Тамақтандыру тәртібі. Баланы ананың өзі емізсе де, яки қолдан асыраса да, баланы белгілі бір тәртіппен тамақтанды ру керек. Баланы ана емізген күнде емізу тәртібі былай: жаңа туған баланы күндіз 2–3 сағатта бір, түнде 3–4 сағатта бір емізу тиіс. Ал енді бала өскен сайын емізуді сиректете беру керек. Былайша бірінші айда тәулікте – 8–9 рет, 4 айға шейін – 7–8 рет, жарты жасқа шейін – 7 рет, 9 айға шейін – 6 рет.
Түн – ұйқы уақыты. Сондықтан баланы түнде сирек емізуге әдеттендіру керек. Мысалы, 5 айлық баланы түнде бір емізу жетеді. Баланы қолдан тамақтандырғанда да тамақтандыру тәртібі – осы. Бірақ қолдан тамақтандырған да тамақ белгілі бір мөлшермен беріліп отыруға тиісті. Бала тамағының мөлшері баланың асқазанының зорлығына байлаулы. Жаңа туған баланың асқазанына бастапқы жетіде 3 қасық ас сыяды. екінші жетіде – 6 қасық, екінші айда – 9–10 қасық. Міне, осы асқазанның зораюына қарай балаға берілетін тамақ мөлшері де зорайып отыруға тиісті.
Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, ауру лы болмауына, хатта, мінезінің дұрыс болуына да көп пайдасы бар. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала аурулы болады. Асқазаны бұзылады. Ішкен, жеген тамағын сіңіре алмайды. Ит тию сықылды бала аурулары сол тәртіпсіз тамақ беруден. Жер жүзінде балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, бір жері ауырып, яки төсегі тынышсыз болып жыласа да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін алып барып баланың аузына сала қояды. Бала түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек балада, ана ұйқыда. Жазаласа баласын басып өлтіріп те тастайды. Баланың аузынан емше гін алса, баланың қолына басқа бір тамақ ұстатады. Сорлы баланы бір минут тамақтан босату жоқ, яки мынадай іс те болады:
Шеше не бір жұмыспен, не жай қыдырып кезіп кетеді. Мана кеткен шеше әлі жоқ.
Ерте күн түс болды. Түс кеш болды. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашады. Шырқырап ішегі қатып жылайды. Бейшара бала жылап‑жылап әлсіреп талып барып ұйқтайды. Кешке келіп ұйқылы‑ояу талып жатқан баланы көріп, «құлынымның тамақ іздемей, жыламай тәтті ғана ұйқтап жатқанын қарашы» дейтін шешеге не дерсің?
Қазақ қатыны! Өзіңде өзіңнің қастығың болмаса, баланың аузын астан алмай, аспен ұрып жығып, болмаса тамақ бермей, аштан қатырып, талдырып ұйқтатып бала асырауыңды қой. Тамақты беріп‑беріп, балаңды қарнын қабақтай, бұтын таяқтай көк қарын, ши борбай қылма. Балаңды аурулы қылма. Асты мезгіл‑мезгіл беріп, тәртіпке үйрет. Тамақты тәртіппен берсең, балаңның дені сау болады. Құр ас иесі қомағай болмайды. Аузынан ас алмайтын мешкей болмайды. Тамақты тәртіппен ішіп үйренген баланың мінезі де дұрыс болады.
Емшектен айыру. Бала аурулы болмаса, бір жасқа толғанда ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі (8–12) шыққан болады. Міне, осы уақытта баланы емшектен айыру керек. Айырғанда күл, көмір, насыбай жағып әурелемей‑ақ емізуді сиректетіп, баланы бірте‑бірте бездіру керек (3–6 жеті ішінде). Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп 5–6 жасар баласын арда емізіп қоюлары – тым‑ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.