Лекция 8. Сынып жетекшісінің қиын балалармен жұмыстарының жүйесі
Мінез-құлықтағы қиындық және «ауытқушы мінез-құлық» ұғымы ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Бастапқыда ғылым саласында емес, күнделікті өмірде қолданылып жүрді.
ХХ ғасырда қиын балалардың жеке ерекшеліктерін, қоғамдық, әлеуметтік өмір жағдайымен, тәрбиелік факторлардың өзара әрекеттестігімен біртұтастықта алғашқы болып кешенді зерттеген П.П.Блонский болды. Кәмелетке жасы толмаған мінез-құлқындағы қиындығы бар балаларды зерттеудің негізгі мақсаты – қиын балалардың мінез-құлық ерекшеліктерін ашып көрсете отырып, қиын балалардың сәтсіз өмірінің себептерін анықтау. П.П.Блонский: «Қиын бала – бұл, ең алдымен кәдімгі бала. Оған табиғи қарапайым тұқымқуалаушылық тән. Айырмашылығы – оның педагогикалық қараусыз қалғандығы. Сондықтан, оны дені сау, бірақ қараусыз қалған бала ретінде тәрбиелеу керек» – деп тұжырымды ой қорытады.
Ал, В.В.Трифонов өз зерттеулерінде: «Қиын бала – бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, ұстаздың ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін бала»– деп атап көрсетеді.
Қиын балалардың пайда болуына әсер ететін факторлар: 1. Отбасы тәрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни тұрмыстағы ұрыс-талас, дау-жанжал, баланың табиғи психологиялық ерекшеліктерін ескермеу, ата-ананың біреуінің болмауы және т.б. жағдайлар себеп болады.
2. Қоғамдық ұйымдар және жұртшылықпен жүргізілетін жұмыстың, әсіресе, балалар тұратын мөлтек аудандарда күрт төмендеуі. Қиын балалардың пайда болуына бірден-бір себеп болатын және жағымсыз жағдай туғызатындар: баланың күнделікті жүріс-тұрыстарын қадағаламау; оның көзінше арақ-шарап ішу; дау-жанжал, ұрыс-керіс туғызу.
3.Жастайынан еңбектену әдет-дағдыларын қалыптастырмау, баланың жан дүниесіне көңіл аудармау. Мысалы, жүргізілген зерттеулердің қорытындысы көрсеткендей, тәртібі нашарлаған балалардың көбінесе ата-аналары моральға жат қылықтар мен теріс әсерлер жасаған.
Баланы дұрыс қалыптастырып, тәрбиелеу үшін отбасы қоғаммен тығыз байланыста болуы керек.
Ғалым И.А.Невский қиын баланың пайда болуы отбасындағы, мектептегі жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігінен деп түсіндіреді. Яғни, ата-ана тарапынан, ұстаздан жылулық сезінбеген, мейірімділік көрмеген бала өмірде өзінің ешкімге қажетсізбін деп есептеп, ашуланшақ, агрессивті, қатыгез болып өседі. Қиын баланың пайда болу себептерін анықтасақ, біріншіден, отбасындағы тәрбиеге ал екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие мәселесіне жіті көңіл бөлу қажет. Өйткені, көптеген психолог ғалымдардың зерттеулеріне жүгінетін болсақ, балалардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себептерін отбасындағы дұрыс тәрбие бермеудің төмендегідей салдарынан болатындығын анықтады:
отбасының әлеуметтік және экономикалық жағдайы;
ата-ананың баласына немқұрайлы қарауы;
қараусыз қалған бала немесе шектен тыс қамқорлық.
Істі бүлдіруші балаларға толыққанды мінездеме бере отырып, П.П.Блонский өз жұмыстарында мектепті, сыныпты ұйымдастыруға баса көңіл бөледі. П.П.Блонскийдің пікірі бойынша, қайта тәрбиелеудің нағыз тура жолы, тәртіп бұзушыларды мәдениетсіз ортадан мәдениетті балалар ұжымына біртіндеп әкелу болып табылады.
Қандай қоғамда болмасын, тіпті дамудың қандай сатысында болса да өзіне ерекше назар аударуды қажет ететін тұлғалар кездеседі. Олар дене жағынан немесе психологиялық, әлеуметтік жағынан ауытқулары бар адамдар болып табылады. Ондай адамдар қашан да басқа адамдар тобынан ерекшеленіп тұрады.
Мінез-құлқында ауытқулары бар, білім деңгейі нашар, тәртібі төмен, сабақтан көп қалатын, ұстаз талабын орындамайтын, адамгершілігі аз, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, сынып мәселелері қызықтырмайтын, ал кейде психикалық дамуы, ойлау қабілеті кейін қалған, ашуланшақ (әртүрлі жүйке ауруларына шалдыққан, тәрбиеге әрең көнетін) балаларды қиын, девиантты балалар қатарына жатқызуға болады.
Қазіргі кезеңде тәртіп бұзушылықтың алдын алуға байланысты туындаған мәселенің бәріне шешім табу, балалардың әр жас деңгейіндегі психикалық даму мүмкіндіктерін анықтау, белгілеу және девианттық мінез-құлықты балаларға психологиялық-педагогикалық қолдауды дер кезінде көрсету әр сынып жетекшісінің және мектеп психологының міндеті.
Ұлы педагог А.С.Макаренко бойынша сынып жетекшісінің қиын балалармен атқаратын жұмыстары:
қиын баланың пайда болу себеп-салдарын білу және әрбір баланың өзіндік ерекшеліктерін, тәрбие жағдайын анықтау;
мінез-құлқында аз да болса оң өзгеріс байқалса, соны дамытып, өрбіту, яғни теріс қылықтарына өзін қарсы қойып, өзін қайта тәрбиелеуге дайындау;
отбасы тәрбиесіндегі кемшіліктерді жою, ата-ана мен бала арасындағы қатынасты жүйеге түсіру;
қиын баланың ынта-ықыласын, талап-тілегін, қызығушылығын ескеріп, қоғамдық пайдалы еңбектерге қатыстырып, тапсырмаларды бар зейінімен орындауға бетбұрыс жасату;
өзін-өзі қайта тәрбиелеуге қабілеті жететініне сенімін арттыру, жеке басын құрметтеуге үйрету, барша балаға біркелкі талаптар қою, педагогикалық ынтымақтастық қатынаста болу.
Сондай-ақ, отбасының көшіп-қонуы, баланың мектеп ауыстырып, ол мектепке үйренуі, сыныптағы балалармен тіл табысуы баланың үлгеріміне, тәрбиесіне сыныптық, мектепішілік, қоғамдық жұмыстарға қатысуына кедергі жасайтыны белгілі. Осыған орай, сынып жетекшілерінің балалар арасында жағымсыз көріністерді болдырмауда балаға назар аударып, оған керекті, қолдан келер бар жағдайды жасап, қадағалағандары дұрыс.
Көптеген ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, қиын баланың пайда болуы отбасында басталады.
Жасөспірімдердің бойында жиі кездесетін төмендегідей кемшіліктерді атап көрсетуге болады:
үлкендермен, жолдастарымен тіл табыса алмауы (мақтаншақтық, дөрекілік және т.б.) және өзін-өзі ұстай алмауы, өзін меңгере алмауы;
дұрыс тәрбие алмауы, соның салдарынан тиянақты еңбек ете алмауы;
өзіне деген өмірдегі сенімсіздік, тіршіліктегі пассивтілік, ынжықтық және жіберген қателіктерін дер кезінде түзете алмауы.
Қиын балаларды қайта тәрбиелеудің педагогикалық шарттары:
Қиын балаларды зерттеуді қоршаған ортадан бастау.
Қиын баланы қайта тәрбиелеуді оны қоршаған ұжымының бағдар-бағыттауы бойынша әдептілік жолымен жүргізу.
Қиын балаларды тәрбиелеу жұмысын жиі, бірізді, тұрақты, ғылыми ұйымдастырылған түрде жүргізу.
Ойлау қабілеті зақымдалған балаларды уақытында емдеуді ұйымдастыру.
Мінез-құлқы бұзылған балалармен жұмыс істеу барысында мектеп жасындағы балаларда қиыншылықтар тудыратын көріністердің психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін есепке алып отыру керек. Мінез-құлқы бұзылған балаларға өзімшілдік, өзін-өзі төмен бағалау, қоршаған ортадан агрессивті түрде қорғану, қаңғырып кетіп қалу, ішімдік, нашақорлық және т.б. тұлғаның патологиялық даму факторлары тән болады. Бұл жағдайда баланың іс-әрекеті әртүрлі болады: өзінің кері іс-әрекет нәтижесінің қандай болатынын білмеуі, адамдардың көзқарасын дұрыс түсініп, бағалай алмауы; әрдайым көңіл-күйдің құлазуына бейім болуы. Сондықтан, әрбір педагог баланың ерекшелігін байқаса, балаға ерекше көзқараспен қарап, психолог маманның көмегіне жүгінуі қажет.