Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


 ХVІІІ ғасырдың соңы — ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ



Pdf көрінісі
бет12/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,99 Mb.
#1046
түріЛекция
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29

1. ХVІІІ ғасырдың соңы — ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ 
хандығы. Кіші жəне Орта жүздегі хандық биліктің жойылуы
Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы бытырап, 
əр жүзде жеке хандар сайланып, бұл хандар Абылай хан ұрпағы 
Уəли ханға бағынуға ниет білдірмеді. Əр жүздің өзіне тəн тарихи-
географиялық аймағы болды. ХІХ ғасырдың басында Кіші жүз Ба-
тыс Қазақстанның Сырдариядан батысқа Жайық пен Тобыл өзеніне 
дейінгі жерді алып жатты. Орта жүзге тəн аумақ шығыста Қытай 
шекарасынан батыстағы Торғайға дейін, Ташкенттен оңтүстік Сібір 
жеріне дейін қамтыды. Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік-шығыс жəне 
оңтүстік Қазақстан аумағын мекендеді. 
Табиғи — климаттық жағдай шаруашылық өмірдің барлық   
қырынан байқалды. Ш.Уəлихановтың айтуы бойынша, “ер-
теден қазақтардың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы 
болған. Біз өмірімізді мал шаруашылығының ыңғайына қарай 
бейімдеп отырдық”. Көшпелі мал шаруашылығының негізгі 
өзіне тəн айырмашылығы бір жерден екінші жерге көшіп-
қонып отыруы болды (жайлау, күздеу, қыстау, көктеу). ХІХ 
ғасырдың басына қарай жеке рулар арасында жайлау мен қыстау 
жерлеріне бөлініс басталды. Қазақтардың көшпелі-жайылымдық 
шаруашылығының негізгі жүйесі экстенсивті сипатта болды. ХІХ 
ғасырдың басында қазақтардың шөп шабумен айналыса бастауы 

134
135
мал шаруашылығының тұрақтанып, оның табиғаттың қолайсыз 
жағдайына қарсыласуына мүмкіндік əперді.
Қазақтардың шекара өңіріндегі орыс елімен сауда байланысының 
дамуында малдың жекеленген түрлері ерекше мəнге ие болды. Қой 
саудасы орыс жəне Орталық Азия көпестері тарапынан жоғары 
бағаланды. Ірі қара малдан ет, сүт, май өндіріп базарларға шығарып 
сата бастады. Түйенің көлік ретінде маңызы арта түсті. Бұхарадан 
Хиуаға бір жолғы жүк тасымалдау жағдайға қарай бір түйеге 35—50 
сомнан 100 сомға дейін жетті.
ХІХ ғасырда қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуы да 
кең дами бастады. Ұлы жүз ежелден жер шаруашылығымен айна-
лысатын. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында жер шаруашылығымен ке-
дейлерден басқа ауқатты  қазақтардың да бір бөлігі айналыса баста-
ды. Жетісуды, Балқаш көлінің жəне Ертіс өзендерінің жағасын ме-
кендеген қазақтар — бидай, сұлы, арпа егіп, суармалы жүйе арқылы 
жақсы өнім алатын болған.  ХІХ ғасырдың 40 жылдары шекара 
бойында тұратын Орта жүз қазақтарының бір бөлігі — жатақтар 
жер шаруашылығымен айналыса бастады. Əсіресе, олар Көкшетау, 
Ақмола, Баянауыл округі жəне Сырдария аудандарында байқалды. 
Жер өңдеу құрал-жабдықтары дөрекі темір кетпен, ағаш, жер тырма 
жəне сирек кездесетін темір соқалар болды. Сырдария, Торғай  жəне 
Ырғыз өзендері жағалауында тұратын қазақтар бау-бақша егумен 
айналысты. Онда қарбыз, қауын, пияз, сəбіз, асқабақ, жүгері жəне 
т.б. көкөніс түрлерін екті.
Қазақтар ертеден балық кəсіпшілігімен, сонымен қатар аң ау-
лаумен  де  (қасқыр,  түлкі,  қарсақ  т.б)  айналысты.  Аң  терілерін  өз 
қажеттеріне жұмсап жəне орыс саудагерлеріне сатып отырды. 
Қазақтардың негізінен кедей бөлігі — жатақтар мен егіншілер балық 
шаруашылығымен  айналысатын,  олар  балықты  ау  немесе  сүзгіш 
арқылы ұстады.
Қазақтардың шаруашылығында түрлі қолөнер де ерекше орын 
алды.  Тері  өңдеу,  оқ-дəрі  жасау,  ағаш  немесе  сүйектен,  темірден  
түрлі  заттар  жасау  дами  түсті.  Əсіресе,  киіз  үйдің  кереге,  уық, 
шаңырағын  жасайтын  шеберлер  ерекше  бағаланды.  Қазақтар  үй 
шаруашылығына керекті шалғы, соқа, орақ сияқты кейбір заттарды 
темірден жасаған. Зергерлер күмістен түрлі əшекей бұйымдар жа-
сап отырған. Суық қарудың барлық түрлерін, мылтықты да  жасай 
білген. Қазақ əйелдері текемет, киіз, сырмақ, тұмақтар, тондар, аяқ 
киім т.б. заттарды керемет жасаған.
Ұсталардың күмістен жəне теріден жасалған заттары ішкі базар-
ларда сатылып немесе өздерінің шаруашылығына қажетті заттарды 
көрші елдермен айырбас жасады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысын-
да Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Сауданың негізгі 
тіректері Орынбор, Троицк, Петропавловск бекінісі, Пресногорь-
ковск, Омбы, Семей жəне Орал болды. Ресейдің қазақтармен сауда 
қатынасы орыс тілін білетін саудагерлер немесе татар көпестерінің 
көмегі арқылы жүрді. Ішке тауар əкелу сыртқа тауар шығарудан 
басым болды. Сыртқа: мал жəне сүт өнімдері шығарылса, өздеріне 
қант, темекі, ыдыс-аяқ, шай, дəрі-дəрмек жəне т.б. заттар алып от-
ырды.
Біртіндеп ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас 
түрінде болды. Айырбас саудасы тек қана рулар арасында ғана емес, 
қазақ жүздерінің арасында да жүрді, ал кей жерлерде ақшаға да сау-
да жасалды. Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда не-
сие сауда қатынасы кең қанат алды. Көпестер мен Сібір казактары 
заттарды қазақтарға несиеге  əкеліп беріп, көп жағдайда оларды ал-
дап кетіп отырды. Қазақтар арасында арнайы сауда серіктестіктерін 
құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы сауда-
герлер де пайда болды. 
Ақша-тауар қатынасының дамуы кедей-батрақтардың пайда 
болуына əкелді. Ақша табуға жұмысқа кеткен көптеген қазақтар 
балық аулаумен айналысты, шеп бойындағы бай тұрғындарға жал-
данып түрлі жұмыстар істеді. Қазақтардың тек аз бөлігі ғана тау-кен 
өндірістерінде (Баянауыл таскөмір өндіру, Қарқаралы қорғасын, т.б.) 
жұмыс істеді. Шеп бойындағы орыс шаруашылығына жалданған 
қазақтардың жағдайы өте нашар болды, олар көп жағдайда еңбек 
ақыларын да дұрыс ала алмай, өз қожайындарының қанауына 
түсті.
Елдің шаруашылық жағдайының өзгеруі қазақтардың əлеуметтік 
қарым-қатынасына əсер етпей қоймады. ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. ба-
сында қазақ қоғамында үстемдік құрушы ру старшындары мен би-
лер болды. Олар елге əдет-ғұрып заңдарын сақтаушы əрі түсіндіруші 
болып саналды. Билер хандар жəне сұлтандармен қатар сот істеріне 
араласып, түскен пайданы бөлісуге, қоғамдық жерлерді біріктіру 
үрдісіне қатысып отырды.
ХІХ ғасырдың басында ру басшылары мен сұлтандар рудың жақ-
сы  қыстауымен  жəне  шабындық  жерлерін  пайдалану  құқықтары-
мен ғана шектелмей жеке иеліктерді де басып алуға кірісті. Жақсы 
қауымдық  жерлерді  тартып  алумен  патша  өкіметі  де  айналысты. 
Мұның бəрі қазақ руларының дəстүрлі қалыптасқан көшіп-қону 
жолдарының бұзылуына əкелді, бұл дəстүрлі мал шаруашылы-

136
137
ғының дағдарысқа ұшырап, жайылымдық жерлердің құлдырап, 
шаруашылық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым 
қазақтар салық төлеуге міндеттелді. Егінді жерлерден «үшір» 
(жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет» (жиналған 
малдың 40- бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет 
жинау құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында 
хандық билік жойылған соң сұлтандар мен билер жинайтын бол-
ды. ХІХ ғасырдың І жартысында осы екі салық түрі жиі жиналып 
тұруы жəне олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына 
міндеткерліктер «соғым» жəне «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар 
қосылды.
ХІХ ғасырдың І жартысында бай туыстары мен казак-орыстар-
дан, орыс шаруаларынан жұмыс іздеуге мəжбүр болған кедейлен-
ген қазақтар саны өсті. И.Завалишин: “жатақтар байларға малшы 
болып жалданды, батрақтар шеп бойындағы казак-орыстарға, шеп 
бойындағы қалаларда олар тіптен топтарымен бір жапырақ нан үшін 
жалданып жұмыс істеді”,— деп көрсетеді. Кедей қазақтар атқарған 
істеріне қарай егіншілер, жатақтар жəне бақташыларға бөлінді.
Үстемдік етуші топқа мұсылмандықтың өкілдері қожалар мен 
молдалар да кірді, қожалар өздерін Мұхаммедтен тараған бірінші 
ұрпақтың тұқымдарымыз деп есептеді. Олар рухани лауазымның 
өкілдері ретінде салықтан босатылды жəне тек сұлтандар сотына 
тартылатын болды.
Мұндай артықшылықтарды тархандар да иеленді. Бұл атақты 
ХІХ ғасырда олардың мемлекет алдындағы ерекше қызметі үшін 
Ресей өкіметі мен Ішкі Ордада — хан беретін болды.  Алғашқы 
«тархан» атағын билер Ж.Сегирбаев жəне Ж.Саламысовқа «Хиуаға 
жасаған жорықтарда көрсеткен ерекше миссиясы үшін» 1821 əскери 
губернатор граф Эссен берді. 1743 ж. императрица Елизаветаның 
жарлығымен «тархан» атағы Жəнібек батырға берілген болатын. 
«Тархан» атағы жеке жəне мұрагерлікке берілу мүмкіндігі болды. 
ХІХ ғасырда «тархандардың» ерекше артықшылықтары болмады, 
олар тек салықтан босатылды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында тар-
хандар саны 20-дан аспады, тархандар институты жойылу шегінде 
тұрды. 
Қазақ  қоғамдық-саяси  өмірінде  ерекше  орынға  ие  болған  топ-
тың бірі батырлар болды. Алғашқыда батырлар тайпалар мен 
рулардың əскер басшылары болса, кейін жоңғарлармен жəне Орта 
Азиялық жаулаушылармен болған күресте батырлардың əлеумет-
тік рөлі ерекше жоғарылап ру ақсақалдары деңгейіне көтерілді. 
Ш.Уəлиханов: “Батырлар — қазақтарда рубасы сұлтандардан кейін 
атақты əрі маңызды адам ... Ол ел арасында ықпалды, берген кеңесі 
елде əрқашанда салмақты болды”,— деп көрсетеді.
ХІХ ғасырдың ортасында қазақ қоғамында тауар-ақша 
қатынасына байланысты жаңа əлеуметтік топ — байлар пайда 
болды. Қазақтардың арасында ірі сауда қатынастарын жүргізетін 
бірқатар байлар болды. Олар заттарды сатып қана қоймай, басқа 
адамдарға несиеге өсіммен ақша берді. Мысалға, Ахмет Жантөрин 
сауда жасап қана қоймай, белгілі бір табыс үшін қандай да бір ша-
руамен айналысамын деген қазақтарға несиеге ақша беріп отырған. 
Байлар сұлтандар мен рубасылар арасынан да, «қара сүйектер» орта-
сынан да шықты. Байлар белгілі келісім бойынша жұмысшыларды 
жалдап отырды. Байлар  керуендік саудамен де айналысқан. Кейде 
байлардың өзі керуенбасы болып қызмет етіп, қазақ даласында сауда 
жасаған, бірақ көбінесе түйелерін қарапайым қазақтарға белгілі бір 
ақыға беріп, олардан ақыны ақшалай, кейде заттай алып отырған. 
ХІХ ғасырдың басында байлардың шығуы қазақ қоғамында жаңа 
экономикалық құбылыс болды.
Егіншілер, жатақтар мен бақташылардың болуы ішкі қазақ 
қоғамында əлеуметтік теңсіздік патшалық Ресейдің Қазақстандағы 
отаршылдық саясатының белсенділігімен де күшейе түскен еді. 
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында құл ретіндегі 
адамдар санаты да болды, бірақ олар маңызды рөл атқармады да, 
жойылып кету шағында тұрды. Құлдар негізінен соғыста қолға 
түскен жəне базарлардан сатып алынып отырған. Олар көбінесе үй 
шаруашылығына пайдаланылды. Кейіннен олар қоғамның толық 
мүшесі болды немесе төлеңгіттерге айналып отырды.
ХVІІІ ғасырда төлеңгіттер хандар немесе сұлтандардың 
əскери  қызметшісі  болды.  Олар  кейде  жауапты  дипломатиялық 
жұмыстарды да орындады. Төлеңгіттердің əлеуметтік жағдайының 
өзгеруі ХІХ ғасырда қазақ мемлекеттігінің жойылуымен байланы-
сты  болды.  Төлеңгіттер  енді  өз  қожайындарының  оққағары  неме-
се жасақтары ретінде қызмет етті. Төлеңгіттер сұлтандарды жəне 
олардың мүлкін қорғауға, жол сапарда бірге жүруге, шабармандық 
сияқты т.б. қызметтерді де атқарды. ХVІІІ ғасырда төлеңгіттерді тек 
қана «ақ сүйектердің» тұқымдары сұлтандар ғана иелене алса, ХІХ 
ғасырдың І жартысында сұлтандар бұл құқықтарынан айырылып, 
енді төлеңгіттерді билер мен старшындар да иелене алды.
Осылайша, ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамы екі 
қарама-қарсы топ — сұлтан, би, бай, батыр бір жағында болса, 
екіншісі — қарапайым шаруа, оның ішінде кедейленген егіншілер, 
жатақтар мен бақташылар болды.

138
139
Егер  бұрын  жасы  келген,  алдына  барып  ақыл  сұрайтын  адам 
— ақсақал атанса, енді ХІХ ғ. І жартысында билікке ие болған 
басшы-сұлтандар мен аға сұлтандар да ақсақал атанды. Əйелдердің 
ер  адамдармен  қатар  тең  құқылары  болмады.  ХVІІІ  ғ.  соңы  мен 
ХІХ ғ. басында мемлекеттік маңызды мəселелерді шешуде қазақ 
қоғамында рулық-патриархалдық қатынастардың сақталып қалуы 
қоғамның одан əрі дамуына, бірігуіне, орталықтандырылған мемле-
кет құруына тежеу жасады.
Қазақ хандығының ішкі жəне сыртқы саяси жағдайын жете 
білуге тырысқан патша өкіметі хандық билікті сақтай отырып, 
қазақтардың ішкі істеріне араласа бастайды. 1781 ж. Орта жүзге Уəли 
хан (1781—1819 жж.) болып бекітілді. Ресей əкімшілігі сұлтандар мен 
ру басшыларының өздерінің хандарына, оның ішінде Уəли ханға 
қатысты да өтініштері мен арыз-шағымдарын қарастыруға тыры-
сты.  Сондай-ақ  қазақтардың  саяси,  сот  жəне  рухани  өміріне    бай-
ланысты шараларды даярлаумен де айналысты. Мысалы:  ханның 
жанынан ақсақалдар Кеңесін  құру;  билер соты;  қазақ балалары 
үшін мектеп ашу; шекара жанындағы қазақтарды тікелей басқаруды 
ұйымдастыру; қазақ жерлеріне əскери-ғылыми-барлау экспедиция-
ларын жіберу т.б. Ал, 1819 ж. Уəли хан қайтыс болғаннан кейін Орта 
жүзде жаңадан хан сайланбады.
Ресей қазақ даласын отарлауды табанды түрде жүргізе оты-
рып, саяси сахнадан Əбілқайыр ханның ұрпақтарын ығыстырып, 
Кіші жүздегі хандық билікті жоюға əрекет жасады. 1797 жылы 
Ресей үкіметінің қолдауымен хан сайланған Айшуақтың халық 
арасында беделі төмен болатын. Оның тұсында ел ішіндегі қарым-
қатынас шиеленісіп, саяси билік қатты дағдарысқа ұшырайды. 
Ресей үкіметінің сенімін ақтамаған Айшуақтың орнына оның ба-
ласы Жантөре хан (1805—1809 жж.) сайланады. Осы кезде Орын-
бор губернаторы Жантөреге қатысты екіұшты саясат ұстанады. 
Ол бір жағынан халық өкілдері сайлаған ханмен санасуына тура 
келсе,  екінші  жағынан  оның  ел  арасындағы  беделінен  сескеніп, 
оған қарсы кейбір сұлтандарды жасырын айдап салып отырды. 
1808 жылдың соңына қарай Жантөре ханның жағдайы қиындай 
түсті. Кіші жүздің хандығы бұрынғы біртұтастығынан айры-
ла бастады. Біртіндеп билігі əлсірей бастаған Жантөре хан Ресей 
үкіметінен қолдау табу мақсатында Жайық шебіне жақындап ба-
рып қоныстанады. 1809 жылдың күзінде қарсыластарының бірі 
Қаратай сұлтан 200 жігітпен оның ауылына шабуыл жасап, ханның 
өзін өлтіріп кетеді. Жантөре өлген соң Ресей үкіметі оның орнына 
Əбілқайырдың тұқымы дарынсыз Шерғазыны хан тағайындайды. 
Бірақ, оны халық жиналысы мойындамайды да, орнына ел арасын-
да ықпалы күшті Арынғазы сұлтанды хан сайлайды. Арынғазы тез 
арада Кіші жүздегі билікті бір орталыққа бағындырады. Хандық 
билікті жоюға мүдделі патша үкіметі Арынғазының хандық билікті 
күшейту əрекетіне мүмкіндігінше кедергі жасауға тырысты. 1821 
жылы Санк-Петербургке келген Арынғазы ханды патша үкіметі 
қамауға алады да, Сібірге жер аударып жібереді. Бұдан кейін Кіші 
жүзде хан тағайындау ісі жүзеге асырылмады. “Игельстром рефор-
масы” жүргізілуі барысында қазақтар  Еділ мен Жайық өзендерінің 
арасындағы жерлерге көшіп-қонуға рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 
жылы қосөзен аралығында екінші хандық — Бөкей Ордасы (Ішкі 
Орда) құрылған еді. Бұл жағдайдың барлығы Кіші жүздегі түрлі 
əлеуметтік топтардың арасындағы қатынастардың шиеленісуіне 
əкелді.
Осылайша,  ХVІІІ  ғ.  аяғы  мен  ХІХ  ғ.  басында  Орта  жəне  Кіші 
жүздің аумағы Ресей империясының ықпалында, Ұлы жүздің 
аумағы Қоқан хандығының қол астында болды. 
ХІХ ғ. 20—30 жылдары орыс-ағылшын бақталастығының 
шиеленісуіне  байланысты  патшалық  Ресей  Орта  Азия  мен 
Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан əрі нығайту басты міндеті 
деп санады. Қазақстанның Ресей мен Орта Азия хандықтарының 
жəне Қытай аралығында геосаяси орналасуы Ресей тарапынан қазақ 
даласын отарлау үрдісін тездетті. Осы мақсатпен Ресей империясы 
1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор қырғыздары 
туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға 
асығуы соншалықты, олар əрбір мүмкіндікті пайдаланып, ел 
ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды, билер мен батырларды бір-
біріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты  шараларды 
қолданды.
1822—1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта жəне 
Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір əскери губерна-
торы М.Сперанский болған  «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) 
Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор əскери 
губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 
ж.) Жарғы Кіші жүз аумағына таралды.
«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз аумағы 
«Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-
губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 
ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-

140
141
батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта 
жүздің  қалған  қазақтары  сыртқы  округтерді  құрады.  1838  жылға 
қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.),  Көкшетау (1824 
ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын 
(1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).
Əр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-
губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қыр-
ғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында 
округтік приказдар тұрды жəне оларды сұлтандар жиналысында 3 
жылға   сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға 
дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың 
құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл 
старшындары басқарды, əр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. 
Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, 
ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан 
рұқсат алуы керек болды.
Жаңа əкімшілік бөлініс қазақтардың дəстүрлі жер қатынасын 
күйретті де рулық қауым құлдырады. Сонымен қатар, оған аға 
сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға, казактарға 
түрлі көлемде жер бөліп беру де əсер етті. Оларға өңдеуге, мал 
шаруашылығына, омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді жəне егер-
де ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс пайдаланылатын 
болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі 
болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске 
түсіп, бір əкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылай-
ша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей жəне Өскемен 
уездері Том губерниясына берілді.
1822 ж. Жарғы бойынша сот істеріне де өзгерістер енгізілді, ол 
өзгерістер бойынша сот үш санатқа бөлінді:
— қылмыстық істер (мемлекеттік сатқындық, ұрлық, барымта, 
билікке бағынбау);
— арыз-шағымдар («қазақтардың əдет-ғұрып заңдары» бойынша 
билер шешетін екінші кезектегі істер);
— облыстық басшыға берілетін арыздар бойынша (қазақтардың  
сұлтандар мен билерге, болыстарға т.б.).
Сонымен қатар Жарғы салық жүйесін енгізді, ол бойынша əр 
қожалық өкіметке 100 бас малдан 1 бас мал салық төлеуге тиіс бол-
ды. Жарғыны қабылдаған қазақтар бірінші бес жылда салықтан бо-
сатылды. Қазақтарға керуендерді, пошта жолдарын күзету, байланыс 
жолдарын қадағалау сияқты жəне т.б. міндеткерліктер жүктелді.
Жарғының арнайы бір параграфы аға сұлтандардың, болыс-
басқарушы  сұлтандардың  жəне    округтік  приказ  шенеуніктерінің 
мəртебесін жəне жылдық жалақысын белгіледі: аға сұлтандарға 
жылына 1200 сом,  тілмаштарға — 800 сом, болыс сұлтандарына — 
150 сом. 
Жарғы бойынша қазақтарға өз округтерінің ішінде жəне оның 
сыртында да тауарларын шығарып сатуға рұқсат етілді. Жарғының 
жеке баптары сауат ашу мəселесін қарастырды.
1838-1856 жылдары сібір қазақтарының облысын басқаруды рет-
теу үшін бірнеше «Ереже…» қабылданды жəне отаршыл əкімшіліктің 
қазақ даласына тереңдеп жылжи түсуіне мүмкіндік берді. Патша 
əкімшілігі шенеуніктерінің жергілікті жағдайды дұрыс білмеуі, 
əкімшіліктің Орта жүздегі хандық билікті жою үрдісін тездетуге 
ұмтылуы,  басқарудың жаңа құрылымын енгізуі қазақ қоғамының 
жікшілдікке ұшырауына жəне үкіметке қарсы көңіл-күйдің пай-
да    болуына  əкеліп  соқты.  Ол  қазақ  халқын  өз  мүддесін  қорғауға 
шығарып, Қазақстанның барлық аймақтарында ұлт-азаттық 
көтерілістер орын алды.
1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған 
«Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырыл-
ды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, 
оның аумағы: Батыс, Орта жəне Шығыс болып үшке бөлініп, Орын-
бор генерал-губернаторлығына бағынды.  Бұл бөліктердің басында  
аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, 
Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға сұлтандардың 
жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын 
казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом 
жалақы төленді. 1824 ж. Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт 
кеңесші жəне төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия 
құрылды.
1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл стар-
шындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын бол-
ды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор 
генерал-губернаторы тағайындады.  1831 ж. дистанциялар мен 
старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте — 8, Орта-
да — 20, Шығыста — 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын 
күміс ақшамен түтін салығы енгізілді.  Сұлтандар, старшындар 
жəне молдалар салықтан босатылды. 
1844 ж. «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже» қабылдан-
ды да, ол бойынша орыс шенеуніктерінен жергілікті əкімшілікті 

142
143
қадағалайтын «қамқоршылар» қызметі енгізілді. Қазақтардың ру-
тайпалық бөлінісі ескерілмеді, ауылдардың өз бетінше қарекет етуі 
мүмкін болмай қалды.
Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналды-
ру үшін хандық билікті, яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына 
орыстың əкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Алғаш 
Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал 
Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. Кейін 1822—
1824 жж. Ресей империясы Орынбор жəне Сібір ведомстваларының 
территориясында тұратын Кіші жəне Орта жүз қазақтарын басқару 
туралы Жарғыларды қабылдады.  Осы жəне одан кейін жалғасқан 
ХІХ ғасырдың 30—50 жылдарындағы реформалар патшалық 
Ресейдің қазақ жерлерін одан əрі отарлау үшін жағдай жасады. ХІХ 
ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы  тұтастай  Ре-
сей империясына бағынышты болды жəне жаңа заңдар қабылданып, 
Ресейлік басқару жүйесіне қарай жақындатылды.
2. Ұлы жүз қазақтарының қоқандықтарға қарсы күресі. 
Қаратай, Арынғазы, Жоламан Тіленшіұлы 
бастаған көтерілістер
ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі 
саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет — 
Хиуа, Бұхара жəне Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. 
басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды 
жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын 
толықтыру, мал шаруашылығын дамыту, сонымен қатар, Ресей 
мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына 
бақылау орнату жəне мұсылман халықтары тұратын аумақты иеле-
ну еді.
1810  жылы  Оңтүстік  Қазақстанды  жаулап  алған  уақыттан  ба-
стап  1865  жылы  Ресей  империясының  қол  астына  өткенге  дейін 
қоқандықтар Ұлы жүз аумағында əкімшілік қадағалау жүргізіп 
Ақмешіт, Жаңа-Қорған, Күміс-Қорған, Шым-Қорған, Шолақ, Созақ 
жəне т.б. бекіністерді салды. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға 
қарағанда əлсіздеу болды да онымен тайталасқа түсе алмады.
Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: 
Бестамғалы (35 мың үй), Сыйқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жа-
ныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы əкімшілік билік Ташкент əкімінде 
(наместник)  болды.  Оның  екі  көмекшісі:  1)  Саркар  (мырзабасшы) 
салық жинаумен жəне азаматтық істермен; 2) батыр басшы (əскери 
басшы) əскери іс жəне көшпенділер мəселесімен айналысты. Билерге 
артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері 
“датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” 
салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан 
бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу 
жəне кеңейту жұмыстарына тартылып, əскерді азық-түлікпен 
қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар əскери 
міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныш-
тандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым 
адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі əлеуметтік қайшылық-
тарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне əкеліп соқ-       
ты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің 
есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уəлиханов: “Қазақтар-
дың арасында «əзірейіл барда жаным бар деме, қоқандықтар барда 
малым бар деме» — деген мəтел пайда болды”,— деп көрсетеді. Қазақ 
халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. 1810 
ж. Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. 
Қоқан ханы Əлім бек қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға 
жəне Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағындыру үшін 12 мың əскер 
жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңіректегі қазақтар 
тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы 
кезінде оның билеушісі Тоқай Төре Бұхараға қашуға мəжбүр бол-
ды. Бұхараның əмірі Тоқай Төреге Бұхарадағы соғысқа жарай-
тын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап 
жарақтанған Тоқай Төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін 
Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 
300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай 
Төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына ша-
буыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап 
алып кетті. Түнде Тоқай Төре Созақты тастап қашуға мəжбүр бол-
ды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай 
Төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара əмірінің ба-
лалары  билікке таласқан тұста өлтірілді.
1821 ж. Тентек төренің бастауымен қазақтардың Қоқан үстемдігіне 
қарсы көтеріліс болды. Көтерілісшілердің саны 12 000-ға дейін 
жетті. Олар Сайрам, Шымкент, Əулие-Ата қалаларын алып, бірнеше 
бекіністі қоршады. Көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Əулие-

144
145
Ата төңірегін мекендеген  қазақтар қатысты. Көтерілісшілерге 
қарсы Абул-Қалым-Аталық басқарған əскер жіберілді. Тентек төре 
əскерін екіге бөлді. Бір бөлігі Тентек төренің басшылығымен Сай-
рамда, ал екіншісі Шымкентте бекінді. Ұзаққа созылған қоршаудан 
кейін  көтерілісшілер  қаруын  тастауға  мəжбүр  болды.  Тентек  төре 
жеңілісті мойындап, қоқандықтарға “баж” немесе “жол” салығын, 
“зекет” төлеуге жəне Қоқанға баласын сыйлықтармен жіберуге 
келісім берді.
Ұлы жүз қазақтарының 1810—1820 жылдардағы қоқандықтарға 
қарсы күресте жеңілуінің негізгі себептері: қоқандықтардың 
əскери басымдығы, көтерілісшілердің арасында ауызбірліктің 
болмауы,  Бұхара  əмірінің  көмегіне  арқа  сүйеген  көтеріліс  жетек-
шілерінің беделінің төмен болуында еді. Дегенмен де, бұл Ұлы 
жүз қазақтарының өз еркіндігі мен тəуелсіздігі жолында қоқан 
үстемдігіне қарсы шыққан ұлт-азаттық күресі болатын.    
1822—1842 жж. Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші 
баласы  Мадалы  хан  (Мұхамед  Əли)  отырды,  оның  тұсында  жеке-
ленген облыстар мен Ташкентті өз алдына билеген Күшбегілердің 
рөлі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған аумағының бір бөлігі жəне 
Сырдария бойындағы қазақтар  Ташкент Күшбегіне жылына 20 
мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді 
қанау бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан кейінгі жылдары қоқан 
билеушілерінің өзара қырқыстары Ұлы жүз қазақтарының одан əрі 
зардап шегіп, кедейлене түсуіне əкеліп соқты. Құдияр хан (1845—
1875 жж.) тұсында қазақтар ғана емес, Қоқан хандығының жергілікті 
диқандары да қанауға түсті. 
1797 жылғы Есім ханның өлімінен кейін Кіші жүздің бір топ 
сұлтанының Қаратай сұлтанды хан сайлау жөніндегі ұсынысына 
қарамастан  жəне  оның  ел  арасындағы  беделінен  сескенген  пат-
ша əкімшілігі Айшуақты хан тағына отырғызады. Бұл шешімге 
келіспеген Қаратай халық арасында ханды сайлау туралы үгіт 
жүргізе бастайды. 1805 жылы Жантөрені хан сайлағанға дейін пат-
ша əкімшілігімен бейбіт қатынас ұстады.
1806 жылы Қобда өзенінің жағасында болған съезд Ресей 
əкімшілігінің шешіміне қарамастан Қаратай сұлтанды хан сайлай-
ды. Осылайша Қаратайдың Жантөреге қарсы күресі біртіндеп Ресей 
үкіметіне қарай  бағытталады. Күрес барысында Қаратай транзиттік 
сауда жолдарының бəрін өзіне қаратып Ресейдің Орта Азиямен сау-
дасын шектейді. Герценберг пен Бородиннің жазалау экспедициясы-
на қарамастан Қаратайдың жанына топтасқан Кіші жүз жасақтары 
төменгі Орал шептеріне жорықтар жасайды. Қаратай 1809 жылы 
Жантөре ханды өлтіргеннен кейін 1812 жылға дейін Хиуада 
жасырынуға мəжбүр болады. 
Жантөренің өлімінен кейін Ресей Айшуақтың ұлы Шерғазыны 
хандыққа бекітеді. Ресей əкімшілігінің ондай шешіміне риза 
болмаған Қаратай өзінің қарулы қарсылығын 1816 жылы Орданың 
Батыс бөлігіне басқарушы-сұлтан болып тағайындалғанға 
дейін жалғастырады. Транзиттік сауда мəселесі алаңдатқан Ре-
сей  Қаратаймен осындай келісімге барған еді. Сөйтіп, 1816—17 
ж. келіссөздер нəтижесінде Қаратай сұлтан өзінің қарсылығын 
тоқтатты. 
1816 жылдан 1821 жылға дейін Арынғазы Хиуаға қарсы азаттық 
күресін жүргізді. 1815 жылы Арынғазының əкесі Əбілғазы хан 
өлгенде ол 30 жасқа толады. Оған дейін Кіші жүздің иеліктерінде 
қайраткерлік танытқан Арынғазы ел арасында біршама бедел 
жинаған болатын. 1816 жылы ел ішінде тəртіп орнату мақсатында 
старшындардың билігін шектеп, сұлтандардың өз білгендіктерін 
істеуін тоқтатқан еді. Сондай-ақ, ол билер соты мен молдалардың да 
өкілеттілігін шектеді. Арынғазының ел арасында беделінің өсуіне 
байланысты старшындардың көпшілігі оны Кіші жүзге хандыққа 
бекітуді сұрап патша əкімшілігіне өтініш білдіреді. Арынғазы 
болса, хиуалықтардың үстемдігін біржола жойып, сонымен қатар 
бір хандық құруды жоспарлайды. Бір хандық қана құру Ресейдің 
келісімінсіз  мүмкін  емес-ті.  Сондықтан,  Ресеймен  жақындасуды 
ойлаған Арынғазы Орынбор генерал-губернаторы Эссен мен 
Шекаралық комиссия төрағасы А.Веселицкийдің қолдауына сүйене 
отырып, патшадан қолдау көрсетуді сұрау үшін 1821 жылы Санкт-
Петербургке аттанады. Бірақ, оның үміті ақталмайды. Бұхар мен 
Хиуа хандықтарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырамыз деген 
желеумен патша əкімшілігі оны шақырып, тұтқындап, Калугаға  
жер аударады. Ол 1833 жылы сонда қайтыс болады.  
ХІХ ғасырдың 20—30 жылдары патшалық Ресейге қарсы Саржан 
Қасымұлы мен Жоламан Тленшіұлы бастаған көтерілістер болды. 
ХІХ ғасырдың 20 жылдары патшалық Ресей жаңа бекіністер салу 
үшін  қазақтарды  тағы  да  өз  жерлерінен  ығыстыра  бастады.  Кіші 
жүздің табын руы мекендеген суы мол, жайылымдық жері кең Жаңа-
Елек ауданын орыс шенеуніктері тартып алды. Оған қарсы Жоламан 
Тіленшіұлы Табын руын бастап көтеріліске шықты.
Жаңа-Елек шебі 29 бекіністен тұрды. Орал, Елек, Берденкі жəне 
Құрат өзенінің бойындағы аудандардың ең жақсы деген 7 мың деся-

146
147
тина жеріне Ресей үкіметі Орынбор жəне Орал орыс-казактары мен 
шаруаларын орналастыра бастады. Жоламан батыр алғашында жер 
мəселесін  бейбіт  түрде  шешуге  тырысты.  Ол  Орынбордың  əскери 
губернаторы Эссенге 1822 ж. 6 тамызда жəне 1823 ж. 3 қыркүйекте 
хат жазып, онда 1810 жылға дейін  қазақтар бұл жерлерді ешқандай 
кедергісіз еркін пайдаланғанын, Ресей Елек өзенінің бойын алғаннан 
кейін форпостар салып жəне Кіші жүз қазақтарына бұл жерлерді 
пайдалануға тыйым салғаннан соң жағдайдың қиындай түскендігін 
ескертеді. Сонымен қатар, губернатордан əскери бекіністерді 
алып тастауын, «Санк-Петербургтегі біздің елшілерді қайтарып», 
Сібірге жер аударылып Орынбор түрмесінде жатқан қазақ Түленбай 
Құндықовты өз тұтқынында жатқан есаул Падуровқа айырба-
стап, босатуды талап етеді. Бұл хаттар жауапсыз қалды, ал Орын-
бор Шекаралық комиссиясы Жоламанға келесі келісімдерді Шер-
ғазы  хан  арқылы  жүргізуі  керектігін  айтады.  Бұл  жағдай  Жо-
ламан Тіленшіұлын қанағаттандырмады, сондықтан ол қарулы 
көтеріліске шықты. Жоламанның отряды шекара заставаларына, аға 
сұлтандардың қыстаулары мен əскери бекіністерге шабуылдар жа-
сады. Жазалаушы отрядтардың батыр мен оның жауынгерлерінің 
соңына түсуі сəтсіз болды. Жоламан батырға патша  əкімшілігінің 
қолдауына сүйеніп жазалаушы отрядтың барлық операцияларына 
бірге қатысып,  белсенділік көрсеткен  Шерғазы ханның жасағына 
да қарсы күрес жүргізуіне тура келді. 
1835 ж. Жаңа-Елек шебінің Ор жəне Троицк аралығындағы бар-
лық жерлерінен айрылған Жағалбайлы, Жаппас, Алшын, Арғын, 
Қыпшақ руларының қазақтары қатысқан тұста көтеріліс кең қанат 
жайды. Өз жерлерінен айырылған қазақтар шекаралық аймақтарда 
көшіп-қонуына тура келді жəне ол үшін салық төлеуге мəжбүр бол-
ды. Қазақтардың қарсылықтары аға сұлтандардың ауылдарына, ке-
руен жолдарына, бекіністерге  жиі шабуылдар түрінде көрініс тап-
ты.
1838 ж. ортасында Елек қалашығынан Ор жəне Троицк бекінісіне 
дейінгі шекаралық шеп маңында көшіп-қонып жүрген қазақтар 
көтеріліске тартылып, көпшілігі Торғай мен Ырғыз өзендерінің 
бойындағы аудандарға көше бастады. Көтерілісті басуға жəне 
көшіп кеткендерді қайтаруға патша үкіметі Ордан полковник 
Мансуровтың, Орынбордан полковник Падуров, Елек жақтан пол-
ковник Гекке басқарған үш отряд жіберді. Бірақ бұл үш отрядтың да 
əрекеті сəттіз аяқталды.
Жоламан батыр Орал казак əскерінің генерал-майоры Боро-
динге: “Мен сұраған жерлерді қайтарып берсеңдер дос боламыз, 
егер берілмесе жау боламыз”,— деп хат жазды. Осылайша, Жола-
ман батыр ХІХ ғасырдың 20—30 жылдары   патша үкіметі тартып 
алған Кіші жүз қазақтарының жерлерін қайтаруға бағытталған 
көтеріліске жетекшілік жасады жəне Кенесары Қасымұлы бастаған 
көтеріліс шыққан тұста  Кіші жүз қазақтарын Кенесарыға қосылып 
өз тəуелсіздігі мен еркіндігі жолында күреске шығуға шақырды.
1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» енуі, одан кейін 
ол заңды түсіндіру үшін жүргізілген үгіт, 1824 ж. Қарқаралы уезіне 
полковник Броневскийдің экспедициясының келуі — сұлтан Сар-
жан Қасымұлы бастаған көтерілістің шығуына түрткі болды. 1824 
ж. 8 ақпанда сұлтандар мен билердің белсенді қатысуымен бірінші 
Қарқаралы приказы, одан соң Көкшетау приказы құрылды. 1824—
1836 жылдары Қарқаралы жəне Көкшетау уездерінің көтеріліске 
шыққан елін Кенесары Қасымұлының ағасы Саржан сұлтан 
басқарды. Саржан Қасымұлы приказдарды жоюды, қазақ жерлерінен 
əскерді əкетуді, қазақтарға бұрынғы еркіндігін қайтаруды талап 
етті. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің негізгі мақсаты — пат-
ша үкіметі тартып алған жерлерді қайтару, Қазақ хандығын қайта 
жаңғыртуға ұмтылыс болды. 1825—1826 жылдары оған Қаракесек, 
Жағалбайлы, Шора болыстарының Қожан, Тал, Айдабол, Байдəулет 
руларының қазақтары қосылды.
1826 ж. тамызда Саржан Қасымұлы өз отрядымен Қарқаралы при-
казына жорық жасады. Бірақ жүзбасы Карбышевтің басқаруымен 
дер кезінде келген отряд приказдың талқандалуына жол бермеді. 
Нашар қаруланған көтерілісшілердің шегінуіне тура келді. Саржан 
Қасымұлының біраз əріптестері қолға түсті. 1832 жылдың басында ол 
Ресейге сенімді қызмет етіп отырған Қарқаралы уезіндегі билердің 
ауылына бауырлары Есенгелді жəне Ержанмен бірге шабуыл жа-
сады. Саржанды ұстауға жүзбасы Потаниннің отряды жіберілді. 
Сұлукөл сайының маңында шайқас болып, Потаниннің отрядының 
тегеурініне шыдамаған  Саржанның отряды шегінді. Бұл сəтсіздік 
Саржанды осы 1832 ж. патша үкіметіне қарсы бірге күресу үшін 
Ташкент күшбегіне одақ құруға итермеледі. Батыс-Сібір генерал-
губернаторы Вельяминов бірнеше отряд жіберіп, бұл қарсылықты 
басып тастады. Бірақ Саржан күресті тоқтатпады. 1833 ж. шағын 
отрядымен Ресей билігіне қарасты билер мен сұлтандардың ауыл-
дарына, сауда керуендеріне, бекеттерге шабуыл жасап тұрды. Ұлы 
жүз қазақтарының бытыраған күштерін жəне Сырдария бойындағы 
Ташкент күшбегіне бағынышты қазақтарды өз жағына тартып Ре-
сейге қарсы күреске біріктіруге тырысты. 1836 ж. Ташкент күшбегі 

148
149
бұл туралы біліп қойып өзімен келіссөз жүргізуге келген Саржан, 
Есенгелді, Ержан Қасымұлдарын жəне 20 сарбазымен қоса өлтірді. 
Ресей патшалығының Саржан Қасымұлының өлімінен кейін 
даладағы толқулар басылады деген үміті ақталмады. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет