2. Қабілеттер концепциясы. Қабілеттердің тұқым қуалау теориясы. Психологияда қабілеттердің үш концепциясы бар. Олардың бірі – қабілет тұқым қуалау арқылы дамып отырады деген концепция.Бұл қисын бойынша, адамның жеке дара қасиеті, соның ішінде қабілеті де атадан балаға мұра ретінде беріліп отырады. Мұндай пікірді психологтар ғана емес, сондай-ақ ғылым мен өнердің (математиктер, жазушылар, суретшілер) кейбір өкілдері де қуаттайды. Мұның біріншілері өз көзкарастарын нақты зерттеулерден алған деректермен дәлелдегісі келеді. Мәселен ХІХ ғасырда өмір сүрген Гальтон таланттың тұқым қуалаушылық жолымен болатынын көрнекті қайраткерлердің өмірбаяндарын зерттеу арқылы дәлелдегісі келген. Гальтонның көзқарасын Л. Котс ілгері қарай дамытты. Ол қоғамның айрықша жағдайлы топтарының ішінде мұндай мұра мол деген тұжырымға келген. Қабілеттілік туралы бірінші концепцияға қарама – қарсы екінші концепция қабілетті түгелімен орта мен тәрбие анықтайды дейді. Қабілеттілік тұқым қуалайды дейтін көзқарастың шындықпен сәйкес еместігін өмір шындығы көрсетіп отыр. Мұнымен бірге атақты адамдардың өмірбаяндарын объективті тұрғыдан талдау - көп жағдайда, көрнекті адамдардың ерекше дарыны жоқ отбасынан шыққандығын, сондай-ақ атақты адамдардың балалары мен немере-шөберелері дарындылық көрсетпегенін дәлелдейді. Бұған бірнеше музыкант пен ғалымдар отбасы ғана жатпайды. Көрнекті америка ғалымы У.Эшби қабілеттіліктің, данышпандықтың өзі өмірде жүре пайда болған қасиеттен, балалық шақта, одан кейінгі кезеңде қалыптасады дейді. Мың рет сәтсіздікке ұшырап, мың бірінші рет жаңалық ашқан адам қабілетті, ал екінші реттен соң мәселені шешпей тастайтын адам қабілетсіз дейді ол. Буржуазия идеологтары қабілет ортаға тәуелді болғандықтан жұмысшының балалары мәдениет және интеллектуалдық деңгейі төмен адамдар ортасында өсіп жетілгендіктен өздерінің қабілетін көрсете алмайды деген пікірді айтады. Сырт қарағанда екінші концепция да адамның дамуына шек қоймайды, адамның мүмкіншілігіне күмән туғызбайды. Бірақ бұл теориямен қазір де, бұрын да ғылыми келіспеушіліктер бар. Қабілеттегі табиғи және жүре пайда болатын қасиеттердің диалектикасы. Көптеген психологтар қолдайтын қабілет жөніндегі үшінші концепцияның өкілдері әлдеқайда дұрыс позицияда тұр. Ғалымдарының қабілет концепциясы табиғатынан барлық адамдарға адамдық даму мүмкіндіктері тән екендігін анықтайды. Осымен бірге кеңес психологтары белгілі бір қабілеттің қалыптасуына, дамуына дара табиғи нышандардың болуының да жақсы әсер ететіндігін мойындайды. Қабілеттер қолайлы әлеуметтік жағдайларда іс-әрекет үстінде қалыптасып отырады.Бұл концепция практика және арнаулы зерттеулермен дәлелденіп отыр.