Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Бастауыш
1. Бастауыш туралы жалпы түсінік
2. Бастауыштың мағыналық, тұлғалық белгілері
3. Бастауыштың жасалу жолдары
4. Күрделі және үйірлі бастауыш
Сөйлемді құрайтын сөздер сөйлем мүшелеріне жіктеледі. Бұл мүшелердің өздеріне тән атқаратын қызметтері болады. Сөйлем мүшелері өздерінің қызметтеріне қарай екі үлкен топқа бөлінеді. Олар тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер деп аталады. Сөйлем құрауға негіз болатын,өзара предикаттық қатынаста жұмсалатын сөйлем мүшелерін тұрлаулы мүшелер дейміз. Тұрлаулы мүшелерге бастауыш пен баяндауыш жатады.
Тұрлаулы мүшелердің ең басты, негізгі мүшесі - бастауыш. Бастауыш сөйлемде екі түрлі жағдайда кездеседі. Біріншіден, сөйлемде арнайы түрде бастауыш болады, екіншіден, бастауыш жасырын келеді. Грамматикалық бастауыштың аясына бастауыш қызметіндегі атау септігінде тұрған кім? не? деген сұрауға жауап беретін логикалық субъекті толығымен кіреді.
Қазақ тіл білімі мен түркітануда бастауыштың ережелері туралы мына жайттардың айтылатынын көруге болады:
1. Бастауыштың ойдың иесі болуы.
2. Оның қандай сұрауларға жауап беретіндігі бірінші орынға, ал ойдың иесі болуы екінші орынға қойылыуы.
3. Бастауыштың басқа мүшелерге бағынбайтындығы.
4. Бастауыштың тұлғалық ерекшеліктеріне, яғни, атау септікте келуі.
5. Баяндауышпен жақтық және сандық қиысуы.
Сөйлемнің негізі - предикативтілік категориясы. Ал предикативтіліктің негізі - бастауыш. Өйткені бастауыш сөйлемнің басқа мүшелерінен тәуелсіз бірден-бір мүшесі болып есептеледі. Кейбір сөйлемдерде бастауыштың түсіріліп қолданылатыны кездеседі. Бұдан бастауыштың маңызы баяндауыштан төмен деген ұғым тумауға тиіс. Өйткені бастауыш контекстен белгілі болып тұрады. Ал контекстен тыс айтылған баяндауыштың жақтық мәні белгілі болғанмен заттық бастауышы белгісіз болады.
Сонымен, сөйлемдегі ойдың иесі бола отырып, баяндауыш арқылы барлық қасиеті айқындалатын, белгілі тұлғада онымен тікелей байланыста және өзіндік сұраулары бар сөйлем мүшесін бастауыш деп атайды.
Бастауыш құрамына қарай, яғни бір сөзден немесе одан артық сөздер тобынан жасалуына байланысты дара және күрделі, үйірлі болып бөлінеді. Құрамына қарай осылай бөлінген бастауыштар жасалатын сөз таптарына қарай көп өзгеріске түспейді. Дара бастауыштар негізінен зат есімдер мен жіктеу есімдіктерінен жасалады. Бастауыштар сонымен бірге басқа сөз таптарынан да жасала береді. Бірақ бұл жағдайда ол сөз таптары өздерінің негізгі мағынасына қосымша мағына жамап, яғни зат есім мағынасында қолданылады.
Белгілі бір синтаксистік қызметті атқарушы сөйлем мүшесінің өздеріне тән арнайы, негізгі сөз табы болады. Осы тұрғыдан алғанда бастауыш болатын сөз табы - зат есім. Ең алдымен зат есімдер жекеше атау септігінде тұрып, содан соң көптік және тәуелдік формаларды жалғап барып бастауыш болады. Лиза кетер алдында Рақметке барды (Ерубаев). Мендей жігіттер пароходқа барып, пайда тауып жүр ( Аймауытов). Шоқандар жүріске қамдана бастады (Бейсенбаев).
Көптік мағына өз бойында болатын зат есімдер жекеше формада тұрып та бастауыш қызметінде жұмсалады: Сиыр атаулы көлбей-көлбей жатып алыпты ( Әуезов).
Тәуелдік жалғаулы зат есімдер де бастауыш қызметінде қолданылады. Мұндағы ерекшелік бір заттың екінші бір затқа меншіктілік мағынасының болуына байланысты: Көретін көзім көр болды, бір перзентке асық боп (Алпамыс). Кісінің ісі көп болса,соның күші көп ( Мақал).
Есімдіктердің барлық түрінен бастауыш жасала береді. Дегенмен зат есім сияқты негізгі қызметі бастауыш болып есептелетін есімдік топтары бар. Олар - жіктеу, өздік есімдіктері. Мен көрдім ұзын қайың құлағанын ( Абай). Біз Қоқан хандығының қол астына қарайтын саудагерлерміз ( Бейсенбаев). Ол алашорда отряды деп аталды ( Досжанов). Өзі үш кісінің жұмысын атқарса да, жатарда анау істелмеді, мынау істелмеді деп уайымдамайтын (Балақаев).
Сілтеу, сұрау және есімдіктің өзге мағыналық топтары да бастауыш болады. Бұл - Байжанның талай келген үйі (Мұқанов).Әркім әр түрлі шаруамен қарбаласады ( Әуезов). Қасында ешкім болған жоқ ( Досжанов).
Сапалық есімдерге сын есім, сан есім жататындығы мәлім. Бұлар субстантивтеніп барып бастауыш болады. Субстантивтенген сын, сан есім, есімшелер өздері анықтайтын зат есімнің мәнін иеленіп барып бастауыш қызметін атқарады. Мұндай жағдайда сын есімдердің сапалық мағыналары жойылмай сақталып әрі заттық, әрі сындық мағыналарды білдіре алады. Мысалы: Көп қорқытады, терең батырады ( Мақал). Арбалы ауылға төніп келіп, біздің үйге бұрылды ( Майлин).
Заттық мағынаға ауысып бастауыш қызметін атқаратын сөз таптарының бірі-сан есім. Оннан төртті алсаң алты қалады. Төртеу қамшы үйіріп Құлпиязды тулақша сабады (Сматаев). Бесінші ертең қуып жетеріне сенеді (Шаханов).
Заттық мағынаны білдіру арқылы бастауыш қызметінде тұратын сөз таптарының бірі - етістік. Нақты айтқанда етістіктің есімше, қимыл есімі, ортақ етіс категориясы субстантивтеніп бастауыш қызметін атқарады. Есімше өзінің қимылдық сапасын сақтап, қосымша заттық мағына үстеп бастауыш қызметінде қолданылады: Ерінбеген етікші болар. Көрмес түйені де көрмес ( Мақал). Оның келер-келмесі белгісіз ( Балақаев).
Бастауыш қимыл есімі мен ортақ етістен де жасалады. Кітап бастыру, журнал шығару күшейді. Тап тартысы күшейді, қазақ әдебиеті өркендей түсті ( Кенжебаев). Енді не тұрыс бар ( Сүлейменов).
Үстеудің бастауыш қызметінде жұмсалуы: Бұрындары бүгінінен ертеңі қызығырақ, мәндірек көрініп, ылғи алға ұмтылдыра түсуші еді ( Досжанов).
Одағайдың бастауыш қызметінде жұмсалуы: Оның сөзінде пай-пай әлі бар.
Еліктеуіштің бастауыш қызметінде жұмсалуы: Вагонетка айдаушы жұмысшылардың тарс-тұрсы естіледі (Мұстафин).
Тұрақты тіркестердің бастауыш қызметінде жұмсалуы: Қазір ойласам, сол оқиғалардың өз ақылыма сыймайтындары да бар.
Бастауыштар жеке сөзді дара, көп сөзден құралған күрделі және үйірлі, басқа сөйлем мүшелері сияқты бірыңғай болады. Бірнеше сөз күрделі бастауыш болу үшін, олар өзара синтаксистік тығыз байланыста болулары керек те, сөйлемнің баяндауышы сол сөз тіркесіндегі сөздермен байланысқан болуы тиіс. Күрделі бастауыш болатын сөз тіркесінің құрылысы мынадай болады:
1.Ілік септіктің жасырын түріндегі сөз бен үшінші жақтық тәуелдік жалғаулы сөздер тіркесіп, күрделі бастауыш жасалады: Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар (Мақал). Ілік септігіндегі есімдер тағы мынадай сөздермен тіркескенде, күрделі бастауыш жасалады:
2.Тәуелдік жалғаулы көмекші есімдермен ( қасы, маңы, жаны, іші, арты, алды, т.б.) Үйдің іші тап –таза екен. Ауылдың жаны терең сай, тасыған өзен гүрілдеп (Абай).
3.Тәуелдеулі өздік есімдікпен: Мен өзім соны сізден сұрайын деп едім
( Ерубаев). Мұның өзі Қажымұқанның спорттық өміріндегі қызықты оқиғалар еді ( Күш атасы).
4.Бастауыштар күрделі етістіктен жасалады: Менің шығып түсуім қиын болды. Оның айтып отырғаны – ақыл (Мұстафин).
5. Күрделі бастауыш заттанған күрделі сын есім, сан есімдерден де жасалады: Жүйрік торы ойнақшып тұр екен. Бір жүз қырық алты үшке тең бөлінбейді.
6.Күрделі жалқы есімдер күрделі бастауыш болады: Біріккен Ұлттар Ұйымы – дүние жүзі елдерінің бас қосып кеңес құратын жері.
7.Хан, би, жолдас, азамат секілді қосалқы айқындауыштармен тіркескен кісі аты, тегі күрделі бастауыш болады: Он төрт жасар күнінде Едіге би атқа мініпті ( Көпеев). Жұматаев азамат үлгілі іске қол ұрып отыр.
8. Бастауыш құрамында екеуміз, үшеуміз, дегеніміз, деген сөздері айтылып күрделі бастауыш жасалады: Дүйсен екеуміз жүріп келеміз. Идея дегеніміз- шығармадағы негізгі ой.
Үйірлі мүшені құрайтын сөздер өз алдына предикативті бірлік болатын бастауыш-баяндауышқа бөлінетін жай сөйлем құрамдас болып келеді. Бұл тектес құралымдар ең бірінші бастауыш қызметін атқарады. Білегі жуан бірді жығар, білімі толық мыңды жығар (Мақал). Мен көрген бұл кісі емес. Жасы құрдас-құрдас емес, заманы бір құрдас (Мақал). Алыпқа өмірі қала көрмегендер келді.
Достарыңызбен бөлісу: |