Спорттық бірыңғай дәрежеге жеткізу жіктелуі (классификациясы) дене тәрбиесі жүйесінің бағдарламалық, мөлшерлік негізінің ең жоғары, қорытынды сатысы болып табылады. Ол елдің барлық спорт ұйымдары үшін спорттық дәрежелер мен атақтарды беру ережелері мен қағидаларын, сонымен қатар спорттың әр түрінен спортшының дайындығына қойылатын бірыңғай мөлшерлік талаптарды белгілеген.
Спорттық жіктелудің негізгі мақсаты: спортпен көпшілікті қамту, спортшыларды жан-жақты тәрбиелеу, олардың дайындық сапасын арттыру және осы негізде жоғары спорттық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз ету. Жіктелудегі спорт түрлері бойынша мөлшерлік талаптар шамамен әрбір төрт жылда қайта қаралып отырылады. Бұл әдетте олимпиададан кейінгі бірінші жылы кайта қаралады. Сөйтіп, кезекті Олимпиадалық ойынға, спорттың жеке түрлерінің әрі қарай дамуына жағдай жасалынады.
Спорттық дәрежелер мен атақтарарнаулы ережесі және жарыс күнтізбесі (календары) бар спорт түрлері үшін ғана белгіленген. Оның құрамына, сонымен бірге әскери-қолданбалы, кәсіптік-қолданбалы, біздің еліміздің ұлттық спорт түрлері және халықаралық дәрежеге ие болған спорт түрлері енгізілген. Спорттық жіктеуде мөлшерлік талаптардың екі түрі қаралған: нәтижесі айқын көрсеткішке байланысты бағаланатын (уақыт өлшемі, салмақ, қашықтық т.б.) спорт түрлері үшін дәреже (разряд) талаптары және жарыста жеке, сонымен бірге команда құрамында өнер көрсетіп, жетістік пен жеңістің маңызы мен нақтылығына байланысты бағаланатын спорт түрлері үшін дәрежелік талаптар (бокс, күрес, спорт ойындары т.б.) мен дәрежелік өлшемдер бірдей енгізілген.
Спорттық жіктеу жөніндегі ереже бойынша спортшыға өзінің ілімдік және жалпы дене дайындығын арттырып отыру міндеттелген. Мұның өзі адамның жан-жақты дамуына жағдай жасайды.
Ұйымдастыру негіздері. Дене тәрбиесі жүйесінің ұйымдық негіздері мемлекеттік, өзінен-өзі туындаған қоғамдық және басқару органдарының біртұтас байланыстылығынан құралады. Бұл байланыс дене тәрбиесі жүйесінің бірыңғай мақсаты болып табылады. Оның міндеттеріне, қағидаларына, идеологиялық, әдістемелік және бағдарламалық-мөлшерлік негіздеріне, сонымен қатар дене шынықтыру ісінің дамуын жүргізетін, бағыттап және бақылап отыратын еліміздегі қоғамдық, мемлекеттік мекемелердің іс жүзіндегі біріккен іс-қимылына сүйенеді.
Дене тәрбиесі жүйесіне қатысты мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің мұндай бірлігі спорт құрылыстарын салуға қаржы бөлу және бұрын соңды салынған құрылыстарды тиімді пайдаланудан, спорт құрал-жабдықтарын тегін және төлем арқылы пайдаланудан, мамандар даярлаудың мемлекеттік жетілген жүйесінен, дәрігерлік дене шынықтыру қызметінің болуынан, дене жаттығуларымен шұғылданудың қажетті жағдайы есебінде еңбекшілердің бос уақытының үнемі өсіп отыруынан құралады.
Дене тәрбиесі жүйесінде қоғам талабына сай қозғалыс дағдыларын, арнаулы білімді, табиғи күштер мен гигиеналық қозғаушы күштерді, алдын - ала дайындалған жаттығулар кешенін дене қабілетін арттыру үшін пайдаланса, онда педагогикалық жүйенің бар екендігін айқындауға болады. Басқа сөзбен айтқанда, дене тәрбиесі педагогикалық жүйе есебінде адамдардың дене дамуын басқаруға осы саладан сауаттандыруға арналған қызмет.
Дене тәрбиесінің мақсаты әрбір адам дене шынықтырудың өзіне тиімді түрін игеруін қамтамасыз ету деп білеміз. Нәтижесінде дене тәрбиесі арқылы адам баласы дене шынықтыруды жалпы жетістігіне, байлығына, жеке игілігіне айналдырады (денсаулығын жақсарту, дене дамуы деңгейін арттыру т.б.)- Сонымен бірге дене тәрбиесінің әсерімен жеке адам тұлғасының өзгеруі дене шынықтыру жүйесінің мазмұнына өзгеріс енгізеді. Сөйтіп, дене шынықтырудың басты көрсеткіштеріне әсер етіледі. Әрине, бұл жүйе тәрбиенің өзге жақтарынан тыс, бөлек жүрмейтіндігі анық.
Балалардың дене тәрбиесін бала денесін жетілдірудің педагогикалық жүйесі деп білеміз. Мектептегі дене гәрбиесі, жоғарыда айтып кеткендей, жалпы педагогикалық жүйенің басты бөлімдерінің бірі. Бұл жүйе тек мектеп қабырғасында жүргізілетін жұмыстармен шектелетіндігі айқын, мысалы, дене тәрбиесі сабақтарында, үйірме жұмыстарында.
Оқушылардың дене тәрбиесі мектепте, мектептен тыс жерлерде мектеп жасындағы балалармен жүргізілетін әр түрлі жұмыстарды қамту деп білеміз. Мектептегі дене тәрбиесін ұйымдастырудың негізгі қағидалары "Жалпы білім беретін мектеп оқушыларының дене тәрбиесі туралы ережесінде" баяндалған.