Лекция тезистері Синтаксис туралы түсінік



бет7/66
Дата25.11.2023
өлшемі0,62 Mb.
#127912
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   66
Етістікті сөз тіркестері
1. Етістікті сөз тіркестеріне жалпы сипаттама
2. Етістікті сөз тіркестері, оның түрлері
3. Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері
4. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері

Етістікті сөз тіркесінде етістік негізгі, шешуші қызмет атқарады. Өйткені етістік - табиғатында өзінің лексика –грамматикалық мағынасына, сөз табы ретіндегі жалпы категориялық қасиетіне орай басқа сөздерді жетегіне алып, маңайына үйіріп тұратын сөз табы. Сондықтан ол бағыныңқылық қызмет емес, негізінен, басыңқылық қызмет атқарады да, сөз тіркесін құрауға ұйытқы болады. Сөз таптарының қайсысымен салыстырсақ та, етістіктердің сөз тіркесін құрау қабілетінің молдығын байқаймыз. Есім сөздер етістіктермен ешбір қосымшасыз тіркеседі. Бұл кезде етістіктер мен есімдердің өзара байланыс түрі қабысу болады. Етістікті сөз тіркесінің бір тобы есімдердің барыс, жатыс, шығыс, табыс, көмектес жалғаулары арқылы салт және сабақты етістіктермен меңгеріле байланысады.


Қазақ тіліндегі етістіктердің басқа сөздермен байланысуының осы ерекшелігіне байланысты етістікті сөз тіркестері: 1) қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері; 2) меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері болып екіге бөлінеді.
Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің құрамы әр түрлі болады. Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері бағыныңқы сыңардың ыңғайына қарай: 1) үстеулі сөз тіркестері; 2) еліктеуішті сөз тіркестері; 3) көсемшелі сөз тіркесі; 4) сын есімді сөз тіркесі; 5) сан есімді сөз тіркесі; 6) зат есімді сөз тіркесі деген 6 топқа бөлінеді.
Үстеулі сөз тіркестері. Үстеулер қимыл үдерісімен байланысты айтылатын сөздер болғандықтан, ол етістіктермен тіркесіп, қабыса байланысқан сөз тіркесінің құрамында айтылады. Үстеулер етістікті сөз тіркесінің құрамында пысықтауыштық қатынаста жұмсалады. Мысалы: кеше келді, төмен қарады, бүгінше тоқтай тұр, қазақша сөйлеу, көліксіз келу.
Еліктеуішті сөз тіркестері. Еліктеуіш сөздер тілімізде көбіне көмекші не негізгі етістіктермен тіркескен синтаксистік құрамда қолданылады. Мысалы: жалт қарау, кілт тоқтады, тарс –тұрс жарылды. Бір буынды еліктеуіш сөзі бар тіркестер қимыл-әрекеттің шапшаңдық қарқынын білдірсе, қосарланып айтылған еліктеуіш сөзі бар тіркестер қимыл-әрекеттің созыңқылығын білдіреді. Мұндай құрамды сөз тіркестері де пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Көсемшелі сөз тіркестері. Көсемшелер толық мағыналы сөз ретінде етістікпен қабыса байланысып, пысықтауыштық қатынаста айтылады. Етістікті сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары қызметінде көсемшелер барлық тұлғада бірдей жұмсалады. Бұл қызметте -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшелер жиі жұмсалса, -а, -е, -й тұлғасы сиректеу, -ғалы, -гелі,- қалы, -келі тұлғалары одан да гөрі сиректеу кездеседі. Мысалы: ұшып тұру, сызылып отыру, толтыра асау, шашып жеу, мүлгіп тыңдау. Көсемшелі сөз тіркестері пысықтауыштық қатынастарды, қимылдың амалын, мезгілін, мақсатын білдіреді.
Сын есімді сөз тіркестері. Сын есімді сөз тіркесін құрайтын етістіктер сан жағынан көп емес, тек кісінің сезімін, күйін, қабылдау қабілетін білдіретін түсіну, оқу, жазу, секіру, ойнау, кес, піш, байла, тура тәрізді сабақты етістіктер сын есіммен мағыналық байланыста бола алады. Сапалық сын есімнің ішінде мұндай етістікті сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары жақсы, жаман, қатты, ұзын, ұзақ, қиын, қысқа, кең, оңай сияқты сөздерден болады. Мысалы: кең пішті, жаман жазды, жақсы сөйледі, оңай түсінді, ұзын кесті.
Сан есімді сөз тіркестері. Сан есімдер етістікті сөз тіркесінің құрамында пысықтауыштық қатынаста қимыл процесін сандық сапа тұрғысынан пысықтайды. Есептік сан есімдер ал, айт, қара, сөйле, кел, жүр тәрізді етістіктермен қабыса байланысады. Мысалы: Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады. Сан есімдер есе сөзімен тіркесіп те етістікті сөз тіркесін құрайды. Мысалы: бес есе орындады, үш есе ұлғайды.
Зат есімді сөз тіркестері. Зат есімдер сабақты етістіктермен қабыса тіркесу арқылы әрі мағыналық, әрі грамматикалық тығыз байланыста сөз тіркесін құрайды. Жалғаусыз табыс септіктегі зат есімге сабақты етістіктің қимылы ауысып түсіп, онымен біте қайнасқан байланыста тұрады. Мысалы: жер жырту, бала оқыту, қымыз ішу, мылтық ату, сөз сөйлеу.
Етістіктермен меңгеріле байланысып, әр түрлі қарым-қатынаста жұмсалатын сөздер – есімдер. Есімдер етістікке қатысты болып меңгеріле байланысу үшін табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктің бірінде келеді. Мысалы: бөлмеден шығу, балаға қарау, жолдасымен сұқбаттасу, жылқыны бағу.
Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері бағыныңқы сөздің тұлғасына қарай: 1) табыс жалғаулы сөз тіркесі; 2) барыс жалғаулы сөз тіркесі; 3) жатыс жалғаулы сөз тіркесі; 4) шығыс жалғаулы сөз тіркесі; 5) көмектес жалғаулы сөз тіркесі болып 5 топқа бөлінеді.
Табыс жалғаулы сөз тіркестері. Табыс жалғаулы сөздерді керек ететін етістіктер - сабақты етістіктер. Табыс жалғаулы есімдер мен сабақты етістіктерден құралған сөз тіркестері объектілік қатынаста жұмсалады: табыс жалғаулы сөз сабақты етістікті толықтайды да, ол етістіктің қимылы тура толықтауышқа ауысып отырады. Мысалы: етті турады, шегені суырды, терезені жапты. Барлық есімдердің сабақты етістіктермен тіркесу қабілеті бірдей емес: көбіне ол құрамда айтылатын сөздер – зат есімдер мен олардың орнына жұмсалатын есімдіктер мен сапалық есімдер. Бұлар қатысқан сөз тіркестері былай бөлінеді: 1) нақтылы объектілі; 2) абстрактіленген объектілі. Нақтылы объектілі сөз тіркесіне қолға ұстап, көзбен көретіндей зат есімдер қатысқан сөз тіркесі енеді: ерді жастану, сиырды сауу. Абстрактіленген объектілі сөз тіркесіне абстракт есімдер мен кісінің көру, сезу, сөйлеу әрекетін білдіретін сабақты етістіктерден құралған сөз тіркестері жатады: өмірді ойлау, қуанышты бөлісу, мәдениетті қолдау.
Барыс жалғаулы сөз тіркестері. Басыңқы сыңары етістік болып келетін барыс жалғаулы сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарларында зат есім, есімдік, сын есім, есімше қолданылады да, басыңқы сынарларында іс - әрекеттің бағыт - бағдарын, адамның ішкі көңіл-күйін, сезімін, адамның іске қатысын білдіретін етістіктер жұмсалады. Мысалы: Абай сәлем беріп үйге кіргенде, кең үйдің іші лық толған кісі екен ( Әуезов).
Барыс жалғаулы есімдер етістікті сөз тіркесінде толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады.
1) Толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қимыл -әрекеттің кімге, неге арналғанын, қандай затпен үстемеленгенін, қандай затпен түйіскенін білдіреді. Мысалы: Жолдасымның бұл сөзінен мен Шұғаға ынтықтым (Майлин).
2) Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қимыл-әрекеттің бағытын білдіріп, көлемдік, мезгілдік, мақсаттық, себептік мағыналарда жұмсалады. Мысалы: көлге келу, аспанға ұшу, түске жету, көмекке келу, оқуға бару. Нұрлан ақырын тысқа шықты (Шашкин).
Шығыс жалғаулы сөз тіркестері. Етістікті сөз тіркесінің жиі кездесетін келесі бір түрі - шығыс жалғаулы есімдер мен етістіктер тобы. Мұндай құрамды тіркесте де жалғаулы есімдерді етістіктер меңгеріп, солардың байланысынан толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркесі жасалады. Мысалы: жіптен тоқу, көшеден шығу, терезеден көрсету.
Толықтауыштық қатынаста жұмсалатын сөз тіркестері мынадай мағыналарда жұмсалады:
1) Қимыл-әрекеттің кімнен басталғандығын көрсетеді: дұшпаннан қашты, жіптен секірді, оттан қарғыды. Жауыздардан қашып келе жатып, кенеттен тап болғанымды қарашы (Сейфуллин).
2) Еңбектен қашу, сырт қалу мағынасын білдіреді: бағудан қашу, егуден қашу. Еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып еріншек атанып, ырысқа дұшпан болады( Абай).
Пысықтауыштық қатынастағы шығыс жалғаулы сөз тіркестері көлемдік, себеп-салдарлық, амалдық мағыналарда жұмсалады: үйден қашу, ұялғаннан кету, терезеден шығу. Алтын наганы жарқырап, шанадан ақырын түсті (Нүрпейісов).
Жатыс жалғаулы сөз тіркестері. Жатыс септігі табиғатында мекенді, орынды білдіретіндіктен, мұндай септік жалғауы арқылы қалыптасқан сөз тіркестері, ең алдымен, пысықтауыштық қатынаста мекендік, мезгілдік мағыналарда жұмсалады: Мен есік алдында, босағада отырдым (Сейфуллин). Көктемде құлпыра өскен бәйшешектер көздің нұрын алады (Мұқанов).
Толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қимыл процесіне жанама объект болатын заттар мен нәрселерді, қимыл-әрекеттің нендей нәрсеге қатысты екендігін атап көрсетеді: Заңда көрсетілген әйел теңдігі есіңізде болар (Шашкин). Он сегіз мың ғаламның бар тынысы күнде тұр, Мен сықылды сырлы адамның ықтияры сенде тұр (Абай).
Көмектес жалғаулы сөз тіркестері. Сабақты және кейбір салт етістіктер көмектес жалғаулы есімдерді меңгеру арқылы сөз тіркесін құрай алады. Басыңқы сыңары етістіктер болып келетін көмектес жалғаулы сөз тіркестері тіркес құрамындағы сөздердің әр түрлілігіне, мағынасы жағынан әрқилылығына байланысты толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады.
Толықтауыштық қатынаста жұмсалатын сөз тіркестері құралдық, материалдық, іс-әрекеттің объектісі болатын затты, бірлескен қимыл-әрекетті атап көрсетушілік мағыналарда жұмсалады: орақпен ору, алтынмен қапталған, баламен ойнау, ағайын-туысқандармен ақылдасу. Ертеден кешке шейін осы жұмыспен әуреленіп жатқаным (Мұқанов).
Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері көлемдік, амалдық, мезгілдік, себеп-салдарлық мағыналарда қолданылады: жолмен келдім, түнімен сөйлесу, белгілерімен атау, ашумен айту. Мұны өз атымен атамай, сырт белгілерімен атайтын ( Әуезов).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет