М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ «Біреу – өлі, біреу – тірі: «Ал» мен «Бердің», Мал
қашты уысынан һәмматлы ердің. «Шық бермес
Шығайбайға» тұрақтады, О дағы біліп: «Ал»
-ды берген жердің». Осынау төрттаған тұспалға,
ғибратқа бөленген. Адам басындағы мәрттік,
сан етін кесіп беретін жомарттық, адамшылық,
мейірбандық, кеңпейілділік азая бастағанын
мәлімдейді. Мәшһүр Жүсіп «Өлең және қара сөз
ғибраты» деген ой-толғамында: «Ал» - «Бер» деген
сөзі екі ағайынды болушы еді, соның «Ал» дегені
өліп, «Бер» дегені тірі қалып, «Бар» - «Жоқ» деген
екі ағайынды болушы еді. «Бар» деген сөз өліп,
«Жоқ» деген сөзі тірі қалып» деп жазады. Бұл –
ақиқат. Дүниеқоңыздық жайлаған жерде обал,
сауап, рақым адыра қалады.
«Үлгілі сөздер» – өмір, дүние, тұрмыс–
тіршілік, тағдыр туралы толғаныстарды әсерлі,
мәнерлі, нақышты жеткізетіндігімен қызықтырады.
«Барлы, Барлы, Барлытау» деп басталатын
түйдекте адам өміріндегі, тірлігіндегі көріксіз,
қайшылықты көрініс–жайларды тізбелейді. Ал
«Ақсұңқар, ұшқырмен деп мақтанба» дейтін
тізбектегі мақтангөйлікті, сасық, пасық пиғылды
әшкерелейді. «Басым көп деп, топтанба, Малым
көп деп, шоқтанба!» деген халық даналығы
тереңдігімен ерекшеленеді.
Бұрынғылардың: «Мал ұрысы – пенденің
ұрысы, Сөз ұрлаған – Құдайдың ұрысы» деген
сөзінің мәнісін, астарын Мәшһүр Жүсіп былайша
түсіндіреді: «Сабырласып сөйлесудің, сөзді
жасырып сөйлескеннің хақында айтылған
сөз. Бұрынғы заманның жақсылары бүркітше
саңқылдап, айдай ғаламның көзінше сөйлесуші
еді. Бұл заманның қулары: «Бері шығып кетші!» –
деген пәлеге қалды. «От ішінде мақта, Мақтадай
Құдай сақта!»
«Үкібай сөзі» - тарихилық әрі деректілік
сипаттарымен өзгешеленеді. Би сөзінің бастамасы
яки құлақкүйі былайша өріледі екен: «Адам Ата,
Хан Шыңғыс, Дін мұсылман құл пейіс(бейіш), Алаш
– алаш болғанда, Алаша хан болғанда, Үйіміз ағаш
болғанда, Ұранымыз: «Алаш!» болғанда. Алты сан
Алаш, жеті сан қазақ, Тоқсан екі баулы Қыпшақ, Он
екі баулы өзбек. Тоғыз таңбалы Арғын. Сан таңбалы
Абылай, Қол (Құл) таңбалы Бөкей. Есім ханның ескі
жолы, Қасым ханның қасқа жолы».
«Үкібай» XIX ғ. өмір сүрген би. Заты –
Арғын, Қаржас бұтағынан. Едіге бидің немересі
Итемген бидің бір қысырағы жоғалғанда Үкібай
би «атасының жолын» сыйлап, түгел қылып
қайтарған екен.
«Үлгілі сөз» –кісілік, дұрыстық, түзулік
жайындағы түйінді ой–толғаныстырға негізделген
халықтық–поэзиялық дәстүрдегі терме
сипатындағы салиқалы сөз. Мысалы: «Шын
асылмен дос болсаң, «Алсаңыз, ал, бер» демес.
Түзу жолда жүрген соң, Теңім түзу көрген соң,
Жарлы да болсаң, тұқым шаш, Еңбегіңді жер
жемес». Немесе: «Жастықта қызба, жалын от,
Артығы ақылға салмаса. Дариядан гауһар кім алар,
тереңге сүңгіп бармаса?!»
«Ақ қағаз, қалам, сия келді бізге» – Мәшһүр
Жүсіптің шынайы ақындық өнерін, өмір, тіршілік,
тұрмыс құбылыстарына деген философиялық
көзқарасын терең танытатын болмыс-бітімі
бөлекше шығарма. «Жел сөзге қызыл тілім ділмар
еді», «Дананың сөзге жүйрік дүлдүлім», «Қырықты
ілген қысқа күнде қыран едім», «Кеудеге Құдай
кеңес берген шақта, Қағазға он саусағым атша
желген» деуінде терең сыр бар. Өйткені, телегей
ой-толғаныстар, сөздің меруерт толқындары бұл
жырда нөпірлеп төгілген. Мысалы: «Көңілім
– дария болғанда, қолым – қайық, Өз-өзімнен
боламын Еділ-Жайық».
Қоғам өміріндегі қайшылықтарды: «Бір
шын сөзге он өтірік қосып айтатындықты»,
«ит мойнына гауһар таққанмен, басқа затқа
айналдырып жібермейтіндікті», «есіл болат
жауһарды» қадірлемейтіндікті, қара тасты
жылтыратып ысқанмен айнадай жарқырамайтынды
түп-тамырынан қозғап әшкерелейді. «Қасқырдай
қақпандағы ызаланып, Жатырмын өз аяғым өзім
шайнап» – деп қынжылады.
«Ғибрат өлең» – Мәшһүр Жүсіптің жалғанның
опасыздығы, дүние байлықтың өткіншілігі,
«ақыреттің жолы жақсы дүр» екендігі, «Ақымаққа
дүние малы жақсы дүр» болатындығы, сондай-ақ
адамның жас ерекшеліктері жайлы толғаныстары
сыршылдықпен сипатталған.
«Ғибратнама» – шығармашылық еңбегі
жайындағы «баяннама» (Мәшһүр Жүсіптің авторлық
оралымы). Ақындық бұлқыныс-құлшыныстан,
телегей толғаныстан тоқылған жыр. «Япырм-ай,
кессем бе екем мен тілімді» деп бастап, қызыл тілдің
қызығы мен шыжығын, ғұмырын яғни жас дәуренін
«қасірет пен қапалықта өткізгенін» тебіреніспен
жырлайды. «Жаныма тыныштығы жоқ, өзіме
қас, Бұлбұлдай жағып жұртқа сайрағаным» деп