Зәр шығару. Бауыраяқты моллюскалардың бір жұп бүйрегінен көп жағдайда тек сол жақ бүйрегі жақсы дамып сақталады. Екі бүйрегі алдыңғыжелбезектілер класс тармағының төменгі сатыдағы түрлерінде бар, бірақ оның біреуі екіншісіне қарағанда нашар дамыған. Бүйрек, ол түрі өзгерген целомодукт оның бір ұшы кірпікшелі воронка түрінде перикардия немесе целом қуысымен жалғасады да соңғы ұшымен мантия қуысына ашылады.
Тыныс алу жүйесі. Бауыраяқтылардың көпшілігі желбезекпен тыныс алады. Алғашқы немесе нағыз желбезектер – ктенидиялар жұп мүше ретінде мантия қуысында орналасады. Құрылысы бүйіржүйкелілердікі сияқты. Көптеген түрлерінде ол бос ұшына қарай сүйірленген созыңқы қос қауырсынды өсінді түрінде болады. Әр бір ктенидия екі қатар күлтелі осьтік жалпайған бағанадан тұрады. Сонымен қатар ктенидияда ерекше сезім мүшесі – осфрадиялары бар. Алғашқысында ктенидиялар бір жұп болады, бірақ бауыраяқтылар денесінің оң жағы дамымай қалуына байланысты оң жақ ктенидия семіп, жансызданып қалады. Мысалы, кейбір алдыңғыжелбезектілерде ол сол жақтағыдан әлде қайда кіші болады (Haliobis). Жоғарғы сатыдағы бауыраяқтылардың желбезегі біреу болып дамиды, себебі қос қауырсынды желбезектің бір жағы мантия қабырғасына жабысып кетеді де бір қауырсындыға айналады. Gastropoda класының әр бір класс тармағындағы өкілдерінің желбезектері жойылып, екінші реттік тыныс алу мүшелерімен ауыстырылған. Бұл жағдайда суда тіршілік ететін бауыраяқтылардың денесінің әр түрлі жерлерінде алуан түрлі өсінділер өсуі мүмкін, олар физиологиясы жағынан ктенидияға ұқсас. Осы түзіндінің барлығы екінші реттік немесе адаптивті желбезектер деп аталады.
Құрлықта тіршілік ететін бауыраяқтыларда ктенидия жойылған, ал тыныс алуы өкпе арқылы өтеді. Бұл жағдайда мантия қатпарының бір бөлігі жұқарып сыртқа қарай өз алдына қуыспен ашылады, осы қуыс өкпе қуысы деп аталады, оның қабырғасында көптеген қан тамырлары жіктелген. Кейбір өкпелі моллюскалардың сулы тіршілік ортасына оралуына қарамастан тыныс алу мүшесі өкпе қуысы ретінде сақталады. Мұндай түрлер (кіші, үлкен тоспа ұлуы, катушкалар) су бетіне әлсін - әлсін көтеріліп ауамен тыныстайды.
Қан айналу жүйесі. Бауыраяқтылардың жақсы дамыған жүрегі арқы ішектің үстінде орналасып перикардия қуысында жатады. Бауыраяқты моллюскалардың алуан түрлі жүйелік топтарында орталық мүшенің, яғни жүректің құрлысы әр түрлі болады. Мысалы, Prosobranchia класс тармағының төменгі сатыдағы түрлерінде жүрегі симметриялы болып, қарыншадан және екі жүрекшеден тұрады. Бірақ, оладың оң жақ желбезектері жансызданып қалуына байланысты жүректе оң жақ жүрекшенің жойылуын білдіреді. Алдыңғыжелбезектілердің (Prosobranchia) кейбір түрлерінде оң жақ жүрекшелері кішірейіп, тұйық біткен. Сонымен қатар жүректің орналасуы да біршама өзгереді, яғни қызмет атқаратын жүрекше қарыншаның алдында орналасады. Жоғарғы сатыдағы бауыраяқтыларда тек сол жақ жүрекшесі сақталып, оң жүрекшесі толығымен жойылған. Алдыңғы желбезектілер мен өкпелілерде сол жақ жүрекше қарыншаның алдыңғы, ал арқыжелбезектілерде артқы жағында орналасқан күйінде қалады, осы екі жағдайда да жүрек артқы ішектің үстінде жатады.
Жүректің негізгі қызметі қан тамырлар жүйесіне қанды айдау. Қан тамырлары құрлысы мен қызметіне қарай бірнеше топтарға бөлінеді. Бауыраяқты моллюскалардың қан айналу жүйесі ашық типті, яғни қан тамырлары үзіліп қан дене қуысына құйылады. Қан айналымын қарастырсақ, жүректің қарынша бөлімінен ірі қолқа басталып ол кейін екіге – дененің алдыңғы жағына бағытталған бас қолқасына және артқы жағына бағытталған – ішкі қолқасына бөлінеді. Қолқадан артериялар тарайды. Өкпелі моллюскалардың артериялары бірте – бірте капилярларға ауысады. Соңында қан тамырлары үзіліп, қан дәнекер клеткаларынан құралған ішкі тканьның ұсақ түтікшелеріне немесе лакуналарға құйылады да оттегінен айырылып біртіндеп ірі венозды лакунаға жиналады. Осыдан қан желбезекке немесе өкпеге өтіп, онда тотығып, енді оттектенген артериальды қан жүрекке құйылады. Бауыраяқтылардың қаны түссіз, құрамында амебоцит қан түйіршіктері бар. Кейде қанда гемоглабинге ұқсас заттар болады, ал кейбір түрлерінде қанда белок қосылыстарының болатындығы анықталған.
№6 Лекция. Желбезектыныстылар тип тармағы. Шаянтәрізділер класы
Жоспар
Буынаяқтылар (Arthropoda) типіне жалпы сипаттама
Желбезектыныстылар тип тармағы. Шаянтәрізділер класы
Жануарлар дүниесіндегі жер жүзінде кең таралған және түрлерінің саны жағынан ең көбі – буынаяқтылар типі. Олардың 2,5 миллионнан астам түрі бар. Жануарлар жүйесіндегі қалған 22 типтің түр саны буынаяқтыларға жетпейді.
Буынаяқтылар типіне шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер, көпаяқтылар және нсекомдар жатады. Бұлардың барлығына тән белгілерінің бірі – аяқтары бірнеше буындарға бөлінген, буынаяқтылар деп аталатыны да осыдан. Олар екі жақты симметриялы және гетерономды сегменттелген жануарлар. Денесі екі немесе үш бөлімге бөлінеді: баскеуде, құрсақ немесе бас, кеуде, құрсақ. Денесін хитинді кутикула жауып турады. Ол жануардың ішкі мүшелерін зақымданудан қорғайды және оның ішкі жағына бұлшықеттер бекінеді. Хитинді кутикула өспейтін, созылмайтын қосынды, сондықтан буынаяқтылардың өсуі түлеу арқылы өтеді. Бұлшықеттері көлденең салалы – жолақ, тез жиырыла алады.
Буынаяқтылар – дара жыныстылар. Жыныс диморфизмі жақсы дамыған. Эмбрионалды және постэмбрионалды дамудың ұзақтығы өзгеріп турады. Даму кезеңі әр алуан: тура даму немесе анаморфоз, алғашқы даму – проморфоз немесе эпиморфоз, шала түрленіп даму – гемиметаморфоз, толық түрленіп даму – голометаморфоз, жеткіліксіз даму – гипоморфоз, күрделі даму – гиперметаморфоз.
Буынаяқтылар мұхиттарда, теңіздерде, тұшы су қоймаларында, ыстық су қайнарларында, қарлы жерлер мен мұздарда, топырақ қабаттарында, тіпті ауада да көп кездеседі. Адамда, жануарлар мен өсімдіктер де паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар.
Буынаяқтылардың табиғатқа және адам өміріне ықпалы зор. Олар – адамның, жануарлардың, өсімдіктердің паразиттері және түрлі жұқпалы ауруларды таратушылар, сондай-ақ егістік өсімдіктердің және орман шаруашылығының зиянкестері. Бірақ екінші жағынан буынаяқтылар азық-түлік және техникалық шикізат есебінде пайдаланылады, әрі өсімдіктерді тозаңдандыруға қатысады, топырақ құнарлығын арттырады және өздері адамға кәсіптік қажетті жануарлардың маңызды қорегі, біраз түрлерін адам тамаққа да пайдаланады. Буынаяқтылар типі төрт тип тармағына бөлінеді: желбезектыныстылар – Branchiata, трилобиттәрізділер – Trilobitomorpha, хелицералылар – Chelicerata, кеңірдікпен тыныс алушылар – Tracheata.
Желбезектыныстылар тип тармағы - Brfnchiata
Шаянтәрізділер класы - Crustacea
Трилобиттәрізділер тип тармағы – Trilobitomorpha
Трилобита класы - Trilobita
Хелицералылар тип тармағы – Сhelicerata
Семсерқұйрықтылар класы – Xiphosura
Алып қалқаншалылар класы – Gigantostraca
Өрмекшітәрізділер класы – Arachnida
Кеңірдікпен тыныс алушылар тип тармағы – Tracheata
Көпаяқтылар класы – Myriapoda
Насекомдар немесе алтыаяқтылар класы - Insecta, Hexapoda
Эволюциялық даму тұрғысынан қарағанда буынаяқтылардың арғы тегі көпқылтанды буылтық құрттар (Polychaeta) екендігіне күмән жоқ. Оларды байланыстыратын ұқсастық белгілері өте көп: үш қабатты, екі жақты симметриялылар, екеуінің де денелері сегменттелген және кутикула қабатымен қапталынған, жылжу (локомоторлы) мүшелері метамериялы орналасқан, ішкі мүшелерінің құрылысы, даму жолдары да бірдей. Сонда да, буынаяқтылар типінің буылтық құрттармен салыстырғанда олардың өзіне тән біраз күрделі ерекше белгілері бар.
Шаянтәрізділер класы-CRUSTACEA
Шаянтәрізділердің 30000-ға жуық түрі белгілі, негізінен тұщы су қоймаларында, теңіздерде кең тараған. Олардың арасында бентосты, планктонды, паразитті және құрлықта тіршілік ететін түрлері бар. Құрлықта тіршілік ететін шаянтәрізділер ылғалды жерлерде, дымқыл ортада мекендейді және желбезекпен тыныс алады, осы белгілері оларды суда тіршілік ететін формалардан шыққандығын дәлелдейді.
Денелерінің ұзындығы 1-2 мм-ден 80 см-ге дейін. Шаянтәрізділер басқа буынаяқтылардан аса айрықша белгілерімен ерекше. Біріншіден, оларда екі жұп мұртшалары: акронның өсінділері-антеннуласы (antennula)және денесінің бірінші сегментінің түрі өзгерген аяқтары – антенналары (antenna) болады. Соған орай оларды I антенна және II антенна деп атайды. Екіншіден, тек шаянтәрізділерде ғана аяқтарының қарапайым екі бұтақты құрылысы сақталған. Мұндай аяқ екі буыннан протоподит (protopodit) пен базиподит (basipodit) және екі буындалған бұтақтан-экзоподит (exopodit) және эндоподиттен ( endopodit) тұрады. Сонымен қатар, проподитте тыныс алу қызметін атқаратын ерекше өсінділері преэпиподиттері бар. Бірақ, эволюция барысында аяқ құрылысының мұндай бастапқы типі елеулі өзгерістерге ұшырағандықтан аяқтары көбінесе бір бұтақты.
Құрылысы мен физиологиясы
Шаянтәрізділердің денесі негізінен бас (cephalon), кеуде (thorax) және құрсақ ( abdomеn) бөлімдерінен тұрады, бірақ бас бөлімі келесі кеуде бөлімімен бірігіп кетіп баскеуде (cephalothorax) бөліміне айналған. Сондықтан шаянтәрізділердің басым көпшілігінде денесі нақты дифференцияланған екі бөлімінен құралған: баскеуде және құрсақ.
Дене құрамына кіретін сегмент саны, басқа буынаяқтылармен салыстырғанда алуан түрлі: 5-8-ден 50-ге дейін.
Бас бөлімінде сегментерінің саны тұрақты, яғни барлық шаянтәрізділердің басы акрон және 4 сегментен құралған. Акрон-болжам бойынша, арғы тегінің простомиум бөлігі, ал оның өсіндісі –антеннулалары немесе I антеннулары пальпилерінің гомологы. Антеннула-мұртшаларының бірінші жұбы басының алдыңғы бөлімінде, ауыз тесігінің алдында орналасады, бірқатар буындардан тұрады және негізінен бұтақты.Тек кейбір жоғары сатыдағы шаяндарда олар екіге ( мысалы, өзен шаянында), кейде тіптен үшке ажырайды.
Акроннан кейінгі 4 сегменттердің әрқайсысында бір жұп түрі өзгерген аяқтары болады. Солардың ішінде бірінші сегменттің аяғы ұзарып антенна деп аталатын мұртшаға айналған. Бұлар мұртшалардың екінші жұбын құрайды және антенна II деп аталады. Олар әр түрлі қызмет атқарады. Phyllopoda отрядына жататын су бүргелерінде ол жүзу үшін қолданылады. Жоғарғы сатыдағы шаяндардың көпшілігінде олар сезім мүшелері. Сондықтан олардың антеннасының эндоподиті ұзын буындалған сезімтал ‘‘қамшы’’ түрінде болса, экзоподитті қысқа қорғаныш тақта түрінде болады.
Бас аяқтарының екінші жұбы – мандибулалары – негізгі тамақ үгіту қызметін атқарады. Көптеген шаянтәрізділердің личинкасы науплиуста ол екі бұтақты және ай түрі сирек сақталады. Негізінен екі бұтағы редукцияға ұшырайды немесе эндоподит қысқа қармалауыш түрінде қалады, ал протоподит өзінің шайнағыш өсіндісімен жуан, үшкірленген жоғарғы жақ аппатын түзейді.
Мандибулалардан кейін бастың 3-ші және 4-ші сегментерінде 2 жұп астыңғы жақтары немесе бірінші және екінші максиллалары орналасқан. Олар негізінен протоподит буындарындағы шайнағыш өсінділері бар нәзік жапырақ тәрізді аяқтар түрінде болады.
Аяқтарының қызметіне және орналасуына қарай бас сегменттері де антеннальды, мандибулярлы, максиллярлы I-II деп те аталады.
Шаянтәрізділердің басым көпшілігінде акрон және 4 сегменттері бір-бірімен тұтасып бас қалқаншасына –гнатоцефалонға айналған.
Кейбіреулерінде бас қалқаншасы алдыңғы кеуде сегменттерімен тұтасқан. Мысалы, өзен шаянында бас қалқаншасы үш кеуде сегментімен біріккен, соған байланысты сол сегменттердің аяқтары қоректі үгіту процесіне қатысады да жақяқтары деп аталады (Сурет).
Төменгі сатыдағы шаянтәрізділерде (мысалы, жапырақаяқтыларда) акрон тек антеннальды (бірінші)сегментпен тұтас қосылып протоцефалон деп аталатын алғашқы бас бөлімсін құрайды. Қалған үш жақ сегменттері басымен қозғалмалы түрде байланысқан, жігі айқын.
Шаянтәрізділердің әр түрлі формаларында кеуде және құрсақ сегменттерінің саны бірдей емес, тек жоғары сатыдағы шаяндарда (класс тармағы-Malacostraca) сегменттер саны тұрақты: кеуде бөлімінде -8. Құрсақ бөлімінде-6. Бас сегменттерімен бірге санағанда жалпы саны 18-ге тең. Құрсақ бөлімінде аналь тесігімен аяқталатын аналь қалқаны немесе тельсоны бар. Кейбіреулерінің тельсонында айырша немесе фурка жасайтын жұп өсінділері орналасады.
Шаянтәрізділердің кеуде аяқтары негізінде қозғалыс локомоторлық мүшелері, сондай-ақ қорегін, тыныс алу процесіне де қатысады. Аяқтарының қызметіне байланысты, олар түрліше құрылған. Мысалы, өзен шаянының кеуде аяқтарының үш жұбы жақаяққа, төртінші жұбы жемтігін қысып ұстайтын күшті мүшеге –қысқышқа айналған, қалғандары жүру аяқтары.
Құрсақ аяқтары тек жоғарғы сатыдағы шаянтәрізділерге ғана (класс тармағы- Malacostraca) тән және олар екі бұтақты, аталықтарында түтікше тәрізді шағылыс, ал аналықтарында жұмыртқаларын құрсағына жинап, бекітіп қоятын мүшеге айналған. Онаяқты шаяндарда (Decapoda отряды) құрсақ аяқтарының соңғы жұбы тельсонмен байланысты және артымен алға қарай қозғалыста маңызды атқаратын күшті тақталы құйрық аяқтарына уроподаларға айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |