Орталық және Шығыс Қазақстан: Дәмі тіл үйірер нан өнімдері мен бірегей Қазақша ет
Бұл аумақтың халқы ет өнімдерін көп мөлшерде тұтынғанымен, Қытаймен шекаралас болуы да жергілікті асханаға әсерін тигізбей қоймады. Алтайдың арғы бетіндегі көршілеріміз егіншілікпен айналысқандықтан «шығысқазақстандық» тағамдарды дайындауда көкөністер ерте кезден кең қолданыс тапқан.
Шығыста қазақша етті картоппен түрлендіруді жақтамаса да, сорпаға аздап пияз салуды жөн көреді. Бастысы – еттің әр түрін үйлестіріп (жылқы еті, сиыр еті, қой еті) пісіреді. Қазыны да басқа өңірлердегі секілді бөлек емес, барлық тағамдардың үстіне салып ұсынады.
Жаппа қуырдақ – Орталық Қазақстанда ойлап табылған қуырдақтың бір түрі. Еті мол тағамға көкөністер (пияз, болгар бұрышы) қосылып, беті ашытқысыз иленген қамырмен жабылған күйі пісіріледі. Буға піскенінің арқасында тағам бар сорпасы мен көкөністердің керемет иісін сақтап қалады.
Ши бауырсақ – дәстүрлі шығысқазақстандық нан өнімдерінің бірі. Кәдімгі бауырсақтардан айырмасы бірден көзге түседі: ұзынша, шағын пішінді, дәмі де өзгеше. Ши бауырсақ ерекше қамырдан пісіріледі, содан болар қытырлақ болып шығады. Дәмділігі сонша, бір рет дәмін татып көрген адам, өзі де осындай керемет тағамды дайындаудың бар қыр-сырын меңгеріп алуға тырысады. Дегенмен, нағыз ши бауырсақты дайындау қабілеті шығыс аруларына ана сүтімен берілетіндей көрінеді.
Бармақ бауырсақ. Бұл да Орталық және Шығыс Қазақстанда кең таралған бауырсақтың бір түрі. Оны бармақтарға ұқсас жұқа, ұзынша етіп туралған қамырдан жасайды. Бармақ бауырсақты қаймақ пен кілегейге матырып, шаймен ішкен керемет!
Ұсақ бауырсақ. «Қазақша попкорн» атанған ерекше бауырсақ түріне тоқталмасақ болмас. Қытырлақ, ұсақ бауырсақтың дәмін бір татсаңыз өзіңізді тоқтату қиынға соғады! Бүгінде қазақстандықтардың ұсақ бауырсаққа деген махаббаты өндіріске дем беріп, осынау ұлттық тағамның кез-келген дүкеннің төрінен табылуына жағдай жасады.