28.Ы.Алтынсарин әңгімелері – тәрбиенің қайнар көзі екендігін дәлелдеп жазыңыз.
Халқымыздың ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған зиялылар көшбасшысы, тұңғыш халық ағартушысы, ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай әңгімелері өз заманының келелі мәселелерін қамтыды. Оның шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылық пен білімділікке және де тағы басқа ізгі қасиеттерді үйретуге шақырады. Осыған дәлел, Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясына» енгізген, тәлімдік мәні зор әңгімелері: «Қара батыр», «Байұлы», «Жиренше шешен», «Тазша бала туралы ертегі», «Таза бұлақ» және тағы басқа ұлы Ыбырайдың шығармалары. Осы «Қазақ хрестоматиясына» енген Ыбырайдың көркем шығармалары өзінің ағартушылық идеясына бағындырылған. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, өнегелі істерге үйрететін мықты құрал деп атап көрсетті. Осы арқылы ол өз заманының беталысын анық аңғарғанын, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын көруге болады. Ыбырай әңгімелерінің негізгі қайнары халық тұрмысынан алынған. Ол өмірді және адам әрекеттерін ешқашан дағдыдан тыс суреттеп, шындықтан алшақтамаған деуге болады, себебі Ыбырай әңгімелерінің кейіпкерлерін шынайы өмірге тән әрекеттері арқылы бейнелеуді мақсат тұтты.
«Ыбырайдың әңгімелері – тәрбиенің қайнар көзі» деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі, оның көптеген әңгімелері тәрбиелік мақсатта жазылғаны бізге мәлім. Ыбырайдың әңгімелерін қарап отырып, оларды тақырып жағынан еңбек пен өнерге баулитын және адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалар деп екі топқа бөліп қарастыруға болады. Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы – еңбек. Ол еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз өнер де, білім де қолға келмейді де еңбекті бірінші орынға қойып, тәрбиі негізі адал еңбекте деп тұжырым жасайды. Осыған дәлел, оның бұл тақырыпта жазған көптеген әңгімелері бар. Мысалы, «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Бай мен жарлы баласы», «Байлық», «Әке мен бала», «Асыл шөп» және «Қыпшақ Сейітқұл» сияқты әңгімелері өзінің өнегелігімен ерекше мәңгі тәлім берер күші мол көркем шығармалар.
Жазушының келесі бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата-ана баласына көптеген асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта да жазған Ыбырайдың әңгімелері бар. Мысалы, «Бақша ағаштары», «Таза бұлақ» және тағы басқа да әңгімелерінде тәрбиенің ізі жатыр деп толықтай сеніммен айтуға болады.
Қорыта келгенде, Ыбырай шығармалары қысқа мазмұнды болса да, олардың ішіндегі тәрбие берер терең мағыналы сөздердің болуы, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудару ұлы ағартушы Ыбырай шығармаларының өзіндік ерекшеліктері бар екенін анықтауға болады. Оларды түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көзі жетеді.