Лекция жоспары , лекция тақырыбы: Әдебиет теориясы пәні және оның атқаратын рөлі, қамтитын мәслелелері


,30-лекция тақырыбы: Әдебиеттегі модернистік бағыт-ағымдар



бет25/25
Дата15.12.2023
өлшемі394,79 Kb.
#139507
түріЛекция
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25
29,30-лекция тақырыбы: Әдебиеттегі модернистік бағыт-ағымдар
Лекция жоспары:


  1. XIX ғасырдың соңғы ширегінде Батыс өнерінде дүниеге келген түрлі бағыт-ағымдар


  2. Модернистік әдебиет түрлері (экзистенциализм, абстракционизм, символизм, сюрреализм, футуризм т.б.)


  3. XX ғ. басындағы орыс әдебиетіндегі модернистік-декаденттік бағыт-ағымдар


  4. Модернистік өнерге қазіргі көзқарас


Лекция тезисі:

Әдеби бағыт және ағым – көптеген жазушылардың, топтар мен мектептердің шығармашылығына тән рухани және эстетикалық ұстанымдардың, сондай-ақ, осы ұстанымдардың өзара сәйкестігіне негізделген бағдарламалық-шығармашылық мақсаттардың, тақырыптардың, жанрлар мен стильдердің жиынтығы.


Әдеби бағыт әдеби процестің көркемдік-эстетикалық ұстанымдарын құрайтын түсінік. Әдеби ағымдар мен әдеби мектептердің бірімен-бірі пікір алмасып, дамуы - әдеби процестің заңдылығы болып саналады. Әдеби бағыт ағымдар мен мектептерге тән ортақ рухани мазмұндағы көркем ұстанымдардың негізгі шарттарын қамтиды.
Еуропалық әдебиет тарихындағы болған белгілі бағыттар: ренессанстық реализм бағыты, барокко, классицизм, ағартушылық реализм, сентиментализм, романтизм, сыншыл реализм, модернизм, соцреализм, постмодернизм. Натурализм, символизм, маньеризм, рококо, импрессионизм, экспрессионизм, экзистенциализм әдеби ағымдар болып саналады. Аталған бағыттардың ұлттық әдебиеттерде орын алуы мойындалған тұжырым. Әр бағыттың өзіне тән стилі болады. «Бағыт» деген түсінік алғаш рет Белинский,Чернышевский, Добролюбов еңбектерінде қалыптасты. Әдеби бағытпен қатар әдеби ағым түсінігі синоним ретінде қолданылып келеді. 20 ғасыр басындағы әдебиеттануда стиль ұғымы кең қолданыла бастады, кейінірек «дәуір стилі» деген ұғым орнықты.
Модернизм (фр. Moderne – жаңа, қазіргі заманғы) – ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда болған адамдардың рухани дағдарысын бейнелеуге негізделген көркемдік-эстетикалық жүйе. Модернизмнің төменгі шегі реалистік мәдениет болса, жоғарғы шегі 1950 жылдары пайда болған постмодернизм болып саналады. Модернистік өнерді авангардтық өнермен шатастыруға болмайды, бірақ олардың ара-жігін ашып, ажыратып берудің өзі қиын. Модернистік өнердің түрлеріне символизм, экспрессионизм, акмеизм жатса, авангардтық өнер түрлеріне футуризм, сюрреализм, дадаизм кіреді. Модернизм мен авангар­дизмнің өнерде жаңа бір нәрсені жасауды басты мақсат етіп ұстағанымен, модернизм сол жаңаны көркемдік пішін арқылы жасауды мұрат тұтады.
Кейбір кеңестік зерттеушілер модернизм мен позитивизмді бір дүниетаным ретінде қарас­тырады және коммунистік идеологияға сәйкес келе бермегендіктен, модернизмнің тек ұнамсыз жақтарын ғана қазбалап көрсетуге тырысқан. Сондықтан да олар модернизмді буржуазиялық қоғамдағы рухани дағдарыстың көрінісі, бурж­уазиялық жекелік және бұқаралық сананың қайшылықтарының жемісі деп бағалады. Бірақ сол модернистік пайымдаулардың социалистік қоғамда да өркен жайып, көрініс бере бастағанын өздері де бірден тап басып тани алмады. Кеңес зерттеушілері Н.Пастернак, М.Булгаков шығар­ма­ларының модернистік сипатын ХХ ғасырдың жетпіс, сексенінші жылдары ғана мойындай бас­таса, ондай дәстүр біздің М.Әуезов, Ж.Аймауытов шығармаларының желісінде де бар екенін кезінде ғалым Б.Майтанов жазып қал­дырған болатын. Асылында академик З.Қабдолов: «..кертартпа ағымдар бүкіл әлемдік әдеби дамудың кезең-кезеңдерінде көптен-көп: әдебиеттегі мазмұн дегенді біржола ұмытып, жалаң пішінді ғана қуалаған жат сарынды формализм, оның асқынған түрі – абстракционизм, бұлардың «бел балалары» – әсіресе қызыл экспрессионизм, бет алды лаққан футуризм, дарашыл, күйрек импрессионизм, күңіренген символизм, діни-мистикалық акмеизм, қылтың-сылтың трюкке толы имажинизм, күллі кертартпа ағым атаулының бүгінгі буржуазиялық өнердегі қырық құрау қосындысы – өңі айналдырылып, қайта тысталған түрі – модернизм…» – деп дұрыс айтқан.
Постмодернизм адамзат баласының ғасырлар бойы тірнектеп жинаған білім – ғылымын, жасаған өнер туындыларын рухани құндылық ретінде мойындамаумен бірге осы уақытқа дейін көркем әдебиеттің басты сипаты саналап келген өмір шындығының көркем бейнесін жасау міндетін де жоққа шығарады. Олардың ойынша, шындық өмірді бейнелеу мүмкін емес, біз өзіміздің ойымыздағы шындықтың моделін ғана ұсынамыз.
Постмодернизм философиямен тығыз байланысты. Суреткер өз шындығын философиялық тұрғыдан ұсынады. Постмодерннің философиялық тамыры өткеннің құндылықтарына сын көзімен қарай білушілікте, кез келген нәрсенің мәні мен маңызын, парқын айыра білушілікте жатыр.
Б. Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар» («Қазақ әдебиеті», 29.10.2004), «Алғашқы қазақ романдарындағы модернистік назар» («Қазақ әдебиеті», 25.12.2008) мақалаларында бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көріністері хақында сөз қозғайды. Оның ойынша, постмодернизм қазақ әдебиетіне де жат емес. Ол М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, С.Сейфулиннің, С.Ерубаевтың, Р.Тоқтаровтың, С.Мұратбековтің, М.Мағауинның, Ә.Кекілбаевтың, Т.Әбдіковтың, Ә.Таразидың, Қ.Ысқақовтың, А.Нұрмановтың, Д.Досжановтың, т.б. жазушылардың шығармашылықтарынан постмодернизмнің іздерін көреді. Қазіргі әдебиетте бұл бағытқа Д.Амантайдың романдары мейлінше жақын деген пікір айтады.
Мәдениеттанушы Ә.Қодар мен Ә.Бөпежанова сұхбатының («Қазақ әдебиеті», 14.07.2000) негізгі сарыны ендігі жерде қазақ әдебиеті өзінің ұлттық дәстүрінен қол үзіп, батыл түрде батыстық жолға түсу керек, бұл осы жаңа заманның талабы дегенге сайған. Т.Шапай бұл пікірге қосылмағанымен де «Әлем кешкен ағымдарға ерте ме, кеш пе, біз де түсеміз» (сонда) – депті. Ә.Меңдеке «Мұндай тексіз, тамырсыз, топырақсыз, баянсыз, космополиттік дүниетанымды кім қабылдай қойсын. ...әлдекімдердің қаңсығын қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті, қазақ өнері неге таңсық көруі керек?» – деп, постмодернизм атаулыға мүлдем қарсы шықты.
Ал ақын Аманхан Әлімовтің постмодернизм туралы пікірі ашық. Ол «Постмодернизм – белгілі бір уақытқа иек артып, дәстүрлі тек - тұрақ тауып, топыраққа негізделмеген тенденция. Оның уақытша «модада» жүретіні де сондықтан ... Постмодернизм мәдениеттің емес, өркениеттің көрінісі. Сондықтан онда күйретуші күш басым. Ол – түп- тұқияны урбанизациядан өрген, төр төркінсіз бағыт-бағдардағы қозғалыс. Өнер өткенінің дәстүрі мен этикасын жоққа шығарып, әдебиет пен мәдениеттегі, жалпы өнердегі эксперимент пен стиль шарттылығын насихаттайтын, нақтылықтан қол үзген модернизм. Постмодернизмді таланты, бойындағы интелектуалды шығармашылық қуаты сарқылғандар ғана құрайды. Құрастырады (конструкциялайды). Яғни, олар сөзбен ойнайды. Образды адам сезіміне қатқыл, санасына ауыр тиетін метафоралар арқылы жеткізеді. Және оған модернистер де постмодернистер де мен солай «көремін», әрі солай «сезінемін» деген принципке қарай, сол арқылы өз «көзқарасын» қалыптастырады. Сосын оны өзгелерге таңып, соны мойындатқызып және теория ретінде бойға да, ойға да сіңіргісі келеді. Ал, қансіңді емес, менталитетіңде, туа бітті табиғатыңда жоқ нәрсені қалай қабылдайсың?» («Қазақ әдебиеті», 9.05.2003) - депті.
Постмодернизмді көбіне жастардың көбі қолдайтыны байқалады. Дарынды жас ақын А.Елгезек «Модернизм дегеніміз, жаңаша ойлау, жаңаша жазу дегенді білдіреді. Ал, ол үрдіс ұлт әдебиетінде қайда қашсаңыз да болатын құбылыс...», прозашы Л.Қоныс «Модернизм ағымына етіміз үйреніп қалды ғой деймін, бұрынғыдай шошып жүрген оқырман көрінбейді... Және де классикалық әдебиет түрін жоққа шығару, оған қарсылық білдіру де жоқ. Ендеше, мұны неге ұлт әдебиеті үшін маңызы жоқ деп қабылдаймыз? Бұл ағым әдеби тілімізге жаңалық енгізгендей... Мұнда сөзді ойнату бар» («Қазақ әдебиеті», 25.01.2008) – депті.
Жазушы Д.Амантай «...әдебиеттің дамитын, жүретін бір- ақ арнасы бар. Ол – еркін әдебиет. ...әңгіме дегеніміз, үлкен сана ағымына, ой ағымына, сезім толқынына құрылған шексіздікті тереңіне қамтыған жұмбақ мәтіндер жиынтығы... Постмодернизм дегеніміз – шексіз әлем» («Қазақ әдебиеті» 04.04.2008) - санайды. Ол әрбір шығарма – ой, суреткер оқырманға оқиға емес, белгілі бір ойларын жасырған оқиғалар желісін ұсынады, сонда ғана әдебиет өнер туындысы бола алады деп біледі.
Сонымен, постмодернизмнің қазақ әдебиетіне қатысы жайлы айтылған пікірлер екіге айрылған. Жастар жағының батыстан келген бұл жаңалыққа қызығып, құмарта қарайтындығы, ал дәстүршіл қаламгерлердің күдікпен жүргендігі байқалады. Қарама- қарсы екі пікірдің қайсысы болсын, теріске шығара алмайсыз. Екі жағының да жөні бар, дәлелдері жеткілікті. Екеуінде де шындықтың шиырлары жатыр. Соны тауып, кәдемізге жаратқан лазым. Біреуі тарихи тамырға табан тіресе, екіншісі бүгінгі батысты бетке алып, даму жолына түскен дәуірдің жалынан ұстаған. Сондықтан да, мақсат постмодернизмге ұлттық мүдде тұғысынан келіп, ақиқаттың ауылы қай жақта екендігін аңғару; ойға ой қосу.
Әдебиеттің, оны зерттейтін әдебиеттанудың ұлттық, идеологиялық сипаты анық. Және ұлттық тілден, ұлттық тұрмыс- тіршіліктен туындайтын сөз өнері – әдебиеттің де ұлттық сипаты басым. Қоғамның дамуымен бірге әдебиет те дамып, жаңғырып отырады. Даму негізінен ұлттық дәстүр арнасында яғни, әдебиет алыптары қол жеткізген өміршең өркендерін әрі қарай шығармашылықпен жалғастырып кету арқылы жүреді. Сонымен бірге басқа халықтар әдебиетінің озық үлгілерінен үйрене отырудың да маңызы зор. Бұл әдеби дамудың даңғыл жолын анықтайтын бұлжымайтын заң іспеттес. Бұлай болмаса, ол әдебиеттің ұлттық сипаты жойылады да, белгілі бір халықтың әдебиеті деген атаудан да, ұлттық, халықтық мазмұннан да айрылады.
Ал Батыстан келген постмодернизм көркем әдебиеттің осы бір басты қасиетін жоққа шығарады. Әдебиеттің ұлттық сипатын, дәстүрлі жолын тәрк етіп, оның ғасырлар бойғы дамуы барысындағы басты жетістіктерінің барлығына күмәнмен қарайды. Сөйтіп халықтардың заманалар бойы тірнектеп жинап, бүгінгі күнге жеткізген, бойына сіңірген, қазіргі қоғамдық өміріміздің әлеуметтік – мәдени өмір салтына айналып отырған рухани құндылықтарын мойындамайды. Яғни, «жаппай мәдениет» сияқты жасанды тобырлық мәдениетті ұсыну арқылы адамзат баласын ұлттық тарихи тамырынан айырып, ұлтсыздандыру саясатын жүргізуде. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған американдықтардың өмір салты басқа халықтарға да өркениеттің озық үлгісі ретінде ұсынылуда. Мұның өзі жер бетін мекендеген сандаған ұлттардың әртүрлі жағдайда түрлі тілдерде жасаған, шешек атқан гүлді даладай құлпырған ұлттық мәдениеттерінің, содан кейін ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатуына алып келеді. Сонымен бірге түрлі тілдердің, түрлі мәдениеттердің, түрлі ұлттардың жойылуы адамзат баласын өркениеттің бүгінгі биігіне жеткізген рухани құндылықтардан айырып, оларды ата-баба дәстүрін білмейтін, ертеңін болжай алмайтын, тек бүгінгі күннің қамымен ғана ғұмыр кешетін, адамдық қасиеттерден, имандылықтан жұрдай жыртқыш қоғамдық қатынастарға апарып соқтыруы мүмкін. Батыс өркениеті бізді осы бағытқа салғысы келеді. Әрине, біздің мақсатымыз-мұндай қоғам емес, ұлттық, адамзаттық рухани құндылықтарға құрылған адамдар бақытты өмір сүретін өркениетті қоғам. Ондай қоғамда адамзат баласының Адам Ата жаралғалы бергі асыл армандары бақытты қоғам құруына жеткізетін рухани құндылықтар салтанат құрады. Мәдениеттің ішінде әдебиет те осы бір гуманистік идеялардың орнығуына тікелей қызмет ететін аса бір маңызды құрал екендігі әрдайым есте болғаны жөн.
Постмодернизм бойынша, өмірде қатып қалған нәрсе жок; қоғамның дамуымен бірге оның барлық салаларында, соның ішінде мәдениетте, әдебиетте де өзгерістер болады, рухани құндылықтар өзгеріп отырады. Постмодернизм әдебиеттің қоғам дамуынан қалып қалмауы, өзгерген өмірмен бірге өзгеріп отыратын жамағаттың қазіргі заманғы рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыру қажеттілігінен туындаған.
Постмодернизмде өмір қаншалықты шексіз болса, оны танып-білу де соншалықты шексіз; сол сияқты сол өмірді көркемдік тұрғыдан танып-білудің құралы саналатын әдебиет те өмірдің шындығын шынайы бейнелеуі де мүмкін емес. Оған жазушының да, оның бейнелеу құралы әдебиеттің де шама-шарқы жетпейді. Сол себепті де постмодернизм осы уақытқа дейін «әдебиет дегеніміз өмір шындығының көркем бейнесі» деп келген негізгі қағиданы мойындамайды. Әдебиетте суреттелген бейнелер қаламгердің өзі көрген өмірінен түйіндеген өз шындығы ғана. Бір тақырыпқа жазылған жазушылардың шығармаларында өмір көрінісі, идеясы, көркемдігі түрліше болатындығы да сондықтан. Оны біреудің қабылдауы да, енді біреудің қабылдамауы да мүмкін. Өйткені әр кімнің өмір туралы, белгілі бір оқиға жайлы өз пікірі болатындығы сияқты әр суреткер де қоршаған ортаны өз көзімен көріп, өз деңгейімен қабылдап, ой қорытады; шамасынша бейнелейді. Белгілі бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың сол қоғамда жүріп жатқан құбылыстар жайлы түрліше көзқараста болатындығы, тіпті бір оқиға жайлы әркімнің өзінше ой түйетіндігі сияқты көркем шығарма да – оның авторының ғана өмір туралы өмір шындығы. Жазушы өмір шындығын бейнелей алмайды, ол сол өмірден туындаған «өз шындығын» ғана ұсына алады. Ал оны қабылдау немесе қабылдамау оқырманның өз еркінде. Сондықтан да қаламгердің шығармасынан өмір шындығын іздеу, көремін деу, идеясын талдау, одан оны талап ету дұрыс емес дейді постмодерншілдер.
Қазіргі заманғы дамудың барысында қалыптасқан әдеби дәстүрлерді мойындамаумен бірге, оның өзіндік көркемдік заңдылықтарын да теріске шығарады. Әдебиеттің теориясы деп жүргенімізді әдебиетке салынған құрсау, көркемдік дамудың бір ғана бағытына ашылған жол, әдебиет ешбір сыртқы әсерсіз жан- жаққа еркін өркен жаюы тиіс дейді. Сол себепті де постмодернистік әдебиет біздің бұрынғы көркемдік түсінігімізге, ғылыми категорияларымызға сәйкес келе бермейді. Дәстүрлі әдебиеттің поэтика, оның бейнелілік, шығарманың тұтастығы, сюжет, бейнелеу құралдары, идеялық, тәрбиелік мәні деген сияқты негізгі сипаттары постмодерндік әдебиетке тән емес. Көркемдіктің ортақ заңдылықтарын, әдебиеттің негізгі категорияларын терістеу, ол туралы пікір айтатын, баға беретін сынды, оның негізгі заңдылықтарын зерттейтін әдебиеттану ғылымын да қажет етпейді дегенді білдіреді. Мұның өзі адамзат баласының ғасырлар бойы сөз өнері жайлы жинақтаған ілім-білімінің жоққа шығару деген сөз.
Сонымен постиндустриалды қоғамның әдебиеті ретінде кейіннен жаһанданумен бірге жер жүзіне тарай бастаған постмодернизм қазір қазақ әдебиетіне де келіп жетті. Бірақ ол қазақ әдебиетінің ішіне дендеп әлі кіре алған жоқ. Қай жағынан кірер жол іздеп, айналып, оның маңында жүрген жас үміткерлерді айналдыруда. Қазір әдебиетімізге келе жатқан кейбір жас дарындарымыздың шығармаларында «постмодернизмнің исі» шыға бастады. Әдебиетіміздің ертеңі саналатын жас дарындарымыздың әдебиеттің ең соңғы модасы, үлгісі ретінде ұсынылып отырған постмодернистік әсерімен шығармалар жаза бастауын қолдаймыз ба, әлде...
Десек те мұның бәрі болашақта қазақ қауымы даму жолының қандай түріне түсуіне байланысты болса керек. Егер де ұлттық даму жолымен жүрсек, халқымыздың ұлттық құндылықтарымен бірге ұлттық әдебиетіміз де дами бермек. Жаһандануға ұшырап, Батыстық даму бағытымен біржола кетсек, барлық рухани құндылықтаымыз бен бірге дәстүрлі әдебиетіміз де өзінің ұлттық сыр сипатынан, түр мазмұнынан айрылып, ары кеткенде 20-30 жылда постмодернизм жолына түседі. Постмодернистер айтатындай, шыңдықтың жолы қайда жатыр, соны іздеу лазым.
Тәуелсіздігін алған қазақ халқы өркениетті даму жолына түсті. Осы жолда ұлттық рухани құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, әлемдік өркениетте туындап жатқан озық үлгілерден, тәжірибелерден үйрене отырып, «иісімізді» жоғалтып алмай, өзге елдерден қалып қоймай, өркениетті қоғам орнату – басты мақсатымыз. Сонда ғана ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күресіп келген бақытты қоғамды құрып, әлемдік өркениеттен өзімізге лайықты орнымызды ала аламыз..
http://emirsaba.org

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет