ПЕДАГОГИКА МЕН ƏДІСТЕМЕ МƏСЕЛЕЛЕРІ
М.ƏУЕЗОВТЫҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫНЫҢ ГУМАНИСТІК-ІЗГІЛІК
ОЙЛАРЫН ТАНЫТУ
Б.Ө.Сманов -
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Əрбір ұлттың рухани өмірінде «жүзден − жүйрік, мыңнан − тұлпар» шыққан ғасырлық тұлғалар,
халықтың «мейірін қандырғандай» (А.Байтұрсынов) дара дарындар, кемеңгер ғұламалар, данышпан
қайраткерлер болатыны сөзсіз. Жəне олардың ғұмырлық тағдыр-талайы, үлгі-өнегесі, қадір-қасиеті бір-
біріне сəуле түсіргендей, бірімен-бірі сабақтасып, алдыңғысының игі істерін кейінгісі жалғастырып,
толықтырып тұрғандай əсер етеді.Сондай ғасыр перзенттері – ұлтымыздың ұлы дарындары əр дəуірде
өмір кешіп, өздеріне тəн адами парыздарын мүлтіксіз орындап өткен. Айталық, ел тарихында XIX
ғасырда халық-ағарту саласында Ыбырай Алтынсарин, ұлттық руханиятта Абай Құнанбаев ерекше орын
алса, XX ғасырда, əсіресе, оқу-білім майданында Ахмет Байтұрсыновтың, əдеби-мəдени өмірде Мұхтар
Əуезовтің қосқан мейлінше зор үлесі,сіңірген өлшеусіз еңбектері осындай ордалы ойларға жетелейді.
Мұндай мысалдарды халық тарихына бағамдап-бажайлап қарасаңыз, əр дəуірден кездестіру қиын емес.
Аталған үш алыптың өмірлік мақсат-мұраттарына біз сөз еткелі отырған ұлы дарын иесі − М.Əуезов
ерекше ынта-ықыласпен ден қойғаны белгілі. Сондықтан Мұхаңның аса құнарлы шығармашылық мұрасы
алдыңғы өткен ұлы даналардың заңды жалғасы, олармен тығыз байланысқан үлгілі үрдіс іспетті деп
білуге болады. Сөйтіп ол − өзінен бұрынғы арыстардың орындай алмаған игілікті істерін жүзеге асырды,
«Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы туған халқының рухани əлеуетін күллі əлемге паш етті, сонау тар
жол, тайғақ кешу заманының өзінде жер бетінде қазақ деген халықтың өмір сүретінін төрткүл дүниеге
танытты.
Университеттегі ұстазы туралы: «Қазақ халқының рухани тарихы Абайдан кейін еріні тұшып,
ерекше перзент сүйсе, ол − Мұхтар Əуезов. Біздің бұл арада аузымызға Абай тектен-текке түсіп отырған
жоқ. Əуезов талантының рухани төркіні − Абай шығармашылығынан басталады. Ал, Абайдың
əдебиетіміздегі бірден-бір лайықты мұрагері − Əуезов», − дейді жазушы Əбіш Кекілбаев /1/. Ұлы
қаламгердің шығармашылығы зерттеушілер тарапынан сан-саламен қарастырылып келеді. Алайда, əлі
күнге жұрт назарынан тыс қала беретін, көп зерттеушілер көңіл бөле бермейтін, енді біразының шамалары
келе бермейтін жазушы шығармашылығының өте бір мазмұнды қыры, аса бір құнарлы арнасы −
гуманистік-ой-пікірлер, дін тақырыбы десек қателеспеспіз. Өйткені дін арқылы ұлы суреткердің бүкіл
рухани-адамгершілік, ізгілікті көзқарастарын ашуға мүмкіндік аламыз. Бұл, əсіресе, мектеп жағдайында
жас жеткіншектерді тəрбиелеуде көркем шығарманы талдауға ерекше маңызды.
Дін – қай кезеңде де қоғамдық сананың маңызды түрі ретінде тамыры тереңге жайылған
жалпыадамзаттық өркениеттің, рухани игіліктердің құрамдас бөлігі болып есептеледі. Сондықтан ол əрбір
елдің, əрбір халықтың тұрмыс-тіршілігінен, күнделікті өмірінен өзекті орын алған. Өйткені, дін арқылы
адамзат баласы ықылым заманнан бері қоршаған ортаны танып-білудің, оны рухани меңгерудің
жолдарын қарастырады. Мұны саңлақ суреткер жан-жүрегімен сезінген. Олай дейтініміз, жазушының
басқа шығармаларын, ғылыми-зерттеу еңбектерін былай қойғанда тек «Абай жолы» роман-эпопеясының
жалғыз өзі ғана жоғарыдағы ойымызды дəлелдей алады. Себебі, Абайдың қайталанбас тағдыр-табиғатын,
мінез-құлық,ой-өрісін, білім-білігін, данышпандық дара дарынын ашу, бар болмыс-бітімін таныту, сол
арқылы исі қазақтың əдет-ғұрып, салт-дəстүрін, тұрмыс-тіршілігін баян ету жазушыдан Абайдай ғұлама,
Абайдай ойшыл, Абайдай діни сауатты болуды талап етеді. Ал Мұхаң өз бойында осындай қасиет пен
қарым-қабілеттің бар екендігін көрсете білді. Ол кемеңгер Абайдың ақындық өнерін ғана емес, оның
ғұлама ойшылдығын, діни білімпаздығын, пайым-парасатын, өміршең мақсат-мұраттарын замана
оқиғалары, кезеңдік жағдайлар арқылы кең тыныспен, биік адамзаттық деңгейде таныта алды.
«Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Мұны Мұхаңның өсу жолы,
есею тарихынан анық көреміз. Өйткені, оның тəлім алған мектебі ─ ең алдымен жазушы шыққан орта ─
Əуезқожа əулеті, Құнанбай қажының үлгі-өнегесін көрген, тəрбие-тəлімін алған, өзі көзін көрген
ВЕСТНИК КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 4 (30), 2009 г.
94
данышпан Абайдың айналасы, одан қала берді шығыстың классикалық əдебиет өкілдерінің, орыстың,
Еуропаның өркендеген руханиятының озық ойлы қайраткерлерінің əдеби-мəдени байтақ мұралары
болды.
Болашақ жазушының діни-имандылық көзқарастары, адамгершілік рухани ой-пікірлері бала
кезінен басталған еді. Ол туралы жазушының аталас туыс ағасы Разақ былай дейді:
« − Мен Мұхтардан он екі жас үлкенмін.Ол 1897 жылы Бөрліге жақын Аяққарағанда, күзем
жүнін алып жатқанда жарық дүниеге келді. Бала емшектен шыққаннан кейін атасы Əуез бен əжесі
Дінəсілдің бауырына кіріп, мүлде бұла болып өсті. Олар көмірдей қара шашты, қара торы, сүйкімді
немересін жандарындай жақсы көрді. Үнемі əлпештеп, мəпелеп өсірді. Алты жасқа іліге берген кезде
атасы оған өзі арапша хат танытты.Оның ұғымпаздығының бір мысалы мынау: Бір топ бала атамыздан
арабша үйренгенде, иманшартты бұрын жаттап, алғыс алғаны бар. ... атасынан екі елі қалмайтын Мұхтар
Абайдың батасына да ие болды. Ұлы ақын дүние салғанда, оның қабірінің басында сарнатып құран
оқыған біздің бабамыз − Əуез қожа болатын.Сонда күңіренген елдің ортасына атасымен барған қаршадай
Мұхтар да қабірге топырақ салған-ды». Осындай өнегелі тəлім-тəрбиенің нəтижелерін оның есейген
шағындағы еңбектерінен, əдеби шығармаларынан анық көреміз. Жазушының идеялық-саяси, тарихи-
танымдық талдау мақалаларында болсын, немесе ғылыми-зерттеу еңбектерінде болсын рухани-
имандылық дін тақырыбын сөз еткенде тас жолдағы тағалаған жорғадай еркін көсілуінің түпкі сырын
осыдан таныта алды.
Сондықтан М.Əуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бүкіл гуманистік идеялардың да түп-
төркінін,стратегиялық-тұжырымдамалық негіздерін оның діни көзқарастарынан, рухани сенімдік
ұстанымдарынан іздестірген абзал. Өйткені, барлық əлемдік іргелі діндер ізгілікті ойды, биік
адамгершілік қасиеттерді, гуманистік құндылықтарды насихаттайтыны бəрімізге мəлім.
Ал шығармадағы ізгілік нұры, гуманистік нысаналар ондағы кейіпкерлердің имандылық
көзқарастары мен оны суреттеудегі автордың рухани-адамгершілік позициясын саралау барысында
ашылуы қажет.
Сыныпта көркем шығарманы талдау барысында бұл жайт ұстаздың үнемі назарында болғаны
жөн.
Оқу бағдарламасына сəйкес сабақта əлемге əйгілі жазушының «Қорғансыздың күні», «Жетім»,
«Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінəлі?», «Барымта» əңгімелеріне, «Еңлік – Кебек», «Қарагөз»,
«Айман–Шолпан» сынды драмалық шығармаларына шолу беріледі де, «Абай жолы» роман-эпопеясын
монографиялы түрде талдау ұсынылады. Енді роман-эпопеяны талдаудың əдістемелік мəселелеріне назар
аударалық.
ХІ сыныпта «Абай жолы» эпопеясын оқытуда ұстаз шəкірттер назарын аударатын негізгі
жайлардың бірі – шығарманың тарихи оқиғаларға, өмірлік шындыққа негізделгендігі, сол арқылы ұлы
қаламгердің күллі адами рухани-ізгілік ойларды үлгі етудегі суреткерлік шеберлігі болуға керек.
Оқулықтағы эпопеяны қарастыруға арналған «Романның шығармашылық тарихы» атты бөлімдегі «...
əдебиеттің əрбір татымды туындысы суреткердің тақырыпты жан-жақты меңгеруі, көп ізденуі
нəтижесінде жасалады» деген мəліметтен бастап, автордың шығарманы жазу үшін ұзақ жылдар бойы сан
алуан материалдар жинап, тыңғылықты əзірлік жасағанын шəкірттерге аңғартқан дұрыс. Бұған дəлел
ретінде, 1950 жылы Мəскеуде басылып шыққан «Абай» романына жазған М.Əуезовтің өз өмірбаянынан:
«Соңғы жиырма жылды қазақ əдебиетінің классигі Абай жайындағы романға арнадым» деген сөздер
келтіріледі.
Демек, ұлы суреткердің ондаған жылдар бойы жинаған материалдары тарихи деректер, құжаттар,
естеліктер, ел аузындағы, көзкөргендердің əңгімелері болған. Ал ол сол заманның шындығын растайтын
тарихи материалдар еді. Сол сияқты романдағы кейіпкерлердің де көпшілігі тарихта болған адамдар.
Мұнда жазушы сол дəуірдегі тарихи оқиғаларды Абай айналасына топтап, хронологиялық ізбен тізбектеп
суреттеуді мақсат етпейді. Ол жайында «Абай жолы» қалай туған?» атты мақаласында академик
З.Ахметов былай дейді: «Естеліктердегі фактілер мен оқиғалардан жазушы сол дəуірдегі нақты əлеуметтік
қайшылықтардың іздерін тауып, оларды маңызы мен сипатына қарай түрліше пайдаланады. Талғампаз
суреткер қолындағы бай мағлұматты мұқият зерттей отырып, ой елегінен өткізеді, өзінің идеялық
мақсатына сəйкес қорытады, əрбір кейіпкерге, оқиғаға лайықты көркем қызмет, міндет жүктейді» /2/. Осы
ретте оқу ісін гуманизациялау жаңа адам тəрбиелеудің аса мəнді, ең маңызды жолы екенін көрсетті.
Сондықтан да мектеп тəжірибесінде аталған мəселеде мұғалімге ерекше орын беріліп, оқушының жеке
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ХАБАРШЫСЫ, «Филология ғылымдары» сериясы, № 4 (30), 2009 ж.
95
рухани байлығын дамытып, ұстаз шығармашылығын жетілдіруге мəн беріледі. Ізгілендірудің жалпы білім
беру ісіндегі талаптарын қарастырғанда ең алдымен «гуманизм» деген терминнің мəн-мағынасын біліп
алған абзал.
Өйткені, гуманизм адамның жеке басының тұлғалық саналылығымен ұқсас ұғым, сəйкес түсінік.
Философиялық сөздікте гуманизм – «адам құқы мен сыйлату қасиеті, оның тұлғалық құндылығы,
адамдарға қамқорлығы, олардың жан-жақты дамуы, адамдарға қоғамдық өмірде жағдай туғызу», - деп
сипатталады /3/. Ал негізінде гуманизм (латынша humanus - адамгершілік) – адамгершілік, адамға деген
сүйіспеншілік идеясын бейнелейтін көзқарас. Бұл қайта өрлеу дəуірінде ХIV-XVI ғасырда қоғамдық ой-
пікірде, əдебиетте, өнерде, ғылымда алдыңғы қатарлы прогрессшіл идеялық ағым ретінде қалыптасты.
Егер қоғам мен мемлекеттің құрылысы шын мəніндегі ізгілік пен адамгершілікке негізделсе, сонда ғана
«адам адамға жолдас, дос жəне бауыр» деген гуманистік ұстанымдар бүкіл халықтың сенімі мен
қолдауына ие болады.
Қазіргі қазақ əдебиеті пəнінің тұжырымдамасының негізіне де гуманистік көзқарастар идеясы,
əлеуметтік бағалылық, адамдар қарым-қатынасындағы əдепті-психологиялық, жалпы адамгершілік
ұстанымдар алынды. Мұнда əрі ұстаздың өзінің гуманистік танымын жүзеге асыруға мүмкіндік туады,
əрі болашақ қоғам алдындағы жас ұрпақ жауапкершілігі қалыптастырылады.
Осыған орай, жазушы роман-эпопеяда Абай өмір сүрген ортадағы ескі мен жаңаның күресін,
оның болашағын көркем шығармаға, əдебиетке сол замандағы қойылатын талаптар биігінде нанымды
бейнелейді. Абай өміріне байланысты оқиғалардың ішінен автор өз мақсатына сай ең басты, ең негізгі
мысалдарды таңдап алады. Төрт томдық «Абай жолы» эпопеясында суреттелетін оқиғалардың, тіпті
«эпизодтық» деп аталатын кішігірім ұсақ көріністердің өзі автордың айтайын деген негізгі ойына қызмет
етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қаламгердің мақсаты – ойшыл ақынның бейнесі арқылы қазақ даласындағы
жарты ғасыр ішінде бой көрсеткен өмір шындығын, саяси-əлеуметтік құбылыстарды көрсету, сол арқылы
жалпыадамзат баласына ортақ гуманистік-адамгершілік идеяларды насихаттау еді.
Мұндай маңызды мəліметтерді мұғалім шығарма мазмұнындағы оқиғалармен ұштастыра
дəлелдегені орынды.
Эпопеядағы басты идея, автордың айтайын деген негізгі ойы, көздеген мақсаты, көбінесе,
айналасындағы нақтылы деректерге байланысты бейнеленетін оқиғалар мен сол оқиғаларға қатынасқан
адамдардың арасындағы қарым-қатынас, тартыстар, қақтығыстар арқылы шешіліп отырады.
Ол мынадай екі желідегі топтар арқылы жүргізіледі: бірі – Абай мен оның қолдаушылары –
еңбекші халық, жас талант шəкірттері мен достары, екіншісі – Құнанбай мен оны қоршаған үстем тап
өкілдері. Романдағы бұл кейіпкерлердің барлығы дерлік тарихта болған адамдар. Олай болса, бұларға
байланысты бейнеленетін ірілі-ұсақты оқиғалардың да тарихта болуы əбден мүмкін. Суреткер осы секілді
тарихта болған оқиғаларды үлкен шығармашылықпен ой елегінен өткізіп, тарихи өмір шындығын
дəлдікпен, айқындықпен ашу арқылы Абай бейнесін, оның қоршаған айналасын, ақын өмір сүрген
қоғамды ғылыми негізде, шынайылықпен бейнелеп берді. Демек, қаламгер тарихи шындықты идеялық-
эстетикалық талғам тұрғысынан суреттеп, көркемдік шындыққа айналдырды.
«Абай жолы» роман-эпопеясының басты идеялық-көркемдік ерекшеліктерінің бірі – автордың
Абай өмірін суреттеп жазумен шектеліп қалмай, оны сол кездегі маңызды саяси-қоғамдық бұрылыс
кезеңдердің, елдің даму үрдісінің қайнаған ортасында тарихи шындықпен сабақтастыра көрсетуінде
жатыр.
Сонымен, шығарманың өн бойында ХІХ ғасыр аяғындағы қазақ халқының рухани өрлеу сатысы
тарихи шындыққа негізделе бейнеленетінін байқадық. Мұны ұстаз əдеби мəтіннен келтірілген ұтымды
үзінділер мен мысалдардың көмегімен ұғындырады. Мұндай үзінді-деректерге оқушылардың назарын
аударудың тиімділігі, біріншіден, Абайдың қаншалықты рухани биіктеп, терең ойшыл-философ
дəрежесіне көтерілгенін білдірсе, екіншіден, оның достарымен қарым-қатынастағы үлкен адамгершілік
қасиетін байқататын, ой-сезім əсемдігін аңғартатын тəрбиелік мəнінде жатыр. Осыдан кейін данышпан
ақын қазақ қоғамының болашағы жайындағы ойын:
«Мен өз өмірімде оған жетпеспін... көрмеспін ол күнді. Бірақ алда заман қатты өзгеріп, қауым
мүлде басқаша дəурен жасар. Басқа заңдар туғызып, үлкен ырысқа түгел халық болып еріскен күндер
болар. «Сол болашақ үшін бір шөмшектей, бір ғана кірпіштей болса да кесек қалап кетсем, армансызбын»
дегендеймін. Сөйтіп, біздің мұсылман ғұламалары «ақырет күні» дегенді құлаққа көп құйып келсе, мен
өзіме ең «ақыл Заман», «жақын Заман» алдымда қол созып тұрғандай көремін... Халқыңды, қауымыңды
ВЕСТНИК КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 4 (30), 2009 г.
96
соған
əзірлей
беруді
ғана
біл
дегім
келеді!» («Абай
жолы», 3-кітап.
293-бет) деген көрегендік болжаммен білдіреді.
Елдің келешек бақытты өмірін аңсаған, арғы-бергі замандарды ақыл таразысында салмақтаудан,
сараптаудан туған философиялық толғаныс пен жан тереңінде шалқып жатқан телегей теңіз сезімдердің
толқындарындай тербелетін психологиялық тебіреністердің осы бір көрінісінде автордың көркемдік
шешімі де, тұжырымдамалық байламы да, қала берді айлалы астарлауы да жатқанын байқаймыз.
Болашаққа деген ұлы сенім, елдің ертеңіне деген үкілі үміт Абай қиялында осылайша көркемдік
көрініс табады. Қазақ қауымының еркіндігі, теңдігі, дербес мемлекеттігі жөніндегі ақынның асыл арманы
жүз жылдан кейін біздің дəуірімізде ғана жүзеге асты.
Боданға айналған, бостандығынан айырылған ел қашанда азаттыққа ұмтылатыны, соны
аңсайтыны, оның жолында барлық қиындық пен азапқа шыдайтыны белгілі. Мұндай күйді «мың өліп,
мың тірілген» қазақ халқы да бастан кешірді. Тек 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні. сол кезде Жоғарғы
Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Заң қабылдағаннан бастап, қазақ
халқының өз алдына дербес мемлекеттігін алу жөніндегі сан ғасырлар бойғы арманы мен ұмтылысы іске
асты. Ұлы Абай мұны сонау өткен ғасырдың басында-ақ қорытып айтып кетті. Оны айтқызып отырған да
кемеңгер жазушы М.Əуезов. Міне, осы аталған жайлар шығармада тарихи қағида, өмірағың тұрғысында,
талдау барысында байыпталады.
Бүгінде Қазақстан жер жүзіндегі 200-ге тарта мемелекеттердің ішінде əлем таныған алдыңғы
қатарлы елдердің бел ортасында келеді. Дүниежүзілік бірқатар ықпалды ұйымдарға мүше болып,
мемлекетіміздің мерейін асып, іргесі нығая түсу де. Құдай бұйыртса, келесі – 2010 жылдан бастап
Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымына, ал 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына
төрағалық ету құрметіне ие болдық. Бұл беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету біз үшін, еліміз
үшін үлкен абыройлы іс, жауапкершілігі аса жоғары міндет.
Сонымен бірге, түркітілдес мемлекеттердің Парламеттік Ассамблеясы, «Түркі əлемі елдерінің
ынтымақтастық кеңесі» (Түркі кеңесі) атты өңірлік бірлестік құру, дағдарыстан шығудың тиімді жолы -
ұлтаралық жаңа санаттағы ақша (валюта) шығарып, айналымға енгізу ісі сынды бірқатар ұлысаралық
игі бастамалар Қазақстаннның ұсынысымен жүзеге асып келеді.
«Абай жолы» эпопеясын тарихи тұрғыда қарастыру оның идеялық мазмұнын ашуға, сол арқылы
романдағы кейіпкер бейнесін саралауға, шығарманың композициялық құрылымын тануға көмектеседі.
Мұны кей ретте тарихилық ұстанымға сүйене құрылған сұрау-тапсырмалар арқылы да шешуге болады.
Мəселен:
1. Абайдың халыққа жасаған қамқорлық іс-əрекеттерінің тарихи шындықпен қандай байланысы
бар?
2. Роман мазмұны бойынша Абай шығармаларының шығу тарихы, олардың тарихи шындыққа
жанасымдылығы қандай деп ойлайсыңдар?
3. Эпопеяда ірі ру басыларының арасындағы тартыстар, жер дауы, жесір дауы, рулық-
патриархалдық салт-санаға байланысты басқа да оқиғалардың тарихи шындық негізі қалай сипатталған?
4. ХІХ ғасырдың аяқ шеніндегі Ресейде болған төңкерісшіл қозғалыс, оның қазақ даласына
тигізген ықпалы романда қалай көрінеді? т.б. с.с.
Мұндай сұрау-тапсырмалар оқушыларды мүмкіндігінше ойландырып, іздендіру мақсатында үйге
де берілуі мүмкін.
«Абай жолы» роман-эпопеясын талдау кезінде көңіл қоярлық ең негізгі жəне аса бір
ындағаттылықпен қарайтын күрделі мəселе – шығармадағы гуманистік идеяларды қарастыру.
Туындыдағы гуманизм, ізгілікті ой ондағы бейнелердің имандылық көзқарастарын, оны суреттеудегі
автордың адамгершілік ұстанымын саралау барысында ашылмақ. Əсілі имандылық мəселесі – «Абай
жолы» роман-эпопеясының басты идеялық арнасы десе де болғандай. Бұл, сөз жоқ, ең алдымен, «Ислам
бұлағынан су ішіп, түрікшілдікпен тəрбиеленген» ұлы суреткердің жеке басының имандылық,
адамгершілік қасиеттерінен, білім-білік сауатынан, исламдық пікір-пайымынан, имани тəлім-танымынан
туындап сөзсіз.
Осы орайда, М.Əуезовтің исламдық жəне жалпы діни терең білімдарлығы жөнінде көрнекті
жазушымыз Тəкен Əлімқұловтың мынадай естелігін ескере кеткен орынды: «Өзім көрген жоқпын. И.Б.-
дан естідім. СССР Жазушылар одағының фойесінде Мұхтар Əуезов əлдеқалай Назым Хикметпен дін
жайында айтысып қалыпты. «Мұхтар Назымның аузын шатырмады. Мұхтарды мұсылманшаға жүйрік деп
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ХАБАРШЫСЫ, «Филология ғылымдары» сериясы, № 4 (30), 2009 ж.
97
кім ойлаған?!» – дейді И.Б. таңырқап /4/. Данышпан жазушының дін-ислам іліміне «шашасына шаң
жұқтырмайтын» жампоз-жүйріктігін, асқан білімпаздығын «Абай жолы» романынан мейлінше молынан
байқап отырамыз. Автор шығармада өзінің əрбір ойын, пікір-тұжырымын не кейіпкерлерінің сөзімен, не
авторлық мəтіндермен бекітіп отырады. Бұл – көрнекті қаламгердің ұлы жаратушыға деген рухани биік
сенімін, діни дүниетанымын, ислами білімге ұлан-ғайыр сауаттылығын танытады.
Романдағы негізгі ой арнасы, гуманистік үлгі-өнегелер ұлы Абайдың: «Құранның іші толған
ізгілік іс» деген сөзінен бастау алып жатқандай. Мұны ұстаз шығармадағы мынадай тақырыптық арналар
арқылы, соларға оқушыларының назарын аудару барысында көз жеткізуіне болады:
1) «Абай жолы» роман-эпопеясындағы оқу-білімге байланысты исламдық көзқарастар;
2) шығармадағы діни адамдар бейнесі;
3) роман-эпопеядағы діни ұғымдар, наным-сенімдер;
4) шығармадағы дінге қатысты мақал-мəтелдер, айшықты сөздер, терминдер, фразеологизмдер.
Аталған тақырыптардың əрқайсысы өз алдына айрықша мəн бере зерделейтін күрделі де маңызды
мəселелер, қай-қайсысы да шығармаға жаңаша көзқарастар тұрғысынан баға беруге, бүгінгі заман
талабына
сай
рухани
құндылықтарымызды
қадірлеп-қастерлеуге,
гуманистік
ой-пікірлерді
қалыптастырып дамытуға септігін тигізеді.
1. Қазақ əдебиеті. – 1987. - 25 қыркүйек.
2. Қазақ əдебиеті. - 1984. -27 қаңтар.
3. Философиялық сөздік. - М.:Политиздат, 1987. - С. 103.
4. Тəкен Əлімқұловтың қойын дəптерінен.// Қазақ əдебиеті. – 1999. – 24 қыркүйек.
Резюме
Статья посвящена проблемам анализа романа-эпопеи М.Ауезова «Путь Абая».
Summary
The article is devoted ti the problems of analysis of the novel
“Путь Абая” (“Abay’s way”) by
M.Auezov.
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІКТІ САБАҚТА ПАЙДАЛАНУ
Ж.А.Адиханова -
Халықаралық қазақ-түрік университетінің ізденушісі
«Кəсіби қазақ тілі» пəні бойынша типтік оқу бағдарламасында:»Қазақ тілі мемлекеттік мəртебе
алуға орай, орта кəсіптік білім беретін оқу орындарының оқу орыс тілінде жүретін топтарында қазақ тілін
оқыту, оны жаңа сатыға көтеру, оның мазмұны мен мақсаты, келешектегі оның даму жолын анықтау аса
жауапты да күрделі мəселе»- деп көрсетілген /1,2/.
Сол себептен колледждерде қазақ тілін оқыту мəселесі өзекті деп есептейміз.
Қазақ тілін зерделеу барысында тəрбиелілік құраушылар да іске асырылады. Сондай – ак, қазақ
тілін оқу арқылы студенттің рухани-адамгершілік жəне эстетикалық сезімдерінің қалыптасуына, өз
бетімен білім алуына, олардың жан-жақты дамуына мол мүмкіншіліктер беріледі. Демек, тілдік
материалдарды, атап айтқанда, казақ тілінің фонетикасын, грамматикасын, лексикасын, синтаксисін
меңгерумен қатар студенттерді ауызша сөйлесуге, ойларын жеткізуге, аударма жасауға деген біліктіліктер
қалыптастырылады.
Осы жұмыстардың барлығы қазақ тілі сабақтарында жүзеге асады.
Сабақтың тақырыбы: Қазақстанның ақын, жазушылары
1. Сабақ жоспары:
1.
Танымдық материал: А.Құнанбаев, Ж.Жабаев, М.Əуезов, С.Сейфуллин.
Достарыңызбен бөлісу: |