Педагогиканың қарастыратын негізгі мәселелері. Педагогиканың негізгі қарастыратын мәселесі жеке адамның дамуы, оның арасында болған заңдылықты байланыстарды зерттеу және оның негізінде оқыту процесі мен тәрбиелік жұмыстардың теориялық және әдістемелік проблемаларын шешу, яғни арнайы ұйымдастырылған процесс сипатындағы тәрбиенің теориясы мен әдістерін айқындайды.
Педагогика – индивидтің өткен ұрпақтардың әлеуметтік тәжірибесін меңгеру процесін, яғни біртұтас педагогикалық процесті зерделейді. И.В.Сластениннің анықтауынша педагогиканың пәні арнайы әлеуметтік институттарда (отбасы, білім беру және мәдени-тәрбиелеу мекемелері) мақсатты түрде ұйымдастырылған шынайы біртұтас педагогикалық процестегі білім беру ісі болып табылады.
Педагогиканың нысаны – объективті шындықтағы педагогикалық іс-әрекет. Зерттеушілер педагогиканың нысанын индивидтің дамуына жағдай жасайтын объективті құбылыстағы шынайылық ретінде қарастырады.
Педагогика – адамды педагогикалық процесте өмір бойы дамытудың құралы және факторы ретінде қарастырыады. Оның мәнін, заңдылықтарын, ағымдарын, даму бағыттарын зерттейтін ғылым саласы болып табылады. Педагогика бұл тұрғыдан педагогикалық процесті ұйымдастырудың теориясы мен технологиясын, педагогтың іс-әректін жетілдіру формалары мен әдістерін және оқушылардың әр түрлі іс-әректтері мен оларды ұйымдастыру тәсілдерін зерттейді.
Бүгін педагогика – бұл жеке ғылым, басқа ғылымдармен кең көлемде өзара байланысты біріктірілген және жіктелген үрдіс, олар: философия, психология, әлеуметтану, физиология, математика, саясаттану, экономика. Ол оқыту мен тәрбие саласындағы ғылыми құбылыстарды көрсетеді, құбылыстар арасындағы байланыстың себебін анықтайды және білім берудің ықпалын адамда болатын өзгерістердің неліктен екендігін түсіндіреді.
Педагогиканың ғылым ретінде қалыптасуынан бастап оның оқыту пәні ретіндегі формасы қалыптаса бастайды. Ғылым – табиғат, қоғам және ойлау жайындағы шынайы білімнің жүйесі. Оқу пәні ғылымда нәтижелі болып келетін білімді кіріктіреді. Оқу пәнінің мазмұнын анықтауда ғалымдар, мектеп ұжымдары дидактикалық мәселелер бойынша пікірталас жүргізіледі. Соған байланысты ғылымда жаңа мәселелер пайда болып, оның дамуы жүзеге асады. Бұл шығармашылық жұмыс ғылымның дамуына, оқу пәнінің тұрақтануына ықпал етеді.
Педагогиканы оқу пәні ретінде оқыту бағдарламалар, оқулықтар, әдістемелік құралдар, әдістемелік нұсқаулар көмегімен жүзеге асырылады.
Білім беру және тәрбиенің көлемінің кеңеюіне байланысты ғылыми білім түрлі принциптер бойынша жүйеленді.
Педагогиканың оқыту пәні ретінде дамуы. 1922-1925 жж. П.П.Блонский, А.П.Пинкевич, М.С.Григорьевский, В.Я.Струминский, М.Жұмабаев, А.Байтұрсыновтың кітаптары жарыққа шығады.Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегі сол кезеңде ана тілінде жазылып, ғылыми әлемді елең еткізген туынды болып табылады.
1927-1930 жж. өткізілген педагогикалық пікірталастар педагогиканың дамуына өз үлесін қосты.
1931 ж. ең алғаш педагогикадан бағдарлама жасалады. Бағдарлама, оқулықтардың авторлары негізінен орта және жоғары мектеп оқытушылары жасайды.
1933 ж. педагогикалық техникум және педагогикалық жоғарғы оқу орнына арналған бағдарлама енгізіледі. Бағдарлама мынадай негізгі бөлімдерден тұрады: 1) Совет педагогикасының мәні, маңызы және мақсаты; 2) халыққа білім беру жүйесі; 3) оқу жоспары және бағдарламалар; 4) политехникалық мектептегі оқыту әдістері; 5) мектептегі білім беру жұмысын ұйымдастыру формалары; 6) оқулықтар; 7) пән; 8) мектептен тыс жұмыс; 9) педагог; 10) мектептің ұйымдастырушылық педагогикалық мәселелері.
Осы кезеңде оқулықтың теориясы қалыптаса бастайды. 70-ші жылдың басында еліміздің педагогикалық жоғарғы оқу орындарында психологиялық-педагогикалық пәндер және педагогикалық практика жүйесінің жаңа түрі енгізіледі. Бұл педагогика курсы үш тарауға бөлінді: педагогикаға кіріспе, дидактика, тәрбие теориясы.
Ғалымдардың педагогикаға деген көзқарастарын үш түрлі тұжырымдамаларға бөліп қарастыруға болады:
Бірінші бағыттың өкілдері - педагогиканы адамзат білімінің пәнаралық пәні деп қарастырады. Бұл бағыт бойынша педагогиканы жеке ғылым саласы екенін жоққа шығарады.
Екінші бағыт өкілдері педагогиканы қолданбалы ғылым деп анықтап, ол басқа ғылым салаларынан жинақталған білімдерді білім беру мен тәрбие саласында туындаған қиыншылықтарды шешуге өзіне бейімдеп қолданады деп көрсетеді. Педагогикаға бұл тұжырымдама тұрғысынан қарау педагогикалық тәжірибенің қызмет етуі мен оны қайта қарауда біртұтас іргелі негіздерді қамтамасыз ете алмайды.
Үшінші бағыт тұжырымдамасының өкілі ғалым В.В.Краевскийдің көзқарасына сәйкес педагогика жеке ғылым саласы, оның жеке зерттеу объектісі мен пәні бар деп қарау дұрыс.
4. Педагогиканы оқыту әдістемесінің әдіснамалық негізін нақтылау оның нысаны, пәні және міндеттері жайлы сұрақтардың туындауына әкелді. Оқу әдебиеттерін қарастыру барысында аталған сұрақтар бойынша біртұтас түсініктердің жоқ екенін анықтадық.
Осылайша, өткен ғасырдың 60-жылдары оқу пәнінің әдістемесі – нақты бір оқу пәнінің оқыту заңдылықтарын зерттейтін педагогикалық ғылым деген классикалық анықтама кең жайылды. Бұл амал көптеген зерттеушілерді және практик-педагогтарды педагогиканы оқыту әдістемесін дәл осындай контексте қарастыруға бағдарлады.
Кейіннен педагогиканы оқыту әдістемесі былайша аталды:
-пәндік дидактика, педагогиканы оқыту мен дәріс берудің жалпы заңдылықтарын қолданудың ерекшеліктерін зерттейді;
-әдістемелік жүйе, педагогиканы оқытудағы нормативтік талаптардан көрінетін, әдістемелік элементтердің жиынтығын анықтайды;
-жеке немесе пәндік әдістеме, оқу-тәрбие мекемелерінің барлық түрлерінде оқытылатын оқу пәндерін оқытудың заңдылықтарын зерттейді.
Педагогиканы оқыту әдістемесі педагогиканың оқу пәні ретінде қалыптасуынан басталады. Педагогиканы оқытудың бастапқы кезеңінен-ақ тәжірибе жинақталады, ол қорытындыланады және жүйеленеді. Соның негізінде жеке ережелер мен принциптер, әдістемелік нұсқаулар жасалады. Сонымен бірге зерттеулер жүргізіліп, оның деңгейі мен сипаты, әдістемелік негіздемесі және құралдары педагогиканың даму деңгейімен анықталады.
Педагогиканы оқыту әдістемесі – бұл теория мен практиканың жиынтығы ретінде педагогиканы оқыту процесін, оқытудың мазмұнын, формасы мен әдістерін педагог пен білім алушы әрекетінің бірлігі ретінде қарастырады. Педагогиканы оқыту әдістемесі оқыту заңдылықтары мен принциптерін, оның формалары мен әдістерін, болашақ педагогтың кәсіби деңгейін қалыптастыру мақсатын айқындайды. Әдістеме екі бөлімнен тұрады: жалпы және жеке. Жалпы бөлімде педагогиканы оқыту әдіснамалық және жалпы теориялық мәселелері қарастырылады, ал екінші бөлімде педагогиканы оқыту әдістемесі беріледі.
Педагогиканы оқыту әдістемесі педагогикалық білімнің бір саласы болғандықтан педагогиканың жалпы және жеке әдіснамасын пайдаланады.
Оқыту жүйесiнiң қандай түрi болмасын, олар белгiлi бiр әдiстемеге негiзделедi. Әдiстеме жан-жақты және өз орнында дұрыс қолданылса, өтiлетiн әрбiр тақырыптың мазмұны да ойдағыдай ашылып, студенттердің меңгеруiне жеңiл тиедi. Бiлiм беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған басты мiндеттемелердiң бiрi оқытудың әдiс-тәсiлдерiн үнемi жетiлдiру. Жаңашыл оқытушылар дәріс, семинар, практикум, конференция, iскер ойын сияқты әдiстердi дәстүрге енгiзiп отыр.