ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТТЕР ТІЗІМІ:
1. Кунакова К.У., Токбергенова У.К. Вопросы предпрофильной подготовки в контексте самоопределения учащихся. //Білім-Образование. –2008.–№ 4. С. 109-113
2. Бабанский Ю.К. Оптимизация учебно-воспитательного процесса: Методические основы. – М.: Просвещение, 1982. –192 с.
Лекция №10
Тақырыбы: Бағдарлы саралау жағдайында жаратылыстану пәндерінің мазмұнын бағдарлы саралаудың дидактикалық принциптері
Жалпы бiлiм беретiн мектепте бiлiм беру мазмұнының даму тенденцияларын, оқытудың айқындалған жалпы және арнайы мақсаттарын ескере отырып, бағдарлы сыныптар үшiн жаратылыстану пәндері мазмұнын таңдап алудың мүмкiн жолдарын қарастырайық. Ең алдымен, бағдарлы сыныптарға арналған мазмұнды құру үшiн келесі шарттардың:
бiлiм беру стандартында ұсынылған негiзгi қағидалардың,
пәнаралық байланыстардың,
үздiксiздiк пен сабақтастықтың орындалуын атап өткен жөн, яғни әр түрлі бағыттағы сыныптарға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұнын анықтау бiлiм беру стандартының негiзгi принциптерiне бағынуы, мазмұнда бағдарлы құраушының көрiнiс табуы, оқушылардың таңдап алынған бағдарлары бойынша бiлiмiн жалғастыру үшiн үздiксiздiк пен сабақтастықты қамтамасыз етуi тиiс. Бағдарлы сыныптарға арналған оқу пәнінің инвариантты өзегiн анықтау үшiн оның негiзгi мектептегi курс мазмұнымен ұғымдық өзара байланысын және оны оқытудағы сабақтастықты ескере отырып, жоғары сыныптардағы жаратылыстану пәндерін оқыту проблемасы бойынша бiрқатар зерттеулерде ұсынылған келесi негiзгi қағидаларды басшылыққа алу керек :
жоғары сыныптардағы жаратылыстану пәндерінің мазмұнының көзi сәйкес ғылым саласының мазмұны болып табылады;
оқыту мақсаттарына сәйкес қарастырылатын курстың құрылымы әр түрлi болуы мүмкiн. Теориялардың әр түрлi классификациялары бар болғандықтан, оқу материалының баяндалу логикасы мен реттiлiгiнiң өзгеру мүмкiндiгi болады.
Жаратылыстану пәндерінің оқу материалының мазмұнын түзуде әдетте келесi тәсiлдер пайдаланылып келді: радиалды, сатылы, концентрлi. Бұл пәндердің мазмұнын радиалды құру революцияға дейiнгi гимназияларға тән болды, онда пән бөлiмдерi қайталанбай оқытылатын. Жаратылыстану пәндерін сатылы құру идеясын алғаш рет ХХ ғасырдың басында А.Г. Столетов ұсынған болатын. Содан бері бұл пәндердің мазмұнын сатылы құру орын алып келдi. Жаратылыстану пәндерін сатылы құру принципi оны бiрнеше сатыдан құруды ескередi.
«Концентр» – күрделi латын сөзi, оның con (бiрге) және centrum (центр), яғни бiрге + центр, центрі бір деген сөзiнен құрылған. Сондықтан көбiнесе «концентрлi» сөзiн центрлерi ортақ әр түрлi радиусы бар шеңберлерге қатысты қарастырады.
Генерализациялау принципi оқу материалының мазмұнын таңдап алуға, оның құрылымын түзуге қатысты және бiр немесе бiрнеше өзектi идеяларды бөлiп көрсетудi және солардың айналасына оқу материалын топтастыруды ескередi. Бұл идеяларға принциптер, ұғымдар, заңдар, теориялар жатады. Генерализациялау принципiнiң дидактикалық функциялары материалда бастыны бөлiп көрсетудi және қосымша материалды оған қатысты қарастыруды, мазмұнның басты элементтерiн қорытындылауды, ең қажет деген тәжiрибелiк деректердi сұрыптап алуды; мазмұнның басты элементтерiн игеруге ықпал ететін тәсiлдер мен әдiстерді таңдап алуды, жалпылық, жүйелiлiк сияқты бiлiм сапаларын қалыптастыратын әдiстердiң пайдаланылуын ескередi [1].
Циклдiлiк принципi. Теориялық қорытындылаудың өрiстеу бiрiздiлiгi немесе жаратылыстану ғылымдарындағы таным кезеңдерi, сондай-ақ олармен байланысқан ғылыми таным циклдерiнiң кезеңi циклдiк принципiнiң негiзiнде жатыр. Бұл принцип те генерализациялау принципi сияқты бағдарлы саралауға бағытталған жаратылыстану пәндерінің мазмұнын анықтауға ойдағыдай қолданыла алады.
Жаратылыстану ғылымдарындағы теориялық қорытындылау немесе таным кезеңдерi келесi жолмен өрiстетiледi: 1-кезеңде деректердi жинақтау және талдау, олардың байланысын анықтау; 2-кезеңде абстракциялау және қандай да бiр модельдiң көмегiмен қорытындыны тұжырымдау; 3-кезеңде нақты қорытындылар мен салдарлар алу; 4-кезеңде алынған бiлiмдi нақты объектiлер мен құбылыстарға қолдану [2].
Теориялық қорытындылаудың бұл кезеңдерi оқу-танымдық циклдiң келесi кезеңдерiмен анықталады: деректер модель салдарлар эксперимент. Оқу материалын теориялар айналасына топтауда циклдiлiк принципi неғұрлым жүйелi түрде жүзеге асуы мүмкiн, өйткенi теорияның құрылымдық элементтерi жаратылыстану ғылым салаларындағы және жаратылыстану пәндерін оқытудағы таным кезеңдерiне сәйкес келедi. Сонымен бiздiң қарастырып өткен жаратылыстану пәндерінің мазмұнын түзудiң генерализациялау, циклдiлiк сияқты жеке принциптері бұл ғылым салаларының ерекшелiктерi мен сипатынан, оқушылардың оқу-танымдық iс-әрекетiнiң заңдылықтарынан туындайды және олар дидактикалық принциптермен байланысқан. мүмкiндiктерiнен туындайды.
Сонымен қатар жаратылыстану пәндері бағдарлы болып табылатын сыныптарға арналған білім мазмұнын анықтауда:
оқу проблемаларын шешудің логикалық кезеңдерін анықтауға зерттеушілік тұрғыдан қарау және оқушылардың шығармашылық ізденісіне жетістікті қамтамасыз ету;
бағдарлы білім беру мазмұнының оқу элементі ретіндегі білімнің ауқымды танымдық дидактикалық бірліктермен (іргелі заңдар мен деректер, түйінді ұғымдар, әмбебеап іс-әрекет түрлері және т.б.) берілуін ескеру;
оқу бағдарламаларын, оқу тақырыптарын түзуге модульдік тұрғыдан қарауды басшылыққа алу принциптері, ал жаратылыстану пәндері бағдарлы болып табылмайтын сыныптар үшін білім мазмұнын анықтауда:
– әлемді танып білуге сенімділікті қалыптастыру қажеттігін талап ететін тарихи-ғылыми,
– шынайылылықты эмоционалды-сезімдік бейнелеу элементі ретіндегі көрнекілік принциптері маңызды болып табылады.
Барлық оқыту бағдарында оқытудың бiлiм беру, тәрбиелеу және дамыту мiндеттерiн кешендi шешуге бағытталуы принципi жүзеге асады, өйткенi оған әлеуметтiк тәжiрибенiң барлық элементтерi енетiн өлшемдер сәйкес келедi. Бiрiздiлiк пен жүйелiлiк принциптерi оқу пәнiнiң ұғымдары мен заңдарын оқушылардың логикалық сабақтастықта және байланыста игеруiн ескередi. Бұл принциптiң жүзеге асуы оқушылардың танымдық мүмкiндiктерiн, олардың алған бiлiмдерiн, басқа оқу пәндерiнiң мазмұнын ескерудi талап етедi. Жүйелiлiк, пәнаралық байланыс, көрнекiлiк принциптерiне сәйкес келетiн өлшемдердiң мәндiлiгiн анықтау едәуiр күрделiрек.
Қолданбалы бағытталғандық принципi оқушыларды техникалық құралдар мен құрылғылардың жұмыс iстеу негiздерiмен таныстыруды, өлшеуiш құралдарды, пайдалана алуды, қолданбалы сипаттағы есептер шығара алуды ескередi. Л.Х.
Сонымен жоғары сыныптарға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұнын анықтау кезiнде:
курс оқу материалының iргелi теориялар айналасына генерализациялау негiзiнде құрылуы;
әрбiр теорияға келесi бiлiм компоненттерiнiң: деректердiң, объектiлердiң, модельдердiң, ұғымдардың, шамалардың, жалпы және дербес заңдардың, динамикалық және статистикалық түсiнiктердiң енуі;
жаратылыстану пәндерін оқыту кезiнде теориялық және эксперименттiк ғылыми әдiстердiң пайдаланылуы;
оқыту үдерісінде педагогикалық мақсатта ғылымдағы теориялық қорытындылау генезисiн келесi циклдiк спираль бойынша: деректер–модель–салдарлар–салдарларды эксперименттiк тексеру–жаңа деректер бойынша жүргiзу орындылығы. Бұл шығармашылық қабiлеттiлiктiң тиiмдi дамуына, ойлау логикасының қалыптасуына ықпал етеді;
жаратылыстану пәндерінің мазмұнына және оқыту құралы ретiнде көрсетiлiмдiк тәжiрибелердiң, зертханалық жұмыстардың, бақылаулардың енгiзiлуi;
жаратылыстану пәндерінің ажырамас құрамды бөлiгi ретiнде экологиялық проблемаларды және оларды шешу жолдарын қарастыратын материалдың енгiзiлуi ескерiлуi тиiс.
Бiз сонымен жоғарыда бiлiм берудi демократияландыру мен iзгiлендiру жағдайында бағдарлы саралауды жүзеге асыру тұжырымдамасын тұжырымдауға талпыныс жасадық.
Әр түрлі бағдардағы сыныптарға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұнын таңдап алуға ықпал ететін басты факторларға оқытудың жалпы және арнайы мақсаттары, оқу материалы деңгейінде білім мазмұны құраушыларының ара қатысы мен ұсынылу реті, оқушылардың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктері жататындығы анықталды.
Жоғары сыныптарға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұны білім беру стандарты талаптарын, ұлттық дәстүрлер мен пәнаралық байланысты, үздіксіздік пен сабақтастықты ескеру арқылы құрылуы ескерілді.
Әр түрлі бағдардағы сыныптарға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұнын таңдап алу дидактикалық және жеке әдістемелік принциптер және оларға сәйкес келетін өлшемдер арқылы жүзеге асады. Жаратылыстану пәндерінің мазмұнын анықтауда жүзеге асатын принциптердің, өлшемдердің мәнділігі жоғары сыныптардағы оқыту бағдарының ерекшелігімен анықталатын болады. Оқу жоспарының вариативті компоненті оқу курстары мазмұнының жетекші компоненті (құзыреттілік тұрғыдан қарау аясында) оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі болып табылады.
Мұндай курстардың мазмұнын таңдап алудағы негізгі принциптерге оқушылардың оқу материалына қызығушылық танытуы, білім мазмұнының әлеуметтік мәнділігі, білім мазмұнының қолданбалы бағытталғандығы, кәсіпке бағдарлану, таңдап алған пән бойынша мемлекеттік стандарт мазмұнына сәйкес келуі жатады.
Жаратылыстану ғылымдарының жалпы адамзаттық мәдениеттiң маңызды құраушысы ретiнде ауқымды гуманитарлық потенциалының болуы арқасында олардың оқушыларды тәрбиелеу мен дамытудағы мүмкiндiктерi бұл пәндерді бағдарлы сыныптарда мiндеттi пән ретiнде оқытылуы тиiс екендiгiн көрсетедi.
Әр түрлі бағдардағы сыныптарға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұнын таңдап алуда іргелілік, ізгілендіру, мәдени үйлесімділік, оқушылардың жалпы және арнайы қабілеттіліктерін дамытуға бағдарлану; әлеуметтік тиімділік, қолданбалы бағытталғандық, бағдарлы сала ерекшеліктерінің көрініс табуы, ақпараттық технологияларды белсенді пайдалану принциптеріне басымдық беріледі. Жаратылыстану пәндерінің мазмұнын таңдап алуда жүзеге асатын принциптердің және оларға сәйкес келетін өлшемдердің мәнділігі жоғары сыныптардағы оқыту бағдарының ерекшелігімен анықталады.
Әр түрлі бағдарларға арналған жаратылыстану пәндерінің мазмұны қазiргi заманғы жаратылыстану пәндерінің материалдары қамтылған мазмұнның инвариантты өзегi және гуманитарлық, кәсiби-бағдарланған, ғылыми құраушылардың әр түрлі үйлесімі арқылы қалыптастырылады.
Бағдарлы сараланған білім мазмұнын таңдап алудың принциптері мен өлшемдері, құраушылары арқылы әр түрлі бағдардағы сыныптардағы оқу материалының қарастырылу ауқымы, құбылыстар мен үдерістер арасындағы байланыстар мен заңдылықтарды сипаттайтын математикалық аппараты, сондай-ақ логикалық, философиялық, әдіснамалық, тарихи-ғылыми, экологиялық, пәнаралық сипаттағы білімнің ашылу тереңдігі нақты оқыту бағдарындағы бағдарлы пәндерде жетекші болып табылатын компоненттерге қатысты күшейтілетін болады.
Оқу жоспарының вариативті компоненті оқу курстары мазмұнының жетекші компоненті оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі болып табылады. Мұндай курстарды оқытуда оларға ақпараттық технологияларды кіріктіру арқылы арнайы білім беру ортасын құруға басымдық берілетін болады, ал оқушылардың оқу материалына қызығушылық танытуы, білім мазмұнының әлеуметтік мәнділігі, білім мазмұнының қолданбалы бағытталғандығы, кәсіпке бағдарлану, таңдап алған пән бойынша мемлекеттік стандарт мазмұнына сәйкес келуі қолданбалы курс мазмұнын құрудың негіздері болып табылады.
Жоғары сыныптардағы жаратылыстану пәндерінің мазмұнын тиімді игеруге мақсаттық (оқыту мақсаттары, принциптері), мазмұндық (оқу пәні бағдарламасы), процессуалдық (оқу үдерісін ұйымдастыру формалары, оқыту әдістері, нәтижелік (оқушылардың оқу жетістігі) өлшемдік (оқу жетістігінің өлшемдері мен көрсеткіштері) компоненттерден тұратын жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерінен сараланған білім беру моделінің жүзеге асуы ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |