3.2 Сөз мағынасын оқытуда жаңа технологиялар мен оқыту әдістерін қолдану.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің арнайы пән болып қалыптасқанына көп уақыттың жүзі болды. Қазақтың алғашқы әдіскерлерінің бірі Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» 54. 93 б ,- деген болатын. Сол сияқты қазақ тілінде жаңа технологиялар қазіргі заман талабына сай оқытушылардың рөлін өзгертті. Оқытушы – білімін студенттерге дайын күйінде түсіндірмей, тек бағыт-бағдар беруші, білім алуға ұйымдастырушы және кеңесші рөліне ауысты. Дегенмен білім мен тәрбиені қазіргі талапқа сай жаңа технологиялар арқылы сабақта ұштастыра білу оқытушының асқан шеберлігіне байланысты екендігінде ұмыт қалдыра алмаймыз. Жоғары оқу орындарындағы студенттер өз бетімен жұмыс істеуге төселеді. Студент деген сөздің өзі – «ізденуші» деген мағына білдіреді.
Жоғары оқу орындарында оқуды ұйымдастырудың үш түрлі тәсілдеріне қарай бөлеміз. ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІ:
• Практикалық сабақтар: тақырыптың негізгі сұрақтары бойынша семинар, «Миға шабуыл»; кіші топтарда жұмыс істеу; рөлдік ойындар; презентация дайындау, пікірталас; жұптасып жұмыс істеу; ситуациялық есептерді шешу; қорытынды жасау.
• Оқытушының жетекшілігімен студенттердің өзіндік жұмысы (ОЖСӨЖ) – оқулық әдебиеттермен жұмыс жасау, тапсырмаларды орындау (сұрақтарға жазбаша жауап, тексеру актісін толтыру, тест тапсырмаларын құрастыру, глоссарий, презентациялар дайындау);
• Студенттердің өзіндік жұмысы – әдебиеттермен, интернет-ресурстармен жұмыс жасау, электрондық тасымалдаушылармен, оқу және ғылыми материалдармен жұмыс жасау, презентация және жасау тақырыптық рефераттар жасау.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы ХХ ғасырдың басынан басталып, өзіндік даму жолын қалыптастырып келеді. Қазақ тілінің әдістемесі Ы.Алтынсариннің әдістерінен бастау алып, А.Байтұрсынов салыстыру, сұрақ-жауап, ойын әдістерін, Ж.Аймауытовтың талдау, әңгімелеу, түсіндіру, көрнекілік, іздендіру әдістерін, М.Жұмабаев көшіру, көрініс қойдыру сияқты көптеген әдістерді ұсына отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесінің топтамасын жасаған халық ағартушы ғалымдары болды. Кейіннен А.Әбілқааевтың (әңгіме, ауызша орындалу әдістері), Ә.Исаевтың (талдау, хабарлау т.б.) ұсынған әдістері кеңінен қолданысқа ие болған.
Тоқталып өткен ғалымдардың ұсынған әдіс-тәсілдері өз мәнін жоймаған, керісінше, оқытудың жаңа талаптарына сай толығып, дамып, жаңа түрдегі әдістердің қалыптасуына негіз болып жүр. Сөз мағынасын жоғары оқу орындарында оқытуда осы сияқты әдістерді қолдануда тиімдісін ұсынбақпыз.
Жоғарыда аталған оқытуды ұйымдастырудың әр алуан түрлі тәсілдері бар дедік. Олар: лекциялар, семинар, зертханалық жұмыстар, студенттің өз бетінше жұмысы (СӨЖ),студенттің оқытушымен өзара жұмысы (СОӨЖ), студенттердің оқу-зерттеу жұмыстары және басқалар. Бұл оқыту түрлерінің барлығы көбіне студенттің өзіндік ой-пікірін қалыптастыруға, ізденуге бағыттталады.
Сөз мағынасын оқытуда жан-жақты терең мазмұнды инновациялық технологияларды керек етеді. «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы», «Оқытудың ұжымдық әдісі», «Дамыта оқыту технологиялары» т.б. сияқты технологиялар арқылы сабақтың тақырыбын меңгерту неғұрлым тиімдірек болып, қазіргі кезде қазақ тілінің лексикасын, семантикасын оқытуда тәжірибелі оқытушылардың көпшілігі дерлік осы технологияларды қолданып жүр.
Жоғары оқу орындарында лекция – оқытудың дидактикалық циклінің басты буыны болғандықтан, лекцияның қызықты, мазмұнды әрі нәтижелі болуына «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясының тиімді жақтары көп болса, «Дамыта оқыту», «Деңгейлеп – саралап оқыту», «Модульдік оқыту» технологиялары студенттің өз мүмкіндігі тұрғысынан өзінің білім сапасын көрсетуге, танытуға бағыттайды. Сол үшін бұл технологияларды семинар, СОӨЖ, практика сабақтарында пайдаланудың маңызы жоғары.
Жоғары оқу орындарында сөз мағынасын тілдік негіздер теориясына сүйене отырып оқытудың әдісінен бұрын, қандай технология бойынша оқыту тиімді екенін анықтасақ.
Біз лексикалық семантиканы оқытуда студенттердің өздігінен жұмыс істеуін қамтамасыз ететін Ж. Қараевтың «Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының» маңызы зор деп сенеміз. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы 1998 оқу жылынан бастап барлық оқу орындарында, барлық пәндерге еніп, оқу үрдісін жандандыруға үлкен үлес қосып келеді. Ж.А. Караевтың ғылыми монографиясы «Үш өлшемді әдістемелік жүйе педагогикалық технологиясы» қазір Қазақстанның бар аймағында ғылыми–тәжірбиеден, сынақтан өтіп, оқыту жүйесінің белсенді әдісіне айналды. Профессор Ж.Караевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен студенттердің өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді.
Осы технология арқылы жоғары оқу орындарында сөз мағынасын жаңа, тың теория арқылы оқытудың тиімді нұсқасын ұсынбақпыз. Жалпы танымдық ойлау қабілетінің дамуына деңгейлік тапсырмалардың тиімді әсер ететіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденген. Әр деңгейдің талап-тілегін қамтитын түрлі тапсырмалар арқылы студенттің білім көлемінің қай деңгейге сәйкес келетіндігін анықтауға болады. Ж.Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясында – студенттер бірінші орында тұрады және өз бетімен ізденуде белсенділігін арттырады. Қазіргі білімге қойылған талап та осы.
Деңгейлеп-саралап окыту технологиясының жоғары оқу орындарында бір тиімді жағы — студенттердің дүниежүзілік білім жүйесінде қолданылатын рейтинг-ұпай жинау әдісіне баулиды. Қазіргі кезде дүние жүзінің жоғары оқу орындары кредиттік технология бойынша, яғни балдық жүйе бойынша бағаланады. Осылай бұл технологияның тиімді жақтарын көреміз.
Деңгейлеп-саралау технологиясының негізгі мақсаты – әр студент қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту. Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы бойынша, сөз мағынасын оқытуда тиімді әдістерді пайдалана отырып студенттің қабілетін, ынтасын арттыруға болады.
Жоғары оқу орындарында оқытуды ұйымдастырудың басты түрі – лекция сабақтары. Лекция сабақтары көлеміне, өтілетін мақсатына қарай: түсіндіру лекциясы, баяндау лекциясы, шолу лекциясы деп үшке топтастырылады. Сөз мағынасын тілдік негіздер теориясы арқылы лекция (баяндау лекциясын қолдануда) сабағын жүргізу үшін – түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс тиімді. Бұл әдісті оқытушы дайын ақпараттарды студенттерге жеткізеді. Оны басқаша ақпараттық-рецепция (қабылдау) әдісі деп те атайды. Бұл әдісте оқытушылар түрлі құралдарды қолдана отырып түсіндіретін болғандықтан, сөз мағынасына қатысты оқыту лекцияларында жер шарының суретін, шар тәріздес құралдарды көрсетіп түсіндірер болса, сабақ деңгейі жоғары болары сөзсіз.( Сөз мағынасын оқытуда не үшін жер шарының, шар тәрізді заттарды пайдаланатымыз туралы түсінік жоғары тарауларда түсіндірілді).
Лекция сабақтары бір қалыпта, тек түсіндірме әдіс арқылы өтетін болсақ, студенттің қабілеті, ынтасы, қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан лекция сабақтарында әдістердің бірнешеуін пайдаланған жөн. Сөз мағынасын оқытуда лекцияларда қолданылатын әдістердің: жазу әдісі, сұрақ-жауап, индуктивтік әдіс, репродуктивтік әдістер арқылы өткізу болады т.б. түрлерін көрсетуге болады.
