М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ мәселесі түп-тамырынан әңгімеленеді. Заманға,
уақытқа, адамзатқа қатысты ащы ой-пікірлерін
ірікпей айтады. Адамдарда іріліктің, сақилықтың,
кісіліктің жоқтығын, «халық-жұрттың ортасынан
опаның қашқанын», «бұрынғы аққу мен қаз
отыратұғын көлдердің басында қарға, сауысқаннан
басқа дым жоқ» екенін қатаң ескертеді. «Халықтың
жақсысының өнері – зорлық, жаманының өнері
- ұрлық» деп дұрыс мінейді. Адамдық абзал
қасиеттердің құрдымға жоғалғанын, дертті
қоғамның келеңсіз, көріксіз көріністерін былайша
тізбелейді: «Біреу қасқырдай жан-жағындасын
талап, біреу иттей көрінгенге көзін сүзіп, босағадан
босаға қалдырмай аңдып, біреу түлкідей құйрығын
бұлаңдатып, біреу мәймұндай (маймылдай)
көрінгенді еліктеп, біреу жыландай сыртынан
жылтырап, ішінен зәрін төгіп, кейбіреуі қабыршағы
жоқ балықтай қолға тұрмай жылпылдап, біреу
қарғадай ауыздан ішіп, арттан түсіп қалғанды
әлдеқандай аңдып...» М.Ж. адам баласының
бойындағы есепсіз жиіркенішті құбылыстарды
ұсқынсыз аң-құстардың, жәндіктердің,
мақұлықтардың сорақы қылықтары арқылы
сипаттап жеткізеді. Бұл – М.Ж. білімдарлығын,
байқампаздығын байқатады. «Сұңқар табиғатты»
болуға, «ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат
алуға» керек дейді. Мына бір ойларының мәні мен
сәні толғандырмай қоймайды. «Жігіт адамның
қырағылығы бүркіттей болсын, зеректігі байғыздай
болсын! Жүріс маймұндай болсын! Он екі қырлы,
бір сырлы, отыз аяқты болсын! «Отыз аяқты
болсын!» дегені – басқан ізін білдірмей жүрген,
жымын кісіге сездірмейтін болсын дегені». Бұл
шығармада танымдық, ғибраттық мән-мағынасы
өзгеше тәмсілдер жеткілікті. Мәшһүр Жүсіп
былай толғанады: «Адам: «Жақсы мінезді қайдан
үйренем?» демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат
алуға керек. Түйе сондай зор биіктігін (биіклігін)
ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап
қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күншөлге
шыдайды, көзіне көрінгенді қорек қылып, еш
нәрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді.
Күштілікте қара жердің кемесі десе болады».
Мәшһүр Жүсіптің өзінің ой-толғаныстарын
нешеме сырлы мақал-мәтелдермен, нақыл, ақыл
сөздермен көркейтіп отырады. Қай туындысында
болмасын асыл сөз тізбектері молшылық. Мұнда
да солай. Әрі тосын мазмұндық, мағыналық
қырларын көрсетіп береді. Мысалы, қойдың
жүнінен басылған кигіздің бір ерекше қасиетін
атақты Шоң би былайша түсіндірген: «Аспаннан
түсетұғын жайдың оғы тесігі жоқ бүтін кигізден
тіпті өтпейді. Дәл осы күнде осы үйдің үстінен
жайдың оғы кез келсе, өтетұғын жері жоқ, кигіздің
жүнінің арасынан бытырап-бытырап сіңіп кетеді».
Қанағат деген қасиетті ұғым бар. Бұл –
адамшылықтың кепілі. Адам қанағатта жапалақ,
байғыз дейтін құстардан үйренерге керек дейді.
«Мұса Шорманұлы» - Мәшһүр Жүсіптің ұлт
тарихындағы ұлы тұлға, орыс әскерінің полковнигі
Мұса Шорманұлы (1819-1885) дүниеден озғанда
шығарған жоқтауы. Қара сөздің хас шебері он
үшінде би атанған, аталы сөзге атан түйеге татыған
Шорманның асыл тұяғы алыстан туған ғазиз ер
Мұсаның тұлғасын таңғажайып ақындық қуат-
тегеуірінмен, кемел көркемдікпен мүсіндепті, ұлт
тілінің құт-берекесін сұңғылалықпен, зергерлікпен,
іңкәрлікпен төгілте, есілте, гүлдендіре тоқыпты.
«Мырза пішінді», «Ақылы бір дана-данышпан»
Мұса Шорманұлының көсемдік, шешендік
өнегесін, елшілдік, мемлекетшілдік істерін, зерделі
жаратылысын Мәшһүр Жүсіп былай өрнектеген:
«... Жасынан кіріп билікке, үлгіменен жолды
тауыпты, Аузынан дүрлер төгіліп, шамшырағы
жаныпты...Бас қосылған жиында, бұлбұлдай болып
сайраған, Бұлақтай ағып қайнаған, Сөйлеген шақта
көздері, шамшырақтай жайнаған». Мәшһүр Жүсіптің
ой-толғаныстары Тайбурылдың шабысын елестетеді.
Өрден өрге, қиядан қияға самғайды, буырқана
толғайды. Көңілдің дариясынан, сырдың телегейінен,
рухтың асқақ биігінен інжу-маржан сүзіп, меруерттей
мөлтілдете тізіп, ғажайып бір сұлулық әлеміне
енгізеді. Мәселен, «Сөйлеген шақта халайық,
аузына қарап телмірген. Бәйге қара ат үстінде неше
түрлі ойын етіп, өнерін жұртқа білдірген. Айдынды
шалқар теңіздей ақылға дана, кең еді, қазақтан туды
демесе, басқа жұртпен тең еді. Аузына дұға қойылған
– айтқан бір сөзі ем еді». Сөз өнері тарихындағы
қазақ шешенінің шын мәнісіндегі шынайы тұлғасы
жасалынған. «Жақсылық іске бас болған, жамандарға
қас болған, Жаяуларға ат болып, тарыққанға ас
болған» Мұса Шорманұлының парасатты дархан
болмысын, бекзаттық, дегдарлық, кемеңгерлік
табиғатын асылдың артықша қасиеттерін дауылша
үдеп жырлайды. «Бал-шекер тамып сөзінен, Нұр
балқып раушан жүзіңнен, жұртыңның мейірін
қандырдың. Жұрт астым деген жақсыны, Жарыса
сөйлеп келгенде, Ақылынан тандырдың!» «Тереңнен