Жазу мен ғылымның дамуы. VI—VIII ғасырларда түрік
қағанатына бағынған Орталық жəне Орта Азияның түркі тілдес
халықтары, сондай-ақ Хазар қағанатын құрған төменгі Еділ
бойының, Дон жағалауы мен Солтүстік Кавказдың түрік тайпалары
өздерінің жеке жазуларын қолданды. Жазу негізінен əкімшілік жəне
елшілік тəжірибелеріне қатысты, сондай-ақ мемлекеттік актілерді
бекіту қажеттілігінен туындаған тəрізді. Діни қатынастардың да
белгілі бір рөл атқарғаны анық.
Шежірелерде айтылғандай, ертедегі түріктер ағаш тақтайларға
“қажетті адамдардың аттарын, салық пен малдың санын” есептеу
мақсатында ойықтар салатын болған. Сонымен қатар түрік елшілері
грамотамен жабдықталды. 567 жылы Константинопольге II Юсти-
ниан императоры сарайына келген елші соғды Маниах қағаннан
“скиф жазуымен” жазылған хатты əкелген. “Мұның не жазу”
екендігін түрік қағанатының — Бугут көне жазуы ескерткішіне
қарап білуге болады. Бағананың үш жағында соғды тілінде жазыл-
ған жазу бар. Оның бір жағындағы брахма жазуымен санскриттегі
56
57
жазба толығымен өшкен. Сөйтіп, руна əріпі пайда болғанға дейін
түріктер соғды əліппесін кеңінен қолданғанын, ол Түрік қағанатының
бірінші ресми жазуы болғандығын білеміз.
Жаңа жазба — көне түрік əліппесі — түріктердің арасында VII
ғ. бірінші жартысында пайда болған. Əліппе алғашында бір-бірінен
бөлек жазылатын геометриялық белгілерден құрылып, 37 немесе 38
əріптен тұрған, оның соғды əліппесінен айырмашылығы ағаш пен
тасқа жазуға қолайлылығымен ерекшелінеді. Руна ғаріптері түркі
тілінің ерекшеліктерін дəл бере білді. Əдеби жəне тарихи тұрғыдан
алғанда, руна ескерткіштері тіл мен əліппеге қатысты біркелкі емес.
Аймақтық белгісіне орай ескерткіштер бірнеше топқа бөлінеді.
Моңғолиядан табылған руна ескерткіштері Орхон, Тола жəне Се-
ленга өзендері алқаптарында шоғырланған. Бұл топқа Білге-қаған
мен Күлтегінге арналған белгілі руна мəтіндері жатады: Кошо-
Цайдам бағаналары, Чойрэн бағанасы, Тоныкөк ескерткіші, Онгин
жазуы, Куличор құрметіне арналған бағана, Селенга тасы, Сэврэй
тасы, Терхин бағанасы, Тэсинь бағанасы, Қарабалғасун жазуы,
Суджа жазуы, Тайхир-чулудің 20 жазуы, Исе-Асхеттің 2 жазуы,
Хэнтэй жазуы, Хангай мен Гобаның ұсақ жазуы, сондай-ақ соғды
тіліндегі Бугут жазуы. Бұл жазулар “орхон ескерткіштері” деп
аталады.
Тува жəне Минусин аймағындағы Енисей ескерткіштеріне
жататын құлпытастарда, тастарда, алтын жəне күміс ыдыстарда,
теңгелерде қазіргі таңда белгілі болған жазудың 150 түрі белгілі
болса, Лена-Байкал жағалауындағы ескерткіштер тобында тұрмыс
заттарына жазылған, əлі күнге дейін оқылмаған 16 қысқа жазу
кездеседі.
Алтай тобының ескерткіштері: бір тас бағана мен тасқа жазылған
жазулар жəне молалардан табылған күміс ыдыстағы жазулар
(барлығы 50-ге жуық жазулар).
Шығыс Түркістан ескерткіштеріне Тұрфандағы көне құрылыстың
қабырғасында жазылған 4 жазу, үңгір ғимараттарындағы 2 жазу,
Миран мен Дуньхуандағы қағазға түсірілген бірнеше ірі мəтіндер,
қоладан жасалған қол айнадағы жазу жатады.
Ал Жетісулық деп аталған Орта Азиялық ескерткіштер тобына
— Талас алқабындағы құлпытастардағы, теңгелердегі, тұрмыстық
заттар мен ағаш таяқтардағы 12 жазуды, ал Ферғана ескерткіштеріне
жататын қосалқы тобы керамика мен металдағы 17 қысқа жазу
жатады.
Көне түркі мəдениетіндегі адамзат өркениетінің өлмес қазына-
ларының бірі — баға жетпес асыл мұрасы — жазудың пайда болуы
мен жазба əдебиетінің байлығы. Білге-қаған мен Күлтегіннің жəне
басқа түрік елінің көрнекті қайраткерлерінің құрметіне арналған
руна мəтіндері ең құнды əдеби шығармалар ретінде жəне сол
кезеңнің тарихын баяндайтын дерек ретінде жоғары бағаланады.
Бірақ біртіндеп оңтүстік өлкелерді арабтардың жаулауы, ислам
дінінің көшпелі ақсүйектер арасына терең тамыр жаюы нəтижесінде
ежелгі түріктердің руна жазуы ығыстырылып, араб графикасы
негізінде жаңа түрік жазбасы қалыптасқан.
Ортағасырлық мəдениеттің қаншалықты деңгейде дамығанды-
ғына философ, ғалым энциклопедист, Отырардан (Фарабтан) шық-
қан Əбу Насыр ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлак əл-Фараби
ат-Түріктің (870—950) ғылыми еңбектері куə. Немістің шығыста-
нушысы Ф.Дитеритстен бастап Дж.Сартонға дейінгі мəдениет пен
ғылымның көрнекті өкілдері, тарихшылар əл-Фарабиді кереметтеп,
ұлы тұлға екендігін ерекше баяндайды. Ол астрономияны, логика-
ны, музыка теориясын, математиканы, социология мен этиканы,
медицина мен психологияны, философия мен құқықты зерттеді.
Оған “Муаллим ассана” — “екінші ұстаз” деген атақ берілген. Бұл
жерде “екінші” деген Аристотельден кейінгі дегенді білдіреді. Əл-
Фараби шын мəнінде əлемдік дəрежедегі ғалым болды, ол өзінің
шығармаларында араб, парсы, грек, үнді мəдениетімен түрік
мəдениетінің жетістіктерін бір-біріне жақындастырып, біріктіре
білді. Ол атақты “Китаб аль-музык аль-кабир” атты еңбегінде музы-
ка мəселесіне ерекше мəн береді. Ол ғылымды, білімді жаңғыртушы
болды, бұл оның “Ғылымды топтау туралы сөз” деген еңбегінде
қамтылды.
Əл-Фараби саяси философия мен этикаға ерекше мəн берді,
өйткені, солардың арқасында шын мəніндегі бақытқа қол жеткізуге
болады, бұл бақытты алдамшы бақыттан ажырата білу керек
деген, Əл-Фараби жақсылық тілеуші қаланы надан, адасқан қалаға
қарсы қояды, ақ ниетті адамдар үшін өтірік айту, алдап-арбау жəне
астамшылық жат нəрсе деген. Рухтың еркіндігі туралы Əл-Фараби
шығармаларында өте анық жазылған. Фарабидің қолжазбалары
əлемнің көптеген кітапханаларында сақталған. Əл-Фарабидің
осы еңбектері арқылы ортағасырлық ғылым қалыптасты, оның
ықпалымен Ибн Руштің, Ибн Синаның, Омар Хайямның, Роджер
Бэконның, Леонардо да Винчидің жəне өзге де ойшылдардың
дүниетанымы қалыптасты.
Дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі тағы бір ірі əдеби поэтикалық
шығарма “Құтадғу білік” немесе “Қайырымды білім” поэмасы
болып табылады.
58
59
“Құтадғу білік” ежелгі Түркістанның батысы мен шығысында
бірдей ІХ ғасырдан бастап-ақ ықпалды, іргелі елдік құрған
қарахандар əулетінің билігі дəуірлеп тұрған заманда Жүсіп Хас-
Хаджиб жазған. Ол Х ғ. соңы мен ХІ ғ. алғашқы жылдарында қазіргі
қазақ елінің жер ауқымына енетін ежелгі Баласағұн шəһарында туып
өскен. Жүсіп Баласағұн айтулы этикалық-философиялық еңбегін 54
жасында жазған. Баласағұн қаласында бастаған бұл шығармасын
Қашқарда аяқтап, Қарахандар мемлекетінің сол кездегі əмірі Сатұқ
Боғра ханға тарту етеді.
“Құтадғу білік” 6520 бəйттен тұрады жəне 124 бəйттің қосымша-
сы бар. Шығарманың жалпы көлемі 13 мың екі шумақтан құралған
өлең. Поэманың 3 түрлі қолжазбасы сақталған: ұйғыр жазуымен
венгерлік, сондай-ақ араб қарпімен жазылған каир мен намангандық
нұсқалары. “Қайырымды білім” тек əдеп-мораль трактаты ғана
емес, терең философиялық шығарма, онда идеалдық қоғамның
нормаларын, бұл қоғамдағы əртүрлі тап өкілдерінің мінез-құлық
ережелерін суреттейді. Білім — билеуші үшін де, халық үшін де
игілікке қол жеткізудің бірден-бір қайнар көзі деген идея оның
мазмұнына арқау болған. Жүсіп Баласағұнның осы еңбегі арқылы
Қарахандар дəуіріне барлау жасап, тарихи-этнографиялық құнды
пайымдаулар түйіндеп, пікір қорытуға болады. Шығармада ел
басқарудың экономикалық, əлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, əскери
істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің
əл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық
тілмен баяндалады. Еңбекте сол заманғы ғылым мен мəдениеттің
жетістіктері де аңғарылып отырады.
“Құтты білік” атты даналық дастаны ғұлама атын күллі Тұран
еліне, Шығыс əлеміне танытты. Батыс пен Шығысты кең шарлап
кеткен бұл əдеби жəдігер он ғасырдай мерзім өткенде өз атамекеніне
оралды. 1986 жылы қазақ жерінде өз ана тілімізде алғаш рет жарық
көрді. Сол Х—ХІІ ғасырлардың өзінде-ақ Орта Азия, Қазақ елі
аумағын мекендеген халықтардың мəдени даму биіктерінің бірі
болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге
дейін аса құнды, өміршең. “Құтты білік” — ежелгі түркі тіліндегі
классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы.
Түрік тайпаларының тілі, фольклоры, этнографиясы туралы
шығарма авторы Махмуд Қашқари (1029—1101) еді, оның халиф
əл-Мухтадиге арнап 1072—1074 жж. жазған “Түркі тілдерінің
сөздігі” («Диуани лұғат ат-түрк») атты атақты шығармасы бар.
Онда тарихи-мəдени, этнографиялық жəне лингвистикалық мате-
риалдар жинақталып, кеңінен қамтылған. “Түркі тілдерінің сөз-
дігі” — XI ғасырдағы түркі халықтарының дүние танымының
ерекшелігін, этникалық құндылықтары мен мінез-құлық норма-
ларын сипаттайтын түркі мəдениетінің ескерткіші, онда ата-
бабаларымыздың бұрынғы мұралары толық қамтылған. Кітапта
ежелгі зороастрийлік-шамандық дүниеге көзқараспен қатар жаңа
идеология — исламның элементтері мен оның бір тармағы суфизм
туралы да айтылған.
“Сөздік” қазіргі кезде А.Н.Кононовтың айтуы бойынша XI
ғасырдағы түріктердің өмірі туралы бірден бір ақпарат көзі болып
табылады: атап айтқанда, олардың материалдық мəдениеті, тұрмыс-
салты туралы, этнонимдер мен топонимдер, рулық бөлініс жөнінде,
түрлі лауазым иелерінің атақтары мен атаулары, тағамдар мен
сусындар атаулары туралы, мал шаруашылығы жөнінде, өсімдіктер
мен дəндер туралы, астрономиялық терминдер, металдар мен ми-
нералдар туралы, географиялық терминология мен номенклатура
туралы, қалалар, аурулар мен дəрілер атаулары, тарихи жəне
мифологиялық батырлар, діни жəне этникалық терминология
туралы, балалардың ойыны мен ойын-сауықтар туралы жəне т.б.”.
Махмуд Қашқари өзінің кітабында мынандай негізгі жанрларды
бөліп қарастырады: түркі тілді фольклорлық-тұрмыс-салт жəне
лирикалық əндер, батырлар жырынан үзінділер, тарихи ертегілер
мен аңыздар, 400-ден аса мақалдар, мəтелдер жəне шешендік
сөздер.
Түркі суфизмінің негізін қалаушы, ойшыл жəне ақын Қожа Ахмет
Яссауи ортағасырда өмір сүріп артында мол мұра қалдырды. Оның
өмірі мен қызметі Яссы (Түркістан) қаласымен тығыз байланысты.
Оның “Диуан-и хикмет” атты кітабы сақталған. Яссауи түркі
суфизмінің көшбасшысы. “Диуан-и хикметте” исламның негізгі
ережелері мен қағидалары баяндалады. Автор 4 ұстанымды, атап
айтқанда, шариатты, тарихатты, хакихатты, мағрифатты түсіндіруге
ерекше мəн береді. “Шариат” — ислам дінінің заңдары, дəстүрі,
салт-дəстүрі, “Тарихат” — суфизм идеясы, “Хакихат” — құдайға
құлшылық ету, бірігу. “Мағрифат” — дінді танып-білу. Яссауидің
пікірінше, шариатсыз, тарихатсыз, мағрифатсыз хакихат жоқ. Ол
“Хикметте” Алланың атын түріктер бұрын өзінің құдайы санаған
Тəңір атымен жиі алмастырып отырған. Түріктер жаңа исламдық
өркениетке көшкен соң да халықтың даму бағытын бір арнаға
салуға күш жұмсады. Демек, жаңадан енгізілген идеологияны
бұқараның ғасырлар бойы қалыптасып қалған сана-сезімінен,
60
61
олардың ұстанып келген Тəңірге табынушылық — шаманизммен,
зороастрийлікпен біріктіре білудің орны ерекше болған, кейін
мұндай процесс “Түркі халқының мұсылмандығы” деген атауға
ие болды. Осы орайда яссауилік ілім зор рөл атқарды, ол əділдікті,
рухани тазалықты жəне адамның рухани дамуын жетілдіруді
насихаттады, ал мұндай игі қадам түркі халықтарының көңіліне
қонды. Егер рухани күш болмаса, құдайға шын көңілмен сенбесе,
тіпті соған орай өзін-өзі құрбан етуге дейін бармаса, адамның өзін-
өзі тануы мүмкін емес,— деген қағиданы ұстанған Ахмет Яссауи
өзінің барлық ғұмыры мен қызметін тап осындай идеялық-өнегелік
жолға арнады.
Осылайша VI—XII ғасырларда кең толғамды, парасатты
пайымдаулары мол ғылыми мұралардың, ақындық өнердің үздік
дара туындыларының дүниеге келуіне белгілі бір өркениетті
ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-əлеуметтік орта тынысы
мен қоғамдық-саяси жағдайлардың заңдылықтары, алғышарттары
болғаны күмəнсіз. Бұл классикалық шығармалар сол кездің өзінде
белгілі дəрежеде əдеби-мəдени дəстүрдің, көркемдік-эстетикалық
танымның қалыптасқан мектебінің болғандығын меңзейді.
Сөйтіп, VI—XII ғасырларда тарихи қалыптасқан жағдай —
ғылымның дамуына, феодалдық негіздің нығайып, мемлекеттік
құрылымдардың шығуына, отырықшы-егіншілік мəдениет пен
қалалардың өсуіне, этникалық шоғырланушылық процестердің
күшеюіне əкелді.
4-тақырып
ҚАЗАҚСТАН МОНҒОЛ ДƏУІРІНДЕ
(ХІІІ ғ. басы — ХV ғ. 1-ші жартысы)
Монғолдардың Қазақстан аумағын жаулап алуы
•
Қазақстан Алтын Орда құрамында
•
ХІV—ХV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттер
•
1. Монғолдардың Қазақстан аумағын жаулап алуы
ХІІ ғ. аяғы мен ХІІІ ғ. басында Монғолия жерінде қият-бөржігін
тайпасының билеушісі Есугей баһадурдің баласы Темучин
(1155—1227) билік еткен ірі көшпелі мемлекет құрылды. Ол 20
жылға созылған қиян-кескі күрес барысында Монғолияның бүкіл
тайпаларын өз қол астына біріктірді. Егер бұрын Монғолияны
мекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген атпен (ең қуатты
тайпалардың бірінің аты бойынша) белгілі болса, енді мемлекеттің
нығаюына байланысты Монғолия тайпалары өздерін монғолдар деп
атай бастайды да, бұл термин жинақтаушы этникалық-саяси мəнге ие
болады. Қытай деректерінде бүкіл Монғолияның халқы «татарлар»
деп аталған, осы атау араб, парсы, орыс жəне батыс еуропалық
деректерге ауысқан. Жалпы «татарлар» атауының шығыс-монғол-
дық тайпалардың бір бөлігіне ғана қатысы бар. «Татар-монғолдар»
жəне «монғол-татарлар» атауы кейін пайда болған.
ХІІ—ХІІІ ғғ. межесінде монғол қоғамында феодалдық қаты-
настардың қалыптасу процесі жүріп жатты. Бұл қоғам екі топқа —
ақсүйек нояндарға жəне еңбекші халық — араттарға бөлінді.
1206 жылы көктемде Темучинді жақтаушы монғол ақсүйекте-
рінің құрылтай жиналысы болып, онда ол Шыңғыс хан деген атпен
монғолдардың əміршісі болып салтанатты түрде жарияланды.
Шыңғыс хан тұсында Монғол империясының астанасы Қарақо-
рым болды. Монғол мемлекеті əскери-əкімшілік ұйым негізінде
құрылды. Мемлекет аумағы үш əскери əкімшілік аймаққа бөлінді.
Əр аймақ бірнеше түменнен, түмен 10 «мыңдықтан», əр мыңдық —
10 «жүздіктен» тұрады. Армия темірдей тəртібі жəне жоғары əскери
дайындығымен ерекшеленді. Монғолдардың əскери басымдыққа
жетуіне Шыңғыс ханның жауапты орындарға этникалық жəне
əлеуметтік шығу тегіне қарамастан батыл да іскер адамдарды қоюы
көп əсерін тигізді.
62
63
1207—1208 жж. Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы Енисей
қырғыздарын жəне Сібірдің оңтүстігіндегі «орман халықтарын»
бағындырды. Қазіргі Шығыс Түркістан аумағында тұрған ұйғырлар
монғолдарға бағынды. 1211 ж. Шыңғыс ханның қолы Солтүстік
Қытайға енді, 1215 ж. олар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду
(Пекин) қаласын жаулап алды. 1217 жылы Цзинь империясы Хуанхэ
өзенінің солтүстігінде орналасқан барлық иеліктерінен айырылды.
Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін — Орта Азия
мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Еуропаны басып
алу болды. Батыста монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне
келгенімен ұзақ тұрақтай алмады. Бұл жылы монғол əскерін
Жетісуға Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастап
келген болатын. 1216 жылы Шыңғыс хан өзінің үлкен ұлы Жошыны
қыпшақ даласында көшіп-қонып жүрген меркіттерді біржолата
талқандауға аттандырды. Жошы Торғай даласында қыпшақтарға
қарсы 60 мың əскерімен жорыққа шыққан хорезмшах Мұхаммедтің
қолымен кездесіп қалды. Екі жақ күні бойы шайқасты, ал түнде
монғолдар жаққан оттарын қалдырған күйі кері шегініп кетті.
Монғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта
басталды. Осы жылы қаңлы, найман жəне керей тайпалары
жайлаған Жетісу жеріне алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды
наймандардың Күшлік ханы билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс
хан өзінің таңдаулы қолбасшыларының бірі Жебені жіберді.
Монғолдар жергілікті халыққа ислам дінін жария түрде ұстануға
рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды қудалауына байланысты
халықтың наразылығын тиімді пайдаланды. Сонымен қатар Жетісу
халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде тонаушылық
пен қырғынға тыйым салды. Көптеген елді мекендер, соның
ішінде Баласағұн қаласы ұрыссыз берілді, ал Күшлікті монғолдар
Бадахшанда ұстап, өлтірді.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін
монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды.
Бұл өңірге басып кіруге «Отырар апаты» деп аталатын оқиға
сылтау болды. 1218 жылы жазда Шыңғысханның тапсырмасымен
құрамында көпестері мен монғол барлаушылары бар, барлығы 450
адамнан тұратын 500 түйеге теңделген жүгі бар керуен Отырарға
аттанады. Отырар билеушісі Қайыр хан көпестерді жансыздар деп
күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырады, керуен тоналады. Бұған
шамданған Шыңғысхан оның қарымтасы ретінде хорезмшах
Мұхаммедтен Қайыр ханды ұстап беруді талап етіп, елшілерін
жібереді, ал хорезмшахтың келген елшілерді өлтіруі соғысқа сылтау
болады.
Шыңғысхан Орта Азияны бағындыруға өз вассалдарының
жасақтарымен қоса жалпы саны 150 мың адамы бар қалың қол
жіберді. Əскери жорық 1219 жылы қыркүйекте Ертіс жағалауынан
басталды. Отырар қаласы қоршауға алынды. Өзінің əскерін үш
топқа бөлген Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды алу үшін ұлдары
Шағатай мен Үгедейге қалдырды, үлкен ұлы Жошы бастаған екінші
бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі Бұқараға
бет алды. Отырар билеушісі Қайыр хан ерлікпен шайқасты, ол
басқарған əскер мен қала тұрғындары басқыншыларға қарсы табан
тіресе қарсылық көрсетті, қаланы 5 ай бойы ұстап тұрды. Бесінші
айдың аяғында хорезмдік əскербасы Қараджа хаджиб опасыздық
жасап, қаланың қақпасын ашып, 10 мың əскерімен монғолдар
жағына шығып кетіп, оларды қалаға жіберіп қойды, кейін оның өзі
осы опасыздығы үшін монғолдар тарапынан өлтірілді. Қайыр хан
өз жауынгерлерімен қамалда тағы бір ай қорғанды. Бірақ күш тең
болмады, қамал қиратылды, 1220 жылы ақпанда Отырар қаласы
алынды, Қайыр хан қолға түсіп, қатал жазаланып өлтірілді.
Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас жəне т.б.
қалалар тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Араб
жəне парсы тіліндегі тарихи деректерде монғолдар халқын түгелдей
қырып, күл-талқан қиратқан отыз шақты қалалар аталады. Олардың
ішінде оңтүстік қазақстандық Отырар, Сығанақ, Ашнас қалалары
бар.
Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта
Азияға қарай ішкеріледі. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға
созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап
алынды. 1221 жылы көктемінде монғолдар Орта Азияны жаулап
алуды аяқтады.
Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан жəне Солтүстік Индия аумағына
ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30
мыңдық əскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға
басып кірді. Бұл əскер армян, грузин, алан, қыпшақ жəне орыс
əскерлерін Қалқа өзенінің бойында талқандап, 1224 жылы Шығыс
Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы
ордасына оралды. Сөйтіп, 1219—1224 жж. монғол шапқыншылығы
нəтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының құрамына
кірді.
Шыңғысхан көзінің тірісінде ұлан-байтақ аумақты алып жат-
қан жаулап алған жерлерін бəйбішесі Бөртеден туған ұлдарының
64
65
санына қарай төрт ұлысқа бөлді. Кіші ұлы Төле Шыңғысханның
негізгі жұртын — Монғолияның өзін, сондай-ақ монғолдың
тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленді. Үшінші
ұлы Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс
Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы жоғарғы
Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның
екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан
Əмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мəуераннахрды қамтыды.
Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай
төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты
қамтыды. Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш ұлысының
құрамына: үлкен бөлігі — Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік
жəне Оңтүстік-Шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысына, Жетісудың
солтүстік-шығыс бөлігі — Үгедей ұлысына кірді.
2. Қазақстан Алтын Орда құрамында
1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы
Қарақорымда монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында
Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданды.
Монғол əскерін Шыңғыс ханның немересі Батый басқаратын болды.
Шығыс Европаны бағындыруға аттанған Батый басқарған монғол
армиясының көпшілік бөлігін қыпшақтар құрады. Сондықтан
деректерде оның əскері қыпшақтық деп аталған. 1236—1242 жж.
Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып, Польшаны,
Венгрияны, Чехияны, Молдовияны, Валахияны, Трансильванияны
талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа
монғол мемлекеті — Алтын Орданы құрды. Бұл мемлекеттің
аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Əмударияның
төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын
Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм жəне Батыс Сібір аумағының
бір бөлігін қамтыды. Бастапқыда астанасы Астрахань маңындағы
Сарай-Батый қаласы болды, кейін астана Сарай-Берке қаласына
Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді.
Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол əр алуан
халықтар мен тайпалардан құралды. Монғолдардың өздері тіпті
аз еді. ХІV ғасырда монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал
Алтын Орданың халқы «татарлар» деп атала бастады. Сонымен,
белгілі шығыстанушы Л. Н. Гумилев атап көрсеткендей (Қиял
патшалығын іздеу. Алматы, 1992, 208-б.) «Жеңген монғолдар
өздері құрған мемлекетте азшылықта қалып, жеңілген жəне
бағындырылған халықтар шын мəніндегі қуатты күшке айналып
шыға келді. Ал тақта мығым отыруды қалаған басқарушылар бұл
күшпен барған сайын жете санасуға тиісті болды».
Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі
болды, сөйтіп, əуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын,
бірақ Батый хан (1242—1256) өзін тəуелсіз билеуші ретінде
ұстады. 1260 ж. Монғол империясы тəуелсіз ұлыстарға бөлінді.
Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256—1266) тұсында
дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын
Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Одан кейінгі
Мөңке-Темір хан (1266—1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет
өз атынан теңге құя бастады. ХІІІ ғасырдың 80- жылдары Алтын
Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс
басталды. Ноғай Шыңғысханның бір ұрпағы ретінде Батый
мен Берке кезінде мемлекеттегі екінші адам болды. Оның ниеті
өзінің дербес мемлекетін құру еді. Ол өзіне Дунай, Днестр, Днепр
бойындағы елдерді бағындырып алды. Тоқты хан кезінде (1298—
1312) алауыздық өзара күреске ұласып, 1300 жылы Ноғай жеңіліс
тапты, содан кейін ғана Алтын Орданың бірлігі қайтадан қалпына
келтірілді.
Өзбек ханның (1312—1342) жəне оның баласы Жəнібектің
(1342—1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы
Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс
княздықтары Алтын Ордаға тəуелділіктерін мойындап, ұлы
ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-салық төлеп тұрды.
Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара қырқысуының
салдарынан Жəнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың
құлдырауы басталды. 1357—1380 жылдары ондаған хан ауысады.
Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі»
деп аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай
Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс əскерінен
жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың əлсірегенін
пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін əскери
жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мəскеуге жорық жасап,
оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мəуераннахр мен
Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың
кезінде (1380—1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ ХІV
ғ. соңында Əмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап
66
67
(1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір
мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала
алмайды. ХV ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы,
Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына
бөлініп кетеді.
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының
негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси
құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары
неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген əдеттегі көшпелі
мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет
адамдарынан, əскери ақсүйектерден құралған əкімшіл-чиновниктік
аппараты маңызды орын алды. Армияны жəне мемлекеттің ішкі
істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың
билеушісі — хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы
саналды. Ханның атынан бүкіл əскери істі беклербек басқарды, ал
азаматтық биліктің басында уəзір тұрды. Беклербек уəзірден дəреже
жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық
қатынастарды басқарды жəне азаматтық істерді шешкен кезде
жоғары сот билігін атқарды.
Алтын Ордада атқарушы орган — диуанның басында уəзір тұрды.
Атқарушы өкіметтің орталық органы — диуанның қарауында
қаржы, салық жəне басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы
бітікші деп аталды. Уəзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару
ісінде ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде
даруғалар мен басқақтар маңызды орын алды. Даруғалар негізінен
салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де атқара
отырып, жергілікті халыққа əскери бақылауды жүзеге асырды. Олар
сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та
жинады.
Монғол əскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін
өзінің зардабы жағынан ауыр апат əкелді. Ол көптеген халықтардың
экономикалық жəне мəдени прогресін, олардың саяси, əлеуметтік
жəне этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы
салдарынан өндіргіш күштер əлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып,
ортағасырлық қала мəдениетіне үлкен зиян келтірілді. Əсіресе,
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен
егіншілік мəдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған
халықтан алынатын алым-салық та ауыр жəне көп болды.
Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған.
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен
бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-
саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады,
жер-жердің бəрінде пошта жəне көлік қатынасы қызметін енгізді.
Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын əкеледі, бұрын
ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тəртібін
Шыңғысханның заңдар жинағы — «Ясасына» сəйкес келтіре
бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында
белгілі дəрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің əлеуметтік
ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дəуірінен кейін
Қазақстанда пайда болған мемлекеттік құрылымдарда пайда-
ланылды. Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық
процестер барысына да үлкен əсер етті.
Достарыңызбен бөлісу: |