Мағжан Жұмабаев педагогика



бет7/50
Дата24.05.2023
өлшемі203,43 Kb.
#96427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   50
Байланысты:
М.Жұмабаев Педагогика

Бөлеу һәм бесік. Педагогика ғалымдары бала бөлеуге атымен қарсы. Баланың дұрыс өсуіне, қаны жүруіне, асы сіңуіне кесел деп көп дәлелдер көрсетеді. Бұл дәлелдердің салмақты екендігіне талас жоқ. Бірақ қазақ тұрмысы көзінен қарағанда бөлеуден безуге бола қоймас. Көшпелі абыр‑сабыр тұрмыста бөлеудің пайдасы да болып шығар. Әңгіме бөлей білуде. Тас қылып бөлеп тастасаң, қанын тоқтатпақ түгіл, жанын да шығарып аларсың. Саулығына зиян келтірмей бөлеу туралы ой жүгірту үшін бесік хақында сөз қозғамай болмайды.
Қазақ бесігі – аса ұсталықпен жасалған нәрсе. Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза, жинақ жатуына көп себепші. Бірақ әңгіме мұнда, осы бесікке баланы қалай бөлеу керек. Қазақ қатыны баланы жөргекке орап, бесікке екі жерден кеудеден бір, аяқ үстінен бір тас қылып таңып тастайды. Бұлай таңып тастау, әрине, балаға зиянды. Баланы бесікке бөлейтін болсақ, осы зияннан қалай құтыламыз?
Маған мынадай бір ой келеді, баланы екі жерден қысып, қан жүруіне кесел қылмас үшін тартпаны кеңейту жолын қарастыру кереқ. Менің ойымша тартпаны екеу қылмай, біреу қылсақ. Біреу қылғанда, баланың мойнынан аяғына жететіндей қылсақ. Енді тартпа демей‑ақ, жабу дейік. Жабу бесіктің бір жағына, айталық, 6–7 баумен байланған болса, баланы жөргегімен орап, төсегіне салып, әлгі жабуды жаппай жауып, бесіктің екінші жағынан алып келіп, тағы 6–7 баумен байласақ. Міне, осындай жабумен таңылса, қысу бар денеге тегіс түскендіктен, аса зиянды болмас еді. Бұл бір – тәжірибе көрмеген ой. Мүмкін, қате болуға. Мен үшін емес, баласын дұрыс тәрбие қылу үшін ата‑ана осы ойды бір тәжірибе қылып көрсе, игі болар еді.
Жә, баланы бесікке бөлеуді мақұлдадық. Қалай бөлеу туралы да ой жүгірттік. Еңді тербетуге келейік.
Күн батып барады. Үй іші қара көлеңке. Қыс болса, сасық үңгірдің ішінде терезе аталған тесіктерден суық жел азынап кіріп, аш аңдай ұлып тұр. Жаз болса, туырлықтың етегінен, шидің арасынан жыландай жүз бұралып, қоңыр жел кіріп, жолдасын жоғалтқан жандай мұңды, зарлы қоңыр бір әнге басады. Үйдің бір босағасында бесік тұр. Ішінде бөлеулі бала жатыр. Жылап‑жылап шаршаған. Енді айғай салып жылауға шамасы жоқ. Әлсіз ғана ыңыранады. Бесік жанында баланың анасы жоқ. Әлдеқайда кеткен. Мал жайлап, шаруа қылып жүр ме? Әлде көрші үйдің қатынымен басын шұлғи‑шұлғи бір қысыр кеңесте отыр ма? Кім білсін, бесік жанында көзі көрдей сұп‑сұр бір кемпір отыр. Құрысқан қолы бесіктің арқалығында. Салмақпен бесікті тербетеді. Бала ыңыранады, жел күңіренеді, кемпір де күңіренеді.

Әлди‑әлди, ақ бөпем,


Ақ бесікке жат бөпем…
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін…
Әлди‑әлди, әлди‑ай…–

деп күңіренеді кемпір. Кемпірде талу жоқ. Тербетеді, күңіренеді, тербетеді.


Баланың ыңылы баяулап келеді. Басылды. Бала ұйқтады. Кемпір күңіренеді. Болмаса сол кеште, бос үйде бесіктің жанына жас баланың жеті жасар апасын отырғыз. Жел жылайды, бесіктегі бір жасар да жылайды. Жанында отырған жеті жасар да жылайды. Бос үйде дауыс шығарып, қорқуын азайту үшін бесікті тарсылдатып тұрып тербетеді. Әлде не уақытта бала ұйқтайды. Бесік жанында өксігін баса алмай апасы әлі отыр.
Не болмаса, мынадай картинаны көз алдыңа алып кел. Түн. Бала бесікте бөлеулі жатыр. Жанындағы төсектегі шешесі қалың көрпені жамылып шырт ұйқыда. Қарны ашты ма, тоңды ма, төсегі тынышсыз болды ма, бір мезгілде бала оянып жылайды. Бастап ақырын жылайды. Елең де қылған ана жоқ. Дауысты молайтыңқырайды, оянған ана жоқ. Шыр‑пыры шығып, пырылдап, ішегі түйіліп жылайды. Ыңырана түсіп шеше оянады. Бастап тербетіп ақырын қозғайды. Оған бала уанбайды, «тұрмадың» деп ашуланғандай айқайын үде те түседі. Үй ішінде жел долданады, шеше де долданады. «Өй, көгала келсін, шешек шықсын», – дейді шеше. Тарс‑тұрс, тарс‑тұрс тербетеді. Баланың айғайын бесіктің тарсылы жеңеді. Әлде не уақытта бала ұйқтайды. Баласын күбірлеп қарғай‑қарғай қорылдап ұйқыға кетеді шеше. (Әрине, қазақ қатынының көбі мұндай емес қой. Бірақ көбі осындай десек, аса адаспаймыз. Пысық, сергек, бала қадірін білетін аналардан мына сөзіме кешірім сұраймын.)
Жә, күңірене‑күңірене баланың әжесі ұйқтайды. Жылай‑жылай бала ұйқтайды. Қарғай‑қарғай баланы, ана ұйқтатады. Баланың осы ұйқысы сау ұйқы ма? Шын ұйқы ма? Жоқ.
Бұл дұрыс ұйқы емес. Бұл ұйқтау емес, шайқап‑шайқап баланың басын айналдыру, басын айналдырып, естен тандыру.
Тербетіп ұйқтату – баланы талдырып ұйқтату деген сөз. Тербетіп ұйқтатылған бала ұйқтап жатқан жоқ. Талып жатыр. Өзіңді бір нәрсеге тас қылып таңып тұрып, ерсілкарсыл шайқап‑шайқап тербетіп‑тербетіп талдырып тастаса, жақсы болар ма? Қазақ әйелі! Балаңда қасың болмаса, тербетпе баланы. Бесік – баланың жататын орны. Естен тандырып, талдыратын орны емес. Осыны ұғыну керек, ұғу керек.
Ұйқы. Ұйқысы тыныш болу үшін баланы көзді шағылыстыратын жарығы жоқ, құлақты жаратын айғайы жоқ жерде ұйқтату керек. Әсіресе кенет айқай болмасын. Баланың тыныш ұйқтауына себеп болатын бір нәрсе – баланы белгілі бір уақытта ұйқтату. Және баланы жара тылыстың өзі ұйқы үшін белгілеген уақытында яғни түнде ұйқтату керек. Баланы түнде ұзақ ояу отырғызу дұрыс емес. Баланы тамақ берісімен ұйқтату тіпті жөнге келмейді. Ұйқысы тынышсыз болады, һәм саулыққа зиян. Тамаққа тоя сала ұйқтату – біздің жалпы зиянды әдетіміз. Ұйқта ғанда дененің, мүшенің бәрі демалатын, тыншығатын уақытта, асқазанға сен тынықпа, мынау жепішкеніңнің бәрін сен қайнатып денеңе сіңіріп қой деу тіпті жөнге келмейтін бір зорлық емес пе? Ол сорлы қайтсін, бұл қызметті атқара алмайды. Міне, осындайдан асқазан бұзылып, адамда неше түрлі аурулар пайда болады.
Жас бала тіпті көп ұйқтайды. Жаңа туған бала ұйқыдан тамақ үшін ғана оянады. 24 сағат бір тәуліктің 20 сағатын ұйқымен оздырады.
Бала жарты жас шамасында әжептәуір уақыт ояу отырады. Әйткенмен де екі жасқа қарағанша ояуынан ұйқысы көп болады. 2–3 жасар бала күндіз 1–3 сағат, түнде 9–12 сағат, 4–5 жасар бала күндіз сирек ұйқтағанымен, түнде 10–11 сағат ұйқтайды. 6–7 жасар бала 8–10 сағат, 12–13 жасар бала 8–9 сағат ұйқтайды. Жеткен адамға 6–7 сағаттан артық ұйқы дұрыс емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет