Лекция 14. Тәрбие жұмыстарының нәтижесі мен тиімділігінің диагностикасы
Педагогтық мамандық ең көне мамандықтардың бірі болып саналады. Бұл мамандықта ұрпақтар сабақтастығының мыңжылдық тәжірибесі жинақталған. Шын мәнінде, педагог – бұл ұрпақтар арасындағы байланыстырушы буын, қоғамдық-тарихи тәжірибені тасушы. «Адам-адам» типінде қызмет жасайтын педагогтың субъективті сипаттамасында үнемі аксиологиялық (құндылықтық) және когнитивті (білімдік) жазықтықтар бірігеді. Когнитивті жазықтық жалпы мәдениеттік және пәндік-кәсіби білімдерді қамтиды.
«Ішкі мәдениет» ұғымы – «психодиагностикалық мәдениеттің» нақ өзі, яғни адамның субьект, тұлға және даралық ретіндегі ішкі психикалық өмірінің анықталған сапасы.
Педагогикалық үдерісті ұйымдастыруға жаңаша қарап, сол жаңаны өмірге енгізу қажеттілігі туындап отыр. Оқу және білім беру қызметін ғылыми тұрғыда ұйымдастыру қазіргі таңда жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылуда. Тәрбиеші мен тәрбиеленуші қарым-қатынасы психологиясын қайта құру, қайта қарау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Тәрбие беру үдерісі – жеке тұлға мен қоғамның талаптарына сәйкес ұйымдастырылған тәрбиелік ықпал етуде пайда болатын педагогикалық арақатынас үдерісі. Оның мақсаты тәрбиеленушілердің әлеуметтік және рухани құндылықтарды, тәжірибені, қатынастарды игерудегі белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру және ынталандыру, жеке тұлғаны қалыптастыру.
Психологиялық-педагогикалық диагностика – оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктерін және ұжымның әлеуметтік-психологиялық сипатын зерделеуге бағытталған бағалау.
Педагогикалық диагностика психологиялық диагностикаға қарағанда педагогикалық үдерістің ішінде жүзеге асырылады.
Педагогикалық диагностика жылдам ақпарат алу арқылы маңызды оқу-тәрбие міндеттерін шешуге көмектеседі:
күрделену деңгейі әртүрлі бағдарламалар бойынша сынып құрамын, тәрбиеленушілердің жұмысын жоспарлауға мүмкіндік беретін, олардың оқуға дайындықтарының деңгейі жөнінде ақпараттар алу;
тәрбиеленушілердің мүмкіндіктерін бағалау, олардың ақыл-ойы, оқу әрекеттерінің қалыптасу деңгейі, оқытуды мотивтендірудің сипатын анықтау;
өзін-өзі тану негізінде жасөспірімдердің өздерін дамытуларын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін, олардың танымдық қасиеттерінің дамуын, сынып ұжымындағы өзара қарым-қатынасты, тәрбиеленушілер мінезінің ерекшеліктерін зерделеу;
сынып ұжымындағы өзара қарым-қатынас, педагогикалық ұжымның жұмыстарын басқару, ұжымда жақсы психологиялық ахуалдың болуы, жеке тәрбиеленушілердің іс-әрекеттерінің сипатын жетілдіру мақсатында тәрбиеленуші тұлғасының ерекшеліктері жөнінде ақпараттар алу;
төменгі және одан кейінгі сыныптардағы жекелеген тәрбиеленушілердің даму деңгейін диагностикалау және соның негізінде түзету жұмыстарын ұйымдастыру.
Тұлғаның шығармашылық әлеуетінің деңгейін тест арқылы анықтауға болады.
Психологиялық диагностика педагогтарға өздері жасаған құралдарын, яғни әдістерін пайдалануға мүмкіндік жасайды.
Диагностиканың негізгі құралдарының бірі – тест. Көп жағдайда тесттер – сапалық және сандық тұрғыда зерделенетін, қасиеттерді бағалауға мүмкіндік беретін, стандартталған тапсырмалардың жиынтығы.
Сауалнама жүргізу. Бұл арнайы іріктелген танымдық сұрақтар мен олардың мүмкін деген жауаптарының варианттарының қатал логикалық құрылысы, сауалнама құрастырушы ұсынған алдын-ала белгіленген бірнеше мүмкін деген жауаптары бар жабық сұрақтардан тұрады.
Сұхбаттасудың екінші бір түрі педагогикаға əлеуметтану саласынан енген – интервью алу. Бұл əдісте сұрақтар алдын ала түзіліп, бірізділікпен қойылып барады. Интервью жауаптары анық жазылып, хатталады.
Тест (сынақ) жүргізу – педагогикалық үдерістің зерттеу сипаттамасын объективті өлшеуге мүмкіншілік беретін, қатаң бақылау жағдайында жүргізілетін барлық сынақтан өтушілерге бірдей мақсатты зерттеу. Ерекшелігі: дәлдігі, түсініктілігі, қарапайымдылығы.
Педагогикалық құжаттармен танысу əдісін қолдана отырып, оқушының жеке ісі, дəрігерлік карта, күнделік, жиналыс не отырыс хаттамалары жəне сол секілді мектептің әртүрлі жазба жұмыстарымен танысу арқылы зерттеуші оқу-тəрбие, білім игеру үдерісін ұйымдастыру практикасында нақты қалыптасқан объективті жағдайлар жөніндегі ақпараттармен қаруланады.
Тәрбиеленушілердің тәрбиелік деңгейі дегеніміз – тұлғаның барынша тұрақты қасиеттері мен түрлі іс-әрекеттердегі, ұжым мен өзіне қарасты білігі мен дағдыларының жиынтығы.
Тәрбиеленушілердің тәрбиелік деңгейіне баға беру мақсаты – өзін-өзі тану, өзі-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту үдерісін ынталандыру, әрбір тәрбиеленушінің өзіне-өзі барабар бағалауын қалыптастыру. Бұл В.А.Сухомлинскийдің пікірі бойынша, тәрбие берудің басты мақсаты болуы керек.
Бастысы – тәрбиеленушілердің өмірлік жоспарлары, құндылық бағдарлары туралы терең білім негізінде тұлғаның қалыптасуына дұрыс бағыт беру.
Тәрбие іс-әрекетіндегі мониторинг – бұл тәрбие беру сапасын зерделеу және тұлға дамуындағы негізгі беталыстарды болжау. Рухани-адамгершілік тәрбие үдерісінің мониторингі – бұл бала тұлғасының қалыптасу және өмірлік маңызы бар негізгі, базалық құзыреттіліктерді меңгеру үдерісін үнемі бақылап отыру.
Сондай-ақ, көрсеткіштер – тәрбие үдерісінің қайсыбір жағының негізгі сипаттамасы. Көрсеткіштер критерий қырларының, оның бөліктерінің бірі және қайсыбір белгілер, «деңгейлер» қандай деңгейде дамығанын көрсетеді.
Ал, тәрбиелік – жинақталған түрінде адамның әлеуметтік қарым-қатынастарының жүйесін бейнелейтін, тұлға сапаларының жиынтығын сипаттайтын тұлғаның кіріктірілген қасиеттері.
П.П.Блонский «Ғылыми психология очерктері» деген еңбегінде: «Адамның тәртібін өлшеуге болады. Барлық нәрсе өзгереді, сондықтан қанша өзгергендігін өлшеу керек» – дегендей, тәрбиеленушінің тәрбиелік деңгейі күн сайын, сағат сайын тексеріледі. Тәрбиеленушінің әрбір іс-әрекеті, тәртібі, үлкендермен қарым-қатынасы тәрбиелік деңгейін сипаттайды. Олардың тәрбиелік деңгейіне дұрыс баға беру үшін өмірдегі, сабақтағы, сабақтан тыс кездегі, қоғамдық пайдалы іс-әрекеттегі тәртібіне нақты баға беру керек. Ол үшін ұзақ уақыт және әртүрлі әдіс-тәсілді пайдалану қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |