1.6. Қаржылық ресурстар мен қорлар қаржылық қатынастардың объекті ретінде
Қаржы ғылымы қаржыны тек экономикалық категория, яғни айрықшалықты өндірістік қатынастардың жиынтығы ретінде ғана қарастырып қоймайды, сонымен бірге мақсатты ақшалай қаражаттар түріндегі олардың материалдық іске асуын баса көрсетеді. Бұл қаражаттар қаржылық қатынастардың тұрақты иелері болып келеді. Олардың қалыптасу көздері және қаражаттардың өздері (бұл көздерді біріктіруші) ұлттық шаруашылықтың тиісті буындарының қаржылық ресурстары болып табылады. Демек, қаржылық ресурстар – бұлжалпы қоғамдық өнім мен ұлттық табысты өндіру, бөлу және қайта бөлу кезінде қаржылық әдістердің көмегімен экономикалық субъектілер мен мемлекет жасайтын ақшалай қорланымдар мен ақшалай қорлар. Қаржылық ресурстарда негізгі орынды құнның мына элементтері: пайда, қосылған құн салығы, ақциздер, кедендік төлемдер, әлеуметтік мұқтаждарға төленетін жарналар және амортизациялық аударымдар алады.
«Қаржылық ресурстар» ұғымы қаржылық қорлар ұғымынан кең бар. Қаржылық қор (қорланым, босалқы қор) – қаржылық әдіспен қалыптастырылған, белгілі бір қажеттіліктерді қанағаттандыруға пайдаланылатын мақсатты ақшалай қаражаттары, алқаржылық ресурстар болса, ол – мемлекеттің (оның органдары арқылы) және шаруашылық жүргізуші субъектілердің табыстары мен түсімдері. Қор жалпы алғанда (қорланым, босалқы қор) нақты, сандық тұлғаланымда (натуралық немесе өлшемнің ақшалай бірліктерінде), немесе шартты – белгілі бір ресурстардың, тауарлардың, предметтердің, ақшалай қаражаттардың жиынтығы ретінде бола алады; бірінші жағдайда, бұл, мысалы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қоры, жинақтаушы ейнетақы қорлары; екіншісінде ұдайы өндіріс үдерісіндегі орын толтыру, тұтыну, қорлану қорлары, айналым және негізгі, сақтық және резервтік, азық-түлік, отын, материалдар және т.б. қорлары. Қаржылық ресурстар мен қаржылық қорлардың айырмашылығы: біріншіден, қаржылық ресурстар деп ақшалай қаражаттардың көздерін, шаруашылық органның немесе шаруашылық жүргізуші субъектінің мұндай қаражаттарды жасау мүмкіндіктерін түсінеді; екіншіден, қаржылық ресурстар – бұл қорлардағы, яғни ақшалай қаражаттардың мақсатты босалқы қорларындағы «байланған» қаражаттар, сондай-ақ әлі мақсатты белгілі бір бағыттылығы жоқ қорлар бойынша қалыптаспаған ақшалай қаражаттар. Мысалы, ақшалай қаражаттардың бір бөлігінің алғашқыда қор сипаты болмайды – бұлар шаруашылық органдарының олардың шаруашылық әріптестері тарапынан келісімшарттарды, өзара шарттарды және шаруашылық жүргізудің басқа шарттарын бұзғаны үшін алатын айыппұлдары, өсімпұлдары, тұрақсыздық төлемдері. Мұндай қаражаттардың түсуін күні бұрын есепке алу мүмкін емес.
Қаржы мен қаржылық ресурстар – бара-бар ұғымдар емес. Қаржылық ресурстар өзінше қаржының мәнін анықтамайды, оның ішкі мазмұны мен қоғамдық арналымын ашпайды. Қаржы ғылымы тап мұндай ресурстарды жасау, бөлу және пайдалану негізінде туындайтын қоғамдық қатынастарды зерделейді; ол қаржылық қатынастар дамуының заңдылықтарын зерттейді.
Қаржылық ресурстар жалпы қоғамдық өнімнің 60%- ға жуығын құра отырып, мемлекеттің қаржылық қуатының көрсеткіші болып табылады. Қоғамдық өнім мен ұлттық табысты жасау, бөлу және қайта бөлу үдерісінде қалыптаса отырып, олар түпкілікті пайдалануға, яғни негізгі қорларды (капиталды) толтыруға, ұлғаймалы ұдайы өндірісті қамтамасыз етуге және жалпымемлекеттік қажеттерді қанағаттандыруға қоғам жұмсайтын материалдық ресурстардың бір бөлігінің ақшалай көрінісі болып табылады. Қоғамдық өндіріс үдерісінде қаржылық ресурстар неғұрлым көп жасалса, соғұрлым ол тиімдірек болады. Сонымен бірге бүкіл ұдайы өндірістің тиімділігін арттыру проблемасын шешу және экономикалық өсудің қарқынын тездету ұлттық шаруашылықта қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға байланысты.
«Қаржылық ресурстар» ұғымындағы оның екі жағын ажырата білген жөн.
1. Шаруашылық жүргізу практикасында «қаржылық ресурстардың» ұғымы деп мемлекеттің, кәсіпорындардың қарамағындағы белгілі бір кезеңдегі барлық ақшалай кірістер мен қорланымдардың жиынтығын, яғни ақшалай қорларды, кредиттік ресурстарды, ақшалай резервтерді айтады. Бұл шаруашылық жүргізудің шаруашылық есеп практикасы тұрғысынан туындаған практикалық тәсілдеме. Расында, кәсіпорынның банктегі оның шотындағы белгілі бір күндегі ақшалары олар кәсіпорынның меншікті немесе қарыздық қаражаттары болып келетіндігіне қарамастан оның барлық нақтылы қаржылық ресурстарын құрайды. Сол секілді мемлекеттік бюджетте шоғырланған кірістер, қорланымдар олар жасалынған құнды алғашқы немесе кейінгі бөлудің нәтижесі болып табылатындығына қарамастан мемлекеттің әрбір нақты күндегі қаржылық ресурстары болып саналады.
2. Егер жиынтық өнімнің (C+V+m) материалдық-заттай және құндық құрылымына, оның бөлінісіне және бұл үдерістегі орнына сүйенсек, онда қаржылық ресурстардың ұғымы басқаша көрінеді. Егер қайталама есептің элементін шығарып тастасақ, онда «қаржылық ресурстардың» ұғымы тікелей мемлекет пен кәсіпорындарда оларға жүктелінген функцияларды орындау үшін шоғырланатын құндық (ақшалай) нысандағы жалпы қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың бір бөлігін білдіреді.
Қаржылық ресурстарды мынадай нысандарда қарастыруға болады: қолдағы, жинақталған, әлуетті. Қолдағы ресурстар – қызметін жүзеге асыру кезінде экономикалық агенттердің жедел қалыптастырып, пайдаланатындары. Жинақталған ресурстар капитал мен резевтерде байланған. Әлуетті ресурстар келешекте белгілі бір уақытта немесе кезеңде алуға жоспарланған ресурстар. Көрсетілген нысандардағы қаржылық ресурстар өзара түрленеді: мысалы, экономиканың нақты секторының өнімін өткізуден алынған табыстан айналым қаражаттарының қорлары – қолдағы қаржылық ресурстар қалыптасады, олар сонан соң өндірістік қорлардың толық айналымында қала отырып істің шын мәнінде жинақталған ресурстарға айналады. Жинақталған ресурстар қолдағы ресурстарға түрлене алады (мысалы, дамудың инвестициялық бағдарламасын қаржыландыруға бағытталатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдікті трансферт).
Қаржылық ресурстар экономикалық және әлеуметтік қызметті қамту ауқымдары тұрғысынан мемлекеттің қаржылық ресурстары, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық ресурстары (қызметтер түрлері бойынша), халықтың қаржылық ресурстары болып бөлінеді; жиынтық түрде ұдайы өндірістің барлық қатысушыларының ресурстары қоғамның (елдің) қаржылық ресурстары ретінде елестетіледі.
«Инвестициялық ресурстар» ұғымы қолданылады, инвестициялық үдерісте негізгі және айналым капиталы үшін түрлене отырып олар ақшалай ресурстар – қаржылық, кредиттік ресурстар есебінен де, сол сияқты материалдық, материалдық емес ресурстар есебінен де біріктірілген түрде қалыптасады. Инвестициялар – ел ішінде және шетелде экономика салаларына капиталдың ұзақ мерзімді жұмсалымдары – нәтижесінде пайда (табыс) жасалатын немесе әлеуметтік нәтижеге қол жеткізілетін кәсіпкерлік және қызметтің басқа түрлерінің объектілеріне салынатын мүліктік және зияткерлік құндылықтардың барлық түрлері.
Ақшалай нысандағы қаржылық ресурстардың басқа ресурстардан айырмашылығы болады. Қаржылық ресурстар өзінің функцияларында біршама оқшауланған, сондықтан қаржылық ресурстарды басқа ресурстармен үйлестіруді қамтамасыз етудің қажеттігі болады.
Қаржылық ресурстардың көздері қоғамдық өнім құнының барлық үш элементі: «С», «V», «m» болып табылады (1.4 сызбаны қараңыз), бірақ олардың әрқайсысының қатысу дәрежесі әр түрлі. Мысалы,«С» элементінен амортизациялық аударымдар, айналым қаражаттары, табиғи орта мен минералдық-шикізат базасын толықтыруға аударылатын аударымдар, кәсіпорын өнімінің өзіндік құнында материалдық шығындардың құрамына кіретін төлемдер құрылады. «V» элементі халықтан алынатын мемлекеттік салықтар, әлеуметтік мұқтаждарға аударылатын аударымдар (салықтар), қарыздар мен лотереялар бойынша түсімдер сияқты қаржылық ресурстардың көзі болып табылады. «m» элементі таза табысты (пайданы), жанама салықтарды, сыртқы экономикалық қызметтен түсетін табыстар мен түсімдерді (кедендік баждар, кедендік рәсімдер үшін төлемақы) кіріктіреді.
Қаржылық ресурстардың бір бөлігі қоғамдық өнімнің бірнеше элементтерінің құрамында кешенді түрде қалыптасады. Мәселен, шаруашылық органдар деңгейінде өнім, жұмыстар немесе қызметтер өндіруге және оларды өткізуге жұмсалатын шығындарға тура келетін «С» және «V» элементтерінен салықтар, алымдар және арнаулы қорларға аударылатын аударымдар, жер қойнауын пайдаланушылардың төлемдері – роялти, бонустар, көлік құралдары салығы, мемлекеттік баж, ластандыратын заттардың шығарылуы мен тасталынуы және қалдықтарды орналастыру үшін төлемдер және басқалар түрінде ресурстар қалыптасады. Жекешелендіруден түсетін түсімдер сияқты түрінің көзі ұлттық байлық, яғни қорланған ұлттық табыс (V+m) болып табылады.