Лекция 1. Тәрбие үдерісі – тұтас педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі
Тәрбие үдерісі – тұтас педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі
1. Тәрбие – мәдени-тарихи феномен.
2. Тәрбие педагогикалық ғылымдардың категориясы. Тұлғаны оқыту, тәрбиелеу және дамытудың өзара байланысы.
3. Тәрбиенің қазіргі заманғы тұжырымдамалары мен бағдарламалары.
4. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы. Тәрбиенің ұлттық өзіндік ерекшелігі.
Тәрбие – қоғамның, материалдық өндірістің үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін фактор, күш-құрал. Тәрбие өзінің мазмұны, мақсаты мен сипатын әр қоғамдық құрылыс пен формацияларға сәйкес өзгертіп отырады. Сондықтан тәрбиені тарихи феномен ретінде қарастырады.
Таптық қоғам дамуының тарихи сатысында жас ұрпақтың тәрбиесі, білім алуы таптық сипатта болды. Оның мақсаты мен бағыты үстем таптың саясаты негізінде құрылды. Ол үстем таптың қоғамдағы саяси-экономикалық үстемдіктерін орнатудағы басты құралдардың бірі болып келеді.
Тәрбие – қоғамның тарихи әлеуметтік-экономикалық жағдайларынан туындайтын объективтік үдеріс. Тәрбие деп тар мағынада тәрбиешінің және тәрбиеленушінің ата-аналармен бірігіп, жоспарлы түрде жүргізілетін тәрбие жұмыстарын айтады. Әрине, тәрбие жұмыстарымен бір ғана тәрбиеші және ата-аналар шұғылданып қоймайды, әртүрлі қоғамдық ұйымдар және қалың жұртшылық болып айналысады.
Тәрбие – кең мағынада табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың, бүкіл бұқараның жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына ықпал етуі.
Тәрбие тар мағынада емес, кең мағынада, бір жақты емес, кең көлемде, яғни табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына мақсатты түрде ықпалы, өзара әрекетінің нәтижесі ретінде көрініс табады.
Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден, жеке адам үшін оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білуге үйрету.
Сонымен, тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру құралы.
Егеменді еліміздің ертеңі өткен тарихымызбен сабақтасып келеді. Халқымыздың санғасырлық тарихында балаға жан-жақты тәрбие берудің өзгеге ұқсай бермейтін ерекше талаптары қалыптасты. Бала тәрбиесіне қатысты кейінгі жылдары пайда болған «Қазақтың тәлім-тәрбие тарихы» (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев), «Қазақ халқының салт-дәстүрі» (М.Оразаев, М.Сымайылова),«Елім-ай» музыкалық-этнопедагогикалық бағдарламасы (А.Қалтабаев), «Атамекен» ұлттық ғылыми-тәлімдік, рухани-танымдық бағдарламасы (М.Құрсабаев) өз нәтижелерін беруде.
Біз әрбір адамның абыройын, адамгершілігі мен беделін бағалайтын, жоғары өнегелі, эстетикалық стандарттары мен рухани құндылығы бар қоғам құруымыз қажет. Бұл талаптар өскелең ұрпақтың тәрбиесін және рухани-адамгершілік білім берудің артықшылығын күшейтуге бағытталған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының жалпы мақсатымен тоғысады.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ол жайдан-жай емес, әрине. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы адамды ойлануға үйретуі. Әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, ой елегінен өткізіп, содан кейін барып қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі мәселе – мемлекетшілдік, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені, біздің қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлауымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу – бәрінен маңызды. Еліміздің егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында заманына сай адамын тәрбиелеу – басты міндет. Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының Президенті С.А.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсатының өзі ерекше.
Өйткені, бұл бағдарлама жасөспірімге рухани-адамгершілік білім беру, дамыту арқылы үйлесімді қалыптасуына ықпал етеді. Адам бойына кішіпейілділік, сыпайылық, рақымшылдық, жанашырлық, сыйластық, тілектестік сияқты қасиеттерді дарыту және өзгелерді қадірлей, сыйлай, құрметтей, тыңдай білу, қолынан келгенше адамдарға көмектесу, кешірімді болуды үйрету де «Өзін-өзі тану» бағдарламасының үлесінде. Өзін-өзі тану» бағдарламасы болашақ ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптері мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. «Өзін-өзі» тануды оқытудың басты мақсаты – әр адамның қоршаған ортада өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінуіне ықпал етіп, өзін толық іске асыруына, өзінің әлеуметтік рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғынуына, қоғамға қызмет ету әлеуетін көтеруге және әрбір тұлғаның өзіндік ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана білуге үйрету болып табылады. Бұл мақсат өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімі мен тәрбиесінің жалпыадамзаттық, ұлттық, тұлғалық құндылықтардың үйлесімді жинақталуымен ерекшеленеді.
Қазіргі қоғам жастардың бойына адами құндылықтарды мейірімділікті, сүйіспеншілікті, қайырымдылықты, әділдікті, қамқорлықты бойына сіңіріп тәрбиелеуді талап етеді. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына қызмет етеді. Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады.
ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап «тұлғалық бағдарлы педагогика», «тұлғалық бағдарлы білім беру», «тұлғаға бағдарланған технология» терминдері пайда болды.
«Тұлғалық-бағдарлы» сөз тіркесі білім беру үдерісінде қолдануына байланысты педагогикалық сөздікке ағылшынның «person-centered» («тұлға орталықты») және «pupil-centered» («оқушы орталықты») сөздерінің аудармасынан енгізілген. Олар К.Роджерстің гуманистік педагогикасы және гуманистік психологиясындағы ұғымдардың бірі болып табылады.
Осы ұғымдардың түсіндірмесінде әр алуан пікірлер кездеседі. Бұл пікірлердің көптігі төмендегідей түсіндіріледі: кез келген оқытудың түрі тұлғаны дамытуға бағытталған, яғни олардың әрқайсысын тұлғаға бағдарланған оқыту деп тануға болады.
Балаға деген көзқарас оны еркін, тұтас тұлға ретінде, мәдени дамуы барысында құндылықтарды өзі таңдай алатын, өзін-өзі жүзеге асыра алатын тұлға деп түсіндіру арқылы қалыптастырады деп есептейді.
Қай ғасырда болмасын тәрбие мәселесі назардан тыс қалып көрген емес. Әрбір ұлттың, қай кезеңде болмасын алдында тұратын, ұлы мұрат міндеттерінің ең бастысы, өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы және елін, жерін, Отанын сүйетін ұрпақты тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін реформалаудың тұжырымдамалық және құқықтық-нормативтік негіздеріне сүйене отырып, тәрбие беруді ізгілендіру төмендегілерді білдіреді:
тәрбиеленуші (немесе оның ата-анасы) мектеп түрін, білім беру мазмұнын, оның ұйымдастыру формаларын, кәсіби білім беру бағыттарын және т.б. таңдауға құқы бар;
тәрбиеленуші өз мүмкіндіктері мен қабілеттеріне қарай өз дамуының жеке, дара жолын таңдайды;
тәрбиеленуші педагогикалық үдерістің субъектісіне айналады, яғни оқу-тәрбие үдерісін жоспарлау және оның нәтижесін бағалау іс-әрекеттеріне белсене атсалысады;
тәрбиеленушінің оқу үдерісінде барлық іс-әрекеті, белсенділігі ынталандырылып отырылады.
Қазіргі кезеңде тәрбие үдерісін ізгілендіру бағыттары болып табылатындар:
жеке тұлғаны тәрбиелеу мазмұнында әлемдік мәдени құндылықтарды ендіру арқылы оларды ізгілендіру бағытын тереңдету;
адами құндылықтардың негізін ашатын тәрбиелік жұмыстардың кешендік жүйесін даярлау.
Қазіргі кезеңдегі тәрбие берудің мақсаты – жеке тұлғаның өзіне және қоғамға қажетті қабілеттерін дамыту, өзін-өзі тану және өздігінен білім алуды тиімді қамтамасыз ететін әлеуметтік құндылықтың белсенділігін қалыптастыру. Сол себепті тәрбие беруді ізгілендіру өзін-өзі дамытатын, өзін-өзі жетілдіретін, дұрыс шешімді өздігінен қабылдай алатын, өз іс-әрекетін өзі жүргізе алатын, яғни, педагогикалық үдерістің субъектісі бола алатын жеке тұлғаны қалыптастыруды көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |