М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ тереңі мен өмірдің өзіндей кең құлашын, Лермонтов
өлеңдерінің сол кездегі қоғамдық қысымға қарсы
бұрқана атылған кегі мен отты ызасын түсіне
білді. Крылов мысалдарының өз дәуіріндегі
қараңғылықты найзағайдай тіліп түсіп жатқан ащы
сықағы мен ызалы күлкісін ұқты. Міне, тек осының
нәтижесінде ғана Абай өз шығармаларын тақырып,
идеялық мазмұн, түр, тіл, стиль жақтарынан
мейлінше байытып, өлеңдерінің сыншылдығын,
шыншылдығын күшейтіп, қоғамдық маңызын
биікке көтерді [3, -Б. 58-59].
Абайдың орыс мәдениетіне құлшына кірісуінің
екі түрлі себебі болды. Біріншіден, Абай, қазақ елін
шығыстың схоластикасының ықпалынан мүлде
шығарып, тура орыс мәдениетін алу, сондықтан,
қазақ даласында орысша мектеп ашу, молда,
қожаларға патша үкіметі тарапынан берілген
кейбір праволарды қайтып алып, оларды тізгіндеп
ұстау, олардың правосын уезд, болыстарға
беру жөнінде өз пікірін тарихи, ғылыми түрде
дәлелдеген Шоқан Уәлиханов, онан кейінгі өзінің
замандасы Алтынсариннің бағытын Абай дұрыс
деп ұқты.
Екіншіден, бұл кезде орыс халқының әдебиеті
дүние жүзі мәдениетінің алтын қазынасының
қатарына қосылып қана қойған жоқ, Еуропаға
өзінің революцияшыл әсерін тигізді. Батыстың кәрі
әдебиетін басып озды. XVIII ғасырдағы орыстың
кейбір жазушылары жамылған Еуропалық шапанын
шешіп тастап, орыс әдебиеті мазмұнына түрі сай,
өзінің ұлттық қалпында дүниелік сахнаға шықты.
Өз кезінің үлкен мәдениетті және талантты
ақыны Абайдың оны білмеуі, көрмеуі мүмкін
емес еді. Абай көре де, түсіне де білді. Оның
үстіне Абай Семейге айдалып келген орыстың
халықшыл демократтары: Михайлэс, Долгополов,
Гростармен танысып, өзінің сол бағытын бұрынғыдан
да ұштай түседі. Орыс мәдениетіне тереңдеп,
Чернышевский, Белинский, Добролюбов, Салтыков,
Толстой, Пушкин, Лермонтов шығармалары,
Аристотель, Сократ, Платон, Гоголь еңбектерімен
танысады. Орыстың демократтары мен ұлы классик
жазушыларының даналық еңбектерімен танысуы,
батыс философтарының еңбектерін оқуы және
өз кезіндегі шаруашылық-әлеумет өміріндегі
болып жатқан әртүрлі өзгерістерді сезіну, ұғыну
жиынтығы келіп, Абайдың өмірге көзқарасына,
ой-санасына үлкен өзгеріс кіргізеді. Абайдың өзі
айтқан: «Шығысым батыс, батысым шығыс болды», -
дейтін сөзінің терең сыры, міне, осында [4, -Б. 76-77].
Жалпы, орыс-еуропа поэзиясының өлең структурасы
туралы ф.ғ.д., профессор С.Негімов: «Орыс поэзиясы
тарихында Карамзин сызықша, көп нүктені, Пушкин
«Евгений Онегин» романында шумақ нөмірлеуді
(бұл тәсіл Пушкин дәуіріндегі европалық поэзияда
кездеседі), Жуковский интонациялық құралдарды
курсив арқылы көрсетуді, «басқышы» Маяковский
поэзия сахнасына әкелді» - деп атап өтеді [5, -Б.
49]. Қазақ поэзиясында дыбыс үндестігі мен дауыс
үндестігінің атқарар рөлі үлкен екендігіне де баса
назар аударады. Поэзияның өзіне тән ережесі мен
қазақи мінез құлқы көне поэзия өкілдерінен жеткеніне,
көңіл бөліп түркі дәуіріне дейін апарады, оның өзіндік
себептерін нақты мысалдар арқылы дәлелдейді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Қазақ ССР тарихы. – Алматы : Қазақ мемлекет баспасы, 1957. – Б. 383-384, 384-387.
2 Талжанов С. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері /Талжанов С. – Алматы : Ғылым, 1975.
– Б. 186–195.
3 Қабдолов З., Қыйрабаев С., Нұрқатов А. Қазақ әдебиеті /З. Қабдолов, С. Қыйырбаев, А. Нұрқатов.
– Алматы: ОМБ, 1955. – Б. 58 - 59.
4 Жұмалиев Қ. Ж. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. ─ Алматы,
Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1960. – Б. 76-77.
5 Негімов С. Өлең өрімі. – Алматы: Ғылым, 1980. – Б. 49.