1.Сыбанның моласында
Ел көк сүңгірдің күнгейінде жайлауда, жиын отырған көп ауылдың кешкі жылқылары
суға келіп жайылып, алды өріске шығып бара жатқан мезгіл еді. Жаңа жамыраған қойлар
дүниені у-шу қылып, мазаны кетірген соң, біз ауыл иесі жұрттар ақсақалмен әңгімелесіп,
құдықтың желке жағындағы тастақ төбенің басына таман аяңдап келе жаттық.
Оңтүстік жақ жазықта жыпырлап отырған бай ауылдар айналасында шұбартып қыбырлап
жүрген малдары мен бірқалыпты жасыл даланың түсін түрлендіріп, күз қуантып түр. Көк
жиектен асып бара жатқан күн ақырғы алтынды шұғыласымен дала да көрікті нұрын
төгіп, ауылдың кешкі қызулы өмірін қызықтандырып тұрғандай. Төбенің басына таман
көтерілген сайын біздің көз алдымыздағы көрікті суреттің ауданы кеңейіп, қыр өмірінің
қызықты уақыты өзінің ең бақытты, ең сұлу шағын көзге көрсеткендей болды.
Даладағы кең таза ауадан, көрікті суреттен көңілге белгісіз болса да, бір қуанышты үміт
кіргендей болып, кең даладай кең ықпал сол даланың еркін жер-желінше, адам ойында
ерік алып есіп тұрғандай еді. Қиялдың қазіргі алып ұшқан шағына не үйлесер еді деп
ойлап келе жатқанда көңіліме бұрыннан есте жүрген бір нәрсе түсті. Ол қасымда келе
жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы бастан кешірген бір әңгімесін тыңдау еді.
Жортар ақсақал жас шағында осы ортаның айдынды қолбасшы батыры болған. Ол кезде
маңайындағы ел атағынан шошитын, тым - тыныштықты білмеген, барымта соғыс десе
алағызып, қолда - аяқта тұрмайтын қызулы жас болыпты. Ұйқыны ат үстінде ұйықтап,
қауіп аз деп отша жанған жүрегін қан майданында ғана салқындатып, тыныс алады екен.
Жортар мықтылық батырлығының үстіне, ауызға ілінген найзагер болыпты. Бұл
сипатының бәрін мен бұрыннан естігенімнің үстіне, сол батырдың шал болып, қартайған
түсін көргенде, ұзақтап алысқа кеткен ескі күн, көмескі түсімен еске түскендей болып еді.
Сүйекті, зор денесі аңсағайланып, үлкен басы, келбетті түсі салқын сабырмен
маңғазданып, түстегі ірілігін бір көрген кісіге де білдіргендей еді. Көп бейнет, көп
жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы, терең әжімдері, ескі тентек күндердің
таңбасы сияқтанушы еді. Ұзақ жолда ыстық күннен оңғандай болып, сарғыш тартқан отты
көздері, үлкен құлақ, кесек мұрыны, бұл адамды ескіліктің белгісіндей көрсетіп, көңілде
85
өзінен үлкен құрмет тудырғандай болатын. Жортар ескінің шын сарқыты еді.
Қасымыздағы екі-үш кісімен дөң басына келіп отырған соң, мен ақсақалға көңілге алған
тілегімді айттым. Ақсақал басында әдепті жылы шыраймен: «қарағым, көргеннің көбі
көмескі тартып, ұмытылып қалды ғой, еске түседі деймісің» деп аз отырды. Артынан
қасымызда отырған жұрттың бәрі де менің тілегімді қостап және өзінің тұрғыласы
Құдайберген ақсақал: «айтып бер балаларға бір әңгімеңді, енді, бізге әңгіме айтқаннан
басқа не қалды» деп күлген соң, Жортар ақсақал бір әңгімесін айтпақшы болды. Батырдың
ұғымды, шешен тілмен айтқан әңгімесі: «Сендерге мен көрген соғысымды, ұрыс
төбелесімді айтпай-ақ қояйын. «Өзімнің бір қатты қорыққан жерім болды, соны айтайын»
деді. Біз тыңдауға ыңғайланып батырдың салқын жүзіне телміріп «айтыңыз, айтыңыз»
дедік. «Өздеріңдей жас шағым еді. Құлағы көрініп, әні естілген пәле болса, іздеп барып
соқтығатұғым. Ол кезде көп қолмен көшкен елді шұбатылып жүр еді дейсің деп, ұзақ
жорық болса да, көбінесе жалғыз-жалғыз аттанатынбыз. Аз жүрсек ай жүреміз, апта
жүреміз, кейде талай айға шейін жоғалып кетуші едік. Жортуылға шыққанда, көбінесе
баратұғымыз өр болатын. Тарбағатайдан асып барып қара керейді, семіз найман мұрынды
түріміз бір жылы күздігүні, сол жаққа қарай аттандым. Қарашаның кезі еді. Өрге қарай
жүріп сыбанның ішіне жеткенімде, сол елдің бір Төбет деген батыры есіме түсті. Менімен
кездесуге ізденіп жүр дегенді алдында естігенмін.
Далада ұзақ жүріп еріккен соң, қарап шыққан жауым ол болмаса, бір шайқасып кетпек
болып, бір түнде соның ауылының тұсына келдім. Сол жылы күз жаңбырлы болған.
Түстен бері қарай бір жаңбыр мазасыз жауып, дамыл алмай құйып тұрған. Кеш батқан
соң, күн ашыла ма деп едім, ашылмады. Оның үстіне, бір суық қара жел шығып, гуілдеп
соғып ығымды кетіре бастады. Түн көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғы еді. Бір
қасиетім - қысқа ат құлағы көрінбей тұрған ақ боранда, жазғы тұнжыраған меңіреу қара
түнде адасу дегенді білмеуші едім. Іздеген төбеттік әулиенің тұсына дәл келген едім.
Аласұрып, ауытқып соғып тұрған жел дауысымен бірге сол жел жағында алыста жатқан
қалың жылқының сарынын естідім. Астымда есік пен төрдей ақ боз атым бар. Өзі
алысшыл, текпеттеп шабатын мықты жылқы еді. Шу деп салғанда, кібіртіктеп шаба
алмайтын. Ұшқыр жылқының бәрі жетуші еді. Әлгі атым қатты жаңбырдан жиреніп,
жөндеп жүрмей ығысып келе жатыр еді. Бір мезгілде ұсқырып тұра қалды. Аттың жалына
жатып қарасам, алдымда бір қарайған тур екен. Біраз жүріп қасына келдім. Қарасам төрт
құлақты бейіт екен. Бір сыбанның моласы болса керек. Әлгіге келгенде, өзімнен бір
жағынан суық жел өтіп, бір жағымнан су өткен соң, жаңбыр айыққанша осында отыра
тұрайын, күн ашылған соң, Төбетті тауып алармын деп аттан түсіп, жетектеп бейіттің
аузына әкеліп, ыққа қойып, шылбырын беліме байлап өзім ішіне кіріп, төрдегі бір
бұрышына барып отырдым. Бейіттің іші қараңғы, көзге ешнәрсе көрінбейді. Жел гуілдеп
соғып тур, жаңбыр да басылмады, сытырлап жауып тур. Бейіттің ішінде біраз отырып,
бойым жылынған соң, қамшымды жерге тіреп, соған екі қолыммен сүйеніп басымды
қойып отыр едім. Қалғып кетіппін. Алдында бейіттің іші тіпті қап-қараңғы болып қараңғы
көрдей азынап тұрған соң, алғашқы кірген жерде кішкене етім сескеніп еді. Артынан
көзіме бөтен ешнәрсе көрінбеген соң, тыныштанып отырдым. Бұрын әркім сондай кезде
бейітті жерде кісіге жын, пері, жезтырнақ дегендер кездеседі дей тұғын. Бірақ, ол жерде
бұның ешбірін де ойыма алған жоқпын.
Сөйтіп отырып көзім ілініп кеткен екен. Бір мезгілде маған қарсы бұрышта бір нәрсе тырс
еткендей болып еді. Қап-қараңғы меңіреу болып тұрған бейіттің іші жарқырап кеткен
сияқтанды. Өзім мұндайда сергек ұйықтаушы едім, көзімді ашып алғанда ұйқым шайдай
ашылып кетті.
Әлгінің не пәле екенін біле алмадым. Жүрегіме қорқыныш кіре бастады. Бір ойдан «бұл
мені айландырып жүрген шайтан ғой» деп, ішімнен білген дұғамның бәрін оқып отырмын.
Дыбыс шыққан жаққа барып жөнін білуге дәтім шыдамады. Төменшіктеп бұққандай
86
болып, көзім астымен қарап едім, қараңғы бұрышта бір тіпті үлкен нәрсенің қарауытқан
нобайы көрінген сияқты. Бұрынғымнан да шошып, не қыларымды білмей отырып қалдым.
Сол күйде бір азғантай отырған соң, бір мезгілде әлгі тырс еткен дыбыс тағы шықты.
Бейіттің іші әлгінде жарық болып кетіп, артынан бәсеңдегендей болды. Алғашқы кезде
қарауға дәтім шыдамай, бұғып қалып артынан бәсеңдеген соң сол жаққа көзім түсіп кетіп
еді. Құдай көрсетпесін, көзіме өзім бұрын түсін көріп, атын естімеген бір бәле көрінді.
Алғашқы көрген жерде жалмауыз дедім, нобайы адамға ұқсамайды. Қап-қара, тырдай
жалаңаш бойы еңгезердей үлкен, биіктігі кісі бойы, қолы осындай, шашы бұрқырап көзіне
түскен. Әсіресе, қорқынышты жері аузы арсиып от болып, тістері ақсиып, сойдиып тур
екен. Аузынан қарускедей от бүркіп түр. Әуелгі қараған жерде өзге ешбір жер көрінбейді.
Қараңғы бұрышта қып-қызыл от болып жанып тұрған арсиған ауыз, ақсиған тіс
көрінгендей болды. Не жалмауыз, не айдаһардың ауызы дедім. Зәрем кетіп қалды.
Тұрайын десем, бойымды баса алатын емеспін. Тағы екі рет тырс етіп жарқ етті. Бұл жолы
да ақырын қарап едім, тағы да от болып тұрған ауызды көрдім. Енді ол жаққа қараудан
қалдым. Жердің тесігі болса кіргендей болып, басым төмен тоқырап, өзім бұғып бір
орнымда қатып қалыппын. Қозғаларға шамам жоқ. Қашан келіп бас салар екен деп құр
сүлдем отыр. Атым әуелгі жарық шыққанда ішін тартып, осқырып атқып жөнелгенде,
шылбырын үзіп кетіп қалған. Ойлап отырғаным ат емес, қаруда; найза мен шоқпарым бар
еді. Оның екеуін де бейітке кірерімде сыртқа сүйеп қойып кеткем. Жалғыз ғана семсерім
бар еді. Ол ішімде қиында болатын. Енді соны алуға дәрменім келмеді.
Қыбыр етіп қозғалсам, бас салатын сияқты көрініп отырмын. Уақыт сонда түн ортасының
мезгілі еді. Жел бұрынғыдай алай - дүлей болып соғып түр. Күн ашылған жоқ. Жаңбыр да
шелекпен құйғандай болып, сабалап жауып түр. Әлгі бәленің түсін көрген сайын «өлген
жерім осы ғой, жапан түзде бір айдаладағы моланың ішінде қаңғырып өлуге жазған екен
ғой» деп отырдым.
Сөйтіп, есім шыққан күйде зәрем кетіп отырғанда, әлгі нәрсе қыбырлап маған қарай
қозғалғандай болды. Иманымды айта бастадым. Бір мезгілде тырс еткізіп, дүниені жап-
жарық қылып жіберді. Қараңғыда құтырғандай қатты дауыспен ақырып келіп, екі
иығымнан бас салды. Еңгезердей қап-қара болып, үстіме төніп келе жатқанда, өзіме қарай
созылып келе жатқан қолдарына көзім түсіп еді. Қолындағы ұзын салалы қап-қара
саусақтары бүркіттің тұяқтарындай болып бүрсиіп, тыртиып сіңірі тартылғандай болып,
қапқалы келе жатқан қасқырдың аузындай ыржиып, шеңгелін ашып келе жатыр екен.
Үстіме аюша ақырып келіп, қона түскенде, сол шеңгелмен сүйектерімді ұсатады ғой деп
отыр едім, жоқ олай тимеді. Тегеуріні қатты болса да, қолы адамның қолы сияқты
иығымнан басып келіп, жұлқып сүйреп, әмірлі дауыспен ақырып, киіміңді тастап «көрге
кір, сен өлдің» деді. Дауысы кісінің дауысы екеніне әбден көзім жетті. Содан соң жүрегім
орныға бастады. Сүйреуге айналғанда екі қолынан ұстап ала түрегеліп:
- Мен киімімді тастағанда сен киетін шығарсың, мен туғанда да шешем еркек бала таптым
деп, қалжа жеген Құдай ақтағы, - деп жағаласа кеттім.
Мұнан кейін оның да, менің де үнім өшті. Қараңғы бейіттің ішінде екеуіміз шаппа-шап
келіп қансыра құшақтасып, таласқан екі аюдай үн-түн жоқ сіресіп қатып қалдық.
Ол да қысты, мен де қыстым. Жалаңаш еті басында ұстауға ыңғайсыз болып еді.
Құшақтап алған соң, жақсы болды, аздан соң шығысып келіп, апыр-топыр болып кезекпе-
кезек қайрат қылып алысып кеттік. Байқауым, күші маған соншалық басым көрінбейді.
Бір мезгілде, қуатымды әбден жиып, жүрегімді тоқтатып алып тік көтеріп алып, жерге
қойып кеп жіберіп, кеудесіне мініп алдым.
Өзіме өзім, сүйсінуім әлей болды. Бағанадан қорқытқанның азасы үшін бір қолыммен
кеңірдегін қысып қылқындырып, бір қолыммен өкпеден қойып-қойып жіберіп, семсеріме
87
ұмтылдым. Бір уақытта семсерді жанымнан суырып алып, қайнаған ашумен бауыздап
жібергелі тамағына алып барғанымда, қараңғы түнде жарқ еткен семсерді көріп:
- Ой, сен Жортармысың, жұдырығыңнан таныдым ғой? - деді.
Сол арада даусынан мен де тани кетіп, семсерімді тастай бердім. Тоғай бойындағы Бура,
Аяқ алты аяқ деген батыр екен. Бұрын жорықта кездесіп, бір бақырдан дәм татқан тату
едік. Бағанадан бері қорқып отырған тажалым сол болып шыққаны. Сөйтсем, ол сыбанды
түрі келіп, бір күні күндіз елсіз таудың ішінде қараусыз, бейқам жатқанда Төбет келіп
түсіріп алған екен. Соның қолында бір айдай тұтқында жатып, нақ сол күні түнде қашып
шыққан екен. Түн суық жауынды болған соң, киімі жоқ, тоңып әдейі бейітті пана қылуға
келіпті. Мен келген соң, Құдай бір жұмсақ жемді берді деп, күш жұмсамай айламен алмақ
болып, барлық киімін тастай қойыпты. Бойында қаруы жоқ, жалғыз бұйымы: елінен ала
шыққан бір сауыт сіріңкесі бар екен. Әлі бағана тырс етіп, жап-жарық болып кеткен
уақытта, соны шағып жіберіп, отымен аузына тығып үрлей қояды екен. Менің зәремді
кетіріп жүрген ырсиған ауыз сол сіріңкенің кеселінен болып тур екен. Ол күнде сіріңке
қуыңды кім білген. От керек болса, шақпақпен қуды тұтатып алып, жаға бере тұғынбыз.
Сөйтіп, мені барлық қорқытып жүрген жаман сіріңке болып шыққаны» деп ақсақал мәз
болып, күліп әңгімесін тоқтатты. Бәріміз де ақсақалдың шын күлкісіне қосылып
қошеметтеп күлісіп, қас қарайып қалғандықтан ауылға қарай жүрдік.
II. Текшенің бауырында
Бір жылы июльдің аяқ шенінде жайлауда отырған қалың елден түс ауа шығып, қалаға
қарай бес кісі келе жаттық. Бәріміз де салт аттымыз, қала біздің елдің жайлауынан үш
күншілік жерде еді. Ішіміздегі үлкеніміз Сүлеймен, мен, сол кісінің замандасы Қали еді.
Бүл екеуі бір ауылнай елдің жер жайындағы приговорын алып, қалаға арыз бергелі бара
жатқан. Біз екі жігіт оқуға келеміз. Бесінші жігіт - Бейсенбай, бәріміздің ат қосшымыз еді.
Ауылдан аттанарда біз тез кетіп қалуға елді қимай, оны-мұны бөгеліп, ақсақалдардың
жүрейік деген мезгілінен кеш шығып едік.
Өзіміздің ауылдардан шығып алған соң, Сүлеймен ақсақал:
- Бүгін кешке таудың күнгейінде отырған елдің біріне барып түсіп, ас ішіп алып, түн
қатып жүріп кетеміз. Түнде жүріп таудан асып алған соң, аржағындағы жолдың қиындығы
болмайды. Ертең күн қызғанша, ойдағы елге де барып қаламыз. Түнде жүрген жүріс
адамға да, атқа да жеңіл болады - деп жол туралы өзінің естіген байлауын бізге білдірді.
Біз үндемей көндік. Бізге ауылдан шығып кеткен соң қалай жүрсек те бәрібір сияқтанып
еді. Оның үстіне тау ішімен жарық айлы түнде жүру өз бетінде бір көңілді жүріс
болатындай көрінді.
Сол бетпен ымырт жабылып бара жатқанда қалың таудың күнгейінде отырған 3-4 ауылға
келіп, соның біріне түстік. Ақсақалдар түні бойы үй иесімен әңгімелесіп отырды. Біз шай
ішіп алған соң түн қатардың алдында ұйықтап алмақ болып, жатып қалдық. Бірақ, көпке
шейін ұйқы келмей, көз алдымнан бүгін шыққан ауылдың жаздайғы қызығы, жайлаудағы
өмірдің көз көрген көп-көп желігі, рахаты бірінен соң бірі келіп, елестеп, еске түсіп ұйқы
бермеді. Ақырында талып шаршағандай болып ұйықтап кеттім.
Біз оянғанда етті жасап, алдымызға әкеп қойған екен. Үйдің іші ала көлеңке, жеке жаққан
шам жоқ. Жарық қылып тұрған қазан асқан орындағы тезектің оты. Бұл кейде өшуге
айналып, бәсеңдеп, кейде жалыны үлкейіп, лаулап жарқырап кетеді.
88
Үй іші оның күйіне қарап біресе қоңырқай тартып, қарауытып көлеңкеленеді, біресе түсі
жадырап күлгендей болып, қызарып көңілденеді.
Шала ұйықтағандықтан, мең-зең болған бойды көтере алмай, ұйқылы көзбен отырып
тамақ ішіп алған соң, өзімді өзім зорлықпенен сергітіп атқа міндік.
Кештен бері оттап, тынығып, белі көтеріліп қалған аттар түнгі жүріске өте көңілді
сияқтанып, ығысып жіті жүріп қатты аяңдап есіп келе жатты. Ат үсті алғашқы мінген
жерде өзінің көңілді желігімен ұйқыны ашып жібергендей болды.
Бүгінгі түн жарық айлы, қалғып тыныс алған майда түн еді. Көңілге әлде қайда тоғайлы,
ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлесіп, бұралып сүйісіп, махаббат сағыныш
қызуымен бір тоңазып, бір ысынып сөлдері құрып, үздігіп тұрған кездерді еске
түсіргендей еді. Түн сондайлық махаббатты, дем алыстың бақытты сағаттың түні-ау.
Шіркін, сұлудың сондағы тілі тәтті еді-ау деген әлсіз арман ойға түсуші еді.
Ауылдан шығып біраз жүрген соң, тау ішіне кірдік. Біз жағалап келе жатқан жіңішке өзен
кейде жағасы ұсақ тоғайлы болып, кейде қалың шалғынды болып, иіріліп көлденең
таудың ішін жарып өтуші еді. Соның жағасындағы жалғыз аяқ жолмен бірде шұбатылып,
бірде катар жүріп келе жаттық. Жанымызда жіңішке өзен сылдыр қағып, жас жыланша
сумаңдап, нәзік тілмен бір нәрсені былдырап айтқандай болып, еріп келе жатты. Кей
жерде суы кеңейіп, алаңға шығып ай сәулесімен ақ беті жарқырап күлгендей болды. Кей
жерде күлкілі жүзі өзгеріп, қоңырқай тартып томсарады.
Екі жағындағы аласа тоғай ұйқыға батып, тыныштық алып түр. Қалғып тұрған
жапырақтардың шұбартқан көлеңкесі су бетіне түсіп дірілдейді. Сыры көп сайдың
дымқыл салқыны денені шымырлатып тоңазытқандай болды. Сайдың екі жағындағы
қалың биік таулар, өзенмен бірге жарысып келе жатқан иін тірескен қара жартастар
салқын тыныштықтың ортасында ұлы мінәжат пен кәрі жүзі тұмсарып тұрған сопыларға
ұқсайды. Дүние қараңғылығына ұқсаған қара көлеңке қайғылы жүздерін түнертіп
қоңырқай тартады.
Елсіз шың. Ұлытаудың іші жым-жырт. Өзеннің бір қалыпты сылдырынан басқа дүниедегі
ұйқы тыныштығын бұзған ешбір бөтен дыбыс жоқ. Тау іші мен өзенді өрлеп, көп уақыт
жүрдік.
Сай мен өзен тау ішінен мүйіс жасап иіріліп, бұралған сайын көз алдымызға жаңа сурет,
жаңа көрік көрініп отырды.
Жалғыз-ақ, анда-санда әлдеқайда тау астында жүрген, түн құстарының қалың
тыныштықтың ортасында бірқалыпты қатты дауыспен жүргіншіні шошытқандай болып,
қылғынып айтып тұрған айғайы естіледі. Кейбіреулері қарауытқан ұйқылы қанатын
жалпылдатып қағып, мезгіл-мезгіл біздің үстімізден өтіп кетіп жатты.
Уақыт түн ортасынан өтіп, таңға жеңіл бір ұйқының шамасындай қалғанда, таудың тең
жартысынан өттік. Алдымызда қоянды таудың ең үлкен биігі Текшенің қоңырқай
аспанында қара қоқшылдаған биік басы көрінді.
Жүретін жолдың азайғанына бәріміз де көтеріліп серги бастадық. Қатарымызда келе
жатқан Сүлеймен ақсақал Текшенің басын көргенде, есіне бір әңгіме түскендей болып,
бізге бұрылып қарап:
- Балалар, жолдың өзі де қысқарып қалды, сендердің ұйқыларың да келген шығар. Мен
енді бір әңгіме айтайын, - деді. Біз ықласпен тыңдайтынымызды білдірдік.
89
Сүлеймен ақсақал жас кезінде елдегі көп құрбыларының әуеніне кіріп ұрлық қылған еді.
Ол кезде алысқа топтанып аттанып, бейнеті қиын жол көріп, соғыста болу, ескі
батырлықтың сарқытындай көрініп, ел ішінде қолы бос жүріп желік іздеген боз балаға ең
қызықты істің біріндей болыпты. Сүлеймен сол реттен бірнеше жылдай аты шыққан
тынымсыз ұры болып жүріп, артынан тоқталған екен. Осы күні өз ортасының атқа мінген
айбарлы ақсақалы болып, бұрынғы бұзықтықтың бәрінен тиылған. Мол дәулеті бар,
ержеткен азамат балалары бар, ағайынға қадірлі, адал адам болған. Бір әңгімесін күтіп
келе жатқанда, ақсақал жанынан шақшасын алып, мұрнына насыбайын искеп алып:
- Мынау, көрініп тұрған Текшенің биігін көрген сайын жас күнімізде істеген бір тентектік
еске түседі, - деді, - Көп заман болды, жылында кем болса екі-үш рет топтанып аттанушы
едік. Ол күндегі қолбасымыз Жобалай батыр болатын. Оның да атағы шығып жүрген кезі.
Жасы сонда 30-35-тің шамасында еді. Аттанарда бізге астыртын хабар жіберді. Пәлен күні
аттанасың, пәлен жерде табысамыз деп, айтқан күнінде хабарын екі қылмай, қуанысып
аттанамыз. Сонан соң, алыс елге кетіп жарты ай, бір ай жүріп қайтатұғынбыз.
Бір күні, ел жайлауда еді. Бәйгеторы ат деген атым бар. Соны әбден мейіздей қылып,
қатырып алған кезім еді. Кешке жақын әлгіні суғарып, енді бір қызығыңды көрсем-ау деп
тур едім. Құдық басына бір жігіт келіп, Жобалайдан хабар әкелді. Бүгін түнде не қылса да
Текшенің бауырына жетсін, өзге жұрт сол жерге жиылды. Ертең кездесетін бір жау бар
дейді. Ауылдың үлкендері ол күнде көрсе жібермейді, әкесінің дәулеті сол күнде де мол
болатын. Сондықтан, менің ұрлық қылғаным үшін барлық ағайын туысқанның бәрі де
иттің етінен жек көретін.
Хабарды алған соң: Ә. Құдай енді ауылдың бір-екеуінің көзіне түспей кетсем екен деп,
атымды әкеп өз отауымның тасасына байлап қойдым. Қас қарая салысымен жөнелмекші
болып отырмын. Ауыл қозысын алып болды. Ымырт жабылып, қас қарайды.
Сонан соң, жалма-жан атымды ерттеп жіберіп, жолға керек саймандарымды жиып алып,
жүріп кеттім, ешкім білген жоқ. Түні бойы соқтырып жүріп отырып, таң ағарып атып келе
жатқанда, осы Текшенің бауырында бір машықты сайымыз барды, соған жетіп келдім.
Әуелі бір иек артынан кезек бар еді, соған шыға келсем, аттарына үре салып қоя беріп,
қараусыз дәнекесіз қаннен қаперсіз бәрі бірдей жатыр. Көп кісі жиылып қалған екен.
Сонан буларды бір қорқытайын деп, қиқу салып, «қапта-қапта» деп, тиіп кеп кеттім.
Аттары үркіп, жосып шығып кетті. Бірталайы есі шығып, бұғып қалды. Келе араласып,
бір-екеуін төбеден сойылмен нұқып, бас-көзіңді деп жүр едім, ешқайсысы мені таныған
жоқ. Бір мезгілде артыма қарасам, жалаң аяқ, жалаң бас қолында бас, шәугімді ұзын
қайыңды шоқпары бар Жобалай ақырып:
- Уа, кәпір-ай, жасанып жатқан топқа жалғыз шабатын сен Жобалай шығарсың, - деп келіп
қалыпты. Сонан соң, мынау бір жерімді ұстады екен деп, шошып кетіп бетіне қарап күліп
жібергенім. Тани кетті. Бәрі де жиылып әңгімеге кірістік, қайда барамыз, не істейміз
дестік. Жобалай жайды ұқтырды. Соның алдында бәріміз бірдей кіжініп, өштесіп жүрген
жеріміз найман ішінде бір Мырзатай дегенінің ауылы болатын. Жазғытұрым сол елдің
үстімен аржағындағы керейге Жобалайдың інісі Спатай қасында екі жолдасымен аттанып
бара жатқанда далада ұстап алып, тонап өлімше қылып сабап, содан бір ай дегенде зорға
келген. Қасындағы жолдастары қашып кетіп, ұзын таудың ішінде елсізде сабап - сабап,
мыжғылап өлуге айналған соң «енді бүл өледі» деп бір тасқа тығып кеткен. Артынан бес-
алты күннен соң тағы сол жолмен бара жатқан біздің елдің бес-алты кісісі әлгі тастың
тұсынан өтіп бара жатқанда ыңырсыған дыбыс естіп тауып әкелген. Содан екі айдай
қалжа жеп, емденіп зорға дегенде үйге таяқпен кіріп шығатын болып, ауылда жатқан. Біз
сол үшін найманға кектеніп, енді қалай өш аламыз деп тісімізді қайрап жүргенбіз.
Жақында Жобалай сол оймен жүргенде бір хабар келді. Мырзатай ауылының бір
90
мырзасының ойдағы бір матайда қалыңдығы болады екен. Соны коп жасау жабдықпен
ұзатып алып, қайтып келе жатыр. Бір-екі күнде біздің елдің тұсымен өтеді депті.
Бізді Жобалай сол үшін жинаған екен. Бүл хабарды естіген соң бәріміз де қуанып кеттік.
Енді қашан соқтығар екенбіз деп асығып шиыршық аттық.
Содан ақылдасып оларды тоспақ жеріміз - Төбеттің қызылы болсын деп соған қарай бет
алып жүріп кеттік. Түс ауа сонда келіп орнадық. Төбеттің қызылынан бір шақырымдай
жерде үлкен қара жол бар. Наймандар сонымен жүрмекші. Маңайда ұшқан құстан басқа
дым жоқ. Құлан елсіз екі кісіні кезек-кезек қарауылға қойып, өзіміз етегіндегі бұлақтың
басына келіп, ыстық істеп ішіп жаттық. Сонымен кеш батты. Екінті мен ақшамның арасы
еді. Келмеді ғой деп бәріміз де көңілсіз тартып отырғанымызда биіктің басында
қарауылда отырған кісіміз қолын бұлғаң еткізіп белгі берді. Атқа тұра-тұра жүгірістік.
Бәрі де ерттеулі өресімен жүрген, келіп әп-сәттің арасында мініп - мініп алдық. Санымыз
сонда жиырма шақты. Тура бір қолмыз. Сол арада қарауылда отырған кісіміздің біреуі
келді. «Құда құдағилардың жиырма қаралы кісі топтанып келе жатыр. Бүгін
Қызылбұлаққа қонатын түрі бар. Енді тосып алыңдар» деді. Бұл жолда Төбеттің қызылы
деген биік жүргіншілердің бәріне белгілі. Қауіпті жер болатын. Сондықтан, булар
топтанып келе жатқан ғой, көптігіне де сеніп келе жатқан шығар дестік. Бірақ елсіз жер,
иен дала болған соң, бұларды ала алмаймыз деген күдік көңілімізге биттей де келген жоқ.
Аяғында күн батып, көз байлануға тақалғанда жүргіншілер біздің қатарымызға келді.
Сонан соң Төбеттің қызылынан қара жолға қарай шұбатылып баратын бір ұсақ адыр бар
еді. Соның қабатымен алдын-ала салдық. Адырдың шеті тақа қара жолға барып бітуші еді.
Сол жерге келіп балта сабы екі кезеңнің түбінде қақ бөлініп тура қалдық. Түстеріміз сол
уақытта біртүрлі суық болып кеткен екен. Тымақтың құлағын тегіс жымыра байлап
алғанбыз. Түсіміз сұп-сұр болып кеткен. Қолда шашақты найза, қара сойыл, ұзын айбалта,
азғантай уақыт қана тостық. Бір мезгілде кәдімгі көшкен елдей ырғалып-жырғалып
жаймен келе жатыр екен. Алда күліп - ойнап рахаттанып келе жатқан қыз-келіншек,
бозбалалардың астында тұрып екі қыздың қосылып салып келе жатқан әнді естідік. Сонан
әбден жақындап екі-үш арқан бойындай ғана жер қалғанда қиқуды салып ағашты
қағыстырып, сатырлатып келіп тиіп кеттік. Жерде айғай, көкте айғай болды. Жүргіншілер
жер астынан шыққандай болып, самсаған сары қол қаптай қоя берген соң, есі шығып
кетті. Қашуға да шамасы келмеді. Келе араласқанда топырлатып түсіре бастадық. Қару
жоқ, бір сасқалақтап бір-екеуінің қолына ғана ағаш түскен екен, қарсылық көрсеткен
солар болды. Оның біреуі қыздың күйеуі, біреуі қыздың жас бауыры екен. Біз өзгесімен
айналысып жүргенде, жанды бермек оңай ма, қалыңдық пен құдағидың айналасына
келген кісіден 4-5 кісімізді түсіріп тастапты. Аяғында өзгесінің бәрі құлаған соң, немене
оларды да түсіріп алдық. Күйеу жігіт біреуді алдына салып қуып келе жатқанда, Жобалай
артына келіп, қарақұстан қағып жібергенде, аттан тымақша ұшты. Әйелдерін ұрғанымыз
жоқ, аттан түсіріп алдық. Қыз матайдың ең бір бай жерінің қызы екен. Алты қанат ақ
отаумен, оншақты түйеге жасау артып, толқысып келе жатқан беті екен. Қыздың басында
сәукелесі бар. Мінгені судай қара жорға ат. Қасында екі қыз, бір келіншек нөкері бар.
Қара көз, қызыл жүзді ақ қыз екен. Жасы 19-20 - ның шамасына келген, сұлу пішінінің
толқысып тұрған кезі.
Жасау дегеннен көз тұнжырайды.
Біз келіп түсіріп жүргенде, еркектерінің бірде бірі бір ауыз сөз айтуға жарамап еді. Бір
мезгілде қызының жанында тұрған келбетті семіз ақ бәйбіше:
- Ей, жандарым, сендердің де апа, қарындастарың, алдарыңда інілерің бар ғой. Мынау
қойнымдағы алтындай сақтаған жалғыз балам еді. Бөтен елдің босағасын жаңа аттағалы
жатқанда, бақытын күйдірмеңдер, аяңдар. Іздегендерің мал-дүние болса, осы әкеле жатқан
91
жасаудың ішінен қалағандарыңның бәрін алыңдар. Бірақ, бізді бетімізбен қоя беріңдер, -
деді. Сонан соң, түсіргендердің бәрінің атын алып, өздерін топтап иіріп қойып, өзді-
өздіміз кеңестік. Арамыздағы бірең сараңның жасауын алып, қоя берейік дегені болды.
Сонда Жобалай тұрып:
- Менің әлі іздеп жүргенім дүние ме екен? Олай болатын болса, найманның жылқысын
алудан оңай іс бар ма еді? Мен Мырзатай ауылынан өмірінде кетпестей кек алмақшымын.
Сондықтан қасақана жасауынан бір жіп алмаймын, бірақ 4-5 күнге дейін тұтқын қылып
жатамыз. Қазір бәрінің де көзін таңып, еркектерінің тегіс қолын артына байлап, атқа
мінгізіп Текшенің бауырына алып барамыз, - деді. Бәріміз де осыны мақұл көрдік.
Сонымен, осы айтқанды істеп, қатын қыздарды улатып-шулатып Текше қайдасың деп ел
жатар мезгілде тартып жөнелдік. Тұтқындарды әрбір жерге отырғыздық. Жүкті түсіргізіп,
бес-алты күркені тіктік. Биік, биіктің басына қарауылды мықтап қойдық. Тұтқындардың
күндіз-түні көздерін шешпейік деп сөз байластық. Жерді танымасын, түсімізді, атымызды
танымасын және біреуімен не қылып жатқанымызды ешкім білмесін дедік.
Сонымен, үш қыз бен бір келіншекті бір бөлек қойдық. Қыздың шешесін булардан аулақ
жерге, қасына бір қатынмен бір бөлек қойдық. Күйеулері тағы сондай бөлек-бөлек, көз
таңулы. Қол байлаулы, қасына әкеп тұрған жігіттер, күндіз түні дүниеде не болып
жатқанын ешқайсысы да білмейді. Тамағын ішеді де, жата береді. Сөйлесейін десе,
жалынып-жалбарынса да, жыласа да бірде-бірін құлаққа алмаймыз. Естімеген кісі болып,
үндемей жүре береміз.
Сонымен, қойшы, торт күн тұтқын қылып ұстадық. Сол уақытта көрген қызығымыздың
ұшы-қиыры жоқ. Ерте бастан аппақ қылып екі күркені өзге жүріп жатқан жерден бөлек,
бір сайға апарып тіккенбіз. Жобалай ұзатылып келе жатқан қызбен сол торт күндей бір
күркені жеке алып, күндіз-түні шықпай жатып алды. Өзгелеріміз қалған қыз келіншекпен
мәз болып жаттық. Бізге тиген әйелдер біраздан соң өзімізге үйреніп, қалжыңдасып ойнап
отыратын болдық. Анау ұзатылып келе жатқан қыз дүниедегі қайтпайтын қайсар адамның
бірі екен, сол торт түн, торт күнде жылаудан биттей босаған жоқ дейді. Жобалайға «менің
бақытым күйді. Жарық дүниеге көрінер бетім де қалған жоқ. Енді қызық, бақыт маған
жоқ. Сондықтан, кіммен қарайсаң, сонымен ағар деп, енді, ит болсаң да сенімен қалар
едім, бірақ, дүниедегі ең-ең жек көретін адамым, ең қатты дұшпаным сенсің. Өзім көрген
жанның ішінде барып тұрған жауыз адам сенсің» деді.
Жобалай: сол арада бетімнен отым шыққандай болып ұялдым, бірақ, осымен дауласайын
ба, үндегенім жоқ деді. Сөйтіп, дәл төрт күн, торт түн ертегінің қызығындай қызықты
көріп, бесінші күн түнде жүктерінің бәрін дәл өздеріндей қылып тиеп, бір сабақ жібін
алмастан, бұрынғы аттарына өздерін сол байлау қолымен, таңулы көзімен мінгізіп, бәріміз
бұрынғымызша аттанып, жолына алып барып беттерін оз елдеріне қарай түзетіп қойдық.
Көздері әлі таңулы, өздері не болғандарын білмейді. Торт күндей дүниені көрмей, әбден
мәңгі болып кеткен. Оның үстіне қайда апаратынымызды, жүгін қайтетұғымызды еш
біріміз айтқан жоқпыз.
Жобалайдың батырлығынан бұрын сондай жерде адамның ойына келмейтін қулықтарды
табатын айлакестігі бөлек еді.
Әлгінің бәрін істетіп жүрген оның өзі. Тұтқындарды түгелімен жолдың үстіне қойып,
ішінен көзі таңулы бір-ақ кісіні жетектеп алып, бізге жүріңдер деді. Бәріміз жүрдік, бір
дөң асып келген соң бізді тегіс екінші дөңнің астына жіберіп, жалғыз өзі қалып, әлгі
тұтқынның қолын босатып көзін ашты да:
- Ана жолдастарыңа барып бәрінің қолын шешіп, көздерін аш. Онан соң, жолдарыңмен
Құдай деп жүре беріңдер. Бір сабақ жіптеріңді алғанымыз жоқ.
92
- Менің атым - Жобалай. Мырзатай ауылы биыл аржағындағы керейге бара жатқан менің
атамды ұстап алып, өлімше қылған екен. Бүл істегенім - соның кегі. Мырзатай ауылы
менің де рулы елдің баласы екенімді білсін, - деді де қоя берді. Сонымен, найман өз
бетімен тартып жүре берді. Біз де өз бетімізбен кете бердік. Сол енді өз заманында
болмаған ел шабысатын, барып тұрған үлкен іс болса да, әлгінің артынан биттей тырс
еткен сөз шықпай өшіп қалды.
Өшірген қалыңдық болса керек.
Бағанағы жолдас барып көздерін ашқан соң, қалыңдық қасындағы жолдас қыздарын
шақырып алып: не көріп, не білдіңдер айт деді. Оларға Жобалай айтпа десе де, біздің
жігіттердің кейбірі айтып қойған екен. Қалыңдықты біздің батырымыз алып жатыр деп.
Қалыңдық өз жолдастарынан бұны естіген соң, оларға өле-өлгенше бұл сөзді ешқайсың
сыртқа шығарма деп мықтап тапсырып, уәде алыпты. Сонан соң еркектеріне, шешелеріне
төртеуіміз бірге жаттық, ештеңе көргеніміз жоқ деді.
Сонымен қыздар көрген-білгенін жасырған соң, найман дүниесі бөлініп, шашылғаннан
аман болған соң, неменеге өштессін. Олар да бүл туралы сөз қылуды тоқтатып, өздері
өшігуге себеп болды» деп Сүлеймен ақсақал әңгімесін бітірді.
Бүл уақытта таң ағарып атып қалып еді. Біз тау ішінен өтіп, жарыққа шығып едік. Әңгіме
біткен соң, бұрынғы аяңды қойып, желіп жүріп кеттік.
Достарыңызбен бөлісу: |