ТІЛ МЕН МӘДЕНИЕТ АРА-ҚАТЫНАСЫ
Бердимуратова А.Ж. Қазақ тілі мен әдебиеті БББ магистранты
Ғылыми жетекшісі: PhD Мынбаева А. П.
ОАИУ
Резюме. В данной статье рассматривается отношение языка и культуры
Summary. This article examines the relationship of language and culture
«Тіл – халықтың қазынасы». Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өнері, танымы-бәрі де тілде таңбаланады, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып өз жалғастығын табары сөзсіз. Демек ұлт мұраты, атадан балаға қалған аманаты ана тілінде. Ал ана тілін зерттеп, зерделеу, қорғау ұлтын сүйген кез келген азаматтың парызы.
Ана тілі – туған ұлтынның тілі, халқыңның тілі. Олай болса, Тіл мәдениеті-ұлт мәдениетінің айнасы. Бүгінде Тіл мәдениеті тіл білімі ғылымында теориялық негізі қалыптасқан, мақсат – міндеттері айқын пәндік ғылым. Алайда, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйе білген» қазақ халқының тіл мәдениеті мәселелерін көтеруі жайдан – жай емес еді. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бастау алған тіл мәдениетінің мәселелі жақтары тақырыбы жағынан да саналуан болып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде Ш. Сарыбаев құрастырған «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткішінде берілген», тек тіл мәдениетіне арналған әр түрлі тақырыптағы 200-ден астам мақалалар мен ғылыми – практикалық конференцияларда оқылған баяндамалар материалдарын, оқулықтар мен оқу құралдарын мысалға келтіре аламыз. Бұл библиографиялық сөздікте көрсетілген қазақ тіл білімі әдебиеттерінің материалдарын былай топтастыруға болады:
Тіл мәдениеті 200-ден аса мақалалар, баяндамалар, оқулықтар, оқу құралдары
Сөз мәдениеті
Үгітші тілінің мәдениеті
Газет тілінің мәдениеті
Әдеби тіл мәселелері
Тіл мәдениеті туралы сөз қашаннан бастау алады дегенге жауапты да жоғарыда айтылған библиографиялық сөздіктен таба аламыз.
1. 1920-1940 жылдар, қазақ әліпбидің қалыптасуы туралы жазылған сыни ойлар мен дәйекті ғылыми мақалалар, баспаларда бір сөздің әртүрлі қолданылып жүргендігі туралы мақалалар, шұбалаң сөйлемдер мен сөйлем кестесіндегі шатақтар туралы мақалалар.
2. 1940-1960 жылдар, тіл мәдениеті туралы, сөз мәдениеті туралы, шұбалаң сөйлемдер, сөз қолданысымыз туралы, үгітшінің тіл мәдениеті, әдеби тілдің тазалығы, орынсыз сөз, түсініксіз сөйлемдер, оқушылардың тіл мәдениетін көтеру, ой мен тіл туралы мақалалар».
3. 1960-1980 жылдары, тіл мәдениеті туралы кейбір ойлар, тіл мәдениеті мәселелері, тіл мәдениеті және мектеп, әдеби тіл мәдениеті жайындағы пікірлер, тіл өнері, сөз мәдениеті, тіл нормалары, сөз талғамы өрелі ой кепілі, әдеби тілдің бүгінгі талабы, тіл шұбарлығына тыйым, тіл – халықтың қазынасы, тіл мәдениеті және терминология т.б. тақырыптарда жарияланған мақалалар.
4. 1980-1990 жылдары, «тілдегі кібіртіктер қайдан туды, тіл оранды болғанда
көкірек ояу, тіл өнері дертпен тең, тіл мәдениетінің кейбір мәселелері, тағы да норма мен вариант жайында, елемеуге болмайтын, шығарма және тіл мәдениеті, бір сөйлемнің анатомиясы, қарға қаңқылдап, тіл туралы, тіл заңдылығы мен сөз сыры. Сөз талғамы – көркем тіл кепілі, әдеби норма және сөз сыры, тілдегі түйіткілдер, тіл мәдениеті туралы, тіл заңдылықтарын сақтайық, әркім өзінше тон пішкенде, қуаты күшті нұрлы сөз, тіл бұзу осындайдан басталады, тілдегі түйіткілдерден туған түйіткіл, көркемдік кілті, әдеби тілдің бастауы, тіл бұзаризмге»-деп келетін тақырыптарда сантүрлі мақалалар республикамыздың әртүрлі газет – журналдарында жарияланып тұрды.
Жоғарыда атап көрсетілген мақалалар нәтижелері қазақ тілінің әлеуметтік ахуалын жақсартып, Тіл мәдениетінің теориялық негізін қалыптасуына тікелей қатысы бар негіздеме болды. Себебі тіл мәдениетін зерттеу өзекті сипат алып, келесі мәселелерінің бағыт – бағдары айқындалып, оларды теориялық негізде шешуді күн тәртібіне қойып отырды. Тақырыпты терең түсіну, зерттеу, тұжырымдау, теориялық негіздеу мақсатында тіл мәдениетіне қатысты жарияланған мерзімді баспасөз мақалаларының және ғылыми-практикалық конференцияларда оқылған баяндамалардың материялдарында негізгі деп танылған ұстаным, принціп, ұыныс, ереже, тұжырым, пікірлерге тоқталалуды жөн көрдік.
А. Көшімбаев «Тіл мәдениеті туралы» мақаласында, мектеп табалдырығындағы сөз өнері мен тіл мәдениетінің жай – күйі мен ондағы қиындықтар туралы сөз ете отырып, «Қазақ халқы өткір, көркем, сыпайы сөздің иелерін ерекше қадірлейді». «Орта мектепті бітірген оқушылар әдебиет тілімен дұрыс сөйлей, жаза алатын дәрежеде болуы керек,» - деп ой түйеді. Өз мақаласында тіл мәдениетін оқытудағы кемшіліктерді мысалға келтірсе де қиындықтарды шешу туралы ұсыныстарды тіл мамандары назарына қалдырса керек. Бірақ автор қолданған «Әдебиет тілі» тіркесінен байқайтынымыз, сірә, әдебиет тілі мен әдеби тіл терминдерінің аражігі әлі ажырай қоймаған болуы керек.
М. Сәрсекеев «Әдеби тілдің таза болуы үшін күресейік» атты мақаласында «Тілдің негізгі жасаушысы және дамытушысы – халық»-дей келе, ойын былай сабақтайды. Сондықтан жазушылар мен ақындар халықтың сөйлеу тілінен көп үйренеді, соның асыл қазыналарын кең пайдаланады. Көркем әдебиет шығармаларынан оқушылар жұртшылығы өздерінің қайнаған өмірі мен қажырлы еңбегін көреді. Оқушылар бұл шығармалардан көп тәлім тәрбие алады. Шығарманың тілінен үйренеді. Осылайша, көркем әдебиет тілі оқушылар үлгі алатын, теңелетін, үйренетін норма болып отыр. Сондықтан көркем әдебиет шығармалары таза, тартымды, көрікті тілмен жазылуы керек. «Ұлы октябрь ревалюциясының нәтижесінде орнаған жаңа құрылыс, жаңа мәдениет, жаңа мораль көптеген жаңа ұғымдарды, жаңа сөздерді туғызды». «Бірсыпыра сөздер тілімізден мүлде шығып қалды. Біраз сөздер ескі мағыналарынан айрылып, бүтіндей жаңа мәнге ие болды», - дей келе, «30-жылдары көп ұғымдар, ғылым мен техника терминдері, тіпті жер – су аттары ерекше бұрмаланып айтылып жүргенін» де сөз етеді. Автор көркем шығармалар мен аудармаларда, ғылыми еңбектердегі шұбарлаушылық әдеби тілдің нормасын жете айырмай диалектизмге ұрынуда деп бағамдайды. Ақын – жазушылардың сөз қолданысындағы неологизмдерді жасанды сөздер деп бағалайды. Мысалы: Отарба – паровоз, күй сандық – пианино, сайтан арба – велосипед, қорғанбек – командант, жортарман – барлаушы. Бұл сөздер қалың жұртшылыққа түсініксіз «Тілдің күрмелуіне себепкер болатын мағынасыз жасанды сөз».
Көркем әдебиетте «Сарыарқа, арқа, сахара, жазира, дариға, дулыға, әруақ, тәж, хан, патша сияқты көне сөздер, шамдал, лала, зифа, таутана, феруза, зәлзала, зүбаржат т.б. араб – парсы сөздері, : бүткіл, тірі шатақ, дырау, тыныс күні, жүдә, ұра шапты, желеу, дың сияқты диалектизмдер әлі де қолданылып келеді» деп мін тоғады да, «Тіл тазалығы, анықтығы, өткірлігі үшін күрес мәдениет құралы үшін күрес болып табылады» [3,7.]. - деген сөзімен аяқтайды.
С.Садырбаев «Өнер алды қызыл тіл»атты мақаласында сөз құдіретін былай өрбітеді: «Тегінде ғылыми айтыс демелік, өзара жай қарапайым әңгіме демелік, - барлығында да үш шарт сақталса ғана нысанаға дөп тимек. Атап айтқанда, бірінші, - ой тұнықтығы, екінші – тыңдаушыға ұқтыру, үшінші – эстетикалық ләззат беру болып табылады».
М. Қарақұлов «Тіл бұзу осындайдан басталады» атты мақаласында орынды – орынсыз қолданылып жүрген сөздер туралы ойын ашық білдіреді:
жайлы = жайында, хақында, турасында, туралы, жөнінде
С. Кеңесбаев «Тіл мәдениетін арта түссін» атты мақаласында «Жазушылық әрқилы ойы, сезім дүниесі тіл арқылы ғана білінеді. Жазушының тілі шығарманың негізгі идеясына сай келгенде ғана көркем әдебиеттің құны артпақ»,-дей отырып, автор ойын былай сабақтайды; «Тегінде әдебиетшілеріміз тіл мамандарына сеніп, бұлар әдебиетшілерге сеніп, көркем әдебиеттің тілі ешқайсымыздың арнап зерттеу объектіміз бола алмай жүрген тәрізді» [4].
«Халық тілінің негізгі екі арнасы бар: бірі – ауызекі тіл, бірі – ауыз әдебиеті. Бұл екеуі тілдік құрылымы жағынан жазба әдебиет тіліне үйлес келгенмен, сөздік құрам, стилистика жағынан, сөйлем түрлері, сөз тіркесі жағынан бір – бірінен ірі –ірі ерекшеліктері бар. Осы тұрғыдан қарағанда қазіргі қазақ әдебиеті қайраткерлерінің біріне бірі ұқсай бермейтін тілдік–стилистикалық ерекшеліктері бар.
Жазушы өз шығармасындағы ұнамды, ұнамсыз образдарға лайық эстетикалық, көркемдік жағынан дөп келетін сөз бен сөйлем іздейді: кей уақытта жазушы тың соны сөз (неологизм), кей уақытта көне сөз (архаизм) іздейді. Орынды қолданған жерде бұл тәсілдің ешбір сөкеті жоқ. Керісінше, мұндай ізденушілікке жол беру керек. «Кең жол беру» деген оңды – солы келе беретін ебедейсіз, икемі жоқ «жаңалық» ашу деген емес: әбден мұқият, тапқырлықпен ғана иемденген сөз ұтымды келетіндігін сөз етеді.
Г. Жәркешованың «Тіл байлығы – ой байлығы» атты мақаласы «Тіл мәдениеті оқушы жұртшылықты мәдениетті жазуға, сөйлеуге баулитын, оларға эстетикалық әсер – ықпал ететін көркем шығармаларға да байланысты» [5,105.].
«Өмір талабы өскен сайын сөздің де мағынасы кеңейіп, үстеме ұғымдар пайда бола береді». Әр автордың өзінше сөз қолдану тәсілі болады. Онда автор бір сөзден жаңа толық мағына шығармағанымен, сол сөздің негізгі мағынасына меңзеп я соған балап, не негізгі мағынаны жанамалап отырады. Мысалы: «Оның өзгелерден жігі бөлектеу», «Бір жағынан кен зерттеу ісінен де айырылғым келмейді, бауыр басып қалған өнерім ғой». «Екеуміз де көмескі жандармыз». Жік, бауыр, көмескі сөздері тура мағынада емес, негізгі мағынаға балап, жанамалап берілгендігін сөз етеді.
«Мазмұн және тіл мәдениеті», атты мақалада «Газеттегі мақаланың үнамды және ұғымды болуы оның көтерген мәселесінің актуальдігімен қатар, тілінің мәдениетті болуына тікелей байланысты» [5] газеттерде жарияланған кейбір мақалалар мазмұнының тақырыбына сай келмейтіндері байқалады. Сөйлемдерді ұзақ құрудан, сөздердің өз орындарында тұрмауынан айтылатын ойдың түсініксіз болуы да жиі кездеседі.
М. Балақаев «Баспасөздің тіл мәдениеті» атты мақаласында «әдеби тілді жетілдіре түсу, халықтың тіл мәдениетін арттыру болмақ. Тіл мәдениеті дегеніміз – тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, сонымен қатар тіл тәсілдерін, фонетикалық, орфографиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы.
Әдеби тіл – халық тілінің жоғары формасы. Ол – жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стилдік тармақтары сараланған, жалпыға ортақ, қоғамдық қызметі әралуан тіл. Сондықтан әдеби тілді ауызекі сөйлеу тілімен ортақ, айырмасыз деп түсіну қате пікір» екндігін айта отырып, баспасөз бетіндегі қателіктерді де талдап тарата түседі. «Баспасөзде қате жазу әлі бар, саяси, ғылыми – техникалық, тағы басқа терминдер жүйелі қалыпқа түсті дегенмен терминдердің біразы түрліше алынады. Әдеби тілдің қалыптасқан синонимдік әріптесі тұрғанда, ескірген сөздермен әуестенушілер бар. Диалектизм, професионализм, дублет сөздерді қалай болса солай қолдану фактілері де кездесіп тұрады.
Облыстық, аудандық газеттер де жұртты әдеби тілге баулудың орнына, газет тілін жергілікті халыққа ыңғайлайық деген оймен, әдеби тілге қатысы жоқ сөздерді қолдана береді. Бұл да – ден қоятын мәселенің бірі. Оны жергіліктендіру тілдік тәрбиенің ұнамсыз жағы болады. Диалектизм мен профессионализмдердің де әдеби тілге (дақыл, қарық сияқтылары) енгендері бар, әлі (көшет, судігер сияқтылар) де енетіндері бар. Бірақ оларды бұрынғыдай қаптата беру ұшқары бағыт деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
Әлімбаев М. «Сөз суреті». Қазақстан мұғалімі, 1996, 19 май, №21
Неталиева Қ. «Орфоэпия нормалары – тіл мәдениетінің бір саласы». Тіл мәдениеті және баспасөз. 2014, б. 59-62
«Мәселе баспасөздегі тіл мәдениеті туралы». Семей таңы, 1998, 25 сентябрь, №193 (хабарлама)
Қордабаев Т. «Шындыққа жүгінейік». Қазақ әдебиеті, 2010, 2 ноябрь, №45
Маманов Ы. «Әдеби норма талабы». Қазақ әдебиеті, 2011, 2 ноябврь, №45
Ұйықбаев И. «Тіл мәдениетінің маңызды мәселесі». Орал өңірі, 2008, 14 ноябрь, №226
УДК 811.11.48.52
Достарыңызбен бөлісу: |