Лекция тезистері Синтаксис туралы түсінік



бет6/66
Дата25.11.2023
өлшемі0,62 Mb.
#127912
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66
Байланысты:
367983 3

Есімді сөз тіркестері
1. Сөз тіркесінің түрлері
2. Есімді сөз тіркестері, түрлері
3. Қабыса байланысқан сөз тіркестері
4. Матаса байланысқан сөз тіркестері
5. Меңгеріле байланысқан сөз тіркестері

Қазақ тілінің сөз тіркестері сөздердің өзара тіркесу қабілетіне қарай есімді және етістікті болып екі салаға бөлінеді. Есімді сөз тіркестерінде есім сөздің бірі басыңқы болады да, етістікті сөз тіркесінде етістік басыңқы сыңар болады. Есімді, етістікті сөз тіркестерінің құрамдары, түр-тұрпаты әр түрлі болады. Сөз тіркесіндегі сөздердің басын құрайтын және сөз тіркестерін жіктеуге критерий болатын синтаксистік тірек- сөздердің байланысу формалары. Есімді және етістікті сөз тіркестері сол байланысу амалдарына қарай өзара бірнеше топқа бөлінеді. Есімді сөз тіркестері қабыса, матаса және меңгеріле байланысады, етістікті сөз тіркестері қабыса және меңгеріле байланысады. Жинақтап айтатын болсақ, сөз тіркесі сөздің тіркесу қабілетіне қарай есімді және етістікті, байланысу формасына қарай есімді сөз тіркесі қабыса байланысқан, матаса байланысқан, меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері болып, ал етістікті сөз тіркестері қабыса байланысқан, меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері болып жіктеледі.


Қабысу - қазақ тілінде өте жиі қолданылатын синтаксистік байланыс амалының бірі. Оның объектілері басқа байланысу амалдарына қарағанда кең. Қабыса байланысқан сөз тіркестері өзара ешқандай жалғаусыз, тек қатар тұру арқылы тіркеседі. Қабыса байланысқан сөз тіркестерінің грамматикалық байланыс амалы - сөздердің орын тәртібі. Қабысудың есімді, етістікті және ортақ басыңқылы деген түрлері бар. Есімді қабысудың екі түрі бар: есімді қабысу, ортақ қабысу. Олар сөйлемдегі орны және сөз таптарының әр түрлі болуына сәйкес ерекшеленеді.
Қабыса байланысатын есімді сөз тіркестерінің құрамы әр түрлі, оның бағыныңқы сыңары мына сөз таптары болады:
Зат есім: темір күрек, ағаш күрек, жел диірмен;
Сын есім: биік тау, қызық өмір, жақсы талап, малды жер;
Сан есім: мың қой, оныншы мектеп, жиырма бесінші үй;
Есімдік: бұл қала, мына бала, ана кісі, осы ауыл, сол табыс;
Есімше: айтылған уәде, келетін кісі, айтар сөз, айтатын сөз;
Қимыл есімі: қызу жұмыс;
Үстеу: бүгін бала, ертең оқытушы;
Еліктеуіш сөз: қарқ-қарқ күлкі;
Негізгі сөздер мен көмекші сөздер: Асан сияқты бала, үйдің қасындағы жер, мектепке дейінгі қашықтық .Ұзын бойлы, бұйра шашты, қошқар мұрын, үлкен мөлдір қара көзді, сопақ бет, отыздағы жылтыр қара жігіт бізді қарсы алды (Момышұлы).
Байланысу формаларының лингвистикалық жағынан кенже қалыптасқан түрі-матаса байланысу формасы. Түркі тілдерінде қалыптасқан изафеттің үш түрі барлығы айқын. Олар: темір қасық, дала қосы, оқушының дәптері. Осы үш түрлі сөз тіркестерінің біріншісі қазір сөз тіркесінің байланысу формалары бойынша қабысуға, ал дала қосы орын тәртібі бойынша қабысуға, оқушының дәптері матасуға жатқызылады. Матасудың өзіндік ерекшелігі: 1) Матасуда бағыныңқы сөз басыңқы сөзге қарай айқаса байланысады; 2) Матасуда басыңқы сөз өзіне бағынатын сөздің жақтық мағынасымен үйлесіп, тиісті грамматикалық тұлғада жұмсалады және ол бағыныңқы сөздің тиісті жалғауда айтылуын керек етеді.
Матаса байланысқан сөз тіркестері басыңқы сыңарындағы сөз таптарының қатысына қарай есімді және ортақ басыңқылы матаса байланысқан сөз тіркестері болып екіге бөлінеді. Сонда есімді матаса байланысқан сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары тәуелдік жалғаулы есімдер болса, ортақ басыңқылы матасудың басыңқы сыңарлары тәуелдік жалғаулы есімдерге түйдектелген көмекші етістіктер болады.
Матаса байланысқан сөз тіркестері сөз таптарының қатысына қарай әр түрлі сөз таптарының және бір сөздің қайталануы арқылы жасалады. Әр түрлі сөз таптары негізінде құралған матаса байланысқан сөз тіркестерінің бірінші сыңары ретінде ілік жалғаулы мына сөз таптары қолданылады.
Зат есім: жаздың желі, үйдің есігі, бидайдың үны;
Сын есім: жақсының шарапаты, жаманның кесапаты;
Сан есім: біріншінің келуі,екеудің кітабы;
Есімдік: біздің кітабымыз, оның баласы, сенің еңбегің;
Етістік: оқығанның еңбегі, оқудың табысы, оқымастың себебі, білмейтіннің кесірі;
Үстеу: бүгіннің тіршілігі, ертеңнің ісі, қазірдің мәселесі;
Тұрақты тіркес: бір сырлы, сегіз қырлының өзі;
Қысқарған сөз: ОҚМУ-дың студенті;
Негізгі сөз бен көмекші сөздер:

  • көмекші есім: үйдің алдының қары;

  • модаль сөз: Хасен сияқтылардың ісі;

  • шылау: өзенге дейінгінің өзі;

  • көмекші етістік: Асан дегеннің ісі.

Бар, жоқ сөздері: жоқтың ісі, бардың табысы, бардың бағасы, жоқтың белгісі.
Осы көрсетілген бағыныңқы сыңарлардың зат есім, кейбір есімдіктерден басқасы ілік жалғауында заттану арқылы анықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Матасудың басыңқы сыңары ретінде тәуелденетін мына сөз таптары қатысады: зат есім, сын еесім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, тұрақты тіркес. Сонда сөз таптары тәуелдік жалғауында жеке тұрып та, кейде күрделі түрде де басыңқы сыңарда жұмсалады.Мысалы: Ол өзінің жалғыз емесін де білген (Мағауин). Матаса байланысқан сөз тіркестері құрамы жағынан дара да, күрделі де болып келеді. Дара матаса байланысқан сөз тіркестері кемінде дербес мағынасы бар екі әр түрлі, бір түрлі сөз таптарының және бір сөздің қайталануы арқылы жасалса (оқушының дәптері, жақсының жақсысы), күрделі матаса байланысқан сөз тіркестерінің не бағыныңқы, не басыңқы немесе екі сыңары да күрделі болып келеді.
Күрделі матасудың бағыныңқы сыңарлары: күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім, негізгі сөздер мен көмекші сөздердің түйдекті тобы, тұрақты тіркестер, сол сияқты аралас құрамды жолдар арқылы да жасалады. Мысалы: заманның ғашықтарының көбі, ұзақ жортуылдың аты, бір-бір үйдің жалғызы, өз елінің тұмағы, артығымен орындаудың әсері.
Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері онша көп кездеспейді және барлық есімдер ондай сөз тіркестерінің меңгеруші сыңары бола алмайды. Есімдердің ішінде көбінесе бастауыштың халін, күйін білдіретін сөздер есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып жиі жұмсалады. Олар мынадай есімдер:
1. Сын есімдер. Сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары болатын сын есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып та айтылады. Бірақ олардың бәрі бірдей сөз тіркесін құрай алмайды: мысалы, заттың түсін білдіретін сын есімдер тек қардан ақ, қаннан қызыл, күйеден қара сияқты тіркес құрамында келеді, ал заттың ішкі – сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер ондай құрамда әлдеқайда көп кездеседі, өзіңе жақсы, маған түсінікті, тазалыққа жаман, ақшаға сараң, жусаннан биік.
Барыс, шығыс, көмектес, кейде жатыс септіктерінде айтылып, сын есіммен тіркесетін сөздер толықтауыштық қатынаста жұмсалады: Жуас түйе жүндеуге жақсы. Жақсы - ісімен жақсы.Бұнда сидиған сирек шөптер қап-қара.
2. Зат есімдер. Зат есімдердің ішінде ағаш, тас, көйлек сияқты атаулардан гөрі күш, бай, мейрам, сын сияқты абстракт зат есімдер баяндауыш қызметінде сөз тіркесінің меңгеруші бөлшегі болып көп жұмсалады. Елім менің жерге бай, Айдынды шалқар көлге бай(Жамбыл).Қашпақ, қумақ - ерге сын, көшпек, қонбақ - жерге сын(Мақал).
3. Заттың күйін білдіретін есімдер. Бар, жоқ, көп, аз, мәлім, мүмкін тәрізді заттың әр алуан күйін білдіретін есімдер сөз тіркесінің құрамында басыңқы болып көбірек айтылады: Астында семіз сары жорға аты бар (Әуезов). Аспанда алақандай бұлт жоқ (Мұқанов). Сақтықта қорлық жоқ. Біткен іске сыншы көп (Мақал). Әйелдердің сайлауға да, сайлануға да правосы еркектермен бірдей (Ата Заң).
4. Сан есімдер мен есімдіктер меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркесінің меңгеруші сыңары ретінде аз кездеседі: Ішінде қазақтан төртеуміз (Мұқанов).Ол жақта егіске дайындық қалай? (Мүсірепов).
Демек, мұндай сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарлары барыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғаулы зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, негізгі сөзге түйдектелген көмекші сөздер болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет