ІІ
Қыпшақ даласы мен сартауыл елінде жеті жыл ойран салған Шыңғыс
қаған 1225 тауық жылы Үнді елін бодандыққа түсірген жалайыр Бала ноян
жорықтан оралған соң, қарақорымға қайтты. Қыстай Ертіс өзенінің аңғарын
жайлап, жаз шыға Арай асуынан кері асты. Қара дауылдың соңында жермен-
жексен болған қала, жетім-жесір ел қалды. Өзі кеткенмен де, ұланғайыр
жерді ұлысқа бөліп, ұлдарына билік тізгінін беріп кетті. Алтайдан Оралға
дейінгі қазақ даласы үлкен ұлы Жошының еншісіне тиіп, Дешті қыпшақ
ұлысын құрды. Шағатайға Орта Азияның шылбырын ұстатты. Қағанның
Толы өзенінің бойындағы Қара ормандағы ордасына Жошыдан басқа
ұлдарының бәрі Шыңғыспен бірге еріп барды.
Қаһарынан қар жауып, заһарлы деміне мұз қатқан қағанның
қарғысынан қорықпай, құрылтайға да қатыспай, дараланып қалған Жошының
бұл қарсылығының орынды себептері де бар еді. Ержүрек, алып күштің иесі,
зерек те білімді, әділ Жошының шешесі Бөрте қоңырат қызы еді және ол
түңғыш ұлына меркіт тайпасының ішінде тұтқында жүргенде жүкті болған
еді. Өгей ұлды өкпеге теппесе де, өзегін үзіп бермеген Шыңғыс оны сынау
үшін және түркі тілді жұртқа өшіктіру мақсатымен біресе меркіттерге, біресе
найман мен керейге, ең соңында қыпшақтарға қарсы соғысқа айдап салды.
Қағандық мүддені көздеген Жошы жанын аямады, үнемі жеңіске жетіп
отырды. Сондықтан да қатал әке оған қастандық жасамады әрі қалған
ұлдарының шешесі Бөртенің көңілін қимады. Ақылы толып, өз еркін өзі
билей бастаған кезден былай Жошы қантөгіске қарсы шығып, жаулап алған
елін жаппай қырып салмай, мәмілемен көндірді және қалаларды қиратпады.
Өзі білім жолына құмартты. Бірақ Шыңғыс оған кітаптың орнына қалқан,
қаламның орнына қылыш ұстатты.
Дүниеге, билікке деген көзқарас алшақтығы қыпшақ пен сартауылға
шабуылға шығар алдындағы кеңесте іштей кеміретін өштікке айналды.
Меркіт қызы Есүй ханымның: “Туған дене солатын, толған гүл де оңатын...
Асқар таудай денеңіз, опат болса, көнеміз. Қалың елің монғолды кім билер
деп сенеміз?”— деген кезде, Шыңғыс хан: “Мен де ата-бабамның артынан
бармайтындай, бұл жайды ұмытып кетіппін. Мені өлім соқпай өтердей,
шынында да, ойламаппын. Ал ұлымның үлкені Жошы еді. Қане, не айтасың?
Сен айт!” дейді. Жошыдан бұрын Шағатай сөзге килігеді. “Жошыны неге
нұсқайсың? Сонда біз меркіттің қоқсығына бағынбақпыз ба?” дегенде, Жошы
Шағатайдың алқымынан ала түскен. Шыңғыс міз бақпай отырып, Бөрші мен
Мұқылай ажыратқанда барып: “Жошы ұлымның үлкені емес пе! Бұдан былай
шеттетпеңдер”, деген де қойған. Мұрагерлікке Өгедей сайланды.
Содан бері әкенің де, баланың да көкірегіне беріш қатты. Жошы
ордадағы қастандықтан сақтанып, үнемі саяқ жүрді. Ал қыпшақтар мен
сартауылдың шаһары ойрандалып, елі қанға бөккенде, Жошы Шыңғыс
қағанға ашық қарсы шығып, өз билігіндегі елге еркіндік берді. Өзге-өзге,
мұны Шыңғыс кешірмейді. Сондықтан да хан ордасына ермей, қалып қойды.
Тарихшы Жүзжани: “Жошы қыпшақтардың жері мен суын, ауасын көрген
кезде, дүниеде бұдан артық жердің, бүдан артық caп ауаның, мөлдір судың
болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша,
өзі осында қалып, бұл елді бүліншіліктен азат етуге бел байлаған. Ол өзінің
пікірлес адамдарына: ’’Шыңғыс қаған, сірә, алжыған, өйткені осыншама
жерді ойрандап, мұнша ха- лықты қырғынға ұшыратты. Сондықтан мен аңға
шыққан кезде әкемді өлтіріп, мұсылмандармен одақ құратын шығармын”,
дегенді айтқан. Оның бұл ойын Шағатай сезіп қап, әкесіне жеткізген де, әкесі
оған білдірмей у беріп өлтіруге әмір еткен", деп жазды.
Осы шежіредегі «у беріп өлтіруге әмір еткен» деген сөзді малданып,
біраз тарихшылар, әсіресе әдебиетшілер Жошының тосын қазасына себепкер
Шыңғыс ханның өзі деп тұжырымдайды. Қастандықты ойлау бар да, оны
жүзеге асыру басқа. Шыңғыс пен Шағатай жек көріп, жансыз жібергеннің
өзінде у бере алмаған. Ал аңға шыққан кезде жасырын қастандық жасалуы
мүмкін. Бұл шындықтың тарихи куәсі тым көп әрі дәлелді. Оған мына
айғақтарды ұсынуға болады: 1227 жылы Шыңғыс хан Тибетке соғыс
жариялап, бар әскерімен солай қарай жосыған. Дешті Қыпшақ түгіл,
Монғолияның өзі иесіз қалған және шұбарала асау аттан жығылған қағанның
сырқат, жансыздың өз басын аман алып шығуға сенімі жоқ кез. Екіншіден,
Кеңгір өзенінің бойындағы Жошы ханның күмбезінің ішіндегі қабірді
ашқанда, адамның оң қолы жоқ боп шыққан. Бұл аңыздың ақиқаттығын
көрсетеді, яғни Жошыға у берілмеген, саятта қазаға ұшыраған. Қалай
дегенмен де, Жошы Шыңғыс ханның ордасынан бөлініп қалды да, Дешті
қыпшақтағы түркі тілдес тайпалардың басын қосып, тәуелсіз дербес
мемлекет құруға кірісті. Бұл бүгінгі қазақ жерін қамтитын ұлыс еді.
Сондықтан да зерттеушілер бірауыздан Жошыны біртұтас қазақ хандығының
негізін салушы адам ретінде бағалайды.
Ойранға ұшырап, жаугершіліктен, берекесіздіктен әбден зықысы
шыққан көшпелі қазақ тайпаларының барлығы берекеге, ынтымаққа,
татулыққа ұмтылып, жұдырықтай жұмылып, қандас хан Жошының
төңірегіне топтасты. Алты арыс Ұлытауға жиналып, Кетбұқаны Ұлығ би
сайлады. Қазақ шежіресіндегі: “Алты алаш бас қосып, қыл құйрықты, бөрі
басты ақ ту көтеріп, жеке хандық құрған жері — қасиетті Ұлы Тау”, деген
сөздердің түп төркіні осында жатыр. Жошының өз ордасын сол Кетбұқа
жайлаған Ұлытаудың етегіне қондыруы да сондықтан. Әрі Ұлы би монғол
мен қазақтың тілін де, дәстүрін де, билік-заңын да жақсы білетін. Шыңғыс
ханның мемлекетті басқару қақындағы деңгейінде әр ханның, әр қолбасының
қасында жөн білетін, данагөй, көпті көрген бір кеңесші болсын деген
жарлығы болатын. Мұны “ұлдарына да, ұлдарының ұрпағына да өсиет” еткен
және кеңесшінің келісімінсіз келелі шешім қабылданбаған. “Қобыз
сарынында”: “...Кетбұқа жырау Шыңғыстың оң тізесін басты”, делінуі
сондықтан. Доспанбет жыраудың: “Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн
қайда!” деп аңсайтын мамыражай қысқа заман да осы өтпелі кез.
Ел еркіндік алып, есін жиып, іргесін бекіткен ынтымақты шақ ұзаққа
созылмады. Жеті жылдың ішінде елдіктің мәйегі ғана ұйып үлгерді. Кетбұқа
Шыңғыс қаған Отырарды қоныстанғанда және арқаны өрлей өтіп, Ертіске
қыстағанда жол-жөнекей серік боп, ордасына ұзатып салған. Өмірінің
аяқталып келе жатқанын, қайтып қыпшақ пен сартауылдың жерін
баспайтынын білген Шыңғыс қаған Самарқаннан аттанарда Хорезм шахы
Мұхаммедтің шешесі, Ұлытау қыпшағының қызы Теркен хатун мен
әйелдерді тізгізіп қойып, сыңсу айтқызған. Мұны естіген дала тұрғындары
ханның қаһарынан қорқып, жол бойы әйелдерді сыңсытып қойып, ел ағалары
қарсы алып, шығарып салып отырған. Соның ішінде Ұлығ би Кетбұқа да бар
еді. Жошы бұл рәсімге өзі бар- май, Кетбұқаны жіберген. Сонда үлкен
ұлының ордадағы қастандықтан қорқып келмегенін, іштей әкесіне өкпелі
екенін сезген Шыңғыс хан Кетбұқаға:
— Жошы алтын жүгенімнің алтын тізгіні еді. Орман халқына
аттанғанда адам мен атты шығындамай, бітіммен бағындырып, маған тұңғыш
олжам деп ақ сұңқар, ақбоз ат, қара бұлғын сыйлап еді. Сол жұртты енші етіп
беріп ем. Шағатаймен қағысқанда: “Екеуіңнің басың бір хандыққа қосылмас,
Жер-ана кең, өзен-көл көп қой. Бөгде елді бодам етіп, жеке-жеке болындар.
Өз елдеріңді кеңейте беріңдер. Екеуің елге күлкі, дұшпанға таба болмай,
ынтымақтасып жүріндер”, деп ем. Қоштасуға сырқаттанып келмей қапты.
Қыпшақтың алтын тізгінін қолына ұстаттым. Көшсе — көшің, керсең —
керегең, байласа — арқаның ұқсас Кетбұқа, сені кеңесші етіп
тағайындаймын. Тұңғышымның жаманат хабарын жеткізген жаушының да,
сол елдің биінің де басын аламын, Кетбұқа",— деп көзінің сұғын қадады.
Бұл сөздің астарын Кетбұқа қалай түсінді? Жаулаған елінде жалғыз
қалып бара жатқан ұлын ел иесіне аманат қып тапсырғаны ма, жоқ, өзінің
жасырын жансызының таяуда Жошыны қатерге ұшырататынын біліп,
кекеткені ме? Жоғарыдағы “Монғолдың құпия шежіресінен”, тарихи
шежірелерден, аңыздан іріктеліп алған сөздердің қайсысы шындық?
Зерттеушілер соңғы сөйлемге ғана мән беріп, Шыңғысты өз ұлын өлтіруге
көп әйелінің бірі — Құлан мен Шағатайды жұмсады деп күстәналайды.
Әдеби шығармаға лайық әсерлі оқиға, бірақ байсалды, жан-жақты әділ
ғылыми пікір емес. Дәлелсіз. Сондықтан да Кетбұқа бұл өсиетті тура
мағынасында түсінген. Жошының аман-есен жүруін тапсырды деп ойлаған.
Ал жаманат хабар жеткізген адамды монғолдардың дәстүрі бойынша
құрбандығы үшін қоса көметінін Кетбұқа білетін.
Бірақ аңызға айналған бұл оқиға ұзақ күттірмеді. 1227 жылы Шыңғыс
қаған Тибетке жорыққа аттанғанда, ұлы Жошы Бетбақдалаға құлан аулауға
саятқа шықты.
Жасынан аңкөс Жошы Бетпакдаланың жиегін ала аран қаздырып,
қысқы қансонарда құлан аулауға шықты. Ханның жарлығына дәт айтатын кез
емес. Әрі қыстық соғымды қамтып қалу үшін ат жалын тартып міне алатын
бар жігіт саятқа аттанды. Ұланғайыр даланы дөңгелей қоршап, көлденең
қазылған аранға қарай құландарды жосылта қуды. Түздің тағысы жолындағы
аң атаулының бәрін үркітіп, кейін таптап, кейін қалың үйірдің арасында
солармен қоса жортып, апанға тақады. Сытылып шыққан ақбөкен, елік,
қасқыр, түлкілерді аңшылар бір-бірлеп соғып, қанжығасына байлады.
Мұндай олжаға бұрын- сонды батып көрмеген жұрт аранға құлаған
құландарды бауыздап, үлес қамына кірісті. Сол кезде бір ақсақ құлан
қаумалаған жұрттың арасынан ытырыла қашады. Нөкерлеріне қайыру
бермей, кең далаға көсіле шабады. Аңның қызығына әбден берілген Жошы
түз құланының соңынан тұра қуады. Мінгені құлан мен жылқының
буданынан шыққан тарпаң еді. Монғолдар ұзақ жорыққа төзімді болу үшін
жылқысын тағы құландардың үйіріне қосып, одан туған құлынды тай кезінде
ғана үйрететін. Ал Жошының астындағы тарпаң бестісінде ғана жүген көрген
еді. Қиқуға әбден желіккен тарпаң тағы құланның соңынан, өр-еңіс, ор-жазық
демей құйғытады. Жасақтардың ешқайсысы оған жете алмай, ханнан да,
құланнан да көз жазып қалады. Үш күн іздегенде, әр жерде шашылып жатқан
киімдерімен қоса, Жошының денесін тауып алады. Асау тарпаң құланның
үйіріне қосылған соң, иесіне ерік бермей, түз тағысымен қоса еліріп шаба
берген. Қолы қарысып, қалың шаңға қақалған Жошы ақыры естен танған.
Үзеңгіге аяғы ілініп қалып, сүйретіліп өлген. Өзіне қауіпті жауды тарпып,
шайнап өлтіретін көкшіл құлан тұқымы Жошының өлі денесінің де быт-
шытын шығарған. Тек тізгінге қарысып қалған оң қолы қолқасынан үзіліп,
сол күйі тарпаңның басында кеткен. Сөйтіп, Жошының сыңар қол денесін
ғана жерлеген. Аңыз бойынша, құлынын өлтіргенін көрген ақсақ құлан ен
далада шайнап өлтіріпті-міс дейді. Аңыздың аты — аңыз, әрине.
Қағанның қаһарынан үрейленген халық Жошының қазасын естіртуден
қатты қорқады. Естірткенге де — өлім, естіртпесең де — өлім. Сонау Тибет
шекарасындағы Шыңғысқа қыс ішінде жету де қиын. Бармаса, бүкіл елді қан
қақсатып, Жошының кегін қуып, жаппай қырады. Ақыры елінің еңкейген
еңсесін көтергендей боп, Кетбұқа қаған ордасына аттанды. Дәл сол кезде,
1226 жылы күзде, таңғұттарға жорыққа аттанып бара жатып, шұбар атымен
құлан аулауға шыққан Шыңғыс хан да аттан жығылып, талаураған денесін
көтере алмай қалған еді. Оның үстіне, таңғыттың Бұрхан ханы мұның
елшісіне кекетіп сөз айтып, мазақ қып қайырды. “Өлсем де бұл салмақты
мысқылды көтеріп өлмеймін. Жасаған тәңір ием, қолдай көр”,— деп
шаптығып отырған шағында Жошының қазасын естіртуге Кетбұқа келіп
жетті.
Шыңғыс қағанның қаған аталғанда шығарған жарлығы бойынша ордаға
“асығыс хабармен келген кісі алдымен сақшыға хабарлап, үйдің сыртында
сақшының қасында түрып, сөзін айтатын” ("Құпия шежіре"). Ұлы әміршінің
өзі де талмаусырап, жаралы қасқырдай күйініп жатқанын естіген Кетбұқа
жаманатты бірден естіртпей, дәстүр бойынша қаза иесінің көңілін жүбату
үшін қобызын қолына алып, орданың сыртында тұрып зарлата жөнелді.
Ащы дауысты қобыз аңырап қоя бергенде-ақ Шыңғыс хан Жошының
қазасын естіртіп отырғанын сүм жүрегі сезді. Өзі де ажалмен бетпе-бет кеп
арпалысып отырғанда, мынау ішегі үзілердей боп күңіреніп, жүрек
тамырынды солқылдата тартқан қазд... қазаның үрейлі үні жанын
қолқасымен қоса суырды. “Ах!” деп жалыны сыртқа шыға күрсінгенде,
қобыз үні тына қалды. Мүқым дүние тылсым күйге түсті. Іштен “Айт!” деген
дауыс естілді. Дәті жетпеген Кетбүқа тағы да қобызын сарнатты. “Айт!”
деген сөз тағы естілді. Енді амалы қалмаған Кетбұқа даусын созып:
Теңіз бастан былғанды,
Кім түндырар, а, ханым!
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар, а, ханым!—
деп барып тоқтады. Теңізі — Шыңғыстың қағанаты, былғанғаны — қаралы
хабар, қасірет. Терек — үлкен ұлы Жошы, құлаганы — өлгені... Монгол
салтыңда өлген адамньщ естіртуін айтқанда жауапсыз қалдырмайды. Тек
дұшпанын ғана жоқтамайды. Шыңғыс хан да сол дәстүрді тұтынып:
Теңіз түптен былғанса,
Тұндырар ұлым Жошы-дүр.
Терек түптен жығылса,
Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!—
дегенде, Кетбұқа “ендеше” дегендей, тағы құланның шабысын, аң қуғанның
айқай-шуын, тарпаңның өлі денені тепкен аяғын қобызбен жеткізіп, ең
соңында тырс еткізіп ішегін үзіп жіберді де, үнсіз қалды. Қазаны естіртті.
Енді көңіл айтуға болады. Сәл тыныстап барып:
Ақсақ қүлан шошыған,
Таудан төмен жосыған.
Балаң өлді — Жошы хан,
Нанбайсың ба осыған?
Арымайтын семіз жоқ,
Құрымайтын теңіз жоқ,
Өзіңе берсін денсаулық!—
деді де, қобызды сақшының қолына ұстатты. Көмейінен зар құйған қобызды
көлденеңдей алдына тартқанда:
Құлынын алған құландай,
Құлынымнан айрылдым.
Айырылысқан аққудай,
Ер ұлымнан айрылдым!
Қарағымның қазасын сен бе едің естірткен? Мына қобыздың шанағына
күміс балқытып құйыңдар!— деп Шыңғыс хан өксіп жіберіпті.
Сейтіп қобыздың арқасында Кетбұқаның өзі де, артында аңырап қалған
халқы да қағанның қаһарынан аман қалыпты. Тек содан бері қобыз бен
домбыраның шанағы ойылып жасалатын болыпты-мыс. Бұдан күй аспабы
ұтпаса, ұтылған жоқ. Дауысы бұрынғыдан бетер күмбірлеп, күңіреніп
шығатын болды. Кетбұқаның “Ақсақ құлан”, “Жошы хан” күйлері туралы
аңызы мұнымен бітпейді. Тіпті табиғаттың өзге де тосын құбылыстарын
байланыстырған әфсаналар өте көп. Жошының қазасының себептерін де
қиссаға айналдырған жайлар болған. Соның ең бір көркемі ақиық ақын
Қалижан Бекхожиннің “Ақсақ құлан” дастаны. Біз соның ішінде Ақселеу
Сейдімбековтің “Күй-шежіре” атты кітабындағы екі аңызды баяндап
өтпекпіз.
Әлқисса, қаралы хабарды естіген соң, Шыңғыс хан төсектен басын
көтермей құсаланып жатып алса керек. Көкірегін қайғы кемірген қаған
ешкімді қабылдамапты. Көңіл айта келгендерге тіс жармапты. Әлемді
алақанында ұстаған Шыңғыс ханның қаһарынан сескенген нояндар да оның
жанына түскен уытты қайтара алмапты. Дүние тынышталып, демін ала
алмағандай тылсым күйге түсіпті. Сонда Шыңғыс ханның бәйбішесі,
Жошының шешесі Бөрте ханымның өзі қағанның ордасына келіп, оны былай
деп жұбатыпты. Жай сөздің сергітпесін білген Бөрте ханым Шыңғысқа:
- Хан ием, сен қара жамылып, қайғырып жатқаныңда ел арасына жік
түсті. Дау-дамай қаулап кетті. Соған басу айтпасаң болар емес. Басынды
көтер,— дейді.
Бүған елең ете қалған Шыңғыс хан шынымен елегізіп:
- Таңертең айтқандарынан түсте, ал түсте айтқандарынан кешке
тайқып шығатындары ұят емес пе бұлардың. Қырыстанбай жүрсе, Шыңғыс
қағанның үрім-бұтағына кім тиіспек?— дейді. Сонда:
- Хан ием, бұл дауға шешім айтпасаң, бұдан былай бұлттай денең
бұлғаң етсе, бұлар еліңді билете ме? Осы дан былай ожар денең оқыс болса,
отаныңды отамай ма? Қүұарда өскен самырсындай көп бауырыңның сағы
сынбай ма? Өштес болған бұл құл-құтан өсіп-өнбей толыспаған, көкөрім
балбөбегіңе көп елінді билете ме?— деп тақпақтай жөнеліп, Шыңғыс ханның
назарын өзіне аударады. Содан кейін барып қағанның аңысын бағып отырған
Бөрте үжін мынадай әңгіме айтады.
- Сенің бір нояның өзінің алтын тізгінді досына өзі олжаға түсірген
алтын-күмісін сыйға тартыпты. Ол бұл олжаның қарымын бір реті келгенде
қайырар деп үміттенеді. Алайда арада қаншама жыл өтсе де, әлгі ноянның
досы бұған ешқандай ілтипат көрсетпепті. Досына көңілі қалған ноян ренжіп,
өзінің берген олжасын қайыруды талап етіпті. Анау қайырмайды. Билер де
әділ билік айта алмапты. Бір бөлегі олжаны “қайырып берсін” десе, екінші
жартысы “жоқ, олжа сұраусыз” депті. Осы дау еліңді екіге бөліп, егер қып
тұр. Қайсысынікі дұрыс? Бергендікі ме, алғандыкі ме? Соны айтшы, хан
ием?— дейді Бөрте үжін.
Шыңғыс хан Бөрте үжіннің түпкі ойын аңғармай:
- Е, олардың мұнысы несі? “Жеті қат жер тулақтай ғана боп тұрғанда
кездесіп ем олармен. Шалқар дария бұлақтай боп тұрған шақта достасып ем
олармен”. Билік әділ болмаған екен. Сый мен олжаны ала білген кісі оның
қарымын қайтара да білуі керек. Алаған қолым — береген емес пе!— деп
қалады.
Бөртенің ел ішінде болмаған дауды ойдан құрастырып айтқандағы
күткені осы сөз болса керек. Бөгелместен:
- Хан ием! Сен де сол нояндарыңа ұқсап тұрсың. Сенің де ісің дұрыс
емес екен ғой онда. Елінді иесіз қалдырғаның Тәңірінің жолы емес көрінеді
онда. Себебі: Тәңірім саған жұбанышың болсын деп бала берді. Ол ер жетті.
Жұмсап қызығын көрдің. Атсаң — жебең, шапсаң — қылышың, ұшсаң —
қанатың болды. Тәңірімнің саған берген сыйын енді сенің де қайтаратын
кезің келген екен. Құдіреттің күшіне бойсұнып, ісіне көну керек. Тәңірім
саған Жошыны сыйлады. Енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай
өзіне қайтара біл!— деп Шыңғыс қағанның есін жиғызып, қайғысына тоқтау
салған екен.
Аңыздың аты — аңыз. Сондықтан да айта кететін бір жай, Шыңғыс хан
Тибетке аттанғанда өзімен бірге Бөрте үжінді емес, сүйікті ханымының бірі
Есүйді ертіп жүрген. Мұны “Монғолдың құпия шежіресінен” білуге болады.
Құланның қыспағында қалып, астындағы теңбіл шұбар жалт бергенде
жығылған Шыңғыс ханды таң атқанша күтіп, таңертеңінде: “Ей, ұландар,
нояндар! Кеңес құрып, ақылға салындар! Қағаңның денесі талаурап, түнімен
қызып шықты”,— деп хабар берген адам осы Есүй ханым. Әрі сол кезде
Бөрте үжін кексе тартып, жорыққа шығатын елгезек қимылдан айырылған
шағы еді. Сондықтан да жаңағы сөзді Есүй ханымның айтуы әбден мүмкін.
Кетбұқа жырау осы жайдың куәсі болғаны анық. Сонау Тибеттің түпкірінде
айтылған бір ауыз сөздің қазақ даласына жетіп, ұрпақтан ұрпаққа өтуінің бір
сыры сол болса керек. Жошының қазасын естірткен Ұлы Жырау хан ордасы
маңындағы барлық оқиғаны Сарыарқаның сайын даласына аңыз ғып
таратқан. Әфсана қисыны соған жетелейді.
Ал екінші аңыз Ақселеу Сейдімбековтің “Күй-шежіре” атты кітабында
былай баяндалады:
“Сол кезде Шыңғыс ханның Домбауыл деген адал берілген құлы бар
екен. Бала кезінен көз алдында өскен Жошыға деген Домбауылдың көңілі
алабөтен болса керек. Жошының өлімінен кейін Домбауыл ант суын ішіп,
жер бетінен құлан тұқымын құртпақ болады. Сөйтіп, байтак даланың
шығысын орап, Тарбағатай тауынан Іле өзеніне дейін құлан өте алмайтын ор
қазады. Батысында Құланөтпес, Терісаққан өзендерінің арнасын терендетеді.
Сонан соң Қабанқұла, Әңкей, Бөкен деген үш тұлпарды баптап, құлан
аулауға шығады ғой. Батысы мен шығысы орланған құландар үйір-үйірімен
Бетпақтың шөліне жөңкіледі. Домбауылдың күткені де осы. Шөлге
шығандатып, шалдыққан құландарды Домбауыл аяусыз қырады. Бетпақтың
байтақ даласы қан сасиды.
Содан, күндердің бір күнінде Домбауылдың салған сүргінінен бес
құлан сытылып шығып, Шу өзенінен әрі өтіп кетеді. Шудың табанына жете
бере Қабанқұла шөлден ұшып өледі. Әбден титығына жетсе керек, кешікпей-
ақ Әңкей де зорығып өледі. Кейін жаңағы аман қалған бес құланнан тұқым
тарап, кең дала қайтадан құланға толған екен дейді.
Міне, өткен өмірдің жаңғырығындай осы оқиғалардың айғағы сияқты
“Ақсақ құлан” күйі сахара төсінде атадан балаға мирас болып қалған.
Аңыздың астарында ақиқаттың ізі бар. Күні бүгінге дейін Ұлытаудың
төңірегінде қиырдан көз тартып Жошы ханның мазары тұр. Сол Жошы хан
мазарын өлгеннен кейін де қорғап жатқысы келгендей, дәл жанында Домба-
уылдың кешені асқақтайды. Ұлытау жерінде тұрған Дүзен моласының
шығысында Ақсай деген өзек созылып жатыр. Сол Ақсайдың басын “Дабыл
қорасы” деп атайды. Бұл — Жошының құланға дабыл қаққан жері. Дәл осы
манда “Топырақ суырған” деп аталатын ойпаң бар. Жошының құлан таптап
кеткен денесін осы жердегі топырақ арасынан тапқан соң солай аталып еді,
дейді.
Ал Тарбағатайдың Іле өзеніне дейін қазылған құлан өтпес ордың
сорабы әлі бар. Оны кезінде Уәлиханов Шоқан да тамсана жазған. Сондай-ақ,
Шу бойындағы “Бесқұлан”, “Қабанқұла”, “Әңкей”, “Бөкенсан Нұрасы” деген
жер аттарын естігенде, апыр-ай, ата-бабамыз өз тарихын дала төсіне
тарланның тұяғымен жазғандай-ау, деп қайран қаласың. Ол аз десеңіз,
Ұлытаудың басын алып, солтүстікке қарай ұмсына созылған Құланөтпес,
Терісаққан өзендерін көргенде, аңыздың ақиқаттан туғанын мойындамасқа
шараңыз қалмайды.
Бұл да ештеңе емес-ау, Ұлытау төңірегінің хат танымайтын қарттары
айтатын әңгіме сорабының ту-у сонау XIII ғасырда өмір сүрген араб
жиһанкезі Ибн аль-Асир жазып қалдырған деректермен үндес шығатыны
немесе XV ғасыр мұрасы “Түркі шежіресінде” қайталануы адам айтса
нанғысыз құбылыс сияқты. Бірақ, ақиқаты солай ("Күй-шежіре". 149-150
беттер).
Шындығында да, Ақселеудің танданса таңданатындай жөні бар. Ал осы
аңыздың бәрі де Кетбұқаның өмірінен хабар беретін дерек көзі, сол заманның
шындығы және куәсі болып табылады.
Тағдырдың зауалы бір төнсе, үйіріліп тұрып алады. Сол жылы, 1227
доңыз жылы, шілденің он екісі күні Шыңғыстың өзі де жан тапсырды.
“Әміршіні алтын табытқа салып, қазақ күймесіне тиеп, денесін жасырын
көмді” ("Құпия шежіре"). Бұл қаралы қазаға Кетбұқа қатысты ма, жоқ па,
беймәлім. Әйтеуір, келер жылы жазда Жошы ханға Кеңгір өзенінің бойында
күмбез соқтырғаны анық. Жошының орнына ұлы Батый отырды, бірақ оның
тікелей ел билеуге мұршасы болмай, ғұмыры шапқыншылықпен өтті. Қазақ
жұртының Ұлығ биі Кетбұқаға түмен нояны атағы беріліп, қыпшақ
даласының ел атасы атанды. Сөйтіп, би, абыз, жырау Кетбұқа саяси билікке
араласып, бір кезде өзі қарсы күрескен қағанаттың қайраткері боп шыға
келді. Мұның астарында өз елінің мүддесін көздеген игі ниет жатқан еді.
Достарыңызбен бөлісу: |