Қазақ халқы асқа, тағамға үлкен мән берген. Халқымыз кәделі әрі орны бөлек тағамдарын ет пен сүттен жасаған. Қымыз, шұбат сияқты шипалы тағамдар батыс елдерінде мүлде жоқ. Бұл – біздің халқымыздың ерекшелігі. Ұлттық дастарқанымызға байланысты алуан түрлі терминдер бар және олар зерттеуді қажет етеді. Бұл терминдер – бай қазақ тілінің және ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бір бөлшегі. Сондықтан біз оны білуіміз және сақтауымыз қажет. Тамақ (тағам) – ішіп-жейтін қоректік ас жиынтығы.
Дастарқан – асқа жайылатын, матадан тігілетін, ас берекесін, ұғымын білдіретін кең жайма.
Ақ – сүттен жасалатын тағамдар.
Айран – сүттен ұйытылған қышқыл, дәмді тағам.
Ақлақ – қой сүтінен жасалған, ірімшікке сары май қосылған жеңсік тағам. Ақтүймеш – қауын қағы мен талқанды келіге салып түйіп жасаған тағам. Ақсорпа – соғым сүйектерін қайта қайнатқанда шығатын сорпа.
Бауырсақ – қамырды кесіп, майға пісірген нан.
Балқаймақ – қайнатылған қаймақ.
Бүрме – сүрленбес үшін мал терісін орап сақтаған ет.
Бөртпе – талқанға сүт, май қосып пісірілген тағам.
Быламық – тісі жоқ адамдарға арналған ботқа.
Быршыма – қатты ашып кеткен айран.
Жал – жылқының жалының майы.
Жая – малдың жаясының еті, кәделі тағам.
Жент – ірімшік, сөк, май, қант, мейіз қоспасынан әзірленетін тәтті, кәделі тағам. Жеңсік тағам – жент, ірімшік, ежігей сияқты сирек кездесетін тағамдар атауы. Жөргем – өрілген мал ішегі.
Ежігей – қой сүтінен жасалатын, құртқа ұқсас дәмді тағам.
Кеспе – сорпаға ысылған нан салып пісірілген тағам.
Келісөс – жаңа піскен тары сөгін келіге түйіп, сүт, қаймақ қосып жасайтын тәтті тағам.
Көже – суға, сүтке тары, күріш қосып жасайтын тағам. Көк – жемістің, шөптің жалпы атауы.
Ашыған көже – суды қайнатып, күріш, тары салып жасайтын, шөл басатын көже.
Айрылысар көже (салт)– көшер кеде көршілердің бір-біріне беретін сыйлы тағамы.
Күлше – табада пісірілетін нан.
Қымыз – бие сүтінен жасалатын аса құнды, емдік тағам, оның түрлері: уыз қымыз – биені алғаш байлағандағы жаңа ашытылған қымыз; бал қымыз – сүр қаз қосып, әбден өлтіріліп пісірілген, бабы келген қымыз; тай қымыз – бір күн сақталған қымыз; құнан қымыз – екі түн сақталған қуатты қымыз; дөнен қымыз –үш түн сақталған күші мол қымыз; бесті қымыз –төрт түн сақталған сапалы қымыз; сары қымыз – шөп буыны қатып, күзде сауылған биенің маңызды қымызы; қысырдың қымызы – қыста құлынсыз сауылатын биенің дәмді, қуатты, шипалы қымызы; түнемел қымыз – көп тұрған немесе үстіне саумал қосылған сапасы төмен қымыз.
Саумал – бие сүті.
Қуырдақ – көбінесе мал сойылғанда өкпе, бауыр, жүрек, жұмсақ еттерді турап, майға қуырып әзірлеген дәмді тағам.