Ә) Қосымша әдебиеттер
Құнанбайұлы А., Қара сөздер. Алматы, 1993.
Түркiстан халықаралық энциклопедиясы. Алматы, 2000
Есім.Ғ. Суфизмге кіріспе/Сана болмысы/Саясат пен мадениет туралы ой. Алматы, 1998
Шакизадұлы Н., Ералиева Ж. Әдептiлiк қағидалары. Алматы, 2000
7 тақырып
Сопылық
Сопылық жол (Тасаууф, Суфизм)
Сопылықтың қысқаша тарихы
Түркістандағы сопылық
1. Сопылық жол (Тасаууф, Суфизм)
Мистика “құдай туралы жасырын сыр”, ал мистик “құдай туралы жасырын сырды ешкімге айтпайтын адам” деген мағыналарға келетін грекше сөз.
Ежелгі грек пен Мысыр мистицизмінде құдай туралы ойлап, оған қауышу үшін мистик өзін қинай отырып, терең рухани өмір сүрген және ол түсініксіз болған. Өйткені кезкелген адамның мистицизмді ақылымен түсініп, үйреніп кетуі мүмкін емес. Тек ол құдай жолына түсіп, қаншама қиыншылықтарды басынан кешіре отырып, өзін рухани жетілдірсе, көңілін тәрбиелесе ғана толық түсіне алады. Демек, мистицизм - көңіл тәрбиесі. Сондықтан біз сыртқы көзбен мистицизмге адамның ақылымен танып білуі мүмкін емес, бір ұлылыққа немесе құдайға сезімдік ішкі дүниемен тікелей қауышуы, онымен тікелей байланыс жасауы деп анықтама бере аламыз.
Мистицизм адамның рухани қиналу, шынығу және тырысу жолдарымен рухани жоғарылауын, көңілін тәрбиелеудi қамтамасыз етеді. Рухани қиналу, шынығу және тырысу адамның ішкі дүниесіндегі ақиқатқа қауышуға бағытталады және оны ақыл арқылы емес, көңіл арқылы ғана танып біледі.
Мистикалық тәжірибе деп аталатын рухани әлем және пәк көңілмен өмір кешу бүкіл діндерде және философиялық ағымдарда кездеседі және бүткiл діндер арасында олар ұқсас келеді. Бірақ мистиктердің өмір сүрген әртүрлі өлкелердің араларында діни, мәдени айырмашылықтар болғанына байланысты олардың әдіс-тәсілдері әр түрлі.
Мистицизм өмірі индуизмде, буддизмде, жайнизмде, ежелгі мысырлықтарда, ежелгі грек, христиан, және яһуди (иудей) діндерінде кездеседі.
Ал ислам әлемінде пайда болған мистикалық өмір мен адамның ерекше рухани өмірге көңіл бөлетін көңіл тәрбиесін “тасаууф” немесе ”суфизм” деп атайды.
Ислам мистицизмі Құран мен Сүннет негізi бойынша өмір сүруге тырысатын сала, яғни Құран мен Сүннетте орын алған адамның мистикалық көңіл тәрбиесіне көңіл бөліп, материя мен дүниенің уақытша екендігін алға қоятын, жүрек сезімімен әрекет ететін көңіл жолы.
Мысалға Құранда мистикалық өмірге байланысты былай баяндалған:
Аллаһтың адамдарға жақындығы туралы: “Өйткені біз күре тамырынан да жақынбыз” (Қаф-16).
Дүниелік істерден аулақ жүру туралы: “Шын мәнінде дүние тіршілігі көктен біз түсірген су сияқты….(Юнус-24)
Аллаћқа құлшылық жасау жайлы: “Мен адамдар мен жындарды тек маған құлшылық қылсын деп жараттым”
Енді Аллаһтың құлдарына жақын екендігі туралы Мұхаммед пайғамбардың құдси хадисінде: “Құлым мені зікір (еске ұстау, еске алу) етіп, мені қалай бағаласа, мен де оны солай бағалаймын. Құлым мені өз жанымен зікір ететін болса, мен де оны шын көңіліммен зікір етемін. Құлым мені бір қауыммен зікір ететін болса, мен де оны одан да жақсы бір қауымның ішінде зікір етемін. Құлым маған бір қарыс жақындайтын болса, мен де оған екі қарыс жақындаймын. Құлым маған екі қарыс жақындайтын болса, мен де оған бір құлаш жақындаймын. Құлым маған бір құлаш жақындайтын болса, мен де оған екі құлаш жақындаймын. Құлым маған жүріп келетін болса, мен де оған жүгіремін”; - деген.
Аллаһқа құлшылық жасау жайлы Мұхаммед пайғамбардың тағы бір құдси хадисі:”Құлым маған тек нәпілдермен жақындайды және оны мен сүйемін. Оның көретін көзі, еститін құлағы, ұстайтын қолы, жүретін аяғы және сөйлейтін тілі мен боламын. Ол мен арқылы көреді, мен арқылы естиді, мен арқылы ұстайды, мен арқылы жүреді және мен арқылы сөйлейді”, – деген екен.
Ал ахлақ (мінез-құлық) жайында ардақты пайғамбар: “Мүміндердің иман тұрғысынан ең жоғарғылары - ахлағы (мінезі) ең жақсы болғандар”.
Достарыңызбен бөлісу: |