Жігіт қуу. Ойын көгалда, алаңда, үлкен бөлмеде немесе залда 10-12 адамның қатысуымен өтеді. Ойнаушылар екі топқа бөлінеді де, бір-бірінен бес адым қашық жерде бір бағытқа қарап сапқа тұрады. Қарама-қарсы жақтағы 15-20 метр қашықтыққа екі жалауша тігіледі де, дәл ортасына белбеу тасталады. Ойын жүргізушінің белгісімен әр топтан бір-бір ойыншы жүгіре шығып, қайсысы белбеуді бұрын алып үлгірсе, ол екінші ойыншыны өз тобына жеткенше қуа ұрып барып, сол топтың алдына белбеуді тастап, келген ізімен өз тобына қайтады.
Белбеуді жаңаға қашқан ойыншы ала салып, өз тобына қайтқан ойыншыны жалаушаларға жеткенше қуа ұрып барады да, бастапқы орнына тастап, кері қайтады. Ойын қорытындысында қай команда белбеумен ұру арқылы көп ұпай жинаса, сол команда ұтқан болып есептеледі.
Әуе таяқ. Ойын ережесі бойынша ойнаушылар бірнеше топқа бөлінеді. Олардың біреуі таяғын іуелете лақтырып, екіншісі өз таяғымен көздеп тигізу керек. Таяқты лақтырушы мен көздеуші жеребе бойыншы анықталады. Егер ойыншылар екі топқа бөлінсе, таяқтарын көп тигізген топ жеңген болып есептеледі.
Күзетшілер. Бұл ойынға қанша бала болса да қатыса алады. Екі ойыншы қақпаның күзетшілері болады. Екеуінің де көзі орамалмен байланады да, аралары бір адымдай қашықтықта қолдарын айқастыра ұстап, қарама-қарсы «көпір» жасап тұрады.
Басқа балалар бір-бірлеп күзетшілер күзеткен қақпадан екеінің ортасы арқылы білдірмей өтіп кетуге тиіс. Күзетшілердің сыртынан айналып өтуге болмайды. Егер күзетшілердің біреуі өтіп бара жатқанын сезіп қойса, оған қолын тизігеді, яғни ол ұсталып, қалған болып есептеледі. Ұсталып қалған ойыншы өзін ұстаған ойыншымен орын ауыстырады. Қақпадан үш рет білдірмей өткен ойыншыға жүлде беріледі.
Аңшылар (1 түрі). Бұл ойын екі топтық командалардың жарысы ретінде де ойналады, бұдан шыққан топ ойыннан ұтылған болады (жалғыз қалған ойыншыға сыйлық беруге болады). Ойын жүргізуші күні бұрын сызылған шеңбердің бойына үш жерге үш ойыншыны тұрғызады, оларға бір-бірден доп беріледі, бұлар «аңшылар». Қалған балалар – «үйректер» - шеңбердің ішіне орналасады. Ойын жүргізуші «тоқта» деген кезде, «үйректердің» бәрі орындарында қозғалмай тұра қалады. Осы кезде «аңшылар» қолдарындағы доптармен «үйректерді» көздеп ұра бастайды. «Үйректер» доптан бұлтара қашып, оны өздеріне тигізбеуге тырысады. Ойын «үйректердің» бәрі ойыннан шыққанша созылады да, келесі ойынды «үйректер» мен «аңшылар» орын ауыстырады.
Аңшылар (2 түрі). Ойыншылар екі топқа тең бөлінеді. Бірі - «үйректер» - шеңбердің ішінде қалады да, екіншісі - «аңшылар» - шеңбердің бойымен қатарға тұрады. Аңшылардың мақсаты – үйректерді доппен көздеп ұрып, ойыннан шығару. Ойын жүргізушінің белгісі бойынша аңшылар допты лақтырып үйректі атып ала бастайды. Доп тиген үйрек ойыннан шығарылады. Ойынды белгіленген уақыт мөлшерінде ойнауға болады. Ол үшін уақыт екі жаққа да тең белгіленеді. Берілген уақыт өткеннен кейін аңшылар мен үйректер орындарын ауыстырады. Ойынның соңында белгіленген уақыт аралығында үйректі көп атып алған аңшылар тобы ұтқан болып есептеледі.
Қап киіп жарысу. Ойын ашық алаңда немесе спортзалда өткізіледі. Ойын ашық алаңда өткізілсе, оған қатысушылардан 50 метрдей жерден мәре жасайды. Ал ойын залда өтетін болса, мәре бар мүмкіндікке қарай жасалады. Жарысатын қашықтықтың ені 1,5 м- дей болады және ол жерге 4-5 қатар жолақ жол сызылып қойылады. Сол жолдың қақ ортасына жарысатын адамдардың санына сәйкес етіп қаптың аузын ашып қою керек.
Ойын басқарушының командасы бойынша жүгіру сызығына келіп қатарласып тұрған ойыншылар жүгіре жөнеледі. Әрқайсысы жолында жатқан қапқа жетісімен, екі аяғын қапқа тез кигізіп, екі қолымен жоғары жағынан ұстап, ілгері қарай секіректей жүгіреді. Осы ретпен ойын қайталана береді. Оған барлық талапкерлер кезектесіп қатысады. Ойынның мақсаты – мәреге өзгеден бұрын жетуге тырысу арқылы жылдамдықты арттыру.
Бөлбеу тастау. Ойыншылар екі топқа бөлінеді де, арасы 15-20 м қашықтықтағы екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарға тұрады. Ойын жүргізуші топтың бір ойыншысына қолындағы орамалды беріп, өзі ойынның барысын бақылайды. Ал орамалды алған ойыншы жүгіріп екінші топқа барып, бір қыздың (немесе баланың) артына орамалды білдірмей тастайды да, өз тобына қарай жүгіреді. Артына тасталған орамалды байқап қалған ойыншы орамал тастаған ойыншыны қуып жетіп, орамалмен ұрса, онда әлгі ойыншыны өз тобына әкеліп қосады. Ал қуып жете алмаса, өзі қарсы топқа барып қосылады. Келесі ойын кезегі екінші топтың бір ойыншысына беріледі. Осылайша барлық ойыншы орамалды бір-бір реттен тастап шыққанша ойын жалғаса береді. Соңында қай топтың саны болып шықса, сол топ жеңіске жетеді.