикалық, əлеуметтік-құқықтық жəне əлеуметтік-дəрігерлік жұмыс түрлерін ажыратуға болады. Психологиялық-педагогикалық жұмыстың негізгі бағыттарына жататын: - Баланың психикалық дамуы мен дағды, біліктерінің қалыптасу деңгейіне диагностика жасау; - Кешенді жəне дара реабилитация бағдарламасын жасау; - Логопедиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру, оқу жəне еңбек əрекеттерін ұйымдастыру жəне жүзеге асыру, сондай-ақ, əлеуметтік-бағдарлау əрекетін ұйымдастыру; - Ата-аналарға психологиялық кеңес беру; - Ата-аналарды реабилитация негіздерін үйрету; - Заманауи педагогикалық жəне əлеуметтік технологияларды меңгеру мен енгізу; - Тиімді реабилитация критерийлерін анықтау; - Əлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау əдістемелерін даярлау; - Əлеуметтік-құқықтық реабилитацияның негізгі қызметі: - Бала мен отбасының əлеуметтік потенциалын арттыру мақсатында əлеуметтік қорғау мекемелерімен тығыз байланысты жүзеге асыру; - Мүмкіндігі шектеулі бала мен оның отбасы туралы ақпараттар банкін жинақтау; - Заңдар мəселесі бойынша, ата-аналарға құқықтық көмек көрсету; - Арнайы сапарлармен, аудандар мен облыстардағы балалардың отбасыларына, жергілікті атқару органдарына кеңес беру істерін жүзеге асыру, патронаждың барлық түрлерін қамтамасыз ету; - Балаларды қоғамға кіріктіруде мəдени, спорттық жəне діни ұйымдарды қатыстыру; - Заңгерлік кеңес беру. - Əлеуметтік-дəрігерлік жұмыстың міндеттеріне кіретіндер: - Балаға реабилитация жасау мүмкіндіктерін болжау мақсатында, психодиагностика жүргізу; - Балаға кешенді реабилитация жасаудың жоспарын құру; - Стационарлық, амбулаторлық жəне патронаждық көмек беру; - Диагностикалық шаралар жүргізу; - Қажетті мамандар кеңесімен қамтамасыз ету; - Тиімділігі жоғары реабилитациялық технологияларды пайдалану жəне енгізу. Осылайша, соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балалар тəрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін əлеуметтік қолдау жүйесінің жұмыстары арта түсуде. Бұған, мүгедек балалардың отбасыларын, əлеуметтік қолдаудың нормативтік-құқықтық базасының кеңеюі мен күшеюі себеп болды, сонымен бірге, бұқара халықтың санасында, бұл мəселе, тек дəрігерлік аспекті ретінде ғана қарастырылса, енді əлеуметтік аспектіден қарастырыла бастады. Соңғы статистикалық мəліметтерге жүгінсек, елімізде қазір 56 облыстық, қалалық, республикалық ПМПК жұмыс істейді. ПМПК жүйесінің кеңеюіне байланысты, дамуында ауытқуы бар балаларды анықтау мүмкіндігі арта түскен. Мəселен, 2002 жылы республика көлемінде, бұл балалар саны 115,2 мың болса, 2009 жылғы көрсеткіш – 149.246 мың. 2008 – 10 жылдардағы Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, даму мүмкіндігі шектелген мектеп жасына дейінгі балаларға, арнайы білім беру мақсатында, 380 түзету жəне инклюзивтік оқыту кабинеттерін ашу қолға алынған. Қазіргі күні, республика көлемінде 87 кабинет ашылды. Мүмкіндіктері шектелген бала өсіріп отырған отбасыларға, психологиялық-педагогикалық көмек беретін 119 кабинет, 15 реабилитациялық орталық, 283 логопедиялық пункттер ашылды. 35 арнайы балабақшада жəне балабақшалардың 228 арнайы топтарында, 10 мыңнан астам бала тəрбиеленуде; 101 коррекциялық мектептер мен жалпы білім беретін мектептердің 820 арнайы сыныптарында, 24 мыңға жуық, мүмкіндіктері шектеулі балалар білім алуда.