Шағырлы-Шөмішті газ кен орны — Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Үстірт-Бозащы шөгінді алабында орналасқан. 1966 жылы ашылған. Жалпы ауданы 470,35 км2.
Шынжыр мұнай кен орны — Оңтүстік Маңғыстау ойысымының Өзен-Жетібай антиклин белдеміндегі мұнай кен орны, Маңғыстау облысында, Ақтау қаласының оңтүстік-шығысында 104 км жерде орналасқан. 1982 жылы ашылған. Мұнай сыйыстырушы құрылым өлшемдері 4x2 км, амплитудасы 20 м брахиантиклин. Өнімділік ортаңғы юраның байос горизонтында анықталған.
Шығыс Жетібай мұнай кен орны — Оңтүстік Маңғыстау ойысымындағы мұнай кен орны. Құрылым 1963-1964 жылдары анықталып, 1965 жылы іздестіру жұмыстары басталды. 1967 жылы кен орны ашылды.
Шығыс Нормауыл мұнай-газ конденсат кен орны — Оңтүстік Маңғыстау ойысымының Өзен-Жетібай антиклин баспалдағындағы мұнай-газ конденсат кен орны. Жаңаөзен қаласынан солтүстік-шығыста 63 км жерде орналасқан. 1986 жылы ашылған.
Шығыс Сазтөбе газ-мұнай кен орны — Каспий маңы ойысының ернеуі маңының оңтүстік-шығыс өнірінің (Оңтүстік Ембі белесінің) Тұран тақтасының Үстірт-Бозащы ойысымымен ұштасар жеріндегі газ-мұнай кенорны. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында. 1988 жылы ашылған.