Мағжан Жұмабаев педагогика



бет8/50
Дата24.05.2023
өлшемі203,43 Kb.
#96427
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   50
Қозғалуы. Адам денесі қозғалуды тілейді. Адам неғұрым жас болса, солғұрлы қозғалуды көп тілейді. Екі жасар дені сау бала бір минут тыныш отыра алмайды. Күні бойы шаршау білмей, ойнайды да жүгіреді. Бала жүре бастамаған күнде де тек отырмай, аяқ‑қолын шолтаңдатып отырады. Бірақ бастапқы кездегі баланың қозғалуы оймен, тілеумен қозғалу емес, «рефлекс» бойынша соқыр қозғалу. 5–6 айдан былай бала маңайындағы нәрселерді ұстауға, қолына алып ойнауға өзі тілей бастайды. Міне, бала қозғалуды өзі тілей бастаған кезд е ана оған түрлі жеңіл ойын көрсетіп, көмекші болу керек.
Бірақ көмекші боламын деп қозғалуға шамасы жоқ баланы зорлықпен қозғалуға үйрету дұрыс емес. Жаңа туған бала басын һәм барлық денесін билей алмайды, оның шамасының келетіні – жату. Бала төрт ай толмай басын билей алмайды, жеті‑сегіз ай толмай еркін отыра алмайды. Сондықтан 4 айға толмаған баланы жатқан орнынан көп қозғай беру жарамайды.
Тегінде, баланы өзінің отыруға шамасы келмейтін кезде еріксіз отырғызу қате. Бала бүкір болып калуға ықтимал. Жас баланы көтеру де дұрыс емес. Денесіне зиян келеді, бұл – бір. Екінші, көтеріп үйрету ата‑анаға бір пәле ғой. Аяғы бар, тілі бар дардай баланың «Апа, көтер, әке, көтер» деп мазаны алуы ұнамды ма?..
Жас баланы арбаға салып сүйреу – қазақтың бір қате жұмысы. Тақтай арбаның ішіне жаман көрпеге оратқызып, баланы салып алып, 6–7 жасар балалар: «Мен ағамның қара кер атынша шабамын» деп тұрып арбаны дүрілдеткенде баланың не жаны қалады? Үлбіреген жас денеге зиян келетін болған соң, аман жаннан не пайда? Баланы еңбектеуден тыюға дұрыс емес. Еңбектесін, қозғал сын, жас күшін жұмсай берсін. Бірақ бала еңбектейтін жер таза, тегіс болсын, мүмкін болғанда тегіс жерге кілем төселген болсын. Қазақтың еңбектеген баласының күні қараң ғой. Ол баланы қараушы болмайды. Бала еңбектеп от орнына барып күйіп қала ма, күл, көмір жей ме, нәжіске былғана ма, сызға, сазға отыра ма, оны бақылаушы жоқ. Үсті‑басы күл, топырақ, үрпиіп ылғи сызда, сазда отырады. Баланың неше түрлі ауру болатындығы осы сыз өтуден. Сызда, былық жерде асыралса, мал баласы да оңбайды ғой. Адам баласы мал баласы емес, баланы жақсылап бағу керек. Баланы қолынан ұстап тәй‑тәй қылуды дұрыс деуге болмайды. Денесінің бір жеріне зиян келтіруге мүмкін. Кейбір ата‑ана баланың тәй‑тәй болғанын қызық көріп, тәй‑тәй болғысы келмей орнынан тұрмай отырған баланы еріксіз тұрғызып тәй‑тәй қылады. Бұл істері, әрине, қате. Балаға итарба жасап беру дұрыс емес демейміз. Бірақ итарбамен зорлап жүргізбе дейміз. Жағалағысы келгенде үстелді бала өзі‑ақ жағалайды ғой. Итарба да баланың жанында жай тұрсын. Жүргісі келсе бала өзі де жүреді. Шеше бірақ байқап отырып, баланы арбаға дұрыс ұстатқызып жіберсін. Тоғыз ай мен он алты ай арасында бала жүруге үйренеді. Есте болу керек, баланың мешел болуы тәй‑тәй кеш болғандықтан, итарбасы болмағандықтан емес, аурулы болғандықтан. Балам мешел болмасын десең, балаңды дұрыс күт…
Серуен. Ылғи үйде, нашар ауада бала құп‑қу, нашар, меңіреу болады. Сондықтан баланы күн сайын таза ауаға серуенге шығарып тұру керек. Киіз үй ашық ауамен бірдей. Киіз үйдегі баланы шығарсаң да бір, шығармасаң да бір. Ал еңді қазақтың «қысқы үй» деп аталған үңгіріндегі баланы әлсін‑әлсін серуенге шығарып тұрмай болмайды.
Үй саулыққа дұрыс салынған болса да, баланы серуенге шығарып тұру керек. Себебі үйдің ауасы бұзылып отырады. Алты ай толмаған баланы қыстыгүні серуенге шығару жарамайды. Баланың саулығы нашар болса, доқтырлар бір жасқа толмай қыстыгүні шығаруға қоспайды. Күзгі, жазғы 2 градустық салқында бір жылдық баланы күн сайын 15–20 минут серуенге шығаруға болады. Ал енді 2 жастан былай баланы күн сайын кем дегенде 15–20 минут серуенге шығарып отыру керек. Жаңа оянған яки шомылдырылған баланы су жаялықпен серуенге шығару дұрыс емес, серуенге шығаруға нағыз қолайлы уақыт – түстен кейінгі 2–4 сағат арасы.
Тісеу. Тісеу – баланың дене тұрмысында зор өзгеріс. Жас иекті жарып бірінші тісі 6–8 ай арасында шығады. Иекте тамыр көп болғандықтан, тісей бастағанда бала әжептәуір ауырады. Ұйқысы тынышсыз, бас‑аяғы ыстық болады. Аузынан сілекей шұбырады. Бала әлсін‑әлсін қолын аузына сала береді. Мұндай уақытта баланы таза ауа, серуенге жиі шығару керек. Жылы суға жиі‑жиі шомылдыру керек. Балаға тісі төмендегі ретпен шығады. Тісі төрт түрге бөлінеді.
Бірінші түр – күрек тіс. Саны 8 болады. 5–12 ай арасында шығады. Екінші түр – ит азу. Саны – төрт. 12–16 ай арасында шығады. Үшінші түр – ас азу. Саны – 4, 17–20 ай арасында шығады. Төртінші түр –түпкі азу. Саны – 4, 20–24 ай арасында шығады. Міне, осымен баланың 20 сүт тісі болған болды. 7 жаста бұл сүт тісі түсе бастап, 7–11 жас арасында балаға дәйімгі тісі шығады. Яғни жаңағы айтылған – 20 тісі түсіп қайта шығып, олардың үстіне тағы азу қосылады. 12 жаста тағы төрт азу шығады. Сөйтіп, дәйімгі тістің саны 28‑ге толады. 22–25 жас арасында төрт азу шығады. Мұны ақыл азуы дейді.
Баланың сүт тісі өте нәзік болады. Ыстық та, суық та жарамайды. Қатты асты шайнай алмайды һәм бұзылымпаз келеді. Сондықтан баланың тістерін таза ұстау керек. 3 жастан былай тамақ берген сайын баланың аузын жуып отыру керек. Тісті жаман бұзатын нәрсе – тәтті. Жас балаға тәтті беруге жарамайды. Біраз өскен соң беруге мүмкін, бірақ аз һәм сирек беру керек.


Жан тәрбиесі

Бастапқы кезде жөпшенді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте‑бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек. Қатар алып бару емес, бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғу керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол – жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол – жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек.




Психология
(Жан тілі)

Психология – ескі пән. Бұл пәнді пән қылып дүниеге шығарушы – Айса пайғамбардан бұрын болған грек ұлтынан шыққан Александр Македонский (Ескендір Зұлхарнайын) патшаның тәрбиешісі Аристотель данышпан. Психология деген сөз грекше екі сөзден құралған. Психо – жан, логос – сөз деген мағынада. Яғни жан туралы сөз, жан туралы пән деген сөз болып шығады.


Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығында дау жоқ. Бірақ бұл жан деген не нәрсе? Жанның не нәрсе екендігі туралы үш пікір бар. Үшеуі үш түрлі философия пікіріне негізделген. Біріншісі, жан денеден бөлек өз алдына бір нәрсе дейді. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Қазақтың жан шыбын сықылды бір зат, өлгенде ауыздан ұшып шығып кетеді, ұйқтағанда мұрнынан шығып серуендеп жүреді‑мыс деген ертегісі – осы пікірдің бір сәулесі.
Бұл жан денеден тіпті бөлек, өз алдына қандайда болса бір зат деген пікір «спиритуализм яки идеализм» деп аталады. Екінші пікір – жан деген дене іскерлігінің әсіресе нерв системасы мен ми іскерлігінің бір түрі дейді. Яғни жан деген жеке зат жоқ, жан деген – дененің бірлігі деген сөз. Бұл пікір «материализм» деп аталады.
Үшінші пікір – жан деген жан көріністерінің жиынтығы дейді. Яғни жан деген ойлау, сезу һәм барлық жан көрі ністерінің жалпы аты дейді. Бұл пікір «феноменализм» яғни эмпиризм деп аталады. Қайткенмен де адамзат бұл күнге шейін жанның не зат екенін біле алған жоқ. Жанның не зат екені білінбеуінен жанның барлығына қүмән қылуға болмайды. Жан бар. Барлығы сол – оның істері, көріністері бар. Ақша қарда жосылып жатқан айқын ізге түссек, алдымызда аңның барлығына күмән қыламыз ба? Бұ да сол сықылды, жалғыз‑ақ айырма мынау – ізіне түсіп зерттеп отырып адамзат аңды баяғыдан бері соғып келсе де, жанға жете алған жоқ. Яғни істері, көріністері бойынша жанның не зат екенін қанша білмекші болса да, әлі күнге біле алғаны жоқ. Бірақ бұдан бала тәрбиесі ақсамайды. Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай‑ақ, оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді.


Жан көріністерінің дене көріністерінен айырмасы

Жан көріністері мен дене көріністерінің арасында көп айырма бар:


1) сыртқы дүние заттарының бәрі, мысалы, қазан, дөңбек, құдық белгілі бір орын алып тұрады. Қандай зат болса да, оның орын алатыны бізге белгілі. Егерде бір заттың алып тұрған орнын өлшеген болсақ, пәлендей орын алып тұр дейміз. Өлшемеген болсақ, пәлен зат зор, не болмаса кіші, яки пәлен зат пәлен заттың не оң жағында, не сол жағында тұр дейміз. Сыртқы дүниедегі заттың өзі түгіл ол заттың ісі де белгілі бір орын алады, яғни белгілі бір орында болады. Мысалы, жүру – адамның ісі. Осы іс белгілі орында болмай ма? Әрине. Ал еңді жан көріністері белгілі орын иелемейді. Мысалы, біз бір ойымызды пәлендей орын иелеп тұр, яки пәлен ой пәлен ойдың оң жақ, яки сол жағында тұр деп айта алмаймыз. Жан көріністері жалғыз уақытпен ғана өлшенеді. Біз жан көріністері туралы, ой туралы пәлен уақытта болды, яки қазір ғана болып тұр дей ғана аламыз. Бұл – бір айырма.
2) Сыртқы дүние заттары һәм көріністері сезім мүшелері арқылы білінеді. Мысалы, бір малды көріп, бір иісті иіскеп, жылылықты сипап білеміз. Ал енді жан көріністерін сыртқы сезімдермен білуге болмайды. Мысалы, ұялу деп аталған жан көрінісін не көріп, не татып, қысқасы сезім мүшелерінің біреуімен біліп бола ма? Әрине, жоқ. Біз екінші адамда болып тұрған жан көрінісін өзіміздіөзіміз сынаумен ғана білеміз. Мысал үшін ұялу деген жан көрінісін алайық, қасымызда бір кісі бір орасан істі істеді де, қызарып кетті, біз осы кісіде ұялу жан көрінісінің болғанын біле қоямыз. Мұны қалай білдік. Ұят деген бір зат болып көзімізге көрінді ме? Яки иіс болып мұрнымызға келді ме? Жоқ, бірі де болған жоқ. Біз жалғыз‑ақ қарсыда отырған кісінің бетінде кенет қызылдық көрдік, басқа еш нәрсе сезгеніміз жоқ. Олай болса жаңа қарсыдағы адамда ұялу жан көрінісі болды деген білім бізге қайдан келді? Мұның мәнісі мынау: күндерде бір күн біз де орасан бір іс істеп, жанымыз қысылып қалған, яки ұялған, жанымызда осы ұялу көрінісі болып қалған уақытта бетіміз дуылдап, қып‑қызыл болып кеткен, сонда біз біліп қойғамыз: «Ә‑ә‑ә… жанда ұялу көрінісі болғанда бет қызарады екен» деп. Жаңа қарсымыздағы адам қызарғанда біздің оны ұялды дегеніміз осы. Яғни ана адамның бетінде қызылдықты көргенде, біздің өз басымыздан кешкен іс есімізге түсе қалды, яғни біз өзі мізді‑өзіміз сынай қойдық. Қысқасы, жан көріністерін адам сыртқы сезімдерімен біле алмайды, өзін сынап қана біледі.
3) Сыртқы дүниеде бірнеше заттар, яки көріністер бір уақытта бола береді. Мысалы, денеде қан жүру, дем алу сықылды дене көріністері бір уақытта болып жатады, біріне‑бірінің бөгеті жоқ. Ал енді жан көріністері бір уақытта болмайды. Олар бірінің артынан бірі болады. Мысалы, біз бір уақытта екі ой ойлай аламыз ба? Жоқ. Дұрыс, кей уақытта ойлар бірінің артынан бірі нажағайдың жарқылындай тез‑тез келгенде, бізге осы ойлар бір‑ақ уақытта болған сықылды көрінеді. Бірақ бұл көрінуі ғана, шынында әрқайсысы әр уақытта, яғни бірінің артынан бірі келіп‑кетіп жатыр.


Жан көріністері мен дене көріністері арасындағы байлам

Жан көріністері мен дене көріністері арасында қанша айырма болғанымен, араларында тіпті жақындық жоқ емес, қайта бірлік, байлам бар. Дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні қараң.


Өзімізге мәлім: денеміз сау болса, жанымыздың ісі де сау, жақсы болады. Яғни ақылымыэ түзу, сезіміміз дұрыс, қайратымыз берік болады. Егерде денеміз ауру болса, яки жұмыс қылып шаршаса, жанымыз да ауру, жанымыз да шаршайды. Басқа ауру, мидың ауруы жан ісіне жаман әсер қылады. Нашар ауа басты айналдырып, қанды дұрыс жүргізбей, денеге әсер қылады да, жанға барып қол салады. Яғни жанның ісі шабандайды, бұзылады. Ой күңгірт тартады, сезім топастанады. Қайрат жасиды. Денең салбырап ауырған кезде ыстық қою шайды ішіп жіберсең, денең жадырап кетеді. Денең жадырап кеткен соң, жаның жадырап кетеді. Бұл мысалдармен біз жанның денеге байлаулы екенін көрсеттік. Ал еңді дене де жанға байлаулы, жан көріністері денеге қатты әсер береді. Адамның көзқарасы, дауысы, аяқ басуынан жанның қандай күйде екені көрініпақ тұрады. Қайғы һәм ойлау денені жабықтырады, қуаныш адамды күлдіреді. Бетке қан жүгіртеді. Ақынның «бетке шықпай қала ма жүрек ізі» дегені жанның жайын білетіндігі ғой. Қорыққанда дене дірілдеп, қан қашып кетеді. Аса қатты қорыққаннан, яки аса күшті қайғыдан бірнеше сағатта шаштары аппақ болып қалғандар да болған. Міне, жан көрінісінің денеге әсер беруі қандай дәрежеге жетеді.


Жан көріністерін үйрену жолдары

Әр нәрсені үйренудің белгілі түзу жолдары бар. Жан көріністерін үйренудің жеке жолдары бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет