Исламның бірінші шарты куәгерлік ету. Ол:
«Әшћәду әллә иләћә иллә-л-лаћ уә әшћәдү әннә Мұхаммәдән әбдүћү уә расулүћ». Мағынасы: “Мен Аллаћтан басқа тәңір жоқ екендiгiне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін” – деп, көңiлiмен иланған және оны ашықтан ашық айтқан адам исламның бірінші шартын орындаған болады. Ал кәлимә-и шәћәдатты орындамай, исламның қалған шарттарын орындау мүмкiн емес.
Намаз
Намаз оқу мұсылмандарға ћижреттен бір жарым жыл бұрын Меккеде парыз етілген. Хазіреті Пайғамбардың бір хадис шәрифінде: “Намаз - діннің тірегі”- дегеніндей, намаз ислам дінінде маңызды орынды иеленеді.
Намаздың өзіне тән үкімдері бар. Егер де үкімдерінің бірі орындалмаса намаз дұрыс болып есептелiнбейдi. Намаздың парыздары - 12. Олардың 6-уы намаздың сыртында, 6-уы намаздың ішінде.
Намаздың сыртқы парыздары:
1. Хадасаттан тазалану (Рухани тазалық). Намазға тұрушы дін бойынша лас есептелінетін рухани кірлерден тазалану керек. Хадасаттан тазалану «ғұсыл құйыну», «дәрет алу», «тәйәммүм соғу» жолдары арқылы жүзеге асады.
Ғұсыл әйелдер мен ерлердің табиғи жағдайларына байланысты аузына, мұрнына және денесінің барлық мүшесіне су тигізумен орындалады. Міне, осыларды орындаған адам «бой дәретті» болып есептелінеді. Бой дәретсіз намаз оқуға, Құран ұстауға, Құран оқуға, мешітке кіруге, Қағбаға тауаф етуге болмайды.
Ал намазға тұру кезінде дәрет алу шарт. Дәреттің парыздары бетін жуу, екі қолын шынтағына дейін жуу, басқа мәсих тарту және екі аяғын тобыққа дейін жуудан тұрады. Осыларды орындағаннан кейін намаз оқуға жол ашылады.
Егер намаз уақытында су табылмай қалған жағдайда немесе ауырып қалған жағдайда, яғни сумен жуынғанда адамның денсаулығына зияны тисе, ережеден тыс «тәйәммүм» соғумен намаз оқуға болады. Тәйәммүм соғарда адам әуелі не үшін тәйәммүм соғып жатқанына ниет етіп, таза топырақ жынысына екі алақанын ұрады да, екі қолын, сонан соң екі алақанын топыраққа қайта ұрып бетін сипайды. Осыларды орындағаннан кейін намазға тұруға болады.
2. Нәжісаттан тазалану (таћарат). Намаздың парыздарының бірі - дінде лас саналатын нәрселерден аулақ болу. Дін бойынша лас саналған нәжістер: арақ-шарап, доңыз еті мен майы, қан т. б. Адам намаз оқыр алдын киімін, намаз оқитын орнын, денесін осы нәжістерден таза ұстауға міндетті.
3. Әурет жерлері жабық болу. Дін бойынша жабық болуы тиіс дене мүшелерін намаз оқығанда жабық ұстау керек. Намаз оқығанда ер адамның кіндігінен бастап тізесіне дейінгі (тізесін қоса) аралықтағы дене мүшелері, ал әйел адамның екі аяғы тобығына дейінгі, екі қолы білезігіне дейінгі аралық және бетінен басқа жерлер бүтiндей жабық болуы тиіс.
4. Құбылаға бет бұру. Намаздың сыртқы парыздарының төртіншісі - жүзіңді құбылаға қаратып оқу. Ал құбыла - Мекке қаласындағы қасиетті Қағба.
5. Намаз уақытының кіруі. Намаздарды өз уақытында оқу да – намаз парыздарының бірі. Мәселен, таң намазының уақыты таң атқаннан күн шыққанға дейін, бесін күн тас төбеден ауғаннан әр нәрсенің көлеңкесі өз бойынан бір немесе екі есе ұзағанға дейін созылады. Ал намаздігердің уақыты бесін намазы аяқталғаннан күн батқанға дейінгі, ал ақшам намазының уақыты күн батқаннан қараңғы түскенге дейінгі және құптан намазының уақыты қараңғы түскеннен таң атқанға дейінгі аралықты қамтиды.
Дінініміз бойынша кезкелген намаз (қаза) күн шығып келе жатқанда, күн тас төбеде тұрғанда немесе күн батып бара жатқанда оқылмайды.
6. Ниет. Ниет ету- намаздың шарттарының бiрi. Ниет - жасамақ iске жүрекпен иiлу дегендi бiлдiредi, яғни намазға тұрарда қай намаздың оқылатынын еске алып, ниет ету.
Намаздың ішкі парыздары:
Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі. Намаз оқуға ниет етіп, оны бастарда “Аллаћу Әкбар” деп бастау – намаздың алғашқы парызы болып табылады. Егер осылай бастамаған жағдайда намаз басталған болып есептелінбейді.
Қиям (аяқта тұру). Қиям аяқта тiк тұру деген мағынаны бiлдiредi. Намазда түрегеп тұру. Ал тік тұруға мүмкіндігі болмаған адамдардың отырып оқуына да болады. Хазiретi Пайғамбар "(Намазды) аяқта тiк тұрып оқы. Егер оған күшiң жетпесе, отырып оқы. Оған да күшiң жетпесе, сүйенiп оқы" - деген.
Қырағат. Оқу деген сөз, яғни намаздың әр рекаатында Құранның бір сүресiн оқу.
Рүкүғ. Намазда арқаны тік ұстай, екі қолын тізесіне жеткізе иілу.
Сәжде бағыну, мойын ұсыну, кiшiпейiлдiкпен иiлу, жерге жүзiн қою деген мағыналарға келедi. Сәжде - намаздың парызы. Намаз оқып жатқан адамның сәждеде маңдайы, жүзi, екi аяғы мен екi қолы және екi тiзесi жерге немесе жермен жалғасқан бiр нәрсеге тиюi керек.
Намаз түрлері:
Парыз болған намаздар: Таң, Бесін, Намаздігер, Ақшам, Құптан, Жұма, Жаназа намаздары.
Уәжіп болған намаздар: ‡тір, Рамазан, Құрбан айт намаздары.
Нәпіл болған намаздар: Тәхийятү-л-Мәсжид, Тәћәжжүд, Құшлұқ намаздары.
3. Ораза Исламның үшінші шарты – ораза. Оразаның мағынасы - бiр нәрседен алыстау деген сөз. Ораза ұстау - белгiлi уақыт iшiнде яғни екiншi шапақтан бастап, күн батқанға дейiнгi уақыт iшiнде еш нәрсе ішіп-жемеу, нәпсi қалауларынан тыйылудан тұратын құлшылық болып табылады. Құран Кәрiмде «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етiлгендей ораза парыз етiлдi» (Бақара, 185), - делiнгенi сияқты, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы бар әрбір мұсылман баласының Рамазан айында ораза ұстауы парыз. Ал жолаушыларға, емізулі әйелдер мен ауруларға парыз емес. Бірақ бұл жағдайларға тап болған адамдардың жағдайлары өз қалыптарына келгеннен кейін, оразаны күнбе-күн өтеп беруі керек болады.
«Таңнан, қара жiптен ақ жiп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейiн iшiңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейiн ұстаңдар», - деген Құран аяты (Бақара, 187) мұсылмандарға оразаның уақыттарын анық белгiлеп берген.
Оразаның түрлері.
Парыз болған оразалар: Рамазан айының оразасы және оның кеффареті.
Уәжіп болған оразалар: Белгiлi бiр уақытта тұтамын деп ниеттенiп тұтылған ораза немесе осы тұтылған ораза әдейі бұзылса, оны қайта тұту адамға уәжіп болады.
Нәпiл оразалар: Сүннет, Мұстахап және мәндүп болып үшке бөлiнедi.
Сүннет болған ораза: Мұхаррам айының 9-10 (ашура) күндері тұтылатын ораза*, аптаның дүйсенбi және бейсенбi күндерi тұтылған ораза*.
Мұстахаб болған ораза: Әр айдың 13-14-15 күнi ұсталған ораза*. Мәкрућ болған ораза: тек қана жұма күнi ораза ұстау және сенбi күнi ғана ораза ұстау, наурыз күндерiнде ораза ұстау. Бiрақ әдет етiп ұстап жүрген оразасы болса ештеңе етпейдi.
Харам болған оразалар: Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айтының төрт күнінде тұтылатын оразалар. Өйткенi бұл күндер Аллаһтың бiзге ұсынған сый-сыяпатты, қуанышты күндерi.
4.Зекет Зекет мүлікпен жасалынатын ислам негіздеріндегі ғибадаттың бірі болып табылады. Зекет «көбею», «өсу», «берекелі болу» деген мағыналарды береді. Ал дінімізде зекет - ұлы Аллаћтың разылығы үшін, мал-мүліктің белгілі бір мөлшерін исламда белгіленген жерге берілетін мүлікпен жасалынатын құлшылық.
Зекет дініміз бойынша белгіленген мөлшерден мүлкі, байлығы асқан мұсылмандарға парыз. Ал кедейлер мен жоқ-жітіктерге зекет беру парыз емес.
Ислам діні бойынша зекет берiлетiн малдардың түрлерi мен зекет берудi парыз ететiн нисап көлемi:
1-Алтын: 85 грамм
2-Күмiс: 595 грамм
3-Түйе: 5
4-Сиырда: 30
5-Қой мен ешкi: 40
6-Сауда заттары немесе ақша: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмiстiң құнына тең болса бұл адамға зекет беру - парыз.
Зекет берушiнiң ақыл-есi дұрыс, балиғат жасына жеткен азат мұсылман болуы керек.
Зекет кедейлерге, қайыршыларға, борыштыларға, жолда қалғандарға, зекет жинаушыларға және мұсылман болуы мүмкін кәпірлерге беріледі.