Лекция жоспары , лекция тақырыбы: Әдебиет теориясы пәні және оның атқаратын рөлі, қамтитын мәслелелері



бет18/25
Дата15.12.2023
өлшемі394,79 Kb.
#139507
түріЛекция
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   25
Байланысты:
Лекция тақырыбы Әдебиет теориясы пәні және оның атқаратын рөлі,-emirsaba.org

Пайдаланылатын әдебиеттер:
  1. А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» Кітапта: А.Байтұрсынов шығармалары. А.,1989


  2. З.Ахметов «Өлең сөздің теориясы» А., Мектеп. 1973. -212 б.


  3. Қ,Жұмалиев «Әдебиет теориясы» А., 1969.


  4. З.Қабдолов «Сөз өнері» А., Санат. 2002. -360 б.


  5. Әдебиеттану. Хрестоматия құрастырған С.Мақпыров А., 1991. Қосымша


  6. З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» А., «Ана тілі» 1995


  7. М.Атымов «Көркем шығарманың композициясы туралы» А., 1969


  8. М.Әуезов «Әдебиет тарихы» «Ана тілі» 1991


  9. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. - Алматы, Ана тілі, 1995.


  10. Ахметов 3. Казахское стихосложение. - Алматы, 1964.


  11. Атымов М. Көркем шығарма композициясы туралы. - Алматы, 1969.


10. Белинский В.Г. Шығармалары. Сын мақалалары. - Алматы, 1987.


11. Добролюбов Н.А. Әдебиет туралы мақалалары. - Алматы, 1955.
12. Дәстүр және жаңашылдық. Екі томдық. - Алматы, Ғылым, 1980-1981.
13. Жұмалиев Қ. Стиль - өнер ерекшелігі. — Алматы, 1966.
14. Горький М. Әдебиет туралы. Алматы, 1954; 1984.
15. Қабдолов 3. Көзқарас. Талдаулар мен толғаныстар. - Алматы,1996.
16. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. Құрастырған З.Ахметов, Т.Шаңбаев. - Алматы, Ана тілі. 1998. -384 б.

17, 18 - лекция тақырыбы: Дәстүр мен жаңашылдық бірлігі.
Лекция жоспары:


  1. Дәстүрді шығармашылыкпен игеру мәселесі.


  2. Абай дәстүрі және оның қазақ поэзиясындағы жалғастығы.


  3. Әдебиеттегі көркемдік дәстүрлер, олардың сөз өнерінің дамып, өсуіндегі мән-маңызы.


  4. Әуезовтің тарихи роман дәстүрі.


Лекция тезисі:
Дәстүр мен жаңашылдық – әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыртуды, мұрагерлік пен қайта жасауды, бұрынғы мен соңғының байланысын білдіретін ұғым. Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасып, сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол-жобалар көзқарас түсініктер жатады.

Жаңашылдық – өткен өмірдің, кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінің ішінде мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шы­ғып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс-әрекеттер. Ол жал­пы өркениеттің дамуына әсер етеді, осы жолда туып, орнығады. Дәстүр мен жаңашылдық диалектикалық бірлестікте бо­лып, ескі мен жаңаны жалғастырады, тарихпен бірге дамиды, өндірістің базисі ретінде өзгеріске ұшырап отырады. Дәстүр мен жаңашылдық арасындағы заңды байланыс – материалдық және рухани мәдениеттің, өндіріс пен техниканың, философиямен әдебиеттің, өнердің барлығына тән. Жаңашылдық - әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Дәстүр мен жаңашылдық әдебиетте, өнерде ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаңа заманның талап-тілегіне сай келу қағидасын қажет етеді. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым-түсініктеріне байланыс­ты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туа­ды. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейне­леу құралдары жасалады. Бұл – әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды, мағынаны білдіреді, түр мен мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әде­биетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін.


Қазақ поэзиясына Абай Құнанбайұлы енгізген жаңашыл үлкен дәстүр болып қалыптасты. Абай қазақ поэзиясын әсіре шешендікпен, әсіре бояудан құтқарып, терең ойлылықты арттырды. Ол ақын орнын, оның қоғамдық, әлеуметтік мәнін танып, көркем сөзді жоғары сатыға көтерді, ауыз әдебиетінің дәстүрінде келе жатқан поэзияны түрлендірін, жаңа арнаға салады. Мысалы, "Көлеңке басын үзартып" өлеңінде; "Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой" дегенде тынымсыз, мазасыз ойды, жабырқау көңілдің суретін "адасқан күшікке" балайды.
С.Сейфуллин қазақ әдебиетіне, соның ішінде поэзияға жаңа леп, жаңа серпін әкелді. Қоғамдағы тың өзгерістерді экспресс түрінде суреттеді ("Экспресс"). С.Мұқанов поэзиясы ("Бостандық") өлең түрі жағынан ескіше болғанмен, идеялық мазмұны, тілек-мақсаты жағы­нан жаңа. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов өз шығармаларында шешендік дәстүрді шебер пайдалана отырып, үлкен жаңалық әкелді.
Дәстүр мен жаңашылдық кең мағынасында филисофиялық ұғым.
Халықтың ежелден өмір жолында, тырбанған тіршілігінде, шытырмен тағдыр талқысында тірнектеп жиған қазынасы – арман-мұраты, салт-санасы, сенім-сезігі, түсінік-түйсігі қазақтың бай фольклоры мен поэзиясының терең мазмұнын қалады. Мазмұн қазақтың тіл байлығынан өзіне лайық түр тауып, көркем сөз өнерінің поэтикасын тізді. Сөйтіп, қазақ халқының көп ғасыр бірге жасасып келген көркем сөз өнері Абай заманына жеткенде, атақты шығыс зерттеушісі ғалымдардан жоғары бағасын алған өзінше ұлан-асыр көркем дүние еді. Абайдың «Біреудің кісісі өлсе қаралы - ол» деген атақты өлеңін оның поэзия мұрасынан деген көзқарасының айнасы дей аламыз. Қазақтың тұрмыс-салт жырларын, тақпақ, мақал-мәтел, шешендік сөздерін тізіп келіп, ақын:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансайшы, бос қақпай елең-селең,-
деп өлең өнерінің құнын көтеріп берді. Бірақ Абай ондағы не бардың бәрін бірдей талғамай қабылдай берген жоқ және қабылдағаннның деңгейінде қалып қойған жоқ. Қайта соның бәрін жіті сын көзінен өткеріп, пайда-зиянын айыра білді, шірігі, шикісі болса, міні кемшілігі болса көре білді. Аталмыш өлеңдегі мына бір шумақ соның айғағы:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау.
Бір жағынан қазақ өлеңдерінің өмірде кең тарап, керемет қызмет атқарғанына сүйсінсе, екінші жағынан, әлгі өзі көрген «кемшілігі» дарынды ақынды поэзияның жаңа биігіне меңзеген сияқты. Бұл мақсатта Абайдың асқар талантының үстіне оған бағыт сілтеп, талабына дем берген, тірек болған күш не дегенде М.Әуезов анықтаған үш әдеби дәстүрді айтар едік: ол – қазақтың төл әдебиеті, Шығыстың және Батыстың төл әдебиеті, әсіресе ұлы орыс әдебиеті. Арман биігіне көтерілген Абай творчествосын зерттеген кісі осы үш арна дәстүрдің сара ізін анық байқаған. Сонымен бірге осынау жосылған дәстүр іздерінің қандай жаңа биікке ұласқанын көреді. Ұл Абайдың өзі арман еткен, кәдеуілгі «ер данасының қиыннан қиыстырар», «өлең сөздің патшасы», «сөз сарасы», екен, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» екен, арман биігін аңсап қана қоймай, оған тегеурінді талантымен шарықтап шығу - Абай поэзиясының жаңашылдық қасиетін танытқаны сөзсіз. Қат-қабат дәстүр қазынасынан асылын аршып ала білу және оны жарқын идеяның игілігіне жұмсап, творчестволық іске асыра алу – Абай даналығының, Абай жаңашылдығының Пушкинге ұқсас үлгісі мен өрнегі десе болады.
Ал енді, Абай үлгісі мен өрнегінің одан кейінгі поэзия үшін таптырмас дәстүр болып қалғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Абайдың ізін басып шыққан С.Торайғыров, С,Дөнентаев, Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Асқар, Ғабит, Ғабидин, Тайыр, Әбділдә, кейінгі бүкіл қазақ совет ақындары Абайды ұстаз тұтып, тәлім алды. Абай творчествасының жаңашылдық табыстарының енді күллі қазақ әдебиетінің баға жетпес байырғы дәстүріне айналды.
Жаңашылдық жақсы нәтижесін ең алғаш қазақ совет әдебиетінің іргесін қалаған «алыптар тобының» творчествосынан көргенбіз. Сәкен мен Ілиястың, Иса мен Сәбиттің поэзиясы, Бейімбет пен Мұхтардың, Ғабит пен Ғабиденнің прозасы мен драматургиясы – соның кепілі.
Қазақ әдебиеті жарыса аққан арналы қос бұлақтан: ауыз әдебиеті мен жазба профессионал әдебиеттен өмірлік нәр алып келді. Осынау қос бұлақ қосыла ағып, қазақ әдебиетінде әлі де жұптаса өркенін жайып келеді. Олардың даму, дәйектелу сапарының ең бір өзгеше сипаты – бір-бірімен қанаттаса қимылдап, бірін-бірі молықтырып, байытып отыруында. Ол – заңды құбылыс. Қазақ фольклорының ең асыл дәстүрлері – кең арналы эпикалық толғанысқа, халықтың қаһарман тұлғасын бейнелеуге ұмтылу, поэтикалық шебер тіл – осының бәрі ақын Абай Құнанбаев бастаған классикалық қазақ әдебиетіне игі әсерін тигізбей қоймады.
Қазақ фольклорының тамаша білгіші Абай халықтық қара өлеңнің әдеттегі формаларын бұзып, ана тілінің күллі асыл қазынасын өз творчествосына сіңіре білді. Ол дүниежүзінің, ең алдымен орыстың классикалық әдебиетін терең зерттеу нәтижесінде қазақ поэзиясында бұрын болып көрмеген, соны формалар тудырып, жаңашылдыққа жол салды. Гүл жарған жазба поэзия өте-мөте кеңес дәуірінде ауыз әдебиетінің өрби өсуіне айрықша күшті әсер етті; халықтың жыр дәстүрлерін тал бойына таза сақтаған Жамбыл Жабаевтың құдіретті дарыны осыған айғақ.
Әдебиет пен көркем өнердегі ұлттық дәстүрлер ұрпақтың дүниені көркем оймен тану жолындағы озат тәжірибелерінен жасалғаны мәлім. Дәстүр – болмысты көркем образға айналдырудың ғасырлар бойы машықталған тәсілдерінен және айналамызды қоршаған қоғамдық орта мен табиғатты ой таразысына сала отырып бейнелеудің ұрпақтардан ұрпақтарға мирас боп келе жатқан қағидаларынан құралады. Дәстүр тұлғасы – тарих талқысынан өткен, халықтың ой-сезіміне етене болған, халықтың эстетикалық талғамына төтеп бере алатын бейнелеу нақыштары мен күллі ұлттық тіл байлығы арқылы айқын көрінеді.
Ұлттық дәстүрлер көркемдік шеберліктің халықтар жинаған мол қазынасын ғасырдан ғасырға әкеп тапсыратын эстафета іспетті. Бірақ олар ұлттық әдебиеттердің өзара қарым-қатынасының, өзара игі ықпалының нәтижелерін міндетті түрде қамтиды. Сонымен қатар, қоғамдық өзгерістердің және халықтың ұлттық характері дамуының нәтижесінде, ұлттық дәстүрлердің кейбір элементтері күн асқан сайын құри береді. Көне заман творчествосына тән діни мифологиялық образдар мен метафорлар, немесе кейбір ежелгі ақындардың бипаздалған бал көмейлігі мен лұғатты сәуегейлігі - қазір бағзы архаика ғана. Дәстүрлер шебер суреткерлердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырады. Жаңа дәстүрлер туады.
Қазан төңкерісіне дейін бұл әдебиет негізінде тек бір жанр — поэзия саласында ғана дамыды. Прозаның бірен-саран шағын элементтері жаңа пайда бола бастаған. Драматургия мен әдеби сын оның шығармашылық арсеналында мүлде болмайтын. Сан ұрпақтың ақындары жасаған қазақ поэзиясы совет жылдарында реалистік естиярлық биігіне ең алдымен поэма жөнінде көтерілді. Көркемдік құндылығы жағынан өте-мөте С.Сейфуллиннің, I.Жансүгіровтің, Ә.Тәжібаевтың, Т.Жароковтың, X.Ерғалиевтің, Қ.Бекхожиннің поэмалары көзге түседі. Талғампаз оқушы қазақ әдебиетінен сюжетті, немесе сюжетсіз лиро-эпикалық және философиялық поэмаларды ғана емес, Шығыстың классикалық поэзиясының ең асыл дәстүріне еліктеген поэмаларды да таба алады.
Абайдан кейінгі қазақ поэзиясының сапа жағынан жаңа белеске шығу себебі, мұнда ақынның дүниені көру, сезінуі, жалпы дүние тануы мен өмірге көзқарасы мүлде өзгеріп кетті. Халықтың ақындық творчествосында туған ең асылдардың бірін, оның азатшыл мотивін, азаматтық патетикасын, тамаша шешендігін өзіне мұра тұта отырып, халық творчествосымен қоян-қолтық араласа өркендей отырып, қазақ сонет поэзиясы (сюжетті, сюжетсізі де, поэма мен лирика да) реалистік бағытты әлем поэзиясының тәжірибесін пайдалана өсті.
Халықтың творчестволық күшінің адам айтқысыз өсуі, халық шабытының шарықтап шыңға шығуы революциядан кейін фольклорға да жаңа сипат берді. Тарихи жағдайларға орай, ауызша және жазба поэзия өзара күрделі байланыс жасап, бір-біріне көмектесуде. Фольклор жазба поэзия үшін сан алуан дәстүрлердің қайнар бұлағы ғана емес, сонымен бірге ол жазба поэзия дәстүрлерін де өз бойына сіңіре бастады.
Қазақ әдебиеті кеңес дәуірінде жаңа жанрлармен – проза, драматургия және әдебиет сынымен байыды. Бұл жанрлар ұлт топырағында туып, халықтың поэтикалық мәдениеті негізінде жасалған жаңа образдармен молықты. Орыс реализмінің дәстүрлерін ой елегінен өткізіп, неғұрлым терең игерген сайын, бұл образдардың идеологиялық мән-мағынасы соғұрлым күшейе түсті де, көркемдік шеберлік жетілдіріле берді.
Қазақ прозасының табысы тіпті ғаламат, ол осы жылдардың ішінде өзіне тән реалистік дәстүрге ие болды. Оның түрлері молайды: драмалық, күрделі сюжетті шығарма, психологиялық әңгіме, тарихи-революциялық, өмірбаяндық романдар мен бүгінгі күн тақырыбына арналған жауынгер очерктер туды. Өмір талаптарына "жауап" ретінде туған әлеми әдебиеттің мәдени дәстүрлерінен мол нәр алған қазақтың реалистік прозасы новеллашыларымыз бен романшыларымыздың күш-жігері арқасында үдере өсті. Б.Майлиннің өзіндік ерекшелігі мол мұраларында қазақ новелласының аса көркем үлгілері бар. Сәкен Сейфуллин творчествосында өмірбаянды саяси өткір мәселелермен ұштастыра жазу формасы аса игілікті болып шыққан. С.Мұқановтың "Ботагөз", Ғ.Мүсіреповтің "Оянған өлке", Ғ.Мұстафиннің "Шығанақ" романдарында және басқаларда прозаның кесек формалары жасалды. Біз бұл арада қазақ прозасының аса көрнекті туындыларын ғана атап отырмыз, өйткені олар уақыт сынынан мүдірмей өтті. Бұл шығармалар әлі есейіп жетпеген әдебиеттердің бұғанасы қатпаған кезіне тән схематизмнен, геройларды бейнелеудегі арагідік қара дүрсіндіктен, натурализмнен ада болды. Осынау белкүлі өзгеше туындылар, тұтас алғанда, әдебиеттің соны мәдениетін игеруде елеулі табысқа жеткенімізді дәлелдейді.
Реалистік прозаның қазаққа ғана тән, кеңестік одақ халықтарының көп тілді әдебиетінде анадайдан көзге түсетін ұлттық стилі жасалды. Дегенмен реалистік прозаның бірыңғай ұлттық стилінен әрбір сөз зергерін оның творчестволық дербес қасиеттері бойынша танып алу қиын емес. Мәселен, Майлиннің қазақ аулы өмірінің көркем шежіресі болып саналған новеллалары образдарының нанымдылығы, төрт аяғын тең басқан тамаша формасы арқылы айрықша көзге түседі. С. Мұқановтың "Ботагөз" романында революция қарсаңындағы және одан сәл кейінгі халық бұқарасының өмірі мен қозғалысы сияқты тарихи-әлеуметтік мәні зор ірі уақиғаны суреттеуде лиризм, драматизм, көркем әсемдік жұптасып жатады. Ғ. Мүсіреповтің айрықша өзгешелігі сатиралық серпінінің дәлдігі, стильді мұқият шыңдауы болып табылады.
Драматургия да біздің әдебиетіміздегі тың жанр. Қазақ драматургиясы қойшының құрым үйінде қойылған алғашқы пьесадан бастап, Қазақтың академиялық драма театрының спектакліне дейін көтерілді. Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Ақан сері – Ақтоқты" пьесаларында, немесе Ә.Тәжібаевтың, Ә.Әбішевтің, Ш.Хұсайыновтың және басқа көптеген драматургтердің пьесаларынан шеберлердің кемеліне келген өнері танылды.
Егер әдеби сын мен әдебиеттануды атап өтпесек, онда қазақ совет әдебиетінің өркендеу жайын толық көрсетпеген бол ар едік, өйткені оны калыптастыру және дамыту ісіне жазушылардың өздері де, біздің сыншыларымыз да, филолог ғалымдарымыз да атсалысты ғой. Қазақ әдебиетінің тарихы жайлы алғашқы зерттеу еңбектер 20-жылдардың аяқ шенінде пайда болды. Бұл да біздің халқымыздың жаңа көркемдік жағынан қауырт дамуының айғағы болып саналады.
Соны жанрлардың тууы, көне жанрлардың жаңғыруы, жазбаша және ауызша көркем творчествоның бірін-бірі байытуы, болмысты революциялық даму барысында суреттеу – міне, әдебиетіміздің тал бойындағы осындай нәрлі, мәнді құбылыстардың бәр-бәріне оның ұлы жүрегі – идеялылық, халықтық қасиеті себеп болды.
Қазақ халқының тарихында дүниежүзілік мәдениеттің, ең алдымен озық ойлы орыс мәдениетінің таңдаулы үлгілері мен дәстүрлерін өз бойына мол жинаған ағартушы-демократтар Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин көрнекті роль атқарды. Олар білім мен ғылымды өрістетуге, адамзат ой-санасының барша жетістіктерін меңгеріп, оны халықты көркейту ісі үшін пайдалануға шақырды.
Алайда діни дәрістерді уағыздаған "жалаң көркемөнер", декоденттікті, символизмді мадақтаған, шынайы болмыстан көрінеу тұра қашып, паңсынған, жалғыздыққа, халықтан, өмірден оқшаулануға шақырған ақындар да болды.
Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
1. Халықтың поэтикалық шығармашылықтың ертедегі сатыларынан бастап, жанрлары мен формаларының жүйелері кең дамыған, ақындары мен жазушыларының өзіндік стилі, өзіндік творчестволық сипаты бар осы заманғы профессионал әдебиетке жеткен социалистік реализм жолындағы қазақ әдебиетінің озық дәстүрлері жүздеген жылдар бойына қалыптасты.
2. Қазақтың ұлттық әдебиетінің өзіндік ерекшелік, халықтық реализм іспетті айрықша қасиеттерінің сұрыпталып, сомдану процесі қазақ және орыс әдебиетінің, Шығыс пен Батыс халықтары әдебиеттерінің өзара творчестволық көмегі бірін-бірі игі қасиеттермен молықтыруы жағдайында өсіп келеді. Осы сапа-қасиеттердің өрби өсуіне қазақ әдебиетінде терең тамырлы ішкі процестер жүріп жатыр: озық дәстүрлер мешеу тенденцияларға қарсы, болмысты аңдау және оны игерудегі өресіздік пен тарихи томаға-тұйықтыққа қарсы күресте шынығып, марқаюда.
3. Қазақтың ұлттық әдебиеті әдебиеттің өзегі болып танылатын қазақтың әдеби тілін қалыптастыруда және дамытуда тарихи роль атқарады һәм әлі де атқарып келеді. Халық өркенді жыр өнерімен атсалысса, ақындар, жазушылар адамдар арасындағы қарым-қатынастың құралы болып табылатын тілдегі небір прогрессив жаңалық атаулының бәрін іріктейді, сұрыптайды, жетілдіреді, дәйектендіреді.
60-80 жж. қазақ прозасында тарихтағы ірі тұлғалар мен өнер адамдары, сал-сері, әнші-сазгерлер өмірін арқау еткен шығармалар аз жазылған жоқ. Осы шығармалардың биік шыңында, қайнар бастауында атақты «Абай жолы» эпопеясын тудырған ұлы суреткер М.Әуезовтің өнегесі, қаламгерлік дәстүрі тұрды.
«Кемеңгер жазушының теңдесі жоқ шеберлігін, оның көркемдік дамуымызға қосқан жаңалығын түрлі тұсынан қарастырудың қажеттігі бар. М.Әуезовтің шығармашылық тәжірибесі күллі қаламгерлерімізге өшпес өнеге, таусылмас тәлім. Көптеген туындылардың оқушы қажетіне жарамай, эстетикалық тұшыным бермейтіндігі олардың көркемдік шындық-қа жетпеуінен, өнер дәрежесіне көтерілмеуінен. Мұндай жағдайда әдебиеттің биік жаратындыларының ғажай-ып нақыштарын, бейнелеу бітімін, керемет кестелерін насихаттау, суреткерлік ұсталық үлгісін айтудың танытқыштық, тәрбиелік мәні бар» - деген ғалым Р. Бердібаев пікірінің де маңызы жоғары.
Осы дәстүрге табан тіреп, суреткерлік мектептен нәр алған қазақ прозасы және оның белгілі өкілдері шықты. Мұндай озық дәстүрлерді жалғастырған, шеберліктің шыңына көтерілген туындылар І.Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар»; Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт»; С.Жүнісовтің «Ақан сері» т.б. романдары. Бұл романдар турасында айтылар ой аз емес.
Академик Р.Нұрғали: «Әр заманда, әр дәуір сол кезеңдегі өнерден өз келбетін, өз рухын, өз жүрегінің дүрсіл тынысын, қан тамырының бүлкілді ағысын көруге құштар. Өмір мен өнер орайындағы бұл сабақтастықты ешбір суреткер аттап өте алған емес. Тарихтың жабылып кеткен көне беттерін ақтарып, соларды шығар-масына тиек қылған жазушының өзінің мақамынан ұқтырмақ, ұсынбақ мұратынан оның дәуірімен қаншалықты ет бауыр-лықта, үндестікте екенін аңғару қиынға соқпайды» – деп атап көрсетеді.
Бұл жазушылар әр дәуірде өмір сүрген өз ұлтының, өз халқының қамын ойлаған, мұң-мұқтажын жоқтаған тарихқа белгілі ірі тұлғалардың, батырлар мен хандардың, өнер адамдарының қайталанбас бейнелерін сомдады.
М.Әуезов дәстүрінің әдебиеттен кең көрініс табуы әр түрлі және сан қырлы болып келеді. Осы дәстүрдің қайталанбас үлгілерін М.Әуезовтің қазақ әдебиетіне әкелген тың қасиеттерімен санамалап өтуге болады. Олар характер сомдау шеберлігі, шығарманың құрылыстық жүйесіндегі жаңалықтары, тек таза талантқа тән суреткерлік шеберханасы.
Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Орта Азия қаламгерлеріне М.Әуезовтің ықпалын Пушкиннің өзінен кейінгі орыс әдебиетіне жасаған әсерімен салыстыруы да тегін емес. Сондықтан да қазақ жазушыларының ішінде шығыстың классикалық әдебиеті мен ертеден келе жатқан мәдениетін дәл М.Әуезовтей білген, насихаттаған жазушы жоқ деп айтуға болады.
Тарихи романдар қазақ әдебиетінде М.Әуезовке дейін де, одан кейін де болған құбылыс. Әуезов романға, оның ішінде тарихи романдарға соншалық сонылық әкелуінің арқасында өзінің суреткерлік шеберханасын, әдеби дәстүрін қалып-тастырғанын білеміз. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкерлер бейнесін беруде сол кедегі әдебиеттің өзіне тән әдіс-тәсілдерін молынан меңгеруімен қоса Әуезовтың үлкен, күрескер адам бейнесін жасауы ерекше (Дәркембай, Базаралы).
Ғасырлар бойы жасалған сөз өнерінің небір асылы үлкен суреткердің қолымен жаңа сапада, нағыз мәдениетті қалыпқа түсті. Бұл романда қазақ адамының өзіне ғана тән ерекшелігі, психикалық болмысы әрі толық, әрі шебер жасалды.
Көркем шығарма өзінің шыншыл-дығымен құнды. «Абай жолын» оқи отырып оқушы ондағы әр түрлі тартыстардың, растығына қалтықсыз сеніп отырады. Мұндағы суреттелген оқиға-лардан жаңсақтық, жасандылық сезілмейді. Әрбір оқиға дәл өмірдегідей елестейді. Жазушы өмір шындығын, тарихи шындықты көркемдік шындыққа жеткі-зудің ерекше жолын тапқан.
М.Әуезовтің «Өскен өркен», «Қилы заман», «Көксерек», «Жетім» т.б. туындылары «Абай жолы» роман-эпопеясының бастау алды материалдары іспеттес. Мәселен, «Абай жолының» төрт кітабына үзілмес желі болып тартылған әлеуметтік теңсіздік пен күрес суреттері өзінің мықты бір бастауын «Қараш-Қараштан» алады.
«Мұндай кең, еңселі, сом сурет, бейнелер жасай алған, адам мінезінің диалектикасына барған суреткердің прозадағы кезекті ірі туындысы оның есімін әлемдік даңққа бөлеген «Абай жолы» сынды зеңгір эпопеяға ұласуы барынша табиғи».
Әдебиет зерттеушісі ғалым М.С. Брагинскийге «Характер ашу жағынан маған ең мықты әсер еткен кім екенін білесіз бе? Таба алмайсыз. Ол Тургенев» - деген екен ұлы суреткеріміз М.Әуезов.
Сонымен бірге М.Әуезовтың қаламына ғана тән стильдік сипат, көркемдік кестелеу заңдылықтары да бар. «Құбылыстың мән-жайын авторлық баяндаудың өзі суретке, мінездеуге ұласып кетіп отыратындық шығармада жиі кездесетін ерекшелік. Құбылыстың кейде автордың сөзімен, кейде кейіпкердің көзімен суреттейтін тәсіл шығармада негізгі тәсілдердің біріне айналған. Шығарманың сөз кестесінің жалпы тұлғасынан бояудың кейде тым мол жағылғанын, оның өзі қайсыбір ретте сөздердің толық мағынасын тасаландырып тұратынын аңғарар едік. Бұны біз дарыны дәуірлеп, суреткерлік қуаты толысқан жазушының табиғи қадамы деп білеміз».
«Жазушы адам, табиғат суреттерін жасағанда сөз, ұғым жол бермеуге ұмтылған. Сөйлемдердің аяғы біріңғай етістікпен бітуі оқушыны жалықтырып жіберетінін қатты сезінген жазушы осы тарапта жаңалық, өзгеріс енгізу үшін көп ізденген. Автордың, әсіресе, көп қолданған формасы есімшенің өткен шақтық түрі. М.Әуезов салған осы дәстүр қазақ әдебиетінде кең өріс тауып кетті. Мұндай форманы қолданып жазбаған қаламгерді табу қиын» (4;119-120). «Жазушы стилі – оның ішкі өмірінің айнасы» деген екен Гете.
Ел ішінде айтылып келген ауызша аңыз әңгіменің шындығы мен қиялын жіліктеп, ақиқаттың таза диалектикалық қалпын беруі, сан түрлі оқиғалардың қаһарман тағдырына ықпалын өмірге де, мінезге де сәйкес, сенімді етіп баяндауы шығарманың өшпес мәнін әйгілейді. Мұндай ғылыми дәлелденген материалдар «Абай жолында» көркемдік шындық деңгейінде беріледі.
М.Әуезов өзі өмір сүрген кеселді кер заманда есімін еске алудың өзі қылмыс деп саналған қазақтың ардақты азаматтарының, ірі қоғам қайраткерлерінің тұлғаларын өз романында асқан шеберлікпен «бүрке-мелеп» береді. Мәселен, тарихи тұлға Әлихан Бөкейханов есімін бүркемелеп Әзімхан төре кескінінде беруі, озбыр, қиянатшыл кейіпте сипаттауы – көркем кейіпкер тарихи жағдайға тәуелді күй кешіп тұр. Тарихи шындық пен көркемдік шындықтың ара қатынасы қаншалықты маңызды болса да, бұл жерде шындық жазушы шеберлігі мен шығармашылық қарымы ғана емес, белгілі уақыттағы мүмкіншілігіне де тікелей байланысты болып тұр. Бірақ, Әлихан Бөкейханов бейнесін бір Әзімханға ғана телісек қиянат болар еді, өйткені бір кейіпке бойына көшпенділер заманындағы бірнеше бейне жинақталып беріліп тұрғанын байқауға болады.
Бұл жайында академик Д. Лихачев былай дейді: «Көркем образды сомдау барысында қолданылған жаңсақтықтар – оқырманның не көрерменнің сол образдың көркем әсерін өзінше толықтыра қабылдау үшін аса маңызды. Көркем шығармадағы әрбір жаңсақ деректер терең зерттеуді қажет етеді. Әрбір суреткердің әр дәуірге қатысты қолданған жаңсақтықтарының көкейкестілігі мен сыйымды мөлшері дәл анықталуы тиіс. Өнердің құрылымы мен құнының бағасы сол зерттеудің нәтижесіне байланысты».
Әрине, роман барысында мұндай бүркеншік есімдерді жиі кездестіруге болады. Бұдан М.Әуезовтың өзі өмір сүріп отырған ортаға бейімделе отырып, асқан шеберлікпен ұлы тұлғаларымызды танытуы десек артық айтпаған болар едік.
Қазақ халқының дамуында, әдебиеті мен тарихында ойып орын алатын әділдік пен адамдық үшін «мыңмен жалғыз алысқан» ұлы тұлға Абайдың жанды бейнесін заманымен қоса қамтып көрсету, данышпан, ойшыл ақынды әр қырынан байыту М.Әуезовті қазақтың ешбір жазушысы түспеген соны жолға апарды.
«М.Әуезов жұртшылықты жаңа өскелең биікке ұдайы бағдарлап отыратын рухани ұстаз еді. Оның кез-келген еңбегінде бұрын ешкім айтпаған соны пікір, тұжырым көркемдік келісім кездесіп отыратын: жаңалық іздегіш жұртшылық мүддесінен ол ұдайы шыға білетін. Себебі ол халқының көңіліндегі сұрауын сезіп, түсініп отыратын, әрбір жаңа ойды елдің күткен кезінде айтатын «ақыл-ойдың билеушісі» болатын.
М.Әуезовтің шығармаларымен бірге қазақтың жазба прозасына терең реалистік, психологиялық сыпат келді. Оған дейінгі... романдарда адамдардың әлеумет майданындағы істері, қайшылықтары ғана айтылып, характер, мінез ерекшелігі, қайталанбас даралығы ашыла бермейтін. Ол адамдардың іші мен тысын диалектикалық бірлікте көрсету дәстүрін негіздеп салды. Осының өзі – М.Әуезовтің туған әдебиетке сіңірген ұлы жаңалығы дер едік... Шығармаларын Мұхтар Әуезовтей осы заманға үндес, мұраттас, етене жақын етіп жаза білген суреткер сирек».
Ғажайып кемел суреткер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы осындай шебер суреттерге тоқтала келіп, М. Әуезов дәстүрінен сусындаған өзге де қаламгерлер шығармашылығына ауысуды жөн көрдік.
Халық зердесінің қалғи бастаған сәтін оятуға, ұрпақ санасына ұлттық патриотизм қалыптастыруға қызмет істейтін бағытта жанарын тарих тереңіне қадаған батыл жазушы І. Есенберлин еді. Қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихының (ХV - ХIХ) көркем шежіресі болған, бірнеше романдарының басын біріктірген, «Көшпенділер» трилогиясы – әдебиетіміздің қоржынын-дағы асыл мүліктердің бірі. Суреткер өзінің көзқарасын төтелей айтып салмай, оқиғалар мен кейіпкерлерді еркін сөйлеткен.
Осы тұрғыдан келіп тарихи адамдарды көрсетуде М.Әуезов салған сара жол жаңа қадам болып табылады. «Алмас қылыш» романындағы желі тартқан басты идея – қазақ руларының бірлесу, бір хандық шеңберінде ынтымақ құру идеясы. «Романда Дешті Қыпшақтың қаһарлы ханы Әбілхайырдың қарауында келген қазақ хандығы қол астына топталу процесі, бұл құбылыстың себебі мен салдары, бір жағы Әбілхайыр, екінші жағы Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, өздерінің мансаптары үшін халық бұқарасын пайдалану тәсілдері, хан ордасындағы шытырман қайшылық- тар, алдау мен зорлықтар тізбегі романның екі бөлімінде толық баяндалған» – деп атап көрсетеді ғалым Р.Бердібаев. Қазақ қоғамындағы осындай өзгерістер жайын кеңінен шежірелейтін «Көшпенділер» өзінің қамтыған оқиға, қаһарман құрамы, баяндау, суреттеу әдісі жағынан М. Әуезовке тән нағыз шеберліктің үлгісін, заңды жалғасын көреміз.
Тарихи романдарда орын алған өмір шындығы, тарихи шындықты көркем шешіммен бейнелеудегі суреткерлік тереңдігі де М.Әуезов дәстүрі жалғасуының айқын көрінісі.
Шығармада еркін суреттелген ақын-жыраулар (Қотан, Қазтуған, Бұхар) бейнелерінің көркем мұраларын шығарма құрылымына негіз етіп пайдаланудан М.Әуезов дәстүрі тағы да көрініс табады.
Ұлы жазушының суреткерлік шеберлігінің қыр-сырына терең ден қойып, әдебиетте қалыптастырған дәстүрін жалғастырушы қаламгеріміздің бірі Ә.Нұрпейісов еді. Шығарма кейіпкерін психологиялық дәлдікпен бейнелеуде Нұрпейісовтің еңбегі ерекше. «Қан мен тер» романындағы Еламанның, Мөңкенің, Ақбаланың, Тәңірбергеннің, Төлеудің, Сүйеудің қай-қайсысын алып қарасақ та белгілі мінез иесін танытады. Сонымен бірге «Ә. Нұрпейісов романында табиғат суретінің реалистік реңмен құлпыра ойнайтынын атап көрсетуіміз жөн. Теңіздің ыңырана толқын атқан сұсты мезеттерін көрсету кейіпкерлердің де жадау ауыр тіршілігін, ғаріп кедейлігін, сұрғылт болмысын әсерлі аңғартуға септеседі. Ә. Нұрпейісов пейзаждары шығармаға жеке өзіндік мақсатпен алынған міндетті әшекей емес, қаһармандардың көңіл-күйін әрлендіре түсетін жанды суреттер. Мәселен, Еламанның майданнан қайтып, Шалқарға келе жатқанда балалық шағын, дала табиғатын еске түсірген тұсын алып қарасақ, бұған көзіміз жетеді».
Бұл тұрғыдан келгенде, адам бейнесін өмір шындықтарымен ұштастыра отырып ашу «таланттыға ғана тән әрекет». Кейіпкердің образын жасауда, оның дара тұлғасын қалыптастыруда Әуезовтің қолданған амал-тәсілдері өте мол, жазушы кейіпкердің мінез-құлқын, рухани ішкі әлемін, жалпы бейнесін сомдауда ішкі сөздің түрлері монолог, еске алу, елестету, диалог, портрет пен пейзаж жасаудағы детальдар, кейіпкердің іс-әрекеті мен қимылы т.б. көркем тәсілдерді шебер пайдаланған. Жазушы кейіпкер образын ашуда оның ішкі дүниесін, ой толғанысын терең суреттей отырып, қазақ әдебиетіндегі көркем психологизмді дамытқан. Әуезов кейіпкердің ішкі күйі мен оның сыртқы дүниеге сабақтастығын көбінесе пейзаждың көмегімен, табиғат құбылысы мен оның сан алуан сырларын ашу арқылы берсе, Нұрпейісов те адам жанының шындығын табиғатпен байланыстыра суреттеген. Осындай құбылыстарды тілге тиек еткенде қаламгерлер қаламының көркемдікпен ұштасуы тайға таңба басқандай көрінері хақ.
1960-80 жж. Қазақтың прозалық шығармалары туралы сөз қозғағанда айта кететін мәселелердің тағы бірі – осы жылдары ұлттық болмыс, ұлттық дүниетанымның тарихи-әлеуметтік негіздеріндегі дәстүр жалғастығы сипаты ашылып, жаңа тенденциялар жасалынып, кезеңдік өзгерістер мен қоғамдық қатынастарға орай ұлттық тұлғаның нақты тарихи мәндік көрінісі айқындалып көрсетілді. Сол жылдар прозасы адамгершілік істер, моральдық-этикалық мәселелер, белгілі қазақ қаламгерлерінің туындыларындағы кейіпкер бейнесін ашуда көрініс тапқан көркемдік ізденістердің сабақтастығын көрсетті. Ол М.Әуезовтен бастау алған әдеби дәстүрдің кейінгі қазақ прозасында қолданылу аясының қайта жаңғыруымен, қайтадан ерекше көрініс табуымен ерекшеленеді. «Абай жолындағы» ұлы тұлға Абайдың ұлттық мінезінің ұлттық рухпен жазылуы «Қан мен тердегі» Еламан бейнесінен көрінеді.
Мұнда көркем бейнеге тән ерекшеліктерді «кейіпкер портреті, іс-әрекеті, оның ішкі психологиясы жайлы автордың өз ойын білдіруі; көркем бейнеге тән ерекшеліктерді өзге кейіпкерді сөйлету арқылы; әдеби бейнені өз сөзін, ішкі толғаныстарын, ой-пікірін (монологын) келтіріп таныту; қаһармандар табиғатын оларды бір біріне қарсы қою әдісімен (диалог, әңгімелестіру арқылы) көрсету». Әуезов қаламынан бастау алған ұлттық мүддені, ұлттық намыс, ұлттық мінез, ұлттық бейнені Ә.Нұрпейісовтің өз кейіпкерлері арқылы аңғартуы азаматтықтың басты белгісі деп білеміз.
Біріншіден, ұлттық прозада жанды дүниелерімен өзіндік көркем дәстүр қалыптастырған қаламгер М. Әуезов – қазақ прозасының жаңа үлгісін, жаңа іргетасын қалап шыққан жазушы. Екіншіден, әдебиетте Әуезов салған сара жол мен дәстүрлі арналар кейінгі жазушыларға үлгі-өнеге болып, олардың суреткерлік шеберліктерінің шыңдауына септігін тигізіп отырды.
«М.Әуезовті қазақтың қазіргі жазба әдеби тілін жасаушылардың бірі ғана емес, бірегейі деп білеміз. Оның қаламынан қазақтың сөз байлығы, сөйлеу дәстүрі өзгеше құлпырып, гүлденіп, түрленіп шығатын. Ол қаншама сөзді қайта тірілтуші, көп сөздерді жаңадан жасаушы немесе өңдеуші ұста еді. Суреткердің шығармалары халқымыздың көркемдеп ойлау мәдениетін шыңға көтерді. М.Әуезов сөз қолданыстары қазақтың қаламгер қауымының үлкенді-кішілі барша өкіліне тегіс ықпал жасады деуге болады».
Кең құлашты қазақ жазушыларының шығармашылық құпияларына үңіле білген кісіге берері көп. М. Әуезов дәстүрінен сусындаған қазақ қаламгерлері шығармалары бүгінгі күнде әдебиетіміздің көкжиегін байытты. Олар М.Әуезов салған сара жолды дамыта отырып, қазақ әдебиетіне кең құлашты романдар әкеліп, әдеби үрдісті ары қарай жалғастырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет