Лекция №11
Мемлекеттік құрылыстың кеңестік үлгісінің іске асырылуы
1. Қазақстандағы Голощекиннің «Кіші қазан» идеясы: мәні мен салдары.
2. Қазақстандағы индустрияландырудың жолдары мен әдістері туралы пікірталастар.
Қазақстандағы индустрияландырудың ерекшеліктері.
3. Қазақ ауылын кеңестендіру саясаты – қазақтың дәстүрлі қоғамының жойылуы. Ұжымдастырудың әдістері мен қарқыны.
4. Кеңестік білім беру жүйесін құру. Қоғамның ұлттық-мәдени негіздерінің жойылуы.
5. Сталиндік қуғын-сүргін, оның ауқымы мен ауыр зардаптары. Саяси сенімсіздік пен халықтарды Қазақстанға күштеп депортациялау
1. Қазақстандағы Голощекиннің «Кіші қазан» идеясы: мәні мен салдары.
Қазақстанда тоталитарлық жүйенің нығаюы 1925 жылдың күзінде өлкелік партия ұйымының басшысы болып сайланған Ф.И.Голощекиннің есімімен байланысты еді. Кәсіпқой революционер, патша отбасының атылуын ұйымдастырушылардың бірі болған Голощекин Қазақстанның астанасы Қызылордаға келіп түскен бойда, бірден «қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жоқ» екенін, «ауылда Кіші Қазан» өткізу керектігін мәлімдеді. Негізгі міндет ретінде әлеуметтік саралауды жою арқылы дәстүрлі қауымдастықты бұзу жарияланды.
Қазақтарды жаппай отырықшы ету келесі маңызды қадам болуға тиіс еді. Бұндай іс-шаралардың жергілікті коммунистер тарапынан наразылық туғызуы мүмкін екенін айқын түсіне отырып, Голощекин ең алдымен өзінің көзқарасын бөліспеген партия көшбасшыларымен күресуді қолға алды. Көп ұзамай-ақ, 1926 жылы С.Сәдуақасов пен С.Қожанов «ұлтшылдыққа бет бұрған» деп айыпталды. С.Сейфуллин, М.Мырзағалиев, Н.Нұрмақов, С.Меңдешев және басқалары қуғындалды. Олардың көпшілігі республикадан шеттетілді. Ж.Сұлтанов, С.Сәдуақасов және Ж.Мыңбаев қызметтерінен қуылды.
Ф.И.Голощекин ауылдардың әлі күнге дейін «…таптық күрестің лебін сезбегенін», «…қазақ ауылдарында Кеңес өкіметінің жоқтығын», «…ауылда Қазан болмағанын, кедейлер комитеттері мен мал-мүлкі тәркілену дегеннің не екенін білмейтінін», «…ауылда коммунистің атымен болмағанын» қасарыса дәлелдеуге тырысты. Ары қарай Голо¬щекин «осыған дейін бұл жерде 1925 жылдың күзіне дейін болған жайттарды Қазақстанның және оның партия ұйымының алдыңғы тарихы деп атауға болатынын» айтты.
БК(б)П-ның Өлкелік комитетінің екінші хатшысы О.И.Құрамысов Ф.Голощекинді табанды түрде қолдады. Оның құлағына ол: «Қазан дауылы қазақ ауылын сәл ғана жанап өтті», – дегенді құюмен болды. «Қаталырақ айтқанда, – деп жалғастырды ол, – бұл кезеңде Қазақстанда біртұтас және тастай берік партия ұйымы болған жоқ».
Жиырмасыншы жылдардың ортасындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне тән қасіретті ерекшелік – сол уақыттан бастап сталинизмнің идеологиялық аппаратының тарихи сана-сезімді түп-тамырымен құртуға, осы сана-сезімді бойларына жинаған ұлттың зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің көзін жоюға бағытталған кең ауқымды іс-шараларды жүргізуі болды.
Тоталитарлық режимнің нығаюына қарай, бірте-бірте «Алаш» партиясының мүшелерін, сондай-ақ өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқындары мен әдістері мәселесінде өз көзқарастарынан танбаған және республиканың шаруашылық-саяси және кадр мәселелерін шешу ісіндегі егемен құқықтарын аяусыз таптап, қорлап отырған, тұрғылықты халықтың ұлттық ерекшеліктерімен, мүдделерімен санасқысы келмейтін Орталықтың саясатының дұрыстығына күмән келтірген республиканың басқарушы қызметкерлерін саяси қуғындау күшейе түсті.
Республикада оппозицияның ықтимал әрекеттерін басып-жаншу үшін идеологиялық негіз осылай құрылып, нәтижесінде, қазақ халқын күштеп ұжымдастырған және 1937-1938 жылдарда жаппай қуғын-сүргінге салған қайғы-қасіреттерде есеп болмады.
БК(б)П-ның Семей губерниясы комитетінің хатшысы қызметіне 1923 жылы Марийск облыстық комитетінен жіберілген, содан кейін өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру-инструкторлық бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалған Н.И.Ежовтың тұсында ұлтшылдар және ұлтшылдыққа бет бұрғандар туралы үрей туғызу, жергілікті мамандарды қуғындау анағұрлым күшейді.
Бір мезгілде Қазақстанда «өзгерістер» енгізудің Голощекин ұсынған үлгісімен келіспеген жауапты қызметкерлердің қарсылығын басып-жаншу орын алды. Жоғарыда айтылғандай, 1927-1929 жылдарда республикадан әртүрлі себептермен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев шеттетілді. Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев, халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов, жер игерудің халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және басқалары лауазымдарынан босатылды.
Қазақтың белгілі қызметкерлерінің үлкен бөлігіне «топтасып күресті» деген айып тағылды. Бірақ басты «топтасқандардың» бірі Сәдуақасовтың ісімен арнайы айналысқан БК(б)П-ның Орталық бақылау комиссиясы Қазақстанда ондай топтың бар екенін дәлелдей алған жоқ. Соған қарамастан, Орталықта оппозициямен күресудің үлгісі бойынша, жекелеген жауапты қазақ қызметкерлері арасындағы дау-дамай, пікірталастар мен келіспеушіліктер топтасқан күрес ретінде, ал олардың республика мүдделерін қорғаған әрекеттері «ұлтшылдыққа бет бұру» деп бағаланды. И.В.Сталинге, В.М.Молотовқа және Л.М.Кагановичке жолдаған хаттарында Н.И.Ежов барлық ұлттық мамандарды, барлық қазақ коммунистерін «ұлтшылдыққа бет бұрғандар» және «топтасып күресушілер» деп айыптап, оған қоса, олардың арасында «сау партиялық күштер жоқ» деп қаралаған. КСРО ішкі істерінің болашақтағы халық комиссары, 1937 жылы жап¬пай қуғын-сүргінді белсенді жүргізген Н.И.Ежов Мәскеуге ауысар алдында өзінің мансабын осылай бекіте түсті.
Сөйтіп өткен ғасырдың 20-шы жылдарының соңында баршаға бірдей күдіктену жағдайы ушығып, шарықтау шегіне жетті. Орталықта Троцкий мен Зиновьев оппозициясымен және ұлттық республикаларда «оңшыл оппортунистермен» күрес революцияға дейінгі кезеңнің ұлт-азаттық қозғалысы өкілдеріне қарсы қудалау, жазалау түрінде жүргізілді. Нәтижесінде, 1928 жылдың соңында «буржуазиялық ұлтшылдар» деп аталғандардың – «Алаш Орданың» бұрынғы қайраткерлерінің арасынан 44 адам, оның ішінде: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Х.Ғаббасов және басқалары жалған айыппен тұтқындалды.
Достарыңызбен бөлісу: |