Әдіскер ғалым Ә.Исаев «Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері» деген еңбегінде лекция сабақтары оқытушының белгілі бір тақырыпта ауызша мазмұндап түсіндіруі, студент соған баяндама жасауы деген анықтамасына келіссек, лекция сабағында жазу әдісі қатар жүртінін көреміз. Оны біз – конспект жазу әдісі деп алсақ. Конспект жазу әдісі арқылы мұқият тыңдау, жазба жұмыстары кезінде жаксы есте сақтау, семинар, емтихандарға дайындалуда берер көмегі зор. Лектордың міндеті – студенттерге конспект жазу барысында ойлап, саналы түрде ұғыну, зерделеуді, тыңдай отырып, қысқаша жазып алулары үшін жағдай тудыруы керек. Тілдік негіздер теориясы арқылы сөз мағынасын оқытуда лекция сабақтарында конспект жазу әдісі өте қажет. Мысалы, оқытушы Уп тілдік негізін түсіндіріп жатып, мысалдар келтіруі мүмкін, сол мысалдарды конспект түрінде қағазға түсіріп алса, кейіннен сол мысалдарға қарап, еске түсіріп, жаңадан қалыптасқан білімін салыстыра қарауға мүмкіндігі болады. Ғылымда тыңдаған нәрседен қарағанда көзбен көрген нәрсең есіңде көпке дейін қалатыны дәлелденген. Сондықтан тыңдай отырып, жазып алудың пайдасы мол.
«Олақтықтың белгісі – бір ғана әдістің болуы; шеберліктің белгісі – түрлі әдістің болуы» 55. 324 б ,- деген Л.Толстой. Бұл сөзді барша әдіскер ғалымдар қуаттайды. Сол сияқты бір ғана лекция сабағында әр түрлі әдістерді пайданалуды біз де дұрыс көреміз. Лекция сабағында көп қолданыстағы тағы бір әдіс – сұрақ-жауап әдісі. Бұл әдіс – барлық сабақтарда, пәндерде кеңінен қолданылады. Сөз мағынасын тілдік негіздер теориясы арқылы анықтауда осы әдістің де пайдасы бар. Сұрақ-жауап әдісі бұрыннан белгілі. Дей тұрғанмен, қанша көне болғанымен маңызын жоя қоймаған әдіс.
Жоғары оқу орындарында оқытуды ұйымдастырудың келесі бір түрі – семинар, практика, СОӨЖ сабақтары. Бұл сабақтар белгілі бір жеке ғалымның басшылығымен студенттердің теориялық курс пек ғылыми зерттеу жұмыстарының әдістерін меңгеруін сипаттайды. Және ол студенттерде ойлай білу мәдениетін дамытудың құралы болып саналып, пәнді терең, жетік меңгеру мен ғылыми танымның әдіснамасын меңгеруге бағытталады. Оқытудың бұл формасында – сөздікпен жұмыс жасау әдісі, салыстыру, инцидент, газет мақаласын оқыту әдісі т.б. әдістерді қолдануға болады.
Әр оқытушы өз сабағында әр түрлі әдістерді пайдалана отырып түсіндіреді. Сөз семантикасын тілдік негіздер арқылы оқытуда сөздікпен жұмыс жасау әдісі тиімді. Лексикалық семантиканы оқыту кезінде оқытушы студенттерді сөздікпен жұмыс істей білуге үйрету керек. Сөздіктерді қолдана отырып сөз мағынасын меңгерту студенттердің сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Жалпы сөздіктер – студентке анықтама ретінде пайдаланатын көмекші құрал. Десекте, сөздіктердің түр-түрі тіл материалына қатысты болғанымен, әрқайсысының мазмұны, пайдалану методикасы бар. Сөз мағынасын оқытуда түсіндірмелі сөздікті, этимологиялық сөздікті, пайдаланған дұрыс.
Қазақ тілін оқыту методикасында «түсіндірмелі сөздікпен өз мәнінде жұмыс жүргізілмей келеді» 56, 110 б ,- деген пікір айтып, оқытушы сөздікпен жұмыс істеуге айрықша көңіл бөлу керектігін айтады. Расымен, түсіндірмелі сөздік білім алушының сөз байлығын арттыруға, білімін кеңейтуге, ең бастысы – сөздік қорымыздағы көне сөздердің мағынасын білуге септігін тигізеді. Түсіндірме сөздікті пайдалана отырып сөз мағынасын анықтауға үйрететін құрал. Мысалы, студент кез-келген сөзді алып, сол сөздің мағынасын түсіндірме сөздіктен қарап, тілдік негіздер теориясы бойынша салыстыра анықтауға мүмкіндік алады. Бұл студентті жан-жақты танымдық, білімдік жағынан дамытып, білімін кеңейтеді.
Сөз мағынасын оқытуда этимологиялық сөздіктерді де пайдаланған дұрыс. «Этимологиялық сөздік белгілі бір тілдегі сөздердің шығу төркінін, олардың бастапқы мағыналары мен дыбысталу түрін айқындап көрсетуді мақсат етеді» 57. 210 б,- дейді К.Аханов. Этимологиялық сөздіктер сөз мағынасын анықтауда көбіне болжам түрінде танытады. Дегенмен сөздердің мағынасын этимологиялық жолмен анықтаған жетістіктер де болды.
Ескеретін бір жайт, этимологиялық сөздікті жасаушылар – тілдің ежелгі тарихын сол дәуірдің қоғамдық-саяси үрдісімен байланыста қарап, анықтайды. Алайда сөздің түп тамыры – бізге мәлім (ежелгі түркі дәуіріндегі Орхон жазулары т.б.) тарихтан бұрын пайда болды, яғни тіл негізі тарихқа дейінге кезеңде қалыптасты деп білеміз. Біз қалыптасқан дәстүрлі қазақ тілінің этимологиялық сөздігінен өзгеше салыстырмалы этимологиялық сөздік жасадық. Және тілдік негіздер теориясының авторы ұстазымыз Ш.Бекмағамбетов қазақ және орыс тілдерінің салыстырмалы этимологиялық символдар сөздігін жасаған. Осы сөздікті жоғары оқу орындарында пайдалануға болады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде сонғы уақытта орыс және ағылшын тілдерімен байланыстыра оқытудың әдістері де шыға бастады. Сондықтан мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілімен бірге, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілі мен ағылшын тілінің маңыздылығы туралы айтылып жатқан пікірлерді де айналып өте алмаймыз. Себебі бүгінгі таңда ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев отандық білім саласы мен сапасына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Қандай мемлекет болмасын, өзінің халқына сапалы әрі заманауи білім алуға жағдай жасап жатққаны – ел дамуының бірден –бір кепілі саналатыны анық. Сол сияқты еліміздің мемлекеттік тіліміз бен орыс және ағылшын тілдерін меңгертуге айрықша көңіл бөлуде. Сондықтан сөз мағынасын оқытқанда орыс және ағылшын тілдерінің аударма сөздіктерін пайдалана отырып, үш тілдің сөздерінің байланыстылығы мен өзгешіліктерін де қарастыру студентке: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп, солардың қатарына қосылу үшін қажет екендігін насихаттайды. Осы орайда «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» - деген даналық сөз ойымызға орала кетеді. Және ең бастысы – үш тілдің аударма сөздіктерін пайдалану арқылы студенттер тілдердің генетикалық туыстықтарын да таниды.
Сонымен сөз мағынасын анықтауда және оны оқытуда орысша, ағылшын сөздіктерін екі мақсатқа қол жеткізу үшін пайдалануға болады:
«Түгел сөздің түбі бір» дегендей, тілдердің генетикалық туыстығын көрсету мақсатында;
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген ұрпақ қалыптастырып, бәсекеге қабілетті болу мақсатында;
Сондай-ақ студенттердің белсенділігін арттыру үшін төмендегідей кестені сөздік пайдалана отырып толыруға болады:
Сөздер
|
Логикалық ұғымы
|
Орысша
|
Ағылшынша
|
1. Абажадай
|
Үлкен
|
Большой
|
Big
|
2.
|
|
|
|
1-кесте
Бұл кестені толтыруда бірінші түсіндірмелі сөздікті пайдаланамыз. Себебі белігілі бір сөздің мағынасын түсіндірме сөздіктен білеміз. («Абажа» сөзі түсіндірме сөздікте «рабайсыз, үлкен, кең» деп берілген). Ал , оның логикалық ұғымы «үлкен» екендігін тілдік негіздер құдіреті айқындап береді. Және тілдік символдардың сөздігін жасаушы Ш.Бекмағамбетов монографиясынан сөздің логикалық ұғымдарын көруге болады
Сонымен бірге кесте толтыруда орысша, ағылшынша аударма сөздіктер де пайдалану – студенттің жан-жақты білімді болуын, сауаттылығын артырып, өзге тілдерді еркін меңгеруге көмегі тиеді.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін керек. Жоғары оқу орындарында оқытушы мен студент арасындағы байланыс, мектеп қабырғасынандағы мұғалім мен оқушы арасындағы тығыз байланыстай болмайды. Себебі түсінікті де. Жоғары оқу орындарында студент өз бетінше білім алуға, ілім жинауға бағытталады. Бұл тұста – инцидент әдісі өте тиімді. Бұд әдіс арқылы студент өз бетінше шешім қабылдауы үшін ақпарат іздейді. Ақпаратпен жұмыс студентті белгіленген тақырыпты талдауға, жүйелеуге баулиды. Сондай-ақ бұл әдісте студенттер ақпараттың аздығына қарамастан проблеманы және оны шешу үшін нені білу керектігін анықтайды. Мектептегі оқыту жүйесінде қалыптасып қалған мәселелер төңірегінде ғана ақпараттар берілсе, жоғары оқу орындарында жаңадан тың мәселелер көтеріледі. Мәселен, Ш.Бекмағамбетов оқытушылық еткен «Тіл тарихын дәуірлеудің теориялық кезеңдері» атты сабағында шумер тілі туралы ақпараттар, дереккөздер аз болды. Себебі шумерология енді ғана зерттеліп келе жатқан мәселе. Дегенмен бұл тақырыпта біз көп білім жинақтадық. Себебі Ш.Бекмағамбетовтың әдісі бұл тығырықтан оңай шығарды. Ол әдіс – инцидент әдіс. Ұстазымыз бізге шумер әдебиетінде орын алған түркі жұртының наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі сияқты жайттардағы ортақ құбылыстар мен қасиеттерді ашу үшін, алдымен тілін зерттеуіміз керек екендігін айтты. Және біз шумер мен түркі тілдеріндегі ортақтастықты анықтадық. Шумер сөздерінің сырын тілдік негіздер теориясы арқылы оңай аштық. Мысалы, шумер сөзі «agil» – түркі сөзінің «ақыл» ұғымымен сәйкес келеді. Осы agil – akil /ақыл сөзін тілдік негіздер теориясымен нақты анықтауға болады. agil – (уқ+ул) уқ – ұғу, ес-ой, ул – ұласу. Яғни «ақыл» сөзі ес-ой ұғымымен сәйкес келуі кездейсоқ жайт емес екендігін көреміз. Байқап отырсақ, тілдік негіздер кез-келген сөздің мағынасын тура анықтап береді екен. Осы орайда инцидент әдісі біріншіден, аз қамтылған ақпаратты, өзіндік тұжырым, пікірлер арқылы қамтылған проблемаларды шешуге септігін тигізсе. Екіншіден, жан-жақты ақпараттар алуға мүмкіндік жасайды.
Педагогикалық тұрғыдан ойлауды қалыптастыру үшін жоғары оқу орындарында оқыту процесінің дамуы мен мәнін, құрылымын, қисынын түсіну маңызды. Жоғары оқу орындарында оқыту жүйесінде көп қолданысқа ие әдіс – талдау әдісі. Сөздің мағынасына талдау (анализ) жасау әдісінің қалыптасуына көптеген әдіскер ғалымдар ат салысты. Жоғары оқу орындарында талдау әдісінің екі түрін пайдаланудың маңызы жоғары. Олар : оқыған газет, журналдары мен оқу құралын талдау.
Жоғары оқу орындарында студенттер көбіне шығармашылықпен жұмыс жасайтын болғандықтан, сөз мағынасын, сөз табиғатын терең ұғыну үшін әдіскер Қ.Кадашеваның газет мақаласын оқыту тәсілін қолданған тиімді деп түсінеміз. Әдіскер: «Өтілген тақырыпты терең меңгеруі үшін кез келген газет материалдарын байланыстыра оқытқанда студенттің сөздік қорын толықтырып ауызекі тілін жетілдіретінін байқап жүрміз»,- 58.165 б. Шынымен сөз мағынасын оқытуда газет мақаласын пайдалануда тілде болып жатқан түрлі өзгерістерді газеттен біле аламыз және еліміз егемендігін алғаннан бері экономикамызда, мәдениетте, әлеуметте болып жатқан өзгерістердегі жаңа сөздер мен қалыптасқан сөздер арасындағы байланыс мәселелесін талдауға қалыптастырады. Мысалы автор осы әдіс арқылы сабақ жүргізудің мынадай тәсілдерін ұсынады:
1. Мақаланы оқығанға дейінгі бастапқы тәсілі
2. Мақаланы оқығанға дейінгі аралық саты
3. Мақаланы оқығанға дейінгі жоғары аралық
4. Мақаланы оқығаннан кейінгі саты
5. Суретті мақаламен жұмыс
Автор ұсынып отырған осындай тәсіл арқылы студент бір тақырып бойынша білімін толықтырып, білім аясын кеңейтумен қатар өзіндік пікір айтуға, көзқарасын білдіруге жағдай жасауға үйретіп, қорытынды тұжырым айтуға төсілдірері сөзсіз. Бұл тұста мақаланы оқығаннан кейінгі саты тәсілі арқылы жүргізілген талдау үлгісін ұсынсақ болады:
Басылымның аты және уақыты мақаланың авторы және оның аты-жөні, қызметі
|
Сіз оқып отырған мақаланың тақырыбы
|
Мақалада қандай мәселе көтерілген және бұған дейінгі жазылған мақалаларды салыстыр
|
Мақаладағы негізгі ойды беретін сөйлемді тауып, соған өзіңнің көзқарасыңды білдір
|
Ана тілі газеті
22-Ақпан, 2012
Шанжархан Бекмағамбетов,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты
|
Тіл табиғаты һәм тіл генетикасы
|
Шанжархан Бекмағамбетовтың тілдік символдар табиғаты туралы тереңнен ой қозғаған. Ғалым сөз генетикасын әр түрлі дәуірдегі тілдік деректерді салыстырмалы тарихи талдауға негіздеп қарастырды.
|
Тілдік құбылысты тереңдей зерттеу арқылы ең негізгі тілдік таңбаны – ғаламдық қоршау ұғымын бейнелейтін «шар қоршау» түріндегі нышандық (символдық) бейнені және оның біз [УП] түрінде қалпына келтірген дыбыстық бейнесін көрер едік.
|
Бұл әдіс арқылы студенттер біріншіден, ақпараттық құралдармен жұмыс жасауға дағдыланса, екіншіден өтілген тақырып бойынша кеңінен білім жинақтауға үйренеді. Ақпараттық баспасөздерде жаңа, тың мәселелер көтерілетінін ескерсек, бұл әдіс студенттің заманауи білім дағдысын жетілдіруіне септігін тигізеді. Газет, журналдардан білім молайып, зейініміз өседі, пікір туындап, парасатымыз ашылады. Газет, журналдар – білім таратушы құрал десек те болады.
Жоғары оқу орындарында студенттердің оқыған кітабына талдау жасау әдісін де пайданалуға болады. Бұл тұста Т.Әбдікәрімов студенттерге талдау жасаудың мынадай үлгісін ұсынады:
Оқулықтың сыртқы безендірілуі, мұқабаның ішкі –сыртқы көрінісі, бекітілген жері, шыққан баспасы, оқулықтың ғылыми бөлігі жайында жазу керек.
Оқулықтың ішкі құрылысы, тілдің ғылыми салаларының берілу мазмұны жайлы;
Тілдің ғылыми теориясын түсіндіру жолы және оқыту әдістері жайында;
Бүгінгі күнгі оқулық мазмұнының жетілдіруі және мағынасы жайы қамтылу керек 59. 192 б.
Осы аталған талдау жұмысында ескерілетін қағидаларды ұстана отырып, тілдік негіздер теориясы туралы, жалпы тіл философиясы туралы Ш.Бекмағанбетовтың «Тілдік негіздер және тілдік символдар» атты монографиясына талдау жасауды ұсынуға болады.
Оқыту процесін жоғары деңгейге көтерудің негізгі әдісі ретінде проблемалық шығармалық әдісті айтуға болады. Бұл әдісті қолдану барысында өтілген әрбір сабақ сұхбат болып өтіп, сабақ беру барысында зерттеушілік үрдісті жетекшілікке алынады. Бұл әдістің арқылы студент сөз мағынасын тереңінен игеріп, қызығушылығын арттырады. Сабақтың белгілі бір тақырыбын бастау барысында оқушыларға проблемалық сұрақ немесе проблемалық тапсырма беріледі. Мысалы, «сөзге атау қалай берілген?» немесе «зат пен оның атауы арасында байланыс қандай?» т.б. осы тәрізді сұраққа жауап беру арқылы проблеманы шешу барысында студенттің біліміне қойылатын талаптар мен оны түсінуі арасындағы қарама-қайшылықты мен болдыртпауға тырысу аса маңызды. Оның үстіне негізгі проблемалар студенттің өздерімен көтеріп, сол проблемаларды шешу студенттің өздеріне жүктелу керек. Бұл әдістің тиімділігі: студентке сөз мағынасын оқытуда материалды игеру үрдісін психологиялық түрде женілдетеді; лексикалық семантика пәніне деген танымдылық қызығушылығын тудырады; студенттердің көз қарасын кеңейтеді.
Қоғамның дамуына сай қазақ тілін оқытуда әдіс - тәсілдер жаңарып, ол әдістердің ұтымды жақтары ұсынылып жүр. Жоғары оқу орындарында сөз мағынасын (семинар сабақтарында) оқытуда интербелсенді (интерактивті) әдісті қолдану тиімді. Жоғары мектепте оқу процесінің негізін интерактивті әдістемелер құрауы керек, әрбір оқытушы интерактивті құралдар мен тәсілдерді өзінің әдістемесінің төрінен көруі қажет. Сол себепті де дамыған елдердің жоғары мектептерінде интерактивті әдістеме оқу процесінің негізін құрап, ең басты үйрену технологиясы болып есептелінеді. Интерактивті әдіс арқылы студенттер презентациялар, компьютерлік оқыту бағдарламаларын, тренингтер, интервью т.б. жұмыс түрлері мен әрекеттерін жүзеге асырады.
Интерактивті негізде оқу мақсаты – жай ғана білу емес, үйрене бiлу. "Жағада тұрып жүзуді үйренуге болмайтыны сияқты” дайын білімді қабылдап алу үшін, студент өздігінен оқып-үйренуге бағытталуы керек. Сөз және оның мағынасы жайлы алдымен, өзі оқып, үйреніп, оны басқалармен бөлісіп, талдау үшін интерактивті әдісті пайдалануға болады.
А.Байтұрсынов "Қай әдіс жақсы" мақаласында: "Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай» 60. 324б,- деген пікірін ескерсек, тілдік негіздерді арқылы сөз мағынасын оқытуда семинар сабақтарының өтілуі аса маңызды. Семинар, практика, СОӨЖ сабақтарының бірден-бір мақсаты – лекцияда алған білімді терең ұғыну, мәселелерді шешу, талдау, өз позицияларын айқыңдап, анықтау болса, студенттердің дәріс сабағынан алған білімдерін бекіту, пысықтау, жынақтау мақсатында өткізілетін сабақтың бір түрі.
Қорыта келгенде, семинар, практика, СОӨЖ сабақтарында тілдік негіздер теориясын оқытуда мынадай нәтижеге қол жеткізуге болады:
Оқытудың тәрбиелігі ретінде, тіліміздің құдіретін, қасиетін таныта отырып, тілдің түп тарихын білу қызығушылығын дамыту, арттыру;
Оқытудың ғылымилығы ретінде, тіл білімінде жаңа, тың тілдік негіздер теориясына сүйене отырып, тілдегі сөздердің табиғаты туралы толық түсінік алуға болатындығы; және студенттердің ғылыми көзқарасын қалыптастыру
Теорияның практикамен байланысы ретінде, тілдік таным туралы теориялық материалдарды бекіту, қорытындылап, тұжырымдауды, нақты мысалдармен келтіру;
Бүгінгі күні бүкіл әлемдік білім беру тәжірибесіне көз жүгіртер болсақ, жылдам қарқынмен оқыту үрдісінің сапалы да жемісті болуы студенттердің өздік жұмыстарына уақытты көбірек беріп, олардың шығармашылық қабілетінің өсуіне әсер етуін қамтамасыз етуде. Осыған байланысты, өздік жұмыстарын орындау үшін әр студентке оқу-әдістемелік құралдарын көрсетіп, өздік жұмыстарына семестрдің басында дұрыс тапсырма беру, соған байланысты әр тапсырманың ұйымдастыру-әдістемелік материалдары болуы керек. СӨЖ тапсырмалары реферат, кейс, кроссворд, бақылау, есептеу және сызба жұмыстары түрінде орындалады. СӨЖ тапсырмаларының анық, түсінікті және дәл берілуіне, әдістемелік қамытылуына баса назар аудару керек.
Жоғары оқу орындарында студенттердің өздік жұмыстарын, яғни сөз семантикасын оқытуда ең тиімді әдістің бірі – ізденіс немесе эвристикалық әдіс. Жалпы жоғары оқу жүктемесіне аудиториялық сабақтардан басқа, білім алушының өзбетімен жұмысының түрлеріне: эссе, мәнжазбалар, курстық жұмыстар (жобалар), лабораториялық жұмыстар, аралық, ағымды, қорытынды бақылауға дайындық, диплом жұмысының материалдарын жинақтау мен орындау жұмыстары кіреді. Сол үшін де өздік жұмыс сабақтарында – ізденіс немесе эвристикалық әдісінен басқа,талдау жасау әдісі т.б әдістерді қолдануға болады.
Студентке мәселені өз бетімен шешуге дағдыландыру үшін, оған шағын зерттеу жұмыстарын беру керек. Студент бұл әдісте фактілерден қорытынды шығаруға, ұсыныстар айтуға бағытталады. Жоғары оқу орындарында шағын зерттеу жұмыстарына реферат, баяндама, курстық жұмыс жазу болып келеді. Мәселен, реферат – жоғары оқу орындарында жиі жазылатын жұмыс түрі. Рефетат – дайын ғылыми жұмыстарды оқып, соның барысында ойын түйіндеп жазатын жұмыс болғандықтан, сөз мағынасын оқытуда бұл әдісті пайдалана отырып, студенттерге «Сөз және оның мағынасы», «Сөз мағынасы және ұғым мәселелері», «Сөз мағынасының түрлері» т.б. тақырыптарда реферат жұмыстарын жасауға болады. Сөйтіп, студент таңдаған тақырыбы бойынша реферат жазады. Белгіленген тақырып бойынша оқытушы қосымша бағыт-бағдар, ақыл-кеңес береді. Оқытушы бұл ретте тақырып жоспарының дұрыс жасалуы, тақырыптың зерттелуі, сандық мәліметтер мен деректердің болуы, кестелер мен диаграммалардың қолданылуы, өлшемдік талаптардың орындалуы бойынша бағалайды.
Ал, баяндама – жоғары оқу орындарында белгілі бір мәселе бойынша кең ақпар қамтылатын жұмыс. Және баяндама тақырыбы күрделі мәселелерді қамту керек, сондықтан «Сөздердің шығу тарихы», «Сөз және оның атауы» т.б. тақырыптарда баяндама жазу дұрыс.
Жоғары оқу орындарында білім беру жүйінің бірі – курстық жұмыстар. Курстық жұмыстың тақырып аясы кең және тың мәселелер қамтылуы, өзіндік тұжырымдар жасалуы керек. Курстық жұмыс тақырыбын дипломдық жұмыспен жалғастыруға да болады. Сондықтан курстық жұмыс тақырыптарында «Тілдің пайда болуы туралы Ш.Бекмағанбетовтың теориясы», «Сөзге атау беру теориялары», т.б. мәселелерді қамтитын жұмыс жасауға болады. Курстық жұмысын жазу барысында студент оның тақырыбын толық ашуы керек. Кейде тақырып өте кең болып, зерттеу жұмысының шеңберіне сыймауы мүмкін. Сондықтан зерттеу жұмысын қаралған сұрақтардың төңірегінде жазу керек.
Байқап отырғанымыздай, жоғары оқу орындарында ізденіс немесе эвристикалық әдістерін пайдалана отырып, студентті ізденуге, тұжырым жасауға, қорытынды пікір айтуға, өзгелердің алдында қымсынбауына үлкен қызмет атқарады. Студенттің өзін бағалай және қадағалай білуді, өзіне баға беруді қалыптастыру – студенттің қызығушылық көзқарасын және белсенділігін арттыратын сенімді әдіс. Әр пәнге арналған өзіндік жұмыстар студенттердің өз күштеріне сенімділігін және жауапкершілігін арттырып, өзіндік баға беру қабілетін қалыптастырады.
ЖОО-ның білім беру қызметі мамандар даярлауға бағытталған: жылдам өзгеретін ортаның жағдайына қарай тез үйрену қабілет бар және басқару бойынша дұрыс шешім қабылдай білу алатын, жүйелі басқару дағдысын меңгере алатын, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана білу дағдысын қалыптастырған тұлға даярлау. Қоғамның даму тенденциясына сай бүгінгі білім беру жүйесінің дамуы – заманауи біліммен сәйкеседі.
ХХІ ғасыр – ақпарат алмасу мен технологияның қарқынды түрде дамыған заманы. Бүгінде заман талабына сай білім беру жүйесі күн сайын дамуда. Өткен ғасырдан бері айтылып келе жатқан сөз мағынасы жайлы түсініктер шет елдер тіл білімінде қарқынмен дамып, кеңінен оқытылып келеді. Ал, қазақ тіл білімінде лексикалық семаника мәселесіне бар болғаны 2-3 сағат бөлініп жүр. Оның себебі: семантика ғылымының негізгі мәселелерінің көпшілігі зерттелмегендігі. Дей тұрғанмен, сөз мағынасы тіл білімінің барлық саласының өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Жоғары оқу орындарында сөз мағынасын оқытуда мына мәселелер қарастырылуы дұрыс: сөз мағынасының құрамындағы денотаттық, сигнификаттық, эмоциялық және тіл жүйесі негізінде пайда болатын парадигмалық, синтагмалық мағына элементтерін қарастыру; сондай-ақ сөз мағынасының құрылымдық элементтерін анықтауда «семантикалық үшбұрыш» мәселесінде қарастыру;
Қорыта келгенде, бүгінгі күнге дейін жоғары оқу орындарында сөз семантикасы өз дәрежесінде оқытылмай келеді. Біз, өз жұмысымызда сөз мағынасын тілдік негіздер теориясы бойынша оқытудың ұтымды әдістерін көрсеттік. Аталған оқыту әдістері арқылы – оқытудың мақсат-міндеттеріне сай оның мазмұнын студенттерге меңгертуде оқытушы мен студенттер қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығының ең тиімдісін ұсындық. Оқытушы оқыту әдістерінің көмегімен студенттерге білім беріп, олардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін студенттердің таным әрекетіне басшылық етумен байланыстыратынын ескерсек, оқытушы сөз мағынасын оқыту нәтижесін арттыруда тілдік негіздер теориясына сүйеніп, сөздік немесе ауызша баяндау әдісін, көрнекілік әдістерін, тәжірибелік әдістерін қолданғанда игі жетістіктерге жете алатындығын байқамыз.
Оқыту үрдісінде студенттерге ғылым негіздеріне сай терең де тиянақты білім беру, оларды адамгершілік рухта тәрбиелеу және дамыту міндеттерін шешудегі мұғалімнің басшылық ету тәсілдері, амалдары мен құралдарының біртұтастығын оқыту әдістері арқылы дамыта аламыз. Біз сөз мағынасын тілдік негіздер теориясына сүйене отырып оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімді әрі дұрыстығына үлкен сеніммен ұсынынып отырмыз.
Достарыңызбен бөлісу: |