Оқу материалының логикасына қойылатын талаптар.Жаратылыстану пәндерінен бiлiм берудiң қарастырылған тұжырымдамасына сәйкес бұл пәндерден бiлiм берудiң негiзгi мақсатына оқушылардың жаратылыстану пәндерінің негiздерiн игеруi, ғылыми дүниетанымдары мен ғылыми ойлауын қалыптастыру болып табылады. Оқушылардың дүниеге көзқарасын қалыптастыруда және оларды жаратылыстану ғылымдарының негізін игерудегi маңызды шарттарының бiрiне зерттеудiң негiзгi объектiсi ретiнде iргелi теориялардың қарастырылуы жатады. Жаратылыстану саласының ұғымдары мен заңдары әлдебiр "ғылыми бiлiмнiң" дербес бiрлiгi ретiнде емес, мысалы, механика, электродинамика және т.б. сияқты белгiлi бiр ғылыми бiлiмдер жүйесiнiң элементтерi ретiнде игерiлуi тиiс. Сондықтан жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтарға қойылатын тағы да бiр талап анықталады: әрбiр iргелi теорияға қатысты оқу материалының логикасы осы теорияның құрылымына сәйкес келуi тиiс. Оқулықтың мазмұны мен оқу материалын ұсыну логикасы материалды жаттап алу мен есте сақтаудан ғылым ретiндегi жаратылыстану саласы мен оның қолданылу аясынан iс-әрекет тәжiрибесiмен қарулануға бағдарланатындай етiп құрылуы қажет.
Бағдарлау аппараты. Барлық оқушылар игеруi тиiс оқытудың жоспарланатын нәтижелерi оқулықта айқын бөлiнiп көрсетiлуi және ұсынылуы тиiс, бұл оқушыларға курстың сәйкес бөлiмдерiн зерделеу кезiндегi өлшем қызметiн атқаратын болады.
Оқулық сипаты оқу материалының тiрек-ұғымдық элементтер жүйесiн бөлiп көрсетуге мүмкiндiк бередi. Мұндай тiрек ұғымдық элементтердi әрбiр теория туралы айтылатын жерлерге орналастыру қажет. Оқушылар әрбiр теорияны зерделеу кезiнде оның құрамды бөлiктерiн – теория қағидаларын, салдарларын, шамалардың сипаттамаларын, практикалық маңызды шамалар мен оларды игеруi үшiн қажет тiрек-ұғымдарды жүйелi түрде орналастыру керек.
Оқу бiлiктiлiктерiн қалыптастыру талдау, жоспарлау, салыстыру, қорытындылау сияқты оқу iс-әрекеттерiмен және оларға сәйкес келетiн ойлау iс-әрекетi тәсiлдерiмен қарулануды ескередi. Сондықтан оқулықта оқушылардың шығармашылық қабiлеттiлiгiн дамытуға бағытталған, олардың дербестiлiгiн, игерген бiлiмдерiн шығармашылықпен қолдануға ынталандыратын тапсырмалар болуы тиiс.
Оқу материалының мазмұнына қойылатын маңызды талаптардың қатарына оның көлемiне қойылатын талап жатады. Бiр жағынан оқулық мазмұны мiндеттi дайындық деңгейiн қамтамасыз етуi, екiншi жағынан оқушылардың бейiмдiгi мен қабiлеттiлiгiн ескере отырып, олардың пәнге деген қызығушылығын тудыруға мүмкiндiк туғызуы тиiс. Бұл үшiн, бiрiншiден, мiндеттi дайындық деңгейiне енетiн оқу материалы әр түрлi жағдаяттарда, әр түрлi үдерістердi немесе құбылыстарды талдау үдерісінде бiрнеше рет ой елегiнен өткiзiлiп отыруы қажет; екiншiден, тереңдетiлген және қосымша оқуға арналған материал қажет. Бұлардың барлығы мазмұн көлемiнiң артуына әкеледі. Екiншi жағынан, оқулықтың негiзгi материалы шектелген оқу сағатына бағдарлануы тиiс. Сондықтан оқулықты жоспарлау кезiнде оқу сағатының шамамен 10-15%-ы оқыту үдерісінде туындауы мүмкiн әр түрлi объективтi себептерге арналуы тиiс. Сондықтан оқулыққа енгiзiлген параграфтар мен жаттығулар нақты оқу үдерісінің уақыт мүмкiндiктерiнен артпауы орынды болады. Осылай, аптасына 3 рет болатын оқу жылындағы 102 сағатта мұғалiм сыныпта шамамен 90 сағат өткізуі мүмкiн. Сондықтан оқулықта шамамен 80-85 параграф және оған енетін жаттығулар болуы талап етіледі.
Оқулықтарда пайдаланылатын сұлбалар, сызбалар, суреттер және т.б. таңбалы жүйелер – бұл өзiндiк ерекшелiгi бар жасанды тiлдер, олардың негiзiнде зерделенетiн объектiлердiң өзiндiк ерекше бейнелерi қалыптасады [7, 48 б.]. Бұдан оқулықты рәсiмдеуге қойылатын талап анықталады: суреттердiң көмегiмен оқытудың жоспарланатын нәтижелерi элементтерiнiң көбiрек бөлiгiн көрнекiлiкпен көрсету мүмкiндiгiн iздестiру қажет; суретте оқу материалының зерделенетiн объектiсi оқушы үшiн анық әрi айқын болуы тиiс. Сонымен қатар көрнекi материалдың шығармашылық бағытталғандығы да болуы қажет. Осы мақсатпен көрнекi материал тек оқулық мәтiнiмен iлесе жүретiн, тапсырмалардың орындалу ретiн және т.б. көрсететiн қосалқы рөл атқарып қоймай, оқушылардың продуктивті iс-әрекетiн (аналитикалық, жоспарлаушы, бағалаушы) дамытатындай болып құрылуы тиiс.
Сонымен жаратылыстану пәндерінен жаңа типтегі оқулықтарда көрiнiс табуы тиiс келесi белгiлердi атап көрсетемiз:
1) ғылыми теориялардың, заңдардың, заңдылықтардың иерархиясын ескере отырып ғылымилық приципiне негiзделуi,
2) үздiксiз бiлiм берудiң негiзi болып табылатын iргелi бiлiм беруге бағдарлануы,
3) оқулық құрылымы мен мазмұны дидактикадағы, психологиядағы, оқыту әдiстемесiндегi жаңа тенденцияларды ескере отырып құрылуы,
4) оқушылардың репродуктивтi емес шығармашылық ойлауын дамытатын белсендi өзiндiк жұмысқа ынталандыруы; мұндай оқулық әлде бiр «орташа оқиды» деп алынған оқушы тұлғасына бағдарланған емес, негiзгi мәтiн де, тапсырмалар жүйесi де қажеттi деңгейдегi саралау тұрғысынан қарауды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi;
5) бұл оқулықтар қазiргi кездегi оқулықтарда ғылымилық пен ұғынықтылық арасында орын алып отырған диспропоцияның туындамауына ықпал ететін болады.