Мағжан Жұмабаев педагогика



бет9/50
Дата24.05.2023
өлшемі203,43 Kb.
#96427
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   50
Байланысты:
М.Жұмабаев Педагогика

Өзін бақылау жолы
Жан көріністерін үйренудің жолы, бірінші – өзін бақ ылау. Адам өз жанының көріністерін өзі бақыламаса, жан кө ріністерімен таныс бола алмайды. Мысалы, ашу, қуаныш сықылды жанымыздың көріністерін бақыласақ қана біз олардың қандай мінезде екенін һәм араларында қандай айырма бар екенін біле аламыз. Бірақ бір жан көрінісін сол көрініс болып тұрғанда бақылау оңай емес. Себебі өзін бақылау деген сөз адамның яғни жанның бір уақытта екі іс істеуі, әрі бақ ылаушы, әрі бақыланатын зат болуы деген болып шығады. Бұл істе мүмкіндік аз. Бұған мысал алайық. Менде ашу деген жан көрінісі болып тұр, яғни мен ашуланып тұрмын. Егерде мен осы ашуланып тұрғанымда осы ашу көрінісін бақылай бастасам, яғни ашудың тууына не себеп болды, ашу деген қандай нәрсе екен деп ойлай бастасам, сол ашу бұрынғы күйінде тұра ма? Әрине, тұрмайды. Мұндай ойға кірісумен ашудың күші кеми бастайды. Осы мен неге ашуланам деп ойлай бастасаң, ашуың біте қалады. Міне, өзін бақылаудың оңай емес екендігі осыдан көрінеді.
Әйткенмен де, жан көрінісі артық күшті болмаса, өзін бақылауға болады. Мысалы, жеңіл ашуланып отырған адам сол ашуының себебін тексеріп отыруға мүмкін.
Бірақ өзін бақылау деген сөздің шын мағынасы – өткенді еске түсіру деген сөз. Мысалы, ашу деген жан көрінісін бақылау үшін біз бұрын өткен бір ашуымызды, яғни бұрынғы бір ашуымыздың не себептен туғанын, қалай күшейгенін, қандай мінезді болғанын һәм қалай басылған ын еске түсірсек, сол уақытта біз ашу деген жан көрінісін өзін бақылаған жолмен бақылаған боламыз. Өзін бақылау деген сөз – бұл мағынада бұрын болып озған жан көріністерін еске түсіріп тексеру деген сөз болып шығады. Адамға өзін‑өзі тексеру, өзіне‑өзі есеп беру деген оңай нәрселер емес. Өзінөзі тексеріп, қаталарын көруге адамның менмендігі бөгет болады. Әйткенмен де, бұл адамның өзін‑өзі тексеруі – оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт. Өз қатасын көре білген адам келешекте сол қатаны істемеуге ұмтылады Адамның өзін‑өзі яғни өз қатасын өзі көре білуі оның жанының идеалға, қасиетті қияға ұмтылатын мінезі барлығын көрсетеді.
Міне, осы себептен зор жазушылардың өздері жазған әсерлеріне көңілі толмайды. Қайта‑қайта түзейді. Жазаласа, өртеп, жыртып та жібереді. Жалба‑жұлба киім киіп, ашжалаңаш жүретін бұзақылық, күнә деген нәрсені білмейтін дуаналардың өз кеуделерін өзі жұдырықтап:

Кешіре гөр, құдайым,


Көп қой менің күнәйім,–

деп зарлаулары өздерін тым тексеріп, кішкене қаталарын тым зор көріп жіберулерінен, жандары ұмтылатын қияның тым биік болуынан ғой. Дұрыс, адамның бәрі дуана болмағанмен, өзін тексермесе, адам ілгері баса алмайды. Өзінен ешбір кемшілік көрмей, қата таппай, өзіне‑өзі риза болып, мәз болып жүретін адам зор адам емес, шөбір адам болады. Жаны жабайы, ауданы тар болады.


Бақылау
Жан көріністерін үйренудің екінші жолы – бақылау, яғни бір адамның өзінен басқа адамдардың жан көріністерін бақылауы. Бірақ, біз жоғарыда айтып өткеміз, жан көрініс терін сыртқы сезімдермен бақылауға болмайды деп. Сондықтан басқа адамның жан көріністерін бақылау дегенде оның жан көріністерінің сыртқы белгілерін бақылау, тексеру керек деп ұғу керек. Мысалы, біреудің пішініне, қозғалуына, сөзіне, жүріс‑тұрысына қарап, бақылап, солар бойынша жан көріністерін тексереміз.
Біз егер өзін бақылау жолымен басқа адамдардың жан көріністерін бақыламасақ, біздің жан көріністері туралы біліміміз толық болмас еді. Сондықтан байқауы көп адам бір адамның пішінінен, жүріс‑тұрысынан, бір‑екі ісінен, біраз сөзінен ол адамның қандай мінезді екенін біліп ала қояды. Мүмкін болғанша тәрбиешінің шыншыл «физиономист» болуы керек.


Жан тұрмысының түзу болу шарттары

Жан тұрмысының, жан көріністерінің түзу, сау болуы үшін нерв системасының сау болуы шарт.


Нерв системасы
Жан тұрмысын жарыққа шығаратын жан мен дене арасында тіл хатшы болатын құрал, жан мен денені бір‑біріне байлайтын байлам‑нерв системасы деп аталады. Нерв системасы екі бөлімнен тұрады: орда бөлім (ми, жұлын) һәм бұтақ бөлім. Нерв системасының бәрінің түбі – бастағы ми. Мидан 12 егіз нерв шығады. Бұл нервілер мидан шығысымен бұтақтанады. Онан соң бір‑біріне қосылады, бір‑бірімен топталады. Барып‑барып тағы бұтақталып, денеге жайылады. Бұлардың кейбіреулері теріге барып бітеді. Кейбіреулері сыртына шығып, жат бір түрде шоғырмақталып бір құрал болып, аппарат болып бітеді.
Нерв системасының қызметі
Нерв системасының ағасы, биі – ми. Ми – жанның құралы. Жан ми арқылы сыртқы дүниеде һәм өз денесінде не болып жатқанын біледі. Миды жұмсап, жан денені қозғайды. Егер ми зағып болса, яки зиянданса, адамның жан тұрмысы дұрыс болмайды. Мидың белгілі бір жері зиянданса, адамның қол‑аяғы қозғалмай қалады, яғни «паралич» болады. Мұны біздің қазақ «пері соққан» дейді. Яки тілі, кеңірдегі сау болып тұрса да, сөйлей алмай тілсіз болып қалады. Яғни афазия ауруы пайда болады.
Ал енді мидан шығатын нервілер телеграмның сымы сықылды мидан денеге, денеден миға бұйрық тасиды. Бұл нервілер қызметтеріне қарап екіге бөлінеді. Біреулері әсерді сыртқы дүниеден, яки денеден ордаға, яғни миға алып барады. Бұл нервілер сезу нервілері, яки ордаға ұмтылатын нервілер деп аталады. Бұл нервілер арқылы біз салқын, жылымық, жарық, дауыс сықылды сыртқы дүние көріністе рін білеміз. Ал енді біреулері әсерді ордадан нервінің ұшына алып барады. Бұлар қозғау нервілері, яғни ордадан қашатын нервілер деп аталады.
Бұл нервілер арқылы біз қол‑аяқ һәм бар денемізді қозғаймыз. Егерде бір мүшенің сезу нервілері кесілсе, мысалы, саусақтың, ол уақытта саусақ еш нәрсені сезбейтін болады. Егерде, мысалы, саусақтың қозғау нервілері кесілсе, ол уақытта саусақ тіпті қозғалмайтын болады.
Нерв системасының саулығын сақтау
Жоғарыда айтылғаннан нерв системасының қандай нәзік һәм қандай қымбат екендігі ашық көрініп тұр. Олай болса, жалпы нерв системасын, әсіресе миды сау қылып ұстап, оған зиян келтірмеске керек… Мысалы, балаға миға зақым келтіретін ойын ойнауға жарамайды. Және баланы басқа ұру жарамайды.
Балаға насыбай атқызуға, шылым тартқызуға жарамайды. Біздің қазақтың кейбір атқа мінгендерінің жап‑жас баласына шылым тартқызып, «қарағымның аузынан түтінді пәлен төредей шығаруын қарашы» деп қарқ‑қарқ күліп мәз болатындары бар. Мұның надандық, есерлік екендігінде не сөз бар? Балаға алкоголь, яғни мас қылатын арақ тұқымды нәрсені ішкізудің дұрыс еместігі өз‑өзінен белгілі тұр.
Нерв системасын өсіру һәм берік қылу
Нерв системасының сау болуы керек болған сықылды, оның дұрыс өсуі һәм берік болуы да керек. Бар дененің жақсы өсуінің шарты денені тек жатқызбай жұмыс қылдыру болса, нерв системасының жақсы өсуінің һәм берік болуының да шарты сол. Нерв системасына әсіресе миға істететін жұмысы сол мидың өсу дәуірлеріне тура келетін болсын. Есте болсын, адамның бар денесі бастапқы кезде өсуді ғана біледі. Біраздан қозғалымпаз һәм сезімпаз болады. Ұлғая келе ғана адамда есті тұрмыс басталады. Сондықтан балаға бастапқы кезде оның сыртқы сезімдерін ұлғайтатын һәм дене мүшелерін көп қозғалтатын жұмыстар істету керек. Сурет салдыру, жабыстыру (балшықтан түрлі заттар жасау), қол еңбегі һәм гимнастика сықылды. Мұнан соң бала ұлғая, өсе келе оның істейтін жұмыстары да тереңдей беру керек. Қысқасы, нерв системасының тәрбиесі дененің өсуіне қабысып отыруға тиісті. Белгілі жолдармен басқыштап тәрбие қылынған ми сау, өткір һәм талмайтын берік болады. Миын іскер қылып үйренген адам қартайып, бар денесі қаусап іске жарамай отырған күнде де сау милы, дұрыс ойлы болады. Ал енді «жасыңда қылжың болсаң, өскенде мылжың боларсың» деген мақал ып‑ырас.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет