2. Ақан лирикаларының ерекшелігі, тақырыптары, әлеуметтiк мәнi. Ақан серінің лирикасына белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев: «Ақан сері лирик әнші ақын. Ақын қалдырған мұраның бәрі – түгел дерлік, жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары, адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия, әрбір сөзі жүректі елжіретер, жаныңды жадыратар жастық лебіне суарылған нұрлы. Оның поэзиясы елжіреп-егілген күйініштің қайғы-зары емес, жаны жаралы жастық қайсарлық пен қайратқа толы ащы үнін естіртер өрелі де өткір. Азамат басына төнген қара бұлттың тыныс тарылтар қапырығы ғана емес, нәсер жауын алдындағы жан жадыратар аспанның ашық бұлттары, жерді исінтіп, жұпар шашар жасынсыз жаңбыры сияқты. Мұндай қасиеттер ең алдымен Ақанның ғашықтық лирикасына тән. Қазақтың сан сұлуларына арнап салған асқақ әні, соларға бағыштаған ғашықтық сырға толы хат ретіндегі көркем сөз өрнегін төккен кестелі керемет өлеңдер», - деп баға берсе, көрнекті сыншы-ғалым С.Қирабаев ол жөнінде мынадай пікір білдіреді: “Ақанның ән-өлеңдері оның серлік өміріне лайық, лирикалы, сезімтал, шыншыл болып келеді. Ол жастық, бозбалалық сезімді қызықтады, адал махаббатты, достықты ардақтады. Оның кейіпкерлері де сол махаббатты шын құрметтеген қазақтың сұлулары мен арулары. Ақанның сұлу әніне лайық шебер ақын болғандығын біз сол сұлулардың әдеби тұлғасын көркем бейнеден алуынан көреміз. Ол сұлуға, әсемдікке, әдемілікке лайық бейнесі сөз, балама, сурет таба біледі, тыңдармандары мен оқырмандарының сезімін қозғайтын нәзік те сырлы теңеулер, эпитет, метафора қолданады» (С.Қирабаев Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. Алматы, 1995. 93 б.).
Ақан серінің артында қалған ақындық мұрасын идеялық-тақырыптық жағынан алғанда негізінен екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа Ақанның жастық шақтың қуанышын қызықтайтын, аңшылық, саятшылық төңірегіндегі шығармалары жатады. Ақан сері өз өлеңінде:
Торыны таңға байлап мінген қандай,
Үкілеп әсемдетіп жүрген қандай.
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай –
деп жырлағанындай негізінде, шығармаларына сұлулықты, нәзік сезімді, ғашықтықты арқау етті.
Ақанның ғашықтық лирикаларының бір тобы өзінің сүйген қыздарына – Ақтоты, Ұрқия, Жамалдарға арналған. Сонымен қатар «Нұрила», «Мақпал қыз», «Ғалиянұр», «Ақшабақ» т.б. аттас сұлулармен жай тілдесіп, олардың бас қайғыларына ортақтасады. Бұл жөнінде А.Жұбанов көбірек зерттеген. Енді біраз өлеңдері жалпы қазақтың сұлу қыз-келіншектеріне арналған. Олары: «Ғашық жарға», «Ұзатқалы жатқан қызға», «Қыз сипаты», «Қыздарға», «Ақ көйлек», «Ой, қалқа», «Ақмарал», «Сүмбіл шаш», «Айжан қыз» т.б. с.с. Ақанның лирикаларында адамның тек сыртқы сипат ғана емес, ішкі жан дүниесі де ашылдып көрсетіліеді.
Ақан шығармаларында қазақ жігіттерінің де бейнесі жасалынған. Жақсы, жаман жігіттердің сипатын санамалай суреттейді. Он үш түрлі қылық-мінезін санап көрсетеді.
Арнаулары, өнер-білім, дiн жайы.
Ақанның екінші топқа жататын шығармалар негізінен мұңлы, шерлі болып келеді. Ақанның сондай-ақ, ел билеушілерге, зорлықшыл әкімдерге, білімі таяз дінбасыларға арнаған өлеңдері де баршылық. Заман, заман адамдары туралы да толғанып «Заманға қарап», «Халқым сенген», «Асыл мен жасық», «Адамның біліміне ақыл серік», «Өсиет өлең» т.б. шығармалар тудырған.
Болғанда мұндай күйде заманымыз,
Жай жатып сахарада қамаламыз.
Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,
Қайткенде тура жолды таба аламыз, -
деп мұңын шағады ақын "Заманға қарап" атты өлеңінде.
Ел басында отырған малқор, жемқор биліктегілер мен топастанған дінбасылардың іс-әрекеттерін ашық айтудан да тайсалмаған.
Ақанның «Нұртазаға», «Шойырмаққа», «Шар таласы», «Парашыл оязной», «Шалабай болысқа», «Бір болысқа», т.б. өлеңдері қазақ арасындағы отаршылар орнатқан болыстық билікті, соған жету жолындағы би-болыстардың құйтырқы істері мен парақорлықтарын, т.б. сынауға арналған.
Ақан сері «Науан қазіретке» арнауында мал үшін дінді пайдаланатын қажыны:
Білмейтін бе ең мал десе,
Періштенің азатынын.
Мал алудың қамы ғой,
Осы салған азаның, - деп қатты әжуалайды.
Ақын «Он үш жетім» термесінде мәні терең нақылдар айтады. Не жетім екенін санамалай айтады. Ақын бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңсіздікті, қайшылықтарды көре білді.
Ақан халық ақындары қолданған салт жанрларын да қолданып, оны дамытуға үлес қосқан ақын. Адам өмірінің жас ерекшеліктерін жырға қосатын дәстүрде де өзіндік айшықтарымен шығармалар жасаған. Мысалы: «Жастық шақтар», «Кәрілік», «Жиырма бес», т.б.
Аңшылық тақырыбындағы «Көк жендет», «Қара торғай» т.б. өлеңдері бейнелілігімен ерекшеленеді. Ақан - қазақ сазының дамуына үлкен үлес қосқан сазгер. Ақанның серілік өмірінің сырына Мағжан да, Сәкен де, Ілияс та қызыққан, құпиясын білмекке күш салған. Мағжан Ақанның өмірі туралы "ертегідей әдемі сұлу өмір" десе, қазақ поэзиясының кұлагері Ілияс ақын:
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен ақын маған, дейтін өлең жолдарын арнаған.
"Ақан ескі сүрлеумен жүре алмады. Әкесі молда етпек болса да, табиғат бөлек жаратқан асау жан, діни ұғым-түсініктердің тар шеңберіне сыя алмай, өзгеше жол іздейді. Ол өмірдің баянсыздығын ерте ұқты. Сондықтан, дүние, мал жинаудан бас тартып, опасыз дүниені серіліктің қызығымен басып, көктеп билеуге шықты. Сұлуды сүю, маңына өнерлі жастарды жинап, дүниеден думандатып өту, жүйрікті таңдап мініп, саятшылықты кәсіп ету - оның жалғыздыққа карсы күрес амалы еді. Бірақ, опасыз өмір сері жолына қақпан құрды да отырды," (С.Қирабаев Әдебиетіміздің ақтандақ беттері. Алматы, 1995. 92 б.)- Өмір, тіршілік сырын терең ұғынған Ақан әндері "Сырымбет", "Балқадиша", "Мақпал", "Үш тотының" қайсысы болмасын, сұлулыққа табынған жанның ақ тілегі, адал көңілі, ұрпаққа аманаты.
Ақан жастарға өмірдің тылсым сырын терең ұғуға, жамандыққа сатылмауға, жақсылықтан қашпауға, өнер, білім үйренуге кеңес береді. Ғалым Х.Сүйіншәлиев айтқандай «Ақанның әндері мен өлеңдері – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Оның есімі – мәңгі жастықтың символы. Лирикалық шығармалары - әдемілік пен махаббаттың асыл өрнектері, поэтикалық образдардың сарқылмас көзі» болып саналады.
Ақан сері өмір шындығын терең жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, сыршыл лирикалық сезіммен, әншілік-орындаушылық. композиторлық әнерімен бүкіл қазақ даласына танылған ерекше дарын иесі. Ақанның әндері - қазақтың классикалық ән творчествосының алтын қорына еніп, бүкіл халқымыздың өлмес - өшпес, асыл қазынасына айналған туындылар.