Лекция тезистері кредит: 6 Лекция тезистерін құрастырған ф.ғ. к. Бейсенбаева Р. Х. Шымкент, 2022 ж


Бiржан сал Қожағұлұлының өмiрi, шығармашылығы



бет51/72
Дата05.02.2023
өлшемі379,2 Kb.
#65267
түріЛекция
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   72
Байланысты:
ХІХ ғас.лекц. 2

Бiржан сал Қожағұлұлының өмiрi, шығармашылығы.
Біржан сал Қожағұлұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданындағы Степняк қаласының тұрған жеріндегі Қожағұл бұлағында туылған. Туған жылы әдебиеттерде әртүрлі көрсетіліп жүр. Басына қойылған ескерткіште 1835-1897 жж. деп көрсетілген. Кейбір еңбектерде 1834 ж. туылған десе, Х.Сүйіншәлиев шамамен 1831-32 жылдары туылған деп көрсетеді.
Біржанның өз әкесі Тұрлыбай момын, шаруа адам болған деседі. Тұрлыбайдан үш баласы болған: Ержан, Нұржан, Біржан. Кенже ұлы Біржанды атасы Қожағұл жас кезінен өз тәрбиесіне алып бауырына басады да, жасынан ауыл молдасына оқытып, бетінен қақпай еркін өсіреді. Біржан ән-күйге, өлең-жырға жақын болып өседі Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде (1863, 29-бет): «Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгіме құмар, сезімтал болатын... ауылға келген әнші, жыршы, күйші болса соны жағалайды. Тіпті көрші ауылда бүгін ән салады екен десе, оған да кетіп қалады» деп көрсетеді.
Біржанның рухани жандүниесінің қалыптасуына, шығармашылығына табиғаты әсем туған жерінің де әсер еткені анық. Профессор Е.Ысмайлов «Біржан салдың ақындығы» деген еңбегінде осы жайға тоқтала келіп: «Бір жағы – айдың шалқар көл, сыңсыған қалың орман, екінші жағы – сылдырап аққан ерке бұлақ, үшінші жағы кең жазық, малдың өрісі, төртінші жағы Көкшенің биік те кербез шың-шоқыларымен жалғасып жатқан қырқа, адыр, төбелер - барлығы да адам қолдан жасағандай әсем бір поэзиялық дүниедей сұлу жер» деп жазады. (Біржан сал Қожағұлұлы Өлеңдер. А,1967; 10-бет)
Біржанның өзге салдардан ерекшелігі жөнінде ғалым Е.Ысмайлов «Ақындар» атты еңбегінде мынадай деректер келтірген: «Біржанды, Ақан серіні көргендер олардың жүріс-тұрысында ерекше көз тартарлық сәнділік, сыпайылық., өнерпаздық салттармен қатар, солардың кейбірінде болатын оғаш, күлкілі киімдерді қасқана киіну, қасқана салдың ерсі мінездерін көрсету жоқтығын айтады. Шын салдық дәстүр, өнер салдың барлық тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетуі тиіс».
Біржан өнерпаздық қасиетінің қалыптасуына халық шығармашылығын әсері мол болған. Ол халықтық музыкамен, бай ауыз әдебиетімен сусындап өсіп оны өзі өмір сүрген қоғамда дамытты. Белгілі ғалым М.Мағауин: «Қазақ даласының әсем табиғаты, көшпендінің дархан жаны, сыршыл сезімі мен сырбаз мінезі шебер көрініс тапқан Біржан әндері қазақтың музыка өнерін жаңа сатыға көтереді, ал оның өз шығармаларын ғана емес, өзіне дейінгі қазақ композиторлары мен музыкалық фольклор үлгілерін орындаудағы әншілік мәдениетті сахарада бағзыдан қалыптасқан фольклорлық дәстүрді одан әрі жетілдіре түсті» деп көрсетеді (М.Мағауин. Ғасырлар бедері. А, 1991, 157-бет)
Біржан өмір сүрген кез қазақ даласындағы болған үлкен өзгерістер, өркениетті елдердің мәдени жетістіктері, революцияшыл-демократтардың қазақ даласына жеткен ой-пікірлері, орыстың классикалық бай әдебиеті, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ойшылдардың да әнші ақын шығармашылығына әсері болды деп айтуымызға болады.
«Қожағұл ауылы мен «Шыңғыстың араласып тұрған шындық» - дейді. Х.Сүйіншәлиев – «Тәттімбет пен Біржан аға сұлтан ордасында үнемі болып, сонда жиі өтіп жататын думан-сауықтарға көрік беріп бірі күй тартып, екіншісі ән салып, зиялылар назарына ілінген болса керек», - дейді. (Қаз.әд. тар. 1997. 723-бет)
Біржанның Шоқанмен, оның досы С.Ф.Дуровпен пікірлес болды деген де деректер бар (І.Жақанов. «Аспандағы аққуға ән қосқан» Жұлдыз, 1982. № 4).
Сол сияқты Біржан шығармасына Абайдан да ықпал-әсері болған. Бұл туралы А.Жұбанов былай деп жазады: «Біржанның шығармашылық өмірінде үлкен бір оқиға оның Абай аулына баруы... поэзия алыбы Абайдың әсері Біржанға күшті болды. Біржан айлап жатып, өнердің шын бағалаушысы Абайдың өзінің және оның айналасындағы талантты поэзия мен әнді қуған жастардың сынын естіді. Әсіресе, Абай Біржанның басына біткен композиторлық, ақындық, асқан орындаушылықтың басқа қонған бақыт екенін айтады. Осы бақытты өнімді пайдалану үшін үлкен еңбек керек екенін түсіндіреді.... Біржан бұл сапарын ізсіз қалдырмайды. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген Абайдың өлеңіне ән шығарады» дейді. (Замана бұлбұлдары, 39-бет).
Біржанның әндерін кейінгі ұрпаққа жеткізгендер Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Қасымжан Бабақов, Жүсіптек Елебеков, Манарбек Ержанов, Естай Беркімбаев, Рамазан Елебаев, т.б сол сияқты әншілер болды.
А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» т.б зерттеуінде Біржанның әншілік, сазгерлік өнері, оның қалыптасуына әсер еткен жағдайлар, әндерінің шығу тарихын, өзіндік ерекшелігін идеялық-көркемлік ерекшеліктерін талдау жасайды. Қ.Жұмалиев Біржан мен Сара айтысы негізінде М.Төлебаевтың операсына либеретто жазды. Біржанның ақындық өнеріне, ерекшелігіне тоқталып пікір айтқан ғалымдар Е.Ысмайлов, Х.Сүйіншәлиев, Ғ.Әбетов, М.Мағауиндер болды.
Біржан әнші-сазгерлігімен қатар әдебиет тарихында да өлең, толғау, арнау, айтыс-жырларымен, лирикасымен үлкен орын алады.
Біржан – лирик ақын Оның лирикасын әндерімен бөліп қарау мүмкін емес. Әнші ақын лирикалары өмірдің шындығынан бастау алып, оларда әлеуметтік қорытындылар жасалады. Мысалы: «Күлен-Маймақ» арнау өлеңінде оның алып сатарлық, алаяқтық жолмен тез байып алғанын көріп:
Сен өзің туғаныңнан маймақ едің
Есіл бойын көкшолақпен жайлап едің
Қаңғырып Қызылжардың көшесінде
Қылжаңдап арақ ішкен парнақ едің
Атандың дәулет біткен Күлен-Маймақ
Жігіт болар, мінекей, осындай осындай-ақ
Жігітке бақыт бітсе гүлденеді
Кешегі қалыбына тартпа бірақ – дейді.
Біржан шығармаларының негізгі тақырыптары ғашықтық сезімге негізделген ән-өлеңдер, сұлу қыз, сұлу аттарға арнау («Ақсеркеш», «Телқоңыр», «Сұрторыға». «Бурылтай») болып келеді.
«Айжан қыз», «Орынтай», «Қалқама», «Ақжорғажан» арнау өлеңдері достық пен махаббатты жырлайды.
Халық арасына кеңінен тараған әндері: «Ләйлім Шырақ», «Көлбай-Жанбай», «Көкек», «Айтбай», «Алтын балдақ», «Бірлән», «Ғашығым», «Қаламқас», «Сырғақты», «Жаймашуақ», «Жанбота», «Адасқақ», «Теміртас». Арнауы – «Жастарға».
Біржан салды Сара, Ақан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Қанапия, Құлтума, Әміре, Ж.Елебеков, М.Ержановтар өздеріне ұстаз тұтқан.
Біржанның айтыстарынан Шөже ақынмен айтысы, Үш қызбен айтысы, Орынбай, Бабақ ақындармен айтысы белгілі. Ақындар айтысында оның Сарамен айтысы үлкен орын алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет