Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


 Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ



Pdf көрінісі
бет10/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,99 Mb.
#1046
түріЛекция
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29

3. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ 
халқының күресі
XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси 
жағдайы шиеленісті. Тəуке хан өзара тартыстарды уақытша тый-
ып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың 
өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті 
бұзды.  Қазақ  қоғамының  өз  ішінде  дағдарысты  құбылыстар  етек 
алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық 
етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал 
бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік 
пен батыстан — Ресей мемлекетінің, шығыстан — жоңғарлардың, 
оңтүстіктен — Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы 
айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп  — Жоңғар 
хандығы тарапынан төнді. XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың 
негізгі тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол 
Алтайы, Ертістің жоғарғы ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен 
Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта жəне жоғарғы сала-
лары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошо-
уттар мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы 
болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында 
жоңғарлар Қазақ хандығы аумағына шапқыншылықты жиілетті. Со-
нымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-қолөнер 
орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді. 
1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары 
мен жоңғар əскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс 
ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Əбілқайыр жəне Қайып 
сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы 
жылы жоңғар əскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян жəне Арыс 
өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан.  
1715—1722 жж. жоңғарлардың негізгі əскери күші Цин импе-
риясы əскерлеріне қарсы  соғысып жатты. 1722 ж. Цин императо-
ры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ 
хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-
қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа 
отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды 
шешті.
Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 
1723  жылы  көктемде  жоңғарлар  70  мың  əскермен  жеті  бағыттан 
қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы 
Қалдан Церен Балқашқа одан əрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан ба-
тур Алтайға жəне Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана əскері Нұра 
өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек 
өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында 
қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-
Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді.  Бас 
қолбасшылықты Цеван-Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. 
Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. 
Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық 
əуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты 
жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, 
мал-мүліктерін тастап босып кетуге мəжбүр болды. 
Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың 
қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың 
қолына  көшті.  Қазақ  рулары  мекендерін  тастап,  Сырдарияның 
арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы жəне Орта жүз 
қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының 
біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара 
аумағына өтті.  Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып 
алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Əсіресе, Шона-Дабаның 
бағытындағы  халық  ауыр  зардап  шекті.  Оның  əскері  5000  қазақ 
жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар 
Қазақ хандығы аумағының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жер-
де қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш 
көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл 
кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Қашып, 
босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы 
Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Са-
уран айналған» деген атпен əйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан 
Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Са-
уран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» 
деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен  «Елім-ай» əні 
халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. 
Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 

106
107
300  мың  тұрғындары  қаланы  үш  ай  бойы  ұстап  тұрды.  Халық 
жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, 
Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. 
Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, 
Саңырық,  Тайлақ,  Жəнібек,  Малайсары  жəне  т.б.  халық  батырла-
ры болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр 
қатысты. Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған 
жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ өзендерінің ағысын өзгертуге 
шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз 
еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана 
əбден əлсіреген халық қаланы жауға беруге мəжбүр болады. Тек 
қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан 
қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша 
қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен.  
Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да 
қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Əбілқайыр ханның басшылығымен 
қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға  ұйымдасқан тойтарыс 
берді. Осынау қиын-қыстау кезде  халық  сұлтандар мен ру басы-
ларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра ба-
стады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. 
Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Əйтеке билердің рөлі зор 
болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан ба-
сталды. Бұл жылы негізгі əскери қақтығыстар Орталық жəне Ба-
тыс Қазақстан аумағында болды. Бұл қақтығыстарда Əбілқайыр 
хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Əбілқайыр ханды 
қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылда-
ры Əбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 
жылы Əбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың саны 50000-ға 
жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін  азат етуді бастады. 
Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. 
Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде 
қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі 
алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың 
қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мəшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан  
қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жəнібектің 
қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды 
талқандады делінеді. Шəкəрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. 
Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сар-
баздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста  Əбілқайыр 
ханның, батырлар тама Есет, тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, 
Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас 
болған жер «Қалмақ қырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін 
қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар 
тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті. 
1726—27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат 
етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы 
бағытта Кіші жүз ханы Əбілқайыр белсенділік танытты. 1726 жылы 
Қаратаудың  оңтүстік  беткейіндегі  Ордабасы  деген  жерде  үш  жүз 
өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің ханда-
ры — Əбілқайыр, Əбілмəмбет, Сəмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, 
Төле, Қазыбек, Əйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс 
барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу 
мəселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен 
майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды 
мəселенің бірі — бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау тура-
лы мəселе болды. Ордабасына Əбілқайыр хан бас қолбасшы болып 
сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың 
ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста  елімізді жоңғар 
басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, 
бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. 
А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды. 
1727  жылдың    жаз  айларында  үш  жүздің  біріккен  қолы  əскери 
дайындықтан өтіп, қару-жарақты жетілдірумен, дайындаумен 
айналысты. Əбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып, 
əскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі 
тағайындаған. Сонымен бірге əскери барлау ісіне үлкен мəн берілді. 
Күзде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жауға үл-
кен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Осы 
маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы 
Қарамолда деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс 
тапты. Кейіннен шайқас болған аймақ  «Қалмақ қырылған» деп 
аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске 
жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық 
санасында бетбұрыс  жасауға мүмкіндік берді. Əбілқайыр хан жəне 
Бөгенбай батырдың басшылығымен Қаракерей Қабанбай, ошақты 
Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жəнібек, тама Есет, Малайсары, 
тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы 
қазақтардың ерлігі туралы мəліметтер М.Тынышпаевтың, 
А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде айтылады. Үмбетай, 
Ақтамберді, Тəттіқара, Бұқар, Көтеш, тағы басқа жыраулардың 

108
109
жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары 
жан-жақты сипатталған.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тари-
хы  үшін  маңызы  зор  шайқастардың  бірі  —  Аңырақай  шайқасы. 
Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл 
маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақы-
рымға созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, 
А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қа-
зақстан халық жазушысы Ə.Кекілбаев пен тарихшы М.Қозыбаев 
бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерт-
теді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, 
географиялық жер атауларына да үлкен мəн берілді. Балқаш көлінің 
оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты (Сұмқайтты) өзені, 
қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Əбілқайыр 
сайы бар. Ал, халық ауыз əдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай 
жеңілген деген мəлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында 
сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп табылды.  
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, 
Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай 
тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ əскерінің жалпы 
саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырын-
да мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері,  рулары толық 
берілген.  Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал 
Барақ, Керей Жəнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, 
Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай жəне т.б. Мыңдықтар 
құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ 
əскерінің сол қанатын Əбілмəмбет хан, Сəмеке сұлтан, Қазыбек би, 
Қабанбай батыр басқарды. Əскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, 
Қойгелді, Қосын Шінет, Мəмбет, Сəңкібай, Шойбек батырлар 
басқарды. Əскердің орталық тобын Əбілқайыр, Əйтеке би, Бөгенбай, 
Шақшақ Жəнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы 
қолбасшылықты Əбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа 
жан-жақты дайындалған болатын. Олардың əскерінің саны да 28-30 
мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан та-
лантты əскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. 
Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында 
Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. 
Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі 
қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тари-
хи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Əбілмансұр) Абылай 
есіміне ие болды. 
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік 
көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жəнібек, Тама 
Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді  Жібекбай, 
Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың 
алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік 
үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, 
соғыс ісін жан-жақты білетін, əскери стратегия, тактикамен таныс 
тəжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Əйтеке, Төле билер бастаған қазақ 
билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін 
нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының  
жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, 
Үмбетай жыраулар өздері  де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жырау-
лардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар 
жан-жақты сипатталған. Жыраулардың  Отан  қорғау тақырыбына 
арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін 
жақындата түсті.
Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан 
кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде 
Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас ба-
сталды. Тəукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның ор-
нын Орта жүзден Сəмеке, Кіші жүзден Əбілқайыр хан аламыз деп 
дəмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Əбілмəмбет 
болды. Сəмеке мен Əбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр 
қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. 
Нəтижесінде Əбілмəмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Əбілқайыр 
кіші жүз аумағына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан 
толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың 
Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл 
тыйылмады. 
1723—1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шəкəрім 
Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, 
Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының 
үштен екісі кемігені туралы мəлімет бар.  Демограф М.Тəтімовтің 
санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн 330 мың 
болса, 1725 жылы 2 млн 222 мыңға азайған.
1730- жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы 
өз мемлекетінің тəуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тас-
талқанын шығарып жеңіске жетті. Жоңғарлармен соғыста ерлік 
көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке 
көтеріп,  батырлығын  мақтаныш  тұтады.  Ел  қорғаған  батырлар 
ерлігін дастан ететін жырлар жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай 

110
111
батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жəнібек батыр», «Қойгелді 
батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты ұранға айналып, 
ел ардақтайтын аруақты жандар дəрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда 
олардың атымен аталатын Қазақстанның əр қаласында көшелер, 
мекемелер бар. 1723—30 жылдардағы Ұлы Отан соғысы қаһар-
мандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің 
экономикалық жəне саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, 
қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-
мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы 
шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-
қонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария 
мен Жетісудағы егіншілік мəдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан 
келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды 
басып алуының қазақ қоғамының экономикалық жəне мəдени өмірі 
үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда жəне қолөнер 
орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы 
шаруашылық-саяси байланыстар əлсіреді. 
Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының əлеуметтік қаты-
настарына да теріс əсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі 
салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар жəне т.б. көбейді. Өз 
бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы 
көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс 
істеуге мəжбүр болды. 
Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоң-
ғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. 
Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген 
Қалдан  Цереннің  (1727—1745  жж.)  билік  басына  келуі  мұндай 
шабуылдың қаупін күшейтті. 
Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қаты-
настары шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ қалмақтары жəне 
башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай жағ-
дайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет 
— қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру жəне елдің 
феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін жою міндеті 
тұрды.  Олардың  бұған  өз  күштерімен  жете  алмайтындығына  көз-
дері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші — Орыс мемлекетімен 
одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ 
билеушілерінде орыс-қазақ саяси жəне экономикалық байланыста-
рын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген 
ұйғарым қалыптасты.   
7-тақырып
ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ 
ЖАУЛАП АЛУЫНЫҢ БАСТАЛУЫ
Кіші  жəне  Орта  жүз  билеуші топтарының  Ресей  
• 
бодандығын  қабылдауы жəне оның салдары 
Абылай ханның қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі
• 
Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау 
• 
шараларына қарсы күресі
 
1. Кіші жəне Орта жүз билеуші топтарының Ресей 
бодандығын  қабылдауы жəне оның салдары
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр 
кезең болды. Тəуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері 
арасындағы саяси жəне шаруашылық байланыстар əлсіреп, 
билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей 
түсті. Тəуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы 
саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы — 
ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-
кайсацких орд и степей” деген еңбегінде  Қазақ хандығын Тəуке 
хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тəукенің атын атасақ, 
бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ 
ордасының Ликургы, Драконты — сол адам. Тəуке ала ауыз болып, 
қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы та-
лай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен əділдігінің арқасында 
жұрттың бəрін өзіне мойынсұндыра білді, əлсіз рулардың басын 
қосып, əулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, 
тəубəсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік 
айтты».
Тəукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандық-    
тарға бөлінді. Жүздердің  əрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал 
ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей 
бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің  (1720—1740 жж.), Қайып  (1716—
1719 жж.),  сосын  Сəмеке (1719—1734 жж.) Орта жүздің, Əбілхайыр  
(1718—1748  жж.)  Кіші  жүздің  хандары  болды.  Тəукенің  тағына 
отырған оның баласы Болаттың (1718—1726 жж.) Ұлы хан деген  

112
113
атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің эко-
номикасы да əлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық 
байланыстар  жəне  сыртқы  сауда-саттық    үзіліп  қалды.  Қолөнер 
мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар 
құлдырады. Көшпелі жəне жартылай көшпелі аймақтармен оты-
рық-шы халықтың арасындағы байланыстың əлсіреуі халықтың 
əлеуметтік, мəдени, психологиялық, демографиялық жағдайын 
төмендетті. 
Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе 
түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690—1697 жж. болған 
Қытай — Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, 
адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге 
күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын 
(адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тыры-
сты.   Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс 
жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне 
Орта Азия  хандықтары, Еділ бойындағы  қалмақтар, башқұрттар 
мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды. 
ХVІІІ ғасырдың 20- жылдарының соңы мен 30- жылдардың 
басындағы жеңістердің нəтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз 
жерін босатуға мəжбүр болады. Əрине, қазақтың барлық жері түгел 
азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда 
біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шама-
сы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес 
қазақтарды тағы бөлшектеді.  Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден 
— Əбілқайыр, Орта жүзден — Сəмеке  өздерін елеусіз қалдырды деп, 
Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап  кетіп қалды. 
Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар 
қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. 
Осындай қиын–қыстау жағдай Əбілқайыр ханды Ресей мемлекеті 
сияқты одақтас іздеуге мəжбүр етті. 
1730 жылы  жазда Əбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петер-
бургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп 
жіберіп,  Ресей империясының бодандығына  қабылдауды өтінеді. 
Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының 
 
объективті    негіздерін  жоққа  шығармай,    Əбілқайырдың    алысты 
көздейтін  жеке басының  менмендігін,  оның барған сайын  айқын 
көріне түскен  қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау ке-
рек екенін атап өтеміз. Хатында Əбілқайыр хан Орта жəне Кіші 
жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап 
көрсетті. 
Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің 
жерлерін  Ресей  құрамына  қабылдау  Сыртқы  істер  алқасы  дипло-
матиялық қызметінің өрісін едəуір кеңейтті. Бұл жолы да Əбілқайыр 
ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет 
Қоштайұлы  бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен 
қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Əбілқайырдың өтінішін 
қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің  XVІІІ ғ. басында Қа- 
зақ  хандығы  туралы  айтылған  пікірінен  белгілі.  Ол:    «…барлық          
Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дəл сол орда-
ның (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы 
барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ 
ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.
Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713—1720 жж. бірнеше экс-
педициялар  жібереді.  Алғашқысын  1713  ж.  князь  Александр 
Бекович-Черкасский  басқарды.  1715  ж.  И.Д.  Бухгольц  экспедиция-
сы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында 
оған Тобылға бару жəне онда аталған губернатордан 1500 əскери 
адам алып, солармен Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған 
адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына ор-
наластыратын жерге жету міндеттелді. Осы əскери экспедиция 
үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан жəне төңіректегі 
қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-ке жуық 
əртүрлі зеңбіректер алынған. И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен 
ойраттар қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын ала 
Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 
қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде 
бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. пол-
ковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан 
əрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін 
салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің 
іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің 
Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей 
мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа» ғана 
емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, 
Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. 
Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға 
күш көрсетуге немесе əлсіретуге мүмкіндік аламыз жəне Орта Азия 
халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.
1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна 
қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол 

114
115
қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға 
берік болса жəне де салық төлеп тұруға уəде берсе, екіншіден, Ресей 
азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, 
қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз аза-
маттарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматта-
рын қайтарып, башқұрт жəне де қалмақтармен тату-тəтті боламыз 
деп қазақтар уəде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының 
қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, 
империяның  боданы  болған  соң,  өз  жерлерінде  Ресей  бодандары-
на  ешқандай  қиыншылық  жасамай,  ренжітпей,  тату-тəтті  болуы 
қажет.
Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сəуірінде 
Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмəші А.И.Тевкелев 
бастаған арнайы елшілік  жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті 
қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері 
белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан 
тұратын  нұсқауымен жабдықтады.  Бұл құжат дипломатиялық мис-
сия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды.  Онда Ресей елшісіне тек Кіші 
жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа 
өткізу  міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау 
мəселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда 
дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды.  
Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан 
Кіші  жүзге  дипломат  жібергенде  үкіметте  ол  жөнінде  жеткілікті 
ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-батыс аудандары 
туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бəрі алдын ала алын-
ған, шолақ сипаттағы мəлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық 
тəжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда  оған қырғыз-
қайсақтар туралы мəліметті жазып алу, елдің орфографиясын, 
халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің 
кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу 
міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік-
журнал жүргізген.
Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер 
негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы 
да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мəліметтері болмай, жо-
рамалмен əрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады. 
1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ор-
дасы  орналасқан  Майтөбе  сайына  келді.  Атақты  мейманды    ба-
стап жүруді Əбілқайыр хан үлкен баласы, тəжірибелі жауынгер, 
əкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Əли Баһадүрге 
(Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, əдет-ғұрпы 
да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі 
дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті  
ақсақалдардың,  сұлтандардың зор  қарсылығына ұшырады. Олар  
орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын 
сияқты да көрмеді» тіпті  оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек 
бар. Осы жағдай Əбілқайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші 
топтармен жəне халықпен ақылдаспай  жібергендігін  дəлелдейді. Ал 
Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан 
ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен 
билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап əрең көндірген деп жа-
зады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев  күнделігіне 2 жылға 
жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шы-
дап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.
Бірінші болып бодандыққа Əбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай 
ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 
ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып 
жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. 
Бодандықты қабылдаған Əбілқайыр Ресей империясының шығыс 
шекарасын,  орыс  көпестерінің    сауда  керуендерін    қорғауға,  орыс 
мемлекетіне əскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден  салық 
төлеуге  уəде берді. Бірақ бұл уəделердің бəрі толық  орындалған 
жоқ. Сонымен қатар Əбілқайыр, патша өкіметінен  өз ұрпағында 
хандық  биліктің  қалуын,    іштен  жəне  сырттан  қиындықтар  туа 
қалған жағдайда, өзіне тірек жəне  қорған болатын Ор бекінісін 
салуды талап етті. Əбілқайырдың бұл талаптарына  патша өкіметі 
үлкен мəн бермеді,  себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің 
шығыс  шекарасындағы    мүдделеріне    қарсы  келмеді.    Тіптен  Хан 
ордасы  мен шекаралық аймақта  бекініс салу  Ресей үшін хандық 
бодандықты  нығайтуға  тиімді еді. 
1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-
қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау 
туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл 
сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық 
қатынастар — бастапқыда күшті жəне əлсіз мемлекеттердің арасын-
да ерекше құқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа 
негізделген қатынастар. Оның мəнісі — алғашқысы кейінгісін 
қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі 
қызмет  көрсетеді»  дейді  Мұхтар  Құл-Мұхаммед  өзінің  «Орыс 

116
117
энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Про-
текторат — қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протектора-
тын қабылдау — күшті мемлекет əлсіз мемлекеттің қорғаушысы, 
қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал əлсіз мем-
лекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. 
Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) 
сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың 
егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Əбілқайыр 
ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның 
қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тари-
хи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп 
айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протек-
торатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тари-
хи факт. Алайда  «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, 
бейбіт қарым-қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды 
білдіреді.
Əілқайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас 
мəселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-
бір жолы деп  үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан 
шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің 
қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын  жəне  жоңғарлар 
мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан 
келетін  қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты 
сұрауға мəжбүр болды. Дəл осы сəтте хан тағына лайықты адам 
«соғыс тəжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, 
өркөкірек Əбілқайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев.    
Ал М. Мағауиннің пікірінше:  «… үш жүздің əскерлерінің бас 
қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабі-
леті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тəжірибесі 
мол…Əбілқайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». 
Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың  пікірі де осы мағынамен 
ұштасады. Ол: «Сол бір сəтте төре əулетінде Əбілқайырдан басқа 
жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нəтижесін-
де бұл мақсат іске аспады. Əбілқайыр хан халық бірлігін, оның 
болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді.
Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне 
қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше  экспедиция жасақтады. 
1734 жылы  мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп 
кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны 
сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 
жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз 
жəне Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын 
нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың 
беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мой-
ындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ре-
сей бодандығын қабылдады. Алайда, айта кету керек,  бұл жерде 
бодандық  қабылдау  туралы    құжатқа  қол  қою  рəсімі  болған  жоқ. 
Осыған байланысты  айта кететін жəйт, қазақ билеуші топтарының  
бодандық туралы мəселеге  өте селқос қарауында. Оған патшалық 
Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан  ант алу рəсімін  
жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Əбілқайырдың өзі  үш рет 
ант берген. Əбілқайырдың 1742 жылы тамыздың  20-жұлдызында 
берген антының  1731, 1738 жылдардағы анттарының мəніндей құны 
болмаған. 
1740  жылы  Қытаймен  бейбіт  бітім  жасасқан  жоңғарлар  1741  ж. 
Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны 
қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мəжбүр 
болады. Əбілқайыр хан дереу Ресейден əскери көмек сұрайды. Бірақ 
Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) 
ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің 
екіжүзді саясаты көрінеді жəне де Орта жүздің Ресей протекторатын 
қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы 
болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының 
күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай 
мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей 
қазақ билеушілерін бір-біріне айдап салу жəне түрлі сыйлықтар 
мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ре-
сей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей 
Əбілқайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тəуелді ету үшін  оның 
ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың 
пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық жəне бодандық 
туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды. 
Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағыт-
талған шаралары Əбілқайыр ханды қарсылыққа мəжбүрледі. 
1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен 
Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей 
қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл 
жасайды. Жоңғар хандығы əлсіреген кезеңде  қазақ жеріне орыстар 
билігінің таралуына орай бұл мəселелер Əбілқайырдың Орынбор 
əкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына ай-
налып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай 

118
119
Əбілқайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал жəне 
ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Əбілқайыр 
ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден 
көрінеді. 1748 жылы Əбілқайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны 
өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: 
«Əбілқайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда 
бірінші болып императордың ұлы мəртебесінің қол астына кірген 
еді». 
Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Əбілқайырдың 
баласы Нұралыны бекітті жəне ол Петербордан Орынборға əкелген 
сыйлықтарға ие болды. Патша Анна Иоанновнаның атынан келген 
тартулар  атап айтқанда, «татар жəне орыс тілдерінде жазулары бар 
қылыш,  бұлғын  тон,  қара  түлкілі  екі  бөрік,  мəуіті  тон  …»,—  дей 
келе, сонымен бірге  қасындағы інілеріне, анасына, старшын, би т.б. 
сыйлықтарға «жалпы 3000 руб.— ден де көп қаржы жұмсалды …»,— 
дейді  В. Витебский «Неплюев  жəне 1758 жылға дейінгі бұрынғы 
құрамдағы Орынбор өлкесі» деген еңбегінде. Ресей мемлекетінің 
бұл ісі қазақ мемлекетінің ішкі саясатына араласуға жағдай жасау, 
яғни мемлекетті бостандығынан, тəуелсіздігінен айыруға жол бас-
тау еді. Бұл жерде Ресей империясының дипломатиялық корпусы 
үлкен рөл атқарды. Мысалы: Бекович-Черкасский, Тевкелев тəрізді 
басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріндегі əскери-зерттеу миссиясы 
Ресейдің қазақ жеріне ендеп кіруіне мүмкіндік туғызды. 
ХVІІІ  ғасырдың  30—40  жылдары-ақ  Кіші  жүз  жəне  Орта  жүз 
қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, 
олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл 
кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның 
үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пай-
да болуы күрделі саяси жағдайдың тууына  жəне қазақтардың 
Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне əкеліп соқты. Жоңғар 
басқыншыларының қазақ жеріне  əлсін-əлсін шабуылын Ресей 
үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның 
осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет 
орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей əскери күштері 
Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ре-
сей империясы ХVІІІ ғасырдың 30—40 жылдары Қазақстанның 
солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бе-
кінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс шебін салды. Оның 
ұзындығы    770  шақырым  болды.  1752  жылдың  жазында  генерал 
С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Но-
воишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 
662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі 
Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй жəне Ертіс 
шептерін    жалғастыру  болатын.  Осы  шептердің  салыну  салдары-
нан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін  жететін 
жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан аумағына экспанциясы 
нəтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үл-
бі, Бұқтырма жəне Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылға-
ны туралы ресми түрде жарияланды. 
Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын 
күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал 
да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары 
қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы 
мен бекіністерге  жақын жерлерде көшіп жүруіне  тыйым салу ту-
ралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты.  Кейін ол 1756 жылы 
толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-
қонуға тыйым салынды. 
1760 жылы  Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекі-
ністер  салына  бастады.  1761  жылы  Өскеменнен  Зайсанға  дейін 
Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жер-
лерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға бола-
тынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел 
қоныстандыруға  белсене күш-жігер жұмсады. ХVІІІ  ғасырдың 
60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа 
мен əртектілер көшіріліп əкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет 
органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып та-
стау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы 
Сібірдің өкімет орындарына  қазақтар “бұлайша еркін өту олардың 
дағдысына  айналмау  үшін  Ертістің  оң    жағына  өткізілмесін”  де-
ген нұсқау  берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан      
жəне  орыс  бекіністерінен  30  шақырымнан  жақын  жерде  көшіп 
жүруіне мүлде тыйым салынды. Осылай 1730—1740 жж. Кіші 
жəне Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы 
нəтижесінде солтүстік-батыс Қазақстан жері Ресей империясының 
отарына айналды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет