Лекция№ 7 Сөйлеу процесінің анатомиялық-физиологиялық механизмдері
1.Сөйлеу талдағышы, сөйлеу аппараты туралы түсінік. Сөйлеу аппаратының орталық бөлімі.
2. Сөйлеу аппаратының шеткі бөлімі
3. Тыныс алу бөлігі
4. Дауыс шығару бөлігі
5. Дыбысты өзгерту бөлігі (артикуляциялық)
1. Сөйлеу талдағышы, сөйлеу аппараты туралы түсінік. Сөйлеу аппаратының орталық бөлімі Сөйлеу процесі адамға ғана тән, өте күрделі жоғарғы психикалық процесс. Ол шартты рефлекс заңдарына байланысты. Сөйлеу қабілеті сөйлеу аппараттарын іске қосатын орталық және шеткі күрделі жүйке жүйелері арқылы жүзеге асады.
Сөйлеу аппараты 3 бөлімнен тұрады: орталық, шеткі және байланыс жолдар (жүйкелер) (1-қосымша. 1–Сурет.). Орталық сөйлеу аппараты және
байланыс жолдар орталық және шеткі жүйке жүйесінің түрлі бөлімінде әр түрлі деңгейде орналасқан, бірақ барлығы жиылып бір іске жұмылған, өз алдына дербес жүйе болып табылады. Орталық сөйлеу аппараты мида орналасқан. Ол ми қыртысынан (көбінесе сол жақ мидың), ми қыртысы астындағы ядролардан, ми өзегі ядроларынан, жүйке жолдарынан тұрады.
Сөйлеу үшін ми қыртысы басты роль атқарады (әсіресе мидың сол жақ қыртысы). Ми қыртысының шеке, самай, төбе және шүйде бөліктерін ажыратады. Ми қыртысының шеке бөлімінде Брок орталығы орналасқан (төменгі қыртысында), адамның дауыс шығарып сөйлеуі осы орталықтың арқасында іске асады.
Ал ми қыртысының самай бөлігінде басқа адамдардың сөйлеген сөзін естіп, түсіну қабілетінің іске асатын орталығы - Вернике орталығы - орналасқан. Ми қыртысының төбе бөлігі де естіген сөзді түсініп, адамның жазу жазып және жазылған сөздерді шүйде бөлігіне орналасқан көру орталығы арқылы көзбен көріп, түсінуге үлкен ықпал етеді. Ми қыртысы астындағы ядролар адамның сөйлеген кездегі анық, байсалды және әсерлі сөйлеуіне ықпалын тигізеді.
Сөйлеу аппаратының барлық органдары (мүшелері) мидан шығатын жүйкелермен қамтамасыз етілген.
Олардың ең бастылары: VIІ, ІΧ, Χ, ΧІ және ΧІІ қос жүйкелер. Үшкіл жүйке адамның жағын ашып-жабуға қатысы бар бұлшық еттерді, бет жүйкесі (ΧІІ-қос) - бетті әр түрлі қимылға түсіретін бұлшық еттерді, ерінді және ұртты қимылға түсіретін бұлшық еттерді, тіл – жұтқыншақ (ІΧ- қос) жүйкесі мен жылжымалы жүйке (Χ-қос) дауыс сіңірлері мен көмекей еттерін, жұтқыншақ пен таңдай бұлшық еттерінің қимылдарын қамтамасыз етеді. Қосымша жүйке (ΧІ- қос) мойын бұлшық еттерінің, ал тіс асты нерві (ΧІІ- қос) - тілдің әр түрлі қимыл жасауын қамтамасыз етеді.
Осы жүйке жүйелері арқылы адамның миындағы сөйлеу орталықтары (Брока мен Вернике) шетте жатқан сөйлеу аппаратының мүшелерімен тікелей байланысып, импульстарын жіберіп отырады. Осылайша сөйлеу қабілеті пайда болады.