Лекция 9. Дарынды балалармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының жүйесі
«Интеллект» ұғымы өзінің ғылыми мағынасына қарамастан, шексіз талдауларға толы. В.Штерн интеллекттің жаңа өмір шарттарына жалпы қабілеттердің бейімделуін жатқызады. В.Штерн бойынша, бейімделу – өмірлік міндеттерін ақылдылық әрекеттер арқылы шешу.
Қабілеттілік – бұл білім алуға қажетті адамның жеке ерекшеліктері.
С.Л.Рубинштейн, Б.М.Теплов еңбектерінде іс-әрекеттің нәтижелігі бойынша «қабілеттілік»,«дарындылық» және «талант» ұғымдарының мәні ашылады. Қабілет іс-әрекеттің нәтижелі болу мүмкінділігіне байланысты бір адамды екінші адамнан өзгешелейтін жеке-даралық психологиялық сапа ретінде қарастырылады.
Қабілеттілік – адамның өз бейімділігі және шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиеті. Қабілеттің дамуының табиғи негізін құрайтын нышандардың жиынтығы – дарындылық.
«Дарындылық»ұғымы сый («дар») сөзінен шыққан және ол дамудың қолайлы ішкі алғышарттарын білдіреді. Педагогикалық энциклопедияда «Дарындылық – белгілі іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін, адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі» – деген анықтама беріледі.
Дарындылық адамның сәби кезінен байқалатын ерекше қабілеттілігі, өнердің бір түріне туа бейімділігі. Айталық, Дюрер 3 жасында өз суретін салса, Моцарт 7 жасында төрт соната жазған, Гаусс 14 жасында өзін математика әлеміне танытқан. Қабілеті жан-жақты дамыған адамды дарынды деуден гөрі қабілетті деген орынды болады.
«Талант» ұғымына анықтама беруде оның туа біткен сипаты ескеріледі. Талант қандайда бір нәрсеге дарындылық, ал дарындылық туа берілген қабілеттілік деп түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, талант – іс-әрекетке жоғары жетістікті қамтамасыз ететін, туа біткен қабілеттілік.
Сонымен, талантты адам дегеніміз – жоғары білікті шығармашылықпен жұмыс жасайтын адам. Жалпы таланттың қалыптасуы үшін, тек ақыл-ой деңгейі ғана емес, сондай-ақ оқу-тәрбиелік әсердің де, жас кезеңдердің де мәні зор.
«Дарындылық» феноменін зерттеуге деген қызығушылық терең ғасырлар қойнауында (б.з.д.Vғасыр) жатыр, бұл «ерекше қабілеттерді қоғамдық және ғылыми танымның объектісі ретінде қараудың» дәлелі болмақ.
Дарындылықтың құрылымын ұсынғандардың ішінен ең маңыздысы болып, белгілі американдық ғалым Дж.Рензуллидің үш шеңберлі моделін атауға болады. Бұл тұжырымдамада дарындылық үш бөлігінің бір-біріне тығыз қарым-қатынасы арқылы құралатыны айтылады.
Дж.Рензуллидің көзқарасының маңызды жағы дарындылықты табиғи құбылыс деп түсіндіре келе, «дарындылық» ұғымының «әлеует» (потенциал – латын сөзі porentia – күш, бір нәрсеге қабілеттілік) ұғымына алмастырады. Оның моделі әмбебап секілді дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесінде ғана емес, барлық балаларға да қолдануға болатыны анықталды. Осы тұжырымдама әртүрлі бағдарлама жасауға негіз болған.
Кейінгі жылдары жоғары мектеп тәжірибесінде диагностикаға педагогтардың оқыту, тәрбиелеу және білім беру нәтижелерін өлшейтін арнайы қызметінің жүйесі ретінде қарауға көп көңіл бөлінуде.
Дарындылық диагностикасы – балалардың жүйелі түрде меңгерген білім, іскерлік, дағдыларын анықтау, талдау және бағалау. Оқытудың нәтижелілігі – бұл диагностикалау кезінде көздеген мақсаттың жүзеге асу деңгейін көрсету дегенді білдіреді.
Психология саласында бала дарындылығының диагностикасы 2 деңгейде қарастырылады: теориялық және әдістемелік.
Бірінші деңгей – теориялық әдістерді өткізуге және өңдеуге арналған бағдарламаға қызмет ететін дарындылық тұжырымдамасын анықтайды. Бұл әдістердің нәтижесі болашақта әрбір баланы оқыту және дамыту мәселелерінің дидактикалық аспектілерін өңдеуге негіз болып табылады.
Екінші деңгей – әдістемелік. Дарындылық концепциясының қабылданған мақсаты мен дарынды балаларды теңестіруге мүмкіндік беретін бағдарламаларды өңдейтін және дамытатын психологиялық-диагностикалық шаралардың алға қойған мақсатын сәйкестендіріп өңдейді және жинақтайды.
Диагностика – оқу-тәрбие процесінің жемісі мен нәтижесі жөніндегі ақпараттарды алу үшін қолданылатын тәсілдер.
Креативтілікті дарындылық деп қарастырушылардың бірі – Е.П.Торенс. Ол дарындылық білімдердің кемшіліктерді, білмейтіндерін, жетіспейтін элементтерді және т.б. жақын қабылдайтын дарындылық ақауларын көрсетіп берді.
Балалардың шығармашылық дарындылығын зерттеуде Е.Торренстің әдістемесі жалпы креативтілік көрсеткіштерді көрсетіп қана қоймай, оның жеке ерекшеліктерін айқындайды.
Сонымен, әр балаға дарынды баланың жеке картасы ашылып, мұнда психологиялық диагностиканың тереңдетілген қорытындылары жазылып отыруы, бұл арқылы баланың болашақтағы даму бағдарының анықталуы қажет деп есептейміз.
Әрбір педагог балаларды өмірге дайындаудағы, жүргізілетін жұмыстардағы педагогикалық іс-әрекетінде өзінің негізгі функциясын нақты сезінетін, жаңашыл іс-әрекеттерді игеріп, оны жүзеге асыра алатын маман болуы қажет.
Осы тұрғыда, қабілетті балаларды анықтау және олармен жұмыс жүргізу әрбір педагогтың міндеті.
Соған сәйкес, дарындылықты анықтауға негіз болатын дарынды балалардың төмендегідей 3 категориясын бөліп көрсетуге болады:
ақыл-ой дамуының ерекше жоғары деңгейіне ие балалар (мұндай балалар көбінесе мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасында кездеседі);
арнайы ақыл-ой дарындылығының белгілеріне ие балалар – ғылымның белгілі бір саласындағы дарындылық (мұндай балалар жеткіншектік жаста анықталады);
белгілі бір себептерге байланысты оқу іс-әрекетінде ешқандай табыстарға қол жеткізбеген, алайда танымдық белсенділігімен, психикалық жүйесінің біртумалылығымен және ақыл-ой қорының бірегейлілігімен ерекшеленетін балалар (мұндай балалардың мүмкіншіліктері көбінесе, жоғарғы сыныпта көрініс береді).
Дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстардағы педагогикалық іс-әрекетте, мектепке бейімделу кезеңінде пайда болатын мәселелерді де ескерген жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